- 12 қар. 2019 00:00
- 255
Асан қайғының хан аталуы
Асан қайғының шын аты Хасен екен. Хасеннің жігіт күнінде Еженхан деген мәнжу ханы қазақ халқына жарлық еткен екен: «Қазақ айғырын кісінетпесін, егер айғырдың даусын естісе, менің қорамдағы бедеулерім құлын тастайды. Егер бедеулер құлын тастаса, қазақ еліне ауыр
жаза көрсетемін!» — депті. Қазақ халқы бұдан қатты қорқып сасады. Халықтың қорыққанын көрген Хасен ел басшыларына:
— Сіздер қорықпаңыздар, қасыма қырық мерген қосып ханға мені жіберіңіздер. Олар менің айтқанымды істесін, — депті.
Хасенге қырық мерген қосып, ханға жібереді. Хасен мергендерін ертіп, Еженхан тұрған шәріне қарай жолға шығып, жолда кездескен елдің итін қырып өлтіре береді. Осылай хан тұрған қаланың итін де қыра бастайды. Қалада ешкім қарсы келе алмайды. Сонымен қала халқы ханға
келіп:
— Қасында қырық мергені бар біреу неше түрлі иттердің бәрін қырып, өлтіріп жатыр. Неге дегенге жауап жоқ. Өз алдыңызға алдырып тоқтатпасаңыз, ит қалдыратын емес, — деген соң хан кісі жіберіп шақыртып алдырып:
— Сен кімсің? — деп жөн сұрапты. Хасен:
— Мен қазақпын, — депті. Хан:
— Сен неге бұл итті өлтірдің ? — депті. Сонда Хасен:
— Тақсыр, иттерді өлтіретін себебім — жас кезімде, қозы бағып жүргенімде қозыма қасқыр шауып, қозыларымды қырып жатқанда мен бар даусыммен алға шауып, иттерімді шақырдым. Маған бір де бір ит келіп қасқырдан қозыларымды айыруға көмектеспеді. Мен сонда өзім сондай серт етіп едім. Осыдан өзіме өзім келетін күн болса, даланың иті болсын, қаланың иті болсын, қырамын деп едім, — дейді. Хан
айтады:
— Сенің мынауың тентектік қой. Сенің онда шақырғаның даладағы иттер ғой. Қаланікі емес қой, — депті. Хасен айта- ды:
— Мен шақырғанда даланың, қаланың итін де шақырдым, — дегенде, хан айтады:
— Сенің даусыңды даладағы ит естісе, естір. Қаланың иті қалай естиді? — депті. Хасен айтады:
— Тақсыр, айғырдың даусы жеткен жерге адамның даусы жетпей ме? Хан:
— Тіліңді Тәңір кессін, енді айғырдың даусын естіртпе дегеннен қайттым. Сенің атың Хасен болса, хан атын қостым! — деген екен.
Асан қайғы аты алғаш хан атанады.