- 12 қар. 2019 00:00
- 354
Жақсы хабар
Қожанасыр әпенді жас кезінде оқыған медресенің шәкірттері кезектесіп бір-бірінің үйлерінде бас қосып, кеш өткізіп, ән шырқайды екен. Бірақ осы бір көңілді топтың ішінде арсыздау бір әнші бар екен. Майланбаған арбаның шиқылдаған даусындай ән шырқап мазаны алатын бір сүйкімсіз молда болыпты. Оның үстіне сөз тасиды екен.
— Осы пәледен қашан құтыламыз? — деп жүреді екен бәрі де.
— Мұны маған тапсырыңдар, — дейді Әпенді.
— Қолыңыздан келе ме? — дейді достары.
— Байқап көрейік.
Ертеңіне Қожанасыр әлгі молданың бөлмесіне келіп:
— Достым, сүйіншіңізді дайындай беріңіз, — дейді.
— Не үшін?
— Әлбетте, жақсы хабар үшін. Сізді халқыңыз қазы сайламақшы. Кеше игі жақсылардың мәжілісінде осыны әңгіме етті.
Молданың қуанғаннан есі шыға жаздайды. Қазы болу ең үлкен арманы, бар мақсатының шыңы еді. Әпендіні ағыл-тегіл сыйлаған молда қоштасар кезде:
— Біздің заманымызда досыңнан дұшпаның көп. Бұл жақсы хабар арамызда қалсын, — дейді.
Екі күннен соң Әпенді қайта келіп:
— Байлардың көпшілігі сізді қазы сайлағысы келеді екен, бірақ бір-екеуі: «Бұл молда әнші екен. Әншіден қандай қазы шығушы еді», — дейтін көрінеді. Сол себепті сізге қарсы екен олар.
— Әпенді, сіз ақылды жастың бірісіз. Ақыл-кеңес беріңіз, — дейді молда.
— Бұдан оңай ештеңе жоқ. Өзіңізбен бірге үш куә алып, қазыға барамыз. Сіз ол жерде, басқа жерде және ешқашан ән салмауға Құран ұстап ант бересіз. Сіздің антыңызды қағазға жазады, ал ол қағазды мен бәріне көрсетемін.
Ант беріледі. Бірнеше күн өткен соң, Әпенді молдаға:
— Өкінішке орай, сәті түспеді. Қолы ұзын біреуді сайлады, — дейді.
— Сонда қалай болғаны, Әпенді, — дейді әлгі «әнші».
— Ғафу етіңіз, достым. Бұл туралы ойыңызға да алмаңыз! Сіз Құран ұстап ант еттіңіз. Антты бұзған кісіге не болатынын білесіз бе?!