Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Жаңа қызметкер

Ол қолы жетіп министрлікке жұмысқа орналасып еді. Алғашқыда барлығы қызық көрінген. Бүкіл елдік шаруалардың бастауы осы жер деп ойлаған. Министрліктің есігінен кірген кісіге бірден көзге түсетін сурет мынау: қабақтары қату, түстері суық, бейне бір шаруалары қауырт адамдай бір-біріне соқтыға жүгіріскен қызметкерлер, бума-бума қағаз, тапсырма, бақылаудағы құжаттардың орындалуы, бір кабинеттегі ығы-жығы адам, абыр-сабыр тіршілік.

Алдымен кабинеттегі оншақты кісінің дені қаракөз әйел азаматтар екенін көріп, бір марқайып қалған. Әуелі анау бұрышта отырған кемиек, беті мыржы-тыржы келіншектің телефонмен шаңқ-шаңқ етіп, орысшалап сөйлескені назарына ілікті:

“ — Да что вы говорите, мы что вам справочное бюро? Сами не знаете что и кого ищите, позвоните в другой раз, у меня времени нету. До свидания” — деп тұтқаны лақтыра салды да: “Странно, кто попало звонит к нам, надоели!” — деп бетін тыжырайтып, қолын сермеп, сілкіне жөнелді. Сол сәтте есіктен шашы жалбыраған, қолында бір бума қағазы бар тағы бір орта жастан асқан қазақ әйелі кіріп келді де: “Вообще в том департаменте ни одного нормального человека не осталось, я вот спрашиваю по одному документу, а они меня даже не слушают?” деп ашу шақыра, ысқыра басып орнына жайғасты. Осы сәтте бір бұрыштан ”Ты о ком?” деген шіңкілдеген дауыс шықты. Жаңа қызметкер дауыс шыққан жаққа қарап еді, я қазақ, я орыс екені белгісіз, шашы қырқылмаған қойдың отқа күйген жүні сияқты сап-сары, беті қап-қара бір шөпжелке қыздың компьютердің ішіне кіріп кетердей үңіліп отырғанын көрді. Әлгі шашы жалбырақ қыз: “Вообще ненормальные все, их всех надо уволить отсюда!”— деп, онан сайын тұлдана түсті. Осы сәтте бөлмеге әрі-сәрі жүгіріп, кіріп-шығып жүрген жымысқы көз, зыпылдақ жігіт — бөлім бастығы келді. “Уважаемые коллеги, послушайте внимательно, у директора завтра день рождение, давайте собирем деньги, но она будет приглашать на шведский стол только начальников и заместителей” — деді жерден жеті қоян тапқандай екі қолын ысқылап, шімірікпестен. Оған манағы телефонның тұтқасын лақтырған кемиек келіншек: “Ещё чего, нашли дураков, мы что не люди, еще нехватало, сами празднуют, а мы должны собирать деньги!” — деп шап ете қалып еді, оны бөлім бастығы жақтырмаған көзімен бір атып: “Если не хотите, не давайте, мы знаем, что Вы за люди.... И вообще, лично Вас она не приглашала, можете успокоиться” деп нығырлай түсіп, әлгі кемиек келіншекті біраз жерге апарып тастады. Екеуінің сөзін өзімен-өзі отырған сияқты болып, кабинеттегі әрбір қимыл мен сөзді бағып отыратын егде тартқан орыс әйелі: “А по сколько собираем?” — деп бөлгенсіді. Бөлім бастығы сапылдап, буырқана ашуланып жатқан келіншекпен сөзін үзе салып, “Ну, я думаю простые будут собирать, как сами хотят, а мы с Вами наверное....” деді де, бір нәрселерді айтып, сыбырласа бастап еді, әлгі орыс әйел: “Конечно, а то стыдно будет, она для нас много чего сделала” деп бас изей бастады.

“Девочки, с ума сошли, ”— деп сол сәтте есіктен көрші кабинетте отыратын орта жастан асқан әйел кірді. Отырғандардың барлығы “А что случилось?” деп жалт қарады. “Вот, эта наша дура”— деп қолын жоғары жаққа қарай, департамент директорының бөлмесі отырған жақты нұсқай сілтеді де, “совсем свихнулась, представляете, я говорю, что на мероприятие в следующем году бюджетчики не выделили средств, а она говорит, что хоть с ними вместе спи, приглашай навстречу, ищи любой выход говорит, дура, за кого меня принимает?!”— деп түтігіп кетіпті.

Әлгі әйелдің сөзіне кабинеттегілер мырс-мырс күлісті. Біреулері: “О чем мы и говорим постоянно, вот тебе доказательство!” деп қалды.

Осы кезде сөзге бөлім бастығы араласты: “Она права, когда мы работали с областями по расспределению бюджета, мы работали с акимами.... короче, были истории...” — деп сөзінің артын жұмбақтай салды. Осы кезде жаңа қызметкер жұмыс мәселесіне орай сұрау қажет болып, “Сізден, сұрауға бола ма?” деп жақындай беріп еді, бөлім бастығы: “Что вам, мне некогда!” деп кесе салды. Жаңа қызметкер я орнына қайтып отырарын, я қайтадан түсіндіріп сұрарын білмей дал болып қалды. Оның осы жағдайын байқап, ортада отыратын қараторы әйел кісі жақындап келіп: “Не бірдеңе сұрайын деп пе едің?” дегенде анау жылап жібере жаздады. “Жоқ, жай әншейін” дей салды да, орнына тез жайғасты. Әлгі қараторы келіншек сонда да ізінен қалмай, оның қасына жақындап келіп, ананы-мынаны айтқан болып, бір мезетте: “Сен қайдан едің?” — деп сұрады. Анау келген жерін айтып еді, қараторы келіншек: “Бізде кім бар ед, сіздің жақтан...” деп көзін аспанға қарап ойланып, қызметтестерін “сүзіп” шықты да, “Ал, мұнда кім арқылы келдің?” деп сұрады. Жаңа қызметкер “осынша тергейтін сен кім едің?” дегеннің кейпін көрсетіп, бетіне аң-таң күйде бажырая қарап қалыпты. Өз сұрағының ыңғайсыздау шыққанын сезіп қалып, қараторы әйел сөз төркінін дереу басқаға бұра сала сыпылдап, бар “ақылын” айтып жатыр: “Бұл мемлекеттік қызметте адамдардың бәрі продажный болады, ешкімге сенбе, сырыңды айтпа, сосын жоғарыда біреуің бар болса, оны да білдіріп қой, әйтпесе, тірідей жейді етіңді, бастықтармен жақсы бол, олардың ішінде де небір иті бар, абай бол “қауып” алмасын” — деп аса сақтықпен, тәтпіштей сөйлеп жатып, сәл жақындай түсті де, “анау бұрыштағы шіңкілдек қыздан сақ бол, ол директордың құлағы” деп жәймен ғана көзімен манағы қыз жақты нұсқап қойды.

Осы кезде есіктен қазақы ауылдық киім киген, бет-ауызы күнге күйген, тұрпаты шаруа адамының кейпін танытатын егде тартқан әйел кісі қасына мектеп бітіретін шамадағы қыз баласын ертіп ішке кірде де:

“Амансыздар ма, орта білім бөлімі осы ма?”— деп сұрап еді, ешкім жауап бермеді. Тіпті естімеген, көрмеген адамдай назар да аудармады. Келген әйел бөлмеде отырған оншақты адамның әрқайсысына жалтақтай қарап, тағы да жаңағы сөзін қайталады. Ешкімнің иманды аузы сылп етпегенін көріп, жаңа қызметкер: “Апа, сәлеметпісіз, келіңіз, не шаруамен келіп едіңіз?” — деп орнына тұра беріп еді, әлгі әйел солқылдап жылап жіберді. Оған мұрнын пыш-пыш тартып қызы қосылды. Алдындағы адамның қапелімде не болғанын білмей, сасқалақтап қалғанын байқап, анау әйел тез жылағанын қойып: “Ойпырм-ай, мұнда да қазақ тілін білетін адам бар екен ғой, Мұңғұлиядан көшіп келген оралман едік, мына балам колледжге оқуға тапсырып еді, оралмандар квотасына ілікпейсіңдер” дейді. Соған бір жұмадан бері осы міністірліктің есігінің алдын торып, кіре алмай, кімге барарымызды білмей, дал болып жүрміз, айналайын” — деп қайта солқылдай бастады да, “ия, кіреберістегі ақыран сөйлеспейді, орысша білмейміз. Әбден табанымыздан тоздық, қарағым, бізге көмектес”— деп бар тауқыметін айтып зар еңіреді. Жаңа қызметкер мұндай шарасыздықты көріп: “Апа, мен қызметке енді ғана келіп жатырмын, мүмкін мына кісілерден сұрап көрерміз”— деп, маңайындағы қызметкерлердің біріне жақындай беріп, сұрауға икем таныта бастағаннан анау алдындағы компьютерден басын жұлып алып: “Что, что, о чем вопрос?!” — деп, орысшалап шүлдірлей бастады. Жаңа қызметкер әлгілердің оралман екендігін айтып, орысша тіл білмейтінін айтып түсіндіре бастап еді анау: “Почему орысша билмейди, а я откуда понимаю казахский язык, пусть подойдет к другому, это не мой вопрос!” — деп қақшаң-қақшаң етті. Жаңа қызметкер бөлмедегі бірнеше адамның әрқайсысының қасына барып отырып, тап жаңағы сөздерін қайталап қояр емес, әлгі оралман әйел қызымен екеуі жаңа қызметкер қайда барса, соңынан жалпылдап қалар емес. Ол әрқайсысының қасына барып жүргенде, бөлмеде ұрыс басталды. Беті аулақ, қан майдан соғыс емес, кабинеттегі бірнеше әйелдің факс телефонының құлағына таласқан айқайы шықты. Анау егде орыс әйел: “Сколько можно, почему по электронке не отправите? Еще чего, я что ваша секретарша? Вы думаете, что мне нечего делать? В конце концов, я в министерстве работаю не секретарем, учтите это раз и навсегда!” — деп аржағындағы біреуді нығырлап жатыр. Мына жақтан: ”Ольга Николаевна, у Вас когда нибудь закончатся разговоры, сплетни, мне нужен телефон факс?!” — деп аласұрған шіңкілдек дауыс шығып еді, бөлменің ана басынан: “Хватит громко говорить, что вы двоем в своем доме находитесь, уважайте сотрудников?!»деп тырық қара қыз дүрсілдеп қоя берді. Жаңа қызметкер сөзін ешкім тыңдамаған соң, амалы таусылып: “Апа, сіз ертең мына телефонға хабарласыңызшы, мен мән-жайды біліп қояйын” деп бөлмедегі жанжалдан ұялып, әлгі оралман кісіні шығарып салды. Анау да кілең әйелдердің кәрі кемпірдің жыртысына таласқандай у да шу болғанынан қорқып кеткен болуы керек, тез-тез басын изеп, сыртқа қарай тұра ұмтылды.

Жаңа қызметкер біраз уақыттан соң, манағы айқай-шудың беті қайтып, қызметкерлер сабасына түсті-ау дегенде, жөн білетін осы-ау деп, қараторы әйелдің қасына келіп оралман кісінің мәселесін сөйлесе бастағаны сол еді, оның сөзін Ольга Николаевна бұзды: “Вы не знаете к кому обратиться? Почему Вы этим интересуетесь? Вам кто поручил, или у вас свои интересы, оралманами занимаюсь я. Почему они к Вам обратились, что они не знают меня что ли?” — деп, қаһарын шаша сөйлеп, одан әрі өзімен-өзі, бірақ бөлмедегілер түгел еститіндей етіп: “Вообще, сейчас молодежь такая умная, знают как пахнут деньги, суют нос куда не надо, везде ищут выгоду! ”— деп жаңа қызметкерді қарадай жазғырып, оның жаңағы біреуге болыспаққа талпынған ісін сан-саққа жүгіртіп, дауға айналдырып жіберді. Жаңа қызметкер орыс әйелдің нені меңзеп тұрғанын түсінбей, екі көзі жыпылық-жыпылық етіп, айтуға сөз таба алмай, тығылды да қалды. Іштей ойлайды: “Япырау, сонда мен әлгілерден .... бірдеңе көрмек екенмін... Ой сұмдық-ай, мыналар адам емес пе, жаңағы әйелдің ботадай боздағанына біреуі селт етпеді-ау...” Жаңа қызметкердің басы зыңылдап кетті. Тынысы тарыла бастады. Ауа жұтайын деп, сыртқа қарай беттеді. Не болғанын білмей, аңырап біраз тұрып ішке қайтадан кіргені сол еді, бөлім бастығы бұған қалшылдап шүйліге кетті: “Сиз кайда жүрсиз, немене Вам это место для развлечения? Не только у вас голова болит, у нас тоже голова болит! Почему не отпрасились? Или вы уже на мне крест поставили? Я вам покажу кто я такой!”— деп жерден алып, жерге салды. Жаңа қызметкердің зәресі кетті. Мыналардың түрлері құдды соғыс киноларындағы немістердің қамауға түскен тұтқындарды күзеткен, абалаған овчарка иттерінен аумайды-ай.

Осы сәтте департамент директорының хатшы қызы “Қазір бес минуттен соң, бастықта лездеме жиналыс, барлығыңыз келіңіздер” — деп естірте айқайлап, ұзын дәлізбен зыр жүгірген даусы естілді де, барлығы қолдарына кітапшалары мен қаламдарын алып, солай қарай беттеді. Жаңа қызметкердің әрі-сәрі жай-күйін хатшы қыздың сөзі сәл сейілткендей болды. Топпен бірге ілесіп, ол да директорға беттеді. Орташа кабинетте отыратын директордың кабинетіне енгені сол еді, төр жақтан: “Дибилы, недоумки, дармоеды!” деп орысшалап, мауыққан мысықтың бажылдаған дауысындай дауыс шықты. Көзілдірігінің астынан сығырайған көзі қанталап, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, орнында қалш-қалш етіп тұрған дударбас әйел адамның мұнша шыңғырғанын төтеннен көлденең біреу естісе, елімізге қауіп төнген екен, тұтқиылдан дұшпан шабуыл жасап, шекарамыз бұзылған екен, сөйтіп бір сұмдық басталған екен деп ойлап қалуы ғажап емес. Қызметкерлердің бастары салбырап, үн-түнсіз орындықтарға жайғаса бастады. Қолын оңды-солды сермеген, ерні көнтиген, танауы делиген директордың жаңағы айқайы он-он бес минутке созылып барып толастады. Жаңа қызметкердің оның сөзінен түсінгені: “Кім сендерді мұнда жұмысқа алып келген”, “ештеңе қолдарыңнан келмейді”, “бастарыңда ми жоқ”, “бар-жоғы анау Нәргүл мен Рая ғана жұмыс жасайды”, “қалғандарың адам емессіңдер”, “кілең оңбағансыңдар, мені директор деп сыйламайсыңдар”, “мешелсіңдер”, “бәленше неге ауырады, дереу мүгедектікке шықсын, айтыңдар осылай деп менің атымнан ”... қойшы әйтеуір, небір лағынет сөздер лек-легімен төгіліп жатыр. Директордың сұрқы бірде алдына келгеннің бәрін жемтік көріп, жұтуға ыңғайланған әбжылан сияқты, бірде күндей күркіреп, бойындағы бүкіл тамырын жарып шыққан зұлымдықты жер бетіне аяусыз төгіп жатқан албасты дию сияқты, бірде адам кейпіне еніп алып сөйлеп тұрған ібіліс сияқты болып кетеді. Жаңа қызметкер директордың сатырлап жауған жауынға ұқсас лағынетін үнсіз, жайбарақат тыңдап отырған көпшілікті көзінің астымен шолып шықты. Қасына кабинеттегі егде тартқан қараторы қызметтесі жайғасқан екен. Ол жаңа қызметкердің ыңғайсыздыққа душар болып отырғанын сезген болуы керек, “Бұл — бастықтың біздің хал-жағдайымызды сұрағаны”— деп сыбырлады. Жаңа қызметкердің ойына ауылындағы жаулығы даладай әжесі, көзінен нұр-иманы төгілген атасы, ертеден қаракешке дейін мектепте сабақ беретін анасы мен әкесі, олардың отбасындағы жарасымды тіршілігі мен әңгімесі түсті. Ауылдағы көршісінің ерке баласының қылығы, оның былдырлап сөйлегенін әңгімелеп, күлісіп, ойнап отыратын қауқылдасқан кейпі көз алдына елестеді. Жанына мұң ұялады. Директордың алдында отырып, бір боқтық таситын көліктің үстінде отырғандай өз-өзінен жиіркенді.

“Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің” демекші, жаңа қызметкер кешегіге түк түсінбей, қайда тап болғанын білмей, қайта жұмысқа қарай баруға аяғы тартпай, ертесіне сәл кешігіңкіреп келе жатқан. Лифтімен көтеріле бергені сол еді, орта жолдан лифті тоқтап, есік ашылды да, ішке қарай министр бірнеше департамент басшыларымен бірге беттеп келеді. Жаңа қызметкерді көре сала министр жайдары қалыппен: “Қалың қалай, жұмысқа үйренісіп жатырсың ба!? Қиын болып жүрген жоқ па?!” деп өзін ежелден білетін кісіше хал-ахуалын сұрай бастады. Министрдің бұлай ілтипатпен сөйлескенін көріп, әшейінде жәй қызметкерлердің берген сәлемін алмайтын директорлар жапа-тармағай амандық-саулық сұрасып, қауқылдасты да қалды. Әсіресе, көнтек ерін, қысық көз, дударбас өз бастығының “ықыласы” ерекше. Жаңа қызметкер мұндай “спектакльді” бұрын-соңды театрдан ғана көретін. Бар болғаны “жақсы, жақсы” деуге ғана шамасы келді. Лифті де межелі жеріне тоқтап, есік ашылып, жаңа қызметкер түсіп қалды.

Әдеттегідей у да шу кабинетіне кіріп жайғаса бергені сол еді, “сізді директор шақырып жатыр” — деді хатшы қыз телефоннан. Жаңа қызметкер тапсырма беретін болар деп, қалам, кітапшасын алып, директордың кабинетіне бара бергені сол еді, “Бесстыжая, где ты ходишь?!”— деп дүрсе қоя берген манағы лифтідегі директорын танымай қалды. Тағы да небір лағынет сөздерді естіді. Түсінгені: кеше 5-10 минут ауа жұтуға есік алдына кеткенде, “менен рұхсат сұрамай кетті” деп бөлім бастығы мұның үстінен шағым жазып жіберіпті. Ол ішінен неге екені белгісіз “деңгей, деңгей, деңгейлері...”— деп қайталай берді.

... Жаңа қызметкер директордың бөлмесінен атып шықты да, өзі отыратын кабинетіне бұрылмастан тұра қашты....


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама