Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жасыл дәріхана
Тақырыбы: "Жасыл дәріхана" /7сынып/
Дайындаған: Ы.Сахиев
Түрі: Шоу ( Евразия телеарнасындағы «Малахов плюс» бағдарламасының желісімен)
Өтетін орны: АКТ залы
Тәрбиелік бағыты: Салауатты өмір салты

Мақсаты: Оқушылардың салауатты өмір салты жөніндегі ұғымын кеңейту, денсаулық - адам бақытының бірінші байлығы екенін, табиғат арқылы әркім өз денсаулығының корғаушысы екенін түсіндіру. Табиғаттың әрбір бөлшегі адамзат баласы үшін асқан байлық, қайталанбас қазынасы екенін, адам өмірінің қорғаушысы, қорғаны екенін оқушыларға ұғындыру.

Міндеті: Оқушыларды қоршаған орта, табиғатты сүйе білуге тәрбиелеу. Табиғатта кездесетін өсімдіктер, жеміс - жидектер және емдік қасиеті бар табиғи заттар арқылы денсаулықты күтуге болатынын аша отырып, олардың сана - сезімдерін тәрбиелеу және салауатты өмір сүруге азаматтық жауапкершіліктерін нығайту.

Көрнекілігі: Тақырып, цитата сөздер жазылған плакаттар, жасыл жапқыш, екі жасыл орындық, жарнама бұрышы, "Жасыл дәріхана" бұрышы, жеміс - жидектер, өсімдік түрлері, емдік қасиеті бар табиғи заттар.
Жоспары:
I. Ұйымдастыру кезеңі
1. Оқушылардың сахна төріне орналасуын бақылау.
2. Кіріспе. Тақырыптың мақсатын, міндетін және барысын түсіндіру.
II. "Жасыл дәріханадағы" пайдалы кеңестер
III. Қорытынды.

Барысы:
Мұғалімнің сөзі: Құрметті көрермендер! Бүгін 7в сыныбының ұйымдастыруымен Евразия телеарнасындағы "Малахов плюс" бағдарламасының желісімен өткізгелі отырған "Жасыл дәріхана" атты шоуды тамашалауға қош келдіңіздер!

I жүргізуші: Алдымен таныстырып өтейін. Алдарыңызда осы шоуды ұйымдастырып отырған 7В сыныбының жетекшісі Ибрай ағайға қошемет.

II жүргізуші: Қасымда жүргізуші болып көмек көрсететін сыныбымның үздік оқушысы Тәжиева Жадыраға қошемет көрсетіңіздер.
I жүргізуші: Мынау "Жасыл дәріхана" - табиғатта кездесетін барлық өсімдіктер мен жеміс — жидектер және тағы емге қолданылатын заттар жинағының орталығы. Жанға жайлы,ешбір зиянсыз, кез келген аурудың алдын алу шараларымен қамтылған.

II жүргізуші: Жадыра дені сау, денсаулығы мықты деп қандай адамдарды айтамыз?
I жүргізуші: Ауырмайтын, ең бастысы денсаулығын күтетін адамдар.
II жүргізуші: Ал, ауырмау үшін денсаулықты қалай күту керек?
I жүргізуші: Міне, осы сұраққа шоуды тамашалай отырып, көптеген пайдалы кеңестер ала отырып жауап ала аласыздар.

II жүргізуші:
"Табиғаттан бабамыз ала берген секілді,
Дархандықты қазаққа дала берген секілді.
Еркелікті, ерлікті жерден алған секілді,
Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді", - деп Қадыр Мырзалиев ағамыз тегіннен айтпаған.
Табиғат - осы бір жүрекке жылы, көңілге қонымды естілетін салиқалы сөзде қаншама терең мағына, ұлағатты мол ұғым, тұжырымы мол ой жатыр десеңізші! Табиғат күллі тіршілік атаулының құтты қоныс мекені, құт-берекесі.
I жүргізуші: Адам мен табиғат әрқашан да егіз. Табиғатты өзіңді асырау үшін қамқоршың десең болады. Ата - бабамыз жер - қазына, су - алтын, мал - байлық деп өсиет айтып келгелі тегіннен-тегін емес. Күнделікті ішіп-жеген тамағымыз, үстіміздегі киіміміз, оқитын кітабымыз, жазатын қағазымыз, мінер көлігіміз, ішер су, тыныс алар ауамыз да, ең бастысы ауырғанда пайдаланылатын дәріміздің бәрі де жомарт табиғаттың тартқан сыйы.

II жүргізуші: Жадыра осы дәріханадағы медицинадағы қолданылатын дәрі – дәрмектен, инеден, әбден мезі болған бір қонағымыз келіп отыр. Сол адамды ортаға шақырсақ.

I жүргізуші: Ендеше "Жасыл дәріхана" шоу бағдарламасына табиғи жолмен денсаулықты күткім келеді деп, бізден пайдалы кеңестер сұрап отырған Алдамжарова Айдананы ортаға шақырамыз.
(Айдана сахнаға шығып амандасып, орындыққа орналасады).

Алдамжарова Айдана: Қазақта бір сөз бар: Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын ем із дейді. Қазір қыс мезгілі. Әрі биылғы қыс қатты аяз. Менің жақын туыстарымның көпшілігі суық тиіп, тұмау болып тамағы ісіп мазалары кетіп жатады. Дәрігерге қаралып, ауруханаға жатайын десе науқас көп, орын жоқ, сосын укол инеден әбден мезі болып, кей кездерде ауылдағы бір ғана дәріханадан дәріні алайын деп барған бойда дәріні таба алмайсың, өтіп кетіп жатады. Мен ойлаймын, суық тимеу үшін ең бастысы жылы киініп жүру.
Ал, суыққа төтеп беру үшін, салқын тиюдің алдын алу үшін табиғи заттарды қалай қолданып жүруге болады?

II жүргізуші: Ендеше "Жасыл дәріханаға" жалпы ұзақ өмір сүргің келсе, салқын сумен аязда шыныққан дұрыс деп кеңес беруші Жанжігітова Айдананың пікірін тыңдайық.
(Айдана сахнаға шығып амандасып, орындыққа орналасады).
Жанжігітова Айдана: Иә, суық тиіп сырқаттануда дәрі – дәрмек ішіп, азапқа түспей, таза ауада қыдыр - ақ құтылуға болады. Күніне екі рет табиғи суға шомылып, жалаң аяқ жерде тұрып, суды үстіңе ақтара сал. Су денеңді шынықтырады. Бойыңдағы теріс энергияны жерге ала кетеді. Денеңді ұйқыдан оятады, күш - қуат береді. Қыста қарда жалаң аяқ жүріп үйрен. Таза ауамен демалып ал да , ойша өзіңе және барлық адамдарға амандық тіле.

I жүргізуші: Айдана, сіз қаншама кеңестер айтып жатырсыз. Мына жерде тұрып сіздің айтқаныңыздың өзінен - ақ ағай екеуміз тоңып тұрмыз.
II жүргізуші: Иә, бұл да жөн болар. Салқында қарды жалаң аяқ басу оңай шаруа емес. Қиындықты жеңсең ғана жақсылыққа жетесің.
Көрермендерің арасынан Айданаға сұрақ қоюшылар бар ма? Көрмен сұрағы: Осы жаттығуларды өзіңіз қолданасыз ба?
Жанжігітова Айдана: Мүмкіндігім ше кейбіреуін қолданамын.

II жүргізуші: Дұрыс, Айдана, шынықсаң шымыр боларсың.
I жүргізуші: Денсаулық - зор байлық екенін тағы да естеріңізге саламыз. Олай болса, "Жасыл дәріханаға" жол тартайық.
(Екі жүргізуші, Екі Айдана "Жасыл дәріханаға барады").

II жүргізуші: Мына жерде адам тұрмысындағы қолданатын көптеген заттар тұр. Олар туралы нелер айтар едіңіз.
Жанжігітова Айдана: Мен мына жердегі заттарды үнемі қолданамын: бал, сәуірдің майы. Бұл заттар салқын тиген кезде көп көмектеседі. Салқын тиген кезде кеудедегі қақырықты түсіру үшін қойдың сүтіне бал немесе сәуірдің майын қосып, азғантай тары салып, ысытып ішсе қақырықты түсіреді, дене қызуды басады. Тамақ ауырса, балды жылытып, тамаққа жағып, жауып қояды (компресс). Жалпы дүниедегі суық тиген жерге бал жағып демдеп қойса, суықты сорады. Ауырмай тұрып бал мен сәуірдің сары майын пайдалансаң ауырмайсың, ауруға шалдықпайсың.

I жүргізуші: Рахмет, бұл тамаша кеңес болды.
II жүргізуші: Сіз не айтар едіңіз? (Алдамжарова Айданаға сұрақ қойылады).
Алдамжарова Айдана: Сізге көп рахмет! Аурудың алдын алу туралы көп мәлімет алдым. Деніңіз сау болсын!
I жүргізуші: Олай болса, қонақтарымызды көрермендер арасына шығарып салайық. Сіздерге көп рахмет!
II жүргізуші:
Тазалық - саулық негізі,
Саулық - байлық негізі

I жүргізуші: Бүгінгі шоуға "тазалық - бастан, тырнақ пен шаштан", - деп ең бастысы жеке бас гигиенасын дұрыс ұстау деп кеңес берушілер Әсел мен Самалды қошеметпен ортаға шақырамыз.
(Әсел мен Самал ортаға шығып, орындыққа орналасады.)

I жүргізуші: Самал сіздің бетіңіз нәзік, әрі таза, көзге әдемі боп көрінеді. Сыры неде?
Самал: Біз қазір жаспыз. Косметикалық кремдерді қолдануға болмайды. Тіпті өмір бойы да қолданбауға болады. Мен бет күтіміне баса назар аударамын. Бетті сабындап жылы сумен жуу қажет. Орамалмен қатты ысқыламай, жәй ғана сүртеді. Қатты сүртсе, орамалдағы жіп, тағы басқа заттар терідегі тыныс алатын тесіктерді бітеп тастайды, содан бетке әжім түсу немесе тері зақымдануға әкеп соғады.
Тері 3 түрден тұрады: майлы, құрғақ және аралас тері. Бұл терілерді табиғи заттардан, жемістерден маска жасап күтуге болады.

I жүргізуші: Самал сізді "Жасыл дәріханаға" шақырамын. Мына жемістердің қай түрінен маска жасай аласыз. Мүмкін жасап көрсетерсіз. Қане көрермендер ішінен кімге маска жасап көрсетейік.
(Көрермендер арасынан Арайға маска жасалады.)

II жүргізуші: Әсел, кезекті сізге берейін. Сіздің шашыңызға қарап көп кісілер қызыға қарайтын болар.
Әсел: Қазіргі кезде бұрымды қыздар сирек кездеседі. Көпшілігі қызыға қарайды.

II жүргізуші: Шашыңызды қалай күтесіз? Сыры неде? Бізге кішкене сырыңды ашсаңыз.
Әсел: Мен де "Жасыл дәріханаға" барып толығырақ айтайын. Шашыңыз қалың, тез өсу үшін мына өнімдерді қолданыңыз: мұнда үй жұмыртқасының 2-еу, үй қаймағынан 1 қасық, бидай 3 қасық, осыларды араластырып, шашыңыздың түбіне жағыңыз.
Ұзын шаштарға аптасына 2 рет, ал қысқа шаштарға 3 рет жасаңыз. 10-15 минуттан соң жылы сумен шайып тастаңыз.

Көрермендерден сұрақ: Шаш жиі түскенде шашты қалай күтуіміз керек?
Әсел: ол үшін бір шай қасық коньякқа бал мен пияз шырынын қосып өзіңіз де шашыңыздың түбіне әбден сіңіріп жағыңыз. Басқа пакет бас киім киіп, 2-3 сағат күтіңіз. Бас терісінің жыли бастағанын сезесіз. Сосын шашыңызды жуып, 2 жұмада 1 рет қайталап отырсаңыз шашыңыз орнына келеді.

I жүргізуші: Самал терінің әдемі болуын, ал сіз шаштың сұлулығын айтып жатырсыз. Сұлулықтың барлығы адамға қажет. Ал дене бітімі әдемі, сымбатты болып өсу үшін қандай кеңес айтасыз?

Әсел: Тал шыбықтай бұралған сымбатты болуды армандамайтын қыздар жоқ болар. Зерттеу қорытындысына жүгінсек, қыз балалар 11 жаста 44%, ал 15 жаста 70%, өзін - өзі қолдан ашықтыруға (диетаға) отырады екен. Оның денсаулыққа, бүгінгіні былай қойғанда келер ұрпақтың саулығына зиян келтіретінін айтып, мұны дәрігерлер алдын ала ескерткен. Енді міне ашығуды алмастырып, артық салмақтан арашалап қана қоймай, сымбатыңа сымбат қосатын бір амал табылған сияқты. Ол кәдімгі би. Онымен күнделікті айналыстым дегенше, сымбатың сынға тартқандай болып, шыға келеді. Менің Сіздерге берер кеңесім, билей беріңіздер. Тек ерінбеңіз, қолыңыз қалт етсе билей беріңіз.

II жүргізуші: Әсел мүмкін бізге би жаттығуларының 1-2-еуін орындап көрсетерсіз.
Әсел: Мен сіздерге ерекше жаттығу көпір салуды (мостик) көрсетейін.
II жүргізуші: Мүмкін көрермендер арасында жаттығу жасайтындар бар болар.
Көрермен Демежан: Күнде тәңертең секіртпемен секіру жаттығуын жасаймын.
(Секіртпемен секіріп көрсетеді.)

II жүргізуші: Міне тамаша, Демежан секіртпемен еш қиындықсыз, жеңіл секірді. Демежанға көп рахметімізді айта отырып, көрермендер арасынан орын алуын сұраймыз.

I жүргізуші: Самал, сіздің жасаған маскаңыздың нәтижесін Арайдан сұрайық.
Арай бет теріңізде өзгеріс бар ма?
Арай: Өзгеріс бар. Бетім үнемі құрғап тұратын. Қазір жұмсарып, ылғалданып тұр. Жақсы сезінемін.

IІ жүргізуші: Арайға көп – көп рахмет! Беттеріңізді күтініп, әркез сұлу қалпыңызда жүре беріңіз деп көрермендер арасына шығарып саламыз.
Әсел мен Самалға көп рахмет! Әркез әдемі болып, әдемілікке үйретіңіздер!
І жүргізуші: Кезекті денсаулықтың жаңасын ақшаға қайдан табасың деп әркез шырын ішіп, денсаулығын жаңартып, жасартып жүрген Әсемді ортаға шақырайық.

II жүргізуші: Шәй ішсең, көңілің жай деп жар салған Мөлдірді де ортаға шақырамыз. Әсем мен Мөлдір "Жасыл дәріхана" бұрышына келеді.

II жүргізуші: Мына жерге жақындаңыздар. Мына жеміс - жидектердің шырыны қай сырқаттардан сақтайды. Қайсысын ішкен жөн қалай қолданылады. Сол жөнінде айтып берсеңіз.

Әсем: Жеміс пен көкөніс шырының денсаулыққа пайдалы екені белгілі. Диетолог – дәрігерлер оларды аурудың алдын алуға да, емделіп жазуға да табиғи дәрумен ретінде ұсынады. Бірақ денсаулықты нығайту, сырқаттан айығу үшін ішілетін шырынға қойылатын талап бөлек. Сондай-ақ, мамандардың айтуы бойынша дәрумен ретінде шырынды күніне кемінде 600гр үш мезгіл тамақтың әрқайсысының алдында 30 минут бұрын ішу қажет.

Жүзім шырыны, қияр шырыны, алма шырыны, апельсин шырын, сәбіз бен қырыққабаттың шырыны: жүрек қан тамыры жүйесін нығайтады. Ақыл — ой қабілетін күшейтеді. Тәннен ауыр металлдарды қуады, бауырға, бүйрекке пайдалы. Оларды уыттан тазалайды. Жүйке жұқарып, күш - қайрат кемігенде әлденуге көмектеседі. Мен қазір алма шырынының қалай жасалатынын көрсетейін.

II жүргізуші: Сіз жасап көрсетіңіз. Бізге Мөлдір қандай ұсыныстар айтар екен.
Мөлдір: Шәйдің бүкіл ағзаға, тәндегі зат алмасу үрдісіне әсер етеді. Бойды сергітетін шипалы сусын екенін ғылым әлде қашан дәлелдеген. Кофеин, эфир майы, танин дегендердің сыртында С,В, Р дәрумендерін небір минералдарды осы шәйдің бойынан табасыз. Тек оны дұрыс баптап, сақтай біліңіз.

II жүргізуші: Шәйді қалай қайнату керек?
Мөлдір: Суды соншалық сақылдатып қайнатудың жөні жоқ. Шәйнекте не самаурында қайнаған суды аққұманға ағызып, үстіне шәй салып, қайтадан қайнатпау керек. Аққұманға су ағызып алғаннан кейін шәйнекті не самаурынды еселеп су құйып қайнатуға болмайды.

II жүргізуші: Қай уақытта шәй ішу қолайлы?
Мөлдір: Әдетте қазақ тәңертең де, түсте де, кеште де шәй ішеді. Кешкілік негізгі тамақтың алдында не тамақтан кейін ішіледі.

II жүргізуші: Мөлдір, осы көк шай туралы не айтар едіңіз?
Мөлдір: Көк шай да кәдімгі қара шай алынатын жапырақтан алынады. Халық оны қартайтпайды, кісінің ғұмыр жасын ұзартады деп біледі. Көк шайдың қант қысымын төмендетін, артық тұзды қуатынын қатерлі ісіктен сақтайтынын, емдік қасиеті бар. Асқазанның бұзылуы, ас қорыту ағзаларының сырқаты, дәрумен жетіспеушілігі, бүйректегі, қуықтағы тас, қан айналымының нашарлауы, темір жетіспеушілігі, күйік, терідегі жара т.б. ауруларға пайдалы.
I жүргізуші: Қане, Әсемнің шырыны дайын болған секілді. Ауыз тиіп көрейік. (Шырыннан ауыз тиеді.) Өте дәмді екен.
Әсем: Рахмет!

I жүргізуші: Сөздеріңізді тұжырымдай келе, дені сау болу үшін жемісті көп жеу керек. Жұмыс істеу қабілетің күшейеді. Уақытымен тамақтанып, шәй ішіп жүру керек.
II жүргізуші: Дұрыс айтасың, Жадыра! Мөлдір мен Әсемнің берген кеңестеріне көп рахмет айтамыз!
(Мөлдір мен Әсемді шығарып салады).
Түркімен биі. Орындайтын Еділов Қуанышбек пен Мыңбаева Әсел.

II жүргізуші: Психолог мамандардың айтуынша, аурудан аулақ болу үшін адамдарға амандық тілеп, амандас дейді. Сау болғың келсе, баршаға саулық тіле.
I жүргізуші: Қызғаншақ болма, өз бойыңдағы жалқаулықты, көрсе қызарлықты, қорқақтықты, жалған намысқойлықты таста, біреудің әңгімесіне ерме. Жаман ойлардан аулақ бол.

II жүргізуші: Ауыра қалсаң, көп уайымдама, ауру - сырқау, өлім туралы ойла ма, бұл сенің жемісің.
I жүргізуші: Өзің білген, оқығандарыңды, өз тәжірибелеріңді өзгелерге айт, тарат, бірақ мақтанба, қарапайым бол!

II жүргізуші: Міне, балалар, неткен керемет нұсқаулар айтып кеткен. Ендеше ойға тоқыдық па, тоқысақ іс жүзіне асырайық. Бастаған істі аяқтайық.
I жүргізуші: Енді назарымызды "Жарнамалық" үзіліске аударайық.
Көрініс.

Атасы - Самат
Әжесі - Айбек
Немересі — Серік
Немересі атасының алдында отырады. Әжесі қасында ұршық иіріп отырады.
Немересі: Ата, құлағым ауырып тұр.
Атасы: (Еркелетіп құлағынан сүйеді.) - Жазылды ма, құлыным?
Немересі: Жазылды.
- Ата, ата, мұрыным ауырып барады.
Атасы: (Еркелетіп құлағынан сүйеді.) - Жазылды ма, құлыным?
Немересі: Жазылды.
Немересі: Ата, әукем ауырып тұр.
Атасы: (Еркелетіп құлағынан сүйеді.)
- Жазылды ма, құлыным?
Немересі: Жазылды.
Немересі: Әже, атамның еріні дәрі сияқты, сүйсе болды жазылып кетемін.
Әжесі: (Мысқылдап.) - Онда атаңа айт, қорадағы қара айғырдың аяғы ақсаңдап тұр.
Жарнама:

Айбек: Ішің ауырса, аузыңды тый, асқазаның жиі ауырса, тамақтанып болғаннан кейін кез-келген жемістің сүйегін 30-40 минут сору керек. Сондай - ақ, зере шөбі мен апельсин қабығының қайнатпасын ішкен пайдалы.

Самат: Тісің ауырса, қолыңды тый, тісің ауырса, тіс дәрігеріне жүгінбей-ақ үйде ем жасауға болады. Ол үшін 1 стакан суға 1 уыс кептірілген қалақай жапырағы мен 2 ас қасық сірке суын қосып қайнатып, аузын жиі-жиі жуады. Қолыңның білезік тұсына сарымсақты қақ бөліп, тамырыңа таңып байлап қойсаң көп көмегі болады.

Айбек: Өсімдік майы, ас бұршақ, сүт, картоп, қызанақ, банан, балық сияқты азық - түлікті күнделікті тамақта көп пайдалану керек. Мұндай калориясы аз тағамдар адам өмірінің ұзаруына көп септігін тигізеді.

Самат: Құмырсқаның емдік қасиеті бар. Олардың көмегімен ревматизмді емдеуге болады. Ол үшін бір уыс құмырсқаны дәкеге орайды да ауырған жерге басады. Құмырсқалар денені шағып қызартқан соң дәкені алып тастайды. Осы әдісті бір ай бойы қайталасаңыз көп ұзамай ревматизмнен айығасыз.

Айбек: Беттегі безеуді кетіретін маска — қияр маскасы. 3 дана жаңа піскен қиярды ұсақтап турап, 1 стакан қайнаған суға салыңыз. Оған 1 шәй қасық бал араластырып, бетіңізге жағыңыз. Осыны 1 апта қолдансаңыз, бетіңіздегі безеудің кете бастағанын байқайсыз.

Самат: Құлақтан іріңді бұлық ағып, мазаңызды алса, одан оңай жазылуға болады. Алоэның жапырағын сығып, шырынына дәкені батырып, бір тәулік құлаққа тықса, ертеңіне алғанда іріңді бұлық дәкеде қалады. Бір аптадан соң оң нәтижесін береді.

Айбек: Сүт қосылған шәйді ішсеңіз бүйректі тазартады. Ал асқазан мен ішекті тазарту үшін қырыққабат пен сәбізден жасалған салат жесеңіз шипалы. Қызылша, сарымсақ, грек жаңғағын күнде тамаққа қолдансаңыз қан тамырлары тазарады. Қияр болса, ағзаны қождан (шлак) тазартып, артық тамақтан арылтады.

Самат: Алоэны шипалы өсімдіктерге жатқызады. Оның жапырағынан алынған шырын терінің қабынуынан пайда болатын ауруларды, күйікті емдейді. Сондай - ақ, алоэның экстрактымен, көз ауруларын, асқазанның ойық жараларын т.б. ауруларды емдейді.

II жүргізуші: Жадыра осы біз көп нәрсені ұқтық, біліп, көріп жатырмыз. Ал менің аяғым осы көп сырқырайды. Бұған қандай кеңес бар екен?
I жүргізуші: Сіз оған қам жемеңіз. Біздің Асылбек буын-сүйек ауруларынан тез айығу жөнінде тамаша ақпараттар жинады.

II жүргізуші: Олай болса, ортаға Балықбаев Асылбекті
шақырамыз.
Асылбек: Буының қақсап ауру түрлері жағдайлардың әсерінен болады.
Буын аурулары бір түрі буындарға сарысу немесе түз жинаудан да басталады. Сүйек кальций жетіспегеннен сырқырайды. Күннен адамға "Д" витамині түзеледі. Ол сүйек мықты болуға көмектеседі. Шілде, тамыз айларында күн қатты ысығында сырқаттанған аяқ - қолыңды құмға көміп, қыздырынады. Бұны әр жаз сайын жасап отырсаң тіптен жақсы. Табиғаттың адамға берер сыйы көп қой. Соның бірі тұзды су, қара балшық. Жаңағы айтқан аяқ сырқырау немесе сүйек сынса, я болмаса қатты соққы алған болса, ол бұлтты күндері міндетті түрде қақсап ауырады. Бұл сырқаттың алдын алу үшін тамыз, шілде айларында тұзға бару керек. Емдік қасиеті бар тұз тек буын - сүйекке қана көмектесе қоймайды. Денеге жара шықса, қышыма болып ауырса да қара балшыққа шомылып, тұзбен емделеді.

II жүргізуші: Асылбек мүмкін "Жасыл дәріханаға" айтады.
Асылбек: Мынау Сағыз өзенінің бойында Ақжар деген жерден алынған тұзды балшық. Бұл қысты күні де сұйық күйінде тұрады. Бұл киелі. Адамға көптеген шипасы бар. Мына қырыққабатпен де ревматизмді емдеуге болады. Қырыққабаттың жапырағын алып, мысалы тізе ауырса, сол тізеге басып матамен таңып қояды. Осы сияқты жазда өсетін хрен жапырағын да осылай жасаса буын, сүйек сырқырауына көп көмектеседі.

Қазақтың төбет итінің түбіт жүні де сүйек сырқырағанда көп көмектеседі. Иттің түбітінен тоқыған шұлық немесе белдемше жасап сырқыраған жерге үнемі басып қойса сырқыраудан айығасың.
I жүргізуші: Асылбектен көптеген мағлұмат алдық Сізге көп-көп рахмет.

II жүргізуші: Денсаулықтың басты негізі тазалықта, жеке бас гигиенасын сақтау керек деп жатырмыз. Халық арасындағы тазалық, денсаулық хақындағы ырымдар туралы айта кетсең болмас.
I жүргізуші: Шашы қиылмаған әйелдің жолын ешкім кеспейді, бақыты ашылып бағы жанады.
Түнде шаш қиып, тырнақ алуға болмайды.
Түн ортасында шомылу жақсылыққа апармайды.
Шашыңды кез келген жерге тастама. Отқа жағып жіберу қажет.

II жүргізуші: Халық айтса, қалт айтпайды дейді ғой, бұған мен де қосылам.
Ендігі кезекті шөптесін өсімдіктерге берейік.
Қазақстан жерінде көптеген дәрілік қасиеті бар өсімдіктер бар. Мына кітаптың ішін ашып қарасаң түрлі - түрлі емдік қасиеті бар шөптер бар. Солардың бірі біздің жерде де өсетін кәдімгі адыраспан шөбі. Бізге адыраспан мен жақын таныстыратын Еділов Қуанышбекті шақырайық. Қуанышбекке қошемет.

(Қуанышбек сөйлейді. "Жасыл дәріханада").
Қуанышбек: Адыраспан - көп жылдық шөп тектес өсімдік. Оның сабағы бұтақшалы, тамыры діңгекті, жапырақтары тілімденген кезектесіп орналасқан. Қазақстанда адыраспанның бір - ақ түрі өседі. Биіктігі 20-60 см. Гүлдену мерзімі - мамырдың аяғы мен маусым айында. Шілде айында жемісі тола бастайды. Бұл өсімдік улы дәріге жатады. Адыраспан энцефалиттің шағуы салдарынан болған ауруды емдегенде жақсы нәтиже береді. Ауруға шалдыққан адамның жүйке жүйелері асқынып, ұстама, қояншық ауру (эпилепсия) мен қалтырау параличіне (дрожительный паралич) шалдыққанда қолданады. Құяңмен (радикулит) ауырғанда адыраспан жапырақтарымен булайды, ісіктерге де сол ем жасалынады.

Адыраспаннан жасалған былауыш (ванна) ревматизм салдарынан сүйек сырқырап ауырғанда жақсы нәтиже береді. Ол өкпе туберкулезіне, демікпе, ентікпе, т.б. өкпе ауруларына ем.
Адыраспанды жазда немесе күзде жинап, жаңа күйінде немесе турап, кептіріп дайындайды. Тұқымын піскенде жинап алады.

Сабағы мен жапырағын қайнатып, өлшем бойынша ішсе, талма, сал ауруы, ұмытшақтық, суықтан ми қабыну, тарамыс ауруларына ем болады.
Тіс ауруына: адыраспанның шөбімен ыстаса, тістің қақсап ауырғаны басылады.
Буынның қабынуына: жас сабағын жапырағымен лайықты мөлшерде жаншып, буынға тартады.

I жүргізуші: Қуанышбек саған көп рахмет! Біз білмейтін көптеген ауруларға емдік қасиетімен таныстырдық. Жалпы бұл шөп киелі деп те
жатады.

II жүргізуші: Иә, Жадыра адыраспан киелі шөп. Бұл шөппен аластап та жатады. Сол кезде жамандық бойыңа жуымайды дейді.
Қуанышбек сізге көп рахмет!

I жүргізуші: Бізге мына өсімдіктердің қандай пайдасы бар екенін білу үшін ортаға Өмірбекова Айдананы шақырайық.

Айдана: Мынау Ақ қайың жапырағы күз мезгілінде жинап алып, тазартып, кептіріп қою керек. Бұны медицинада профилактикалық зат ретінде қолданылады. Бүйрек, зәр шығару жолдарының және жүрек қан тамыр жүйесінің ауруларында зәр айдайтын зат ретінде, жүйке жүйесінің нашарлағанында қызметін күшейтетін зат ретінде қолданады. Компресс жасап та қолданады. Суға бұқтырып ішіп те пайдаланады.
II жүргізуші: Олай болса қалай жасалатынын көрсетіп жіберіңіз. Шоу аяқталғасын шаршағанымызды басу үшін, жүйке жүйеміз жақсы жұмыс жасау үшін ішіп алайын.

Айдана: Дайындау әдісі: 2 шәй қасық жапырақты ыдысқа салып 1 стакан қайнатылған ыстық су құйып демдеп қояды. 30 минуттан соң сүзіп ішеді.

I жүргізуші: Қарапайым нәрсе. Түкте қиындығы жоқ. Айдана сізге көп рахмет!
II жүргізуші: Денің сау болсын десең — спортпен шұғылдан. Спорт адам денсаулығына пайдалы. Дене тәрбие сағатына үнемі қатысып отыр. "Дені сау адам - ең бай адам"

I жүргізуші: Денің сау болсын десең - таңертең жаттығу жасап таза ауада демал. Ауаны ластаудан сақтау керек.Табиғатты жасылдандыруға өз үлесіңді қос.

II жүргізуші: Бүгінгі шоуға қонаққа келген №9 орта мектептің медбикесін "Жасыл дәріханаға" шақырамыз.
Медицинада табиғи әдіс — тәсілдермен науқастарды емдейсіздер ме? (Медбике өзінің кеңесін береді).

I жүргізуші: Жаңағы айтылып кеткен пайдалы кеңестердің барлығына бірдей қосыла бересіздер ме? Олардан еш зиян келмей ме қалай ойлайсыз?

II жүргізуші: Сізге көп - көп рахмет! Сіздер арқылы қаншама адамдар рахат өмір сүруде. Еңбектеріңізге әрқашан табыс тілейміз. Мынау біздің "Жасыл дәріханадан" сізге азғана сый — сияпатымыз бар. Қабыл алыңыз.
I жүргізуші: Жеміс жеп, шырын ішіп жасарып жүріңіз!

II жүргізуші:
Адамның табиғатсыз күні жоқ,
Оны айтар табиғаттың тілі жоқ деп айтылғанмен, 7 сынып оқушылары көптеген кеңестер берді.
Ата - аналар сіздердің қандай пікірлеріңіз бар?
(Ата — аналар пікірлерін айтады.)

II жүргізуші: Адам үшін табиғат - ең қасиетті, қастерлі ұғым. Өйткені адамның өзін дүниеге келтірген аяулы анасындай. Сондықтан да адамның табиғатты АНА деп құрметтеуінде өте үлкен мән бар.

I жүргізуші: Сондықтан да табиғат қадірін, байлығын бағалай білу, жалпы табиғатты қорғау, баршамыздың міндетіміз. Табиғаттан әркез сұлу әдемілігін, зор денсаулық ала білейік ағайын!

Қорытынды.
Құрметті оқушылар, бәріміз болашақ туралы армандаймыз ба? Ел басымыздың болашаққа байланысты жасаған бағдарламасында ел болашағы – сендер, жастар. Сондықтан еліміздің ертеңі сендердің денсаулықтарың мықты, салауатты азамат болып өссеңдер, болашақта жарқын, кемел болмақ деген екен. Болашаққа дені сау ұрпақ боп қадам басайық.

І жүргізуші: Осымен 7в сыныбының ұйымдастыруымен өткізіліп отырған «Жасыл дәріхана» атты шоуымызды аяқтаймыз.
Тыңдағандарыңызға көп рахмет!

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама