Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Істемі қаған

Істемі, Естемі (кытай жазбаларында Ши-де-ми, грек жазбаларында Стемвис, Менандр жазбасында Дизавул есімдерімен аталады) (т.ж.б. - 576 ж.) қаған — көрнекті ежелгі түрік әміршісі әрі қолбасшысы, Бумын қағанның інісі. Істемі билеген Түрік қағандығы VI ғасырдың екінші жартысында қуатты мемлекетке айналды.

Көшпелі түрік қоғамында әскер ұйымдастыру ісіне үлкен мән берілген. Жақсы машықтанған, шыдамды атты әскер Істемі әскерінің негізін құрады. Сан мыңдаған әскерлер әскери жасақтарға бөлінді. Осындай реттелген және ұйымдасқан әскер үлкен аумақты тез басып алатын.
Бұхара қаласы түбіндегі шешуші шайқаста Істемі эфталиттерді (ақ ғұндарды) талқандады. Орта Азия жерлерін қалаларымен және елді мекендерімен, сондай-ақ онда созылып жатқан Ұлы Жібек жолымен бірге басып алды. Сөйтіп, түріктер бұрынғыдан да күшейе және байи түсті.  Ежелгі Түрік мемлекеті мен Иран арасындағы шекара Әмудария өзенінің бойымен өтетін болды. Енді Істемі әскерін бастап Батысқа қарай жылжыды. Көп ұзамай ол Еділ (Волга) өзенімен Қара теңізге дейінгі аралықтағы барлық халықтар мен тайпаларды бағындырды. Сол жерде ол Византиямен әскери және дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

Істемі қағанның қолбасшылық қабілетінің арқасында Түрік қағандығы Шығыстан Батысқа созылған Тынық мұхит пен Қара теңізге дейінгі орасан зор аймақта өз билігін жүргізді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама