- 01 қаз. 2021 00:00
- 188
Жүргенов Темірбек Қараұлы
Жүргенов Темірбек Қараұлы(1898 - 1939) — мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткері. Ол Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Жаңаталап мекенінде дүниеге келген. 1913 жылы орыс-қазақ бастауыш мектебін, 1917 жылы Перовск (қазіргі Қызылорда) орыс-қазақ училищесін, 1923 жылы Орынбор жұмысшы факультетін, 1927 жылы Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген. 1918 жылы Торғай қаласында шығатын «Қазақ мұңы» газеті редакциясында еңбек етті.
1918 - 33 жылдар аралығында Қазақстанда, Тәжікстанда және Өзбекстанда лауазымды қызметтер атқарды. 1933 - 37 жылдары Қазақстанның Халық ағарту комиссары болды. Осы жылдары Жүргенов қазақ мәдениетінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Оның тікелей басшылығымен Қазақстанда көптеген өнер ордалары ашылды, сонымен қатар Жүргенов Мәскеу қаласында өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігін ұйымдастырушылардың бірі болды.
Жүргенов Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі опера және балет театры) ұйымдастыруға үлес қосты. Орта Азия мен Қазақстандағы мәдени құрылыс тарихын («Қазақстанда мәдениет революциясы», 1935) алғаш зерттеушілер қатарында болған Жүргенов саяси әдебиеттерді аударумен де айналысты. 1937 жылы 3 тамызда «халық жауы» деген жалған айыппен ұсталып, ату жазасына кесілді. Алматыда Жүргенов атында көше бар. Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы №123 дарынды балаларға арналған мектеп (1999) пен қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясы (1989) Жүргеновтың есімімен аталады. Осы академияның алдына Жүргеновке арналған ескерткіш (2002, мүсінші Е.Сергебаев) орнатылған.