Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жанқожа Нұрмұхамедұлы

Жанқожа Нұрмұхамедұлы (1774, қазіргі Қызылорда обл. Қазалы ауд. Арықбұлақ а. — 1860, Қызылқұм) — батыр. Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы. 19 ғ-дың 20-жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары 1830 — 40 Жанқожа жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейтті. Хиуа хандығы Жаңадария, Қуаңдария, Қызылқұмнан өтіп, Қоскорған, Арал теңізіне дейінгі аралықтағы Сыр бойындағы қазақтарға шапқыншылықтар жасап, малдарын барымталап, әйел, бала-шағаларын тұтқынға алып кетіп отырды.

Қоқандықтар шекара бекітіп, әкімш. құрып, 1817 жылдан бастап салына бастаған бекіністерінен әркез жасақтар шығарып, бейбіт елді шауып, алым-салық жинап кетіп тұрды. Осындай зорлық-зомбылықтан жапа шеккен қазақтар, жастайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасты. Жанқожа 17 жасында Кіші жүз құрамындағы әлімұлы тайпасының жергілікті рулары сайлап алған Қылышбай ханның Хиуа бекінісіне жасаған жорығы кезінде жасаққа елеусіз еріп барып, ешкімге дес бермей тұрған қарақалпақ батыры Тықыны жекпе-жекте өлтіреді. Осы жорықта әділетсіздігі үшін Қылышбай ханның өзіне де қол жұмсайды. Бұл кездерде Жанқожа ауылы Қарақұмды жайлап, Ырғызды қыстаған.

Қоқан хандығының Созақ бекінісіне орналасқан әкімдерінің жергілікті халыққа салынатын алым-салықтан тыс көрсеткен зорлықтары қазақтардың бас біріктіріп, бұл қамалға шабуыл жасауына себепкер болды. И.В. Аничковтың мәліметі бойынша, Қоқан әкімі Дәурен Созақ қ-ның бектері Отыншы, Сушымен бірігіп, Сарман биді өлтіреді. Созақта тұратын Құрман би араша түсуді өтініп, Жанқожаға арнайы хабар жібереді. Жанқожа елден қол жинап, Созаққа жорыққа аттанып, жолда Жаңақорған, Желек бекіністеріндегі қоқандықтарды қуады. 1830 жылдың күзінде Созақ бекінісін қоршауға алып, көмекке келген қоқандық Таған палуанды жекпе-жекте қолға түсіреді. Одан соң Жанқожа жасақтарымен бекіністің дарбазасын бұзып кіріп, Созақты басып алады. Қоқан бектері Отыншы мен Сушыны қолға түсіріп, баласын өлтірген өтеуі үшін Құрман биге тапсырады. Кейбір деректерге қарағанда, Жанқожа Қоқан хандығының Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған тәрізді бекіністерін де талқандайды. Хиуа хандығы Аллақұл ханның тұсында 1835 Жанқожа Куандарияның батысындағы Құртөбе деген жерге бекініс салып, онда 200 әскер ұстайды. Жанқожаға арқа сүйеп, алым-салық төлеуден бас тартып, Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына көнбей жүрген Сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін түрікмен Аймұмамед палуанды жасақтарымен жібереді. 1836 Жанқожа Ақирек деген жерде елге тізесі батқан осы Аймұхамед палуанды Жанқожа жекпе-жекте өлтіреді. Басшысы мерт болған палуанның жасақтары бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. Жанқожа бұдан кейін де Сыр бойындағы қазақтарды хиуалықтардың езгісінен құтқару үшін, олардың бекіністеріне жиі-жиі шабуыл жасап отырды. Оның бұл жорықтары нәтижелі болып, Хиуа бекіністері көп шығынға ұшырады.

1845 жылдың көктемінде Хиуа хандығы Сыр бойындағы қираған бекіністерін қалпына келтіру үшін 200 жасақ аттандырады. Жанқожаның жігіттері бұлармен ұрыс салып, кері қайтарады. 1847 Жанқожа көктемде Хиуа бегі Уайыс-Нияздың әскері Атанбас, Ақирек, Қамыстыбасты жайлап отырған қазақтарға шабуыл жасап, 1400 үйді ойрандап, тонап кетеді. Осы жылдың тамыз айында Хиуа бегі Қожанияз бастап, қазақ сұлтандары Жанғазы Шерғазиев пен Елікей (Ермұхамед) Қасымов қоштаған шапқыншылар қазақ ауылдарын тағы да тонауға ұшыратады. Хиуалықтардың мұндай шапқыншылығы бір жылда бірнеше рет қайталанады. Тонауға ұшыраған елін қорғауға Жанқожа 700 сарбазбен қарсы шығады. Құрамында екі мың әскері бар хиуалықтар Жаңақала бекінісінің төңірегіне шоғырланады. Жанқожаға Ресейдің Райым бекінісінің бастығы Ерофеев бастаған отряд көмекке келіп хиуалықтарды бірге талқандайды. 1847 Жанқожа Райымға келіп, бекініс сала бастаған Ресей әскерлеріне Жанқожа қарсылық көрсетпеді. Сол кездегі Орынбор ген.-губернаторы В.Обручевпен жолығып сөйлескен Жанқожа онымен орыс әскері жергілікті халықтың тыныштығын бұзбайтындығына және хиуалықтардың шапқыншылығынан қорғайтындығына келіседі. Бірақ кейін іс жүзінде керісінше болады. Патша шенеуніктері мен әскерлері ауық-ауық елдің тыныштығын бұзып, бұл кезде егде тартып отырған Жанқожаға да маза бермейді. Орынбор шекаралық комиссиясының Сырдария жүйесі бойынша өкілі И.Осмаловскийдің көмекшісі болып есептелетін тілмаш Мұхаммедхасан Ахмеров пара жинауға шабармандарын Жанқожа ауылына жұмсайды. Жанқожа оларды “орыс заңында мұндай салық мүлде жоқ” деп куып жібереді. Мұндай келеңсіз құбылыстарға ашуланған Жанқожа көтеріліске шығуға мәжбүр болады.

1856 Жанқожа желтоқсанның соңғы күндерінде көтерілісшілер Қазалыны қоршауға алды. Қаратөбе маңындағы Л.Булатовтың отрядына бірнеше рет шабуыл жасады. Көтерілістің бас кезінде Жанқожаның 1500-ден аса сарбазы болса, 1857 Жанқожа қаңтарда олардың саны 5000- ға жетті. Жағдай Орынбор ген.-губернаторы В.А.Перовскийді қатты алаңдатты. Ол ген.-майор Фитингофт бастаған 300 атты казак, 320 жаяу әскер, 1 зеңбірек, т.б. қаруларымен қоса сұлтан Елікей Қасымов бастаған бірнеше жүз казак жасағы бар жазалау отрядын аттандырады. Екі жақ Арықбалықтың тұсында кездесіп, бірнеше дүркін шайқас болды. Бақайшағына дейін қаруланған жазалаушы отрядқа көтерілісшілер қарсы тұра алмай, шегінуге мәжбүр болды. Екі күн бойы ізіне түскен жазалаушы отрядтың көзіне көрінбей, көтерілісшілер Қызылқұмға ойысып кетті.

Жазалаушы отряд жолда кездескен қазақ ауылдарын шауып, тонаушылыққа ұшыратты. Фитингофт бастаған жазалаушы отряд ақпан — наурыз айларында көтерілісші халыққа қарсы тағы бірнеше рет жорыққа шығып, қазақ ауылдарына адам айтқысыз жауыздықтар жасады. 1856 — 57 Жанқожа қазақтардан тартып алынып есептелмей, талан-таражға түскенді қоспағанда, 79567 сомның малы сатылды. Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін Жанқожа сатқындық жасаған рубасылары мен елағаларына ренжіп, Дауқара жаққа, одан Бұхар хандығы жеріндегі Ерлер тауына жалғыз кетіп қалады. Екі жылдан соң қайта оралып, Қызылқұмда жалғыз отырған Жанқожаны Елікей Қасымов бастаған казак отряды келіп өлтіріп кетеді.

Жанқожа батыр — 19 ғасырдың орта шеніндегі Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан отаршылдығына қарсы күресін суреттейтін жыр. Айтушысы — Мысабай жырау, ол Қазалы маңындағы Қаракөл елді мекенінде тұрған. Жинаушысы – И. В. Аничков. Ол Санкт-Петербург универсететі шығыстану факультетінің түлегі, Сырдария губерниясының әр түрлі аймақтарында сот қызметін атқарған, Орынбор, Түркістан ғылым қоғамдарының белді мүшесі болған. Аничков жырды 1893 жылы қағазға түсіріп, кейіннен «Қазан уневерситетінің археология, тарих, этнография қоғамының хабаршысында» жарияланған. Шығармада Сырдың төменгі ағысындағы қазақтардың Хиуа хандығына, әсіресе, Бабажан сартқа қарсы күресі жырланады. Жанрлық тұрғыдан келгенде бұл тарихи жыр.

Онда Кенесары, Төлек, Арынғазы, Есет, Бекет, Бабажан, т.б. тарихи тұлғалар мен Үргеніш, Бұхара, Райым секілді жер-су атаулары көптеп кездеседі. Жекелеген ру аттары да көрініс тапқан. Мысабай жыраудан жазылған осы жыр үлгісін Сәкен Сефуллин «Жаңа әдебиет» журналының 1926 жылғы 5-санында араб әрпімен жарияланған.

«Жанқожа жайлы өлең» деп аталған жырдың осы үлгісі Талғат Қоңыратбаевтың «Ертедегі ескерткіштер» (1996) атты зерттеуінде қайта басылған. Қазақстанның орта ғылыми кітапханасында «Жанқожа батыр» жырының бірнеше үлгісі сақталған. Олар «Жанқожа батыр», «Жанқожаның тарихи», «Жанқожа батыр мен Бабажан сарт». Айтушылары – Мысабай, О. Сұлтанов, Л. Шаңғытбаев. Бұл нұсқаулардың біреуі қара сөзбен, өзгелері өлеңмен жазылған. Жинаушылары – М. Ахметов, Баймұхамбетов, С. Бөлекпаев, К. Көрегенов, Қалижанов, Қ. Сұлтанов, Н. Қарабатыров.т.б.

Жанқожа батыр ауылы – Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы ауыл, Арыңбалық ауылдың әкімшілік округінің орталығы. Аудан орталығы-Қазалы қаласынан солтүстікке қарай 12 километр жерде, Сырдария жайылмасының қамыс, құрақ басым өскен шалғынды сортан топырақты шөлдік белдемінде орналасқан. Тұрғыны 1,7 мың адам (1999). 1962-1997 жылы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы Қаракөл кеңшарының орталығы болды. Оның негізінде 1997 жылдан Жанқожа батыр ауылында және округіне қарасты Шәкен, Шиелі, Шалқұм аудандарында шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Округте 4 мектеп, бала-бақша, кітапқана, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория және 2 фельдшір-акушерлік пункт бар. Тұрғындары көрші елді мекендермен автомобиль жолымен қатынасады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама