Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ж.Аймауытовтың «Әнші» әңгімесіндегі Әмірхан бейнесі
Сабақтың тақырыбы: Ж. Аймауытовтың «Әнші» әңгімесіндегі Әмірхан бейнесі
Сабақтың мақсаты:
1) білімділік: Ж. Аймауытұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы алған білімдерін тереңдету, шығарманың тілі мен мазмұнына талдау жасату, Әмірқан бейнесін жан - жақты талдау;
2) дамытушылық: оқушының ойын, қиялын дамыту, шығармашылықпен жұмыс жасай білуге, өз көзқарасын әдеби, жүйелі тілмен жеткізе білу дағдыларын жетілдіру;
3) тәрбиелік: әңгіменің мазмұны арқылы оқушыларды адалдыққа, шынайылыққа, әнді, өнерді сүюге, тәрбиелеу, әсемдікті сезіне білуге үйрету.
Сабақтың типі: пысықтау сабағы
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Сабақтың әдіс - тәсілдері. ассоциация, талдау, сұрақ - жауап, ішінара іздену, әңгіме кестесін құру
Сабақтың көрнекілігі: таратпа қағаздар
Техникалық құрал - жабдықтар: интербелсенді тақта
Сабақтың барысы:
І Ұйымдастыру кезеңі
ІІ Үй тапсырмасын сұрау
1. Ж. Аймауытовтың «Әнші» әңгімесінің мазмұнын білу
2. «Ақтамақ хикаясын» өз қиялымен аяқтап жазу

Жүсіпбек - сегіз қырлы, бір сырлы дарын, жан - жақты талант иесі. Жүсіпбек – ақын, жазушы, драматург, сыншы, аудармашы, публицист.

«Әнші» әңгімесіндегі Әмірқан бейнесі арқылы жазушы өмірі мен өнері аңызға айналған әнші Әміре Қашаубаевтың әдеби бейнесін береді, сол Әміренің өнерінің бір сәтін өз әңгімесіне өзек етеді. Яғни Әмірқанның бейнесіне прототип етіп атақты әнші Әміре Қашаубаевтың өмірі алынған. Прототип – әдеби шығармалардағы белгілі бір көркем бейненің негізі етіп алынған адам.
Әміре Қашаубаев Франция секілді өркениетті өнеріміздің құдіреттілігін мойындатты. Сол үшін де қазақ халқы Әміре сынды ұлы тұлғасын ешқашан ұмытпайды.
- Әміре Қашаубаев - ән асқары, қазақ өнерінің жарық жұлдызы, ұлттық мақтанышымыз. «Бұратана» саналған қазақ халқының бай өнері мен жоғары мәдениетін барша халыққа паш етті. Франция секілді өркениетті елге өнеріміздің құдіреттілігін мойындатты. Сол үшін де қазақ халқы Әміре сынды ұлы тұлғасын ешқашан ұмытпайды.
Шығармадағы кейіпкерлер бейнесі

1 Басты кейіпкер Әмірхан
2 Лирикалық кейіпкер Жүсіпбек
3 Әмірханның сүйіктісі Ақтамақ
4 Қымызшы қыз Шәкет
5 Наурыз тойда тәттілер сатқан әйел Рәзия
6 Скрипкаға ән қосушы бала Мәржім
7 Құс атуға шыққан үшінші адам Дәулетжан
8 Наурыз тойдағы ойынды басқарушы Әбіжан

Әмірқан бейнесін ашуға мінездемелік жоспар
Әмірқанның мінездемелік сипаты Әңгімеден алынған үзінділер арқылы дәлелдеу
1. Түр – түсі, сыртқы бейнесі “Шәулі қаршығадай шап етер, киіктің асығындай тап етер” жігіт.
Өзге шығарушылардан Әмірқанның киімі де, түрі де, жүріс - тұрысы да жат еді, қазақтың еркіндігін еске түсіруші еді.
2. Қарапайымдылығы Әмірқан қол ұстасып, сыпайы амандасып отырды. Әнеугі Шәкеттікінде көрген Әмірқан емес, бұйығы, момақан жігіт.
3. Орындаушылық шеберлігі Ұшатын құстай қымтанып, қомданып алды. Отырғандар аузын ашып аңырды. Әнші жіберді. Бір - бір ауыздан ән салды. Аз да болса бірегей болды.
Сүмірейте, қылмита соқты; желдете, құтырта соқты. Лебізі құлаққа жағып кетті, жүректі тербетті, тамырды желпіндірді; бойыңды шымырлатты.
… Көңіл бір жадырап, шайдай ашылды.
Топ көргенде Әмірқан аруақтанып, көтеріліп кетеді екен.
Тағы да ескектете, желпіндіре, желіктіре, ышқындыра, құлшындыра соғып, тыңдаушының айызын әбден қандырды.
4. Өнерге сүйіспеншілігі Ән салса, ол өзін - өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның дауысы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса, рақаттанып, гүл - гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады. Оның ән салғандағы түріне қарап отырсаң, тоясың.
5. Ән мен әншіге деген көзқарасы

Әншілердің көбі түр шығарам деп, әуре болады. Жақсы әнді бұзып жібереді. Қиқылдай ма, шиқылдай ма, аупылдай ма мазарат… Есіл әнді бей - береке қылады. Бет - аузын тыржитып, зорланып, күшеніп отырып салған соң ән бола ма? Әнді еркіне жіберіп, қысылмай салған ғой қызығы. Әншілердің көбі не мақтан үшін, не мал табу үшін айтады. Зорланып айтқан ән дұрыс шыға ма? Ән салу көңілден ғой… Мен өзім көңілденбесем, жақсы айта алмаймын, айтқым келмейді.
6. Адамға үйірсектігі Әмірқан кісіге тез үйір болатын, жолдасқа жанын қиятын жігіт. Наурыздан кейін бізбен дос болып кетті. Бер жаққа шықса, бізге соқпай кетпейді.
7. Қонақжайлылығы - Менің құжырамды да бір көріңдер,- деп қайта - қайта шақырып, үйіне қонаққа апарды.
Қымыз, ет алып, тыраштанып, шабылып қалыпты.
8. Махаббатқа адалдығы Сөйткен Ақтамақпен бір - ақ жұмадай дәурен сүрдім. Ой, дүние - ай!- деп, Әмірқан ауыр күрсінді де, дыбыссыз қалды. Бетіне қарасам, көзінің жасы парлап тұр екен. Жұбатайын деп:
• Ой, саған не болды?!- дедім.
• Әншейін… Көңілім бұзылып…
• Бала болдың ба? Өткен іске өкіне ме екен…
• Ақтамақтың қылығы бетер еді…- деп солқылдап келіп жылады.
9. Азаматтық тұлғасы
(мәрттігі)
Ол “барды баламайды, жоқты санамайды”, өзінің бірдемесін сұрасаң, бере салады, кісінің нәрсесін, киімін өзі де киіп жүре береді. Ұят екен - ау демейді. Ол кісі алдауды, арын сатуды білмейді. Кім көрінгенге сенеді. Өзін әркім талай алдап кетсе де, сенуін қоймайды.
Оқулықты пайдалана отырып, шығарма тілімен Әмірханға сипаттама беру.
1. Арсын - гүрсін
2. Барды баламайды, момын
3. Жоқты санамайды
3. Сыпайы, бұйығы
4. Әннен басқаға олақ
5. Еркін
6. Сенгіш
7. Адал дос
8. Әнді жүрегімен орындайды.

Тест сұрақтары:
1. Жүсіпбек Аймауытов өлеңді кімге еліктеп шығара бастаған?
А) Ахмет В) Абай С) Ыбырай Д) Мағжан
2. Жүсіпбектің поэмасын ата
А) “Әнші” В) “Күнікейдің жазығы” С) “Нұр күйі” Д) “Ақбілек”
3. “Жетішатыр” қаласының екінші аты
А) Семей В) Павлодар С) Өскемен Д) Қызылжар
4. “Бір шерік қымыз” деген қанша?
А) бір бөтелке В) бір шелек С) бір кесе Д) бір тегене
5. Шәкеттікіне кіріп келген жігіт қайда отырды?
А) жерге В) орындыққа С) керуетке Д) сандыққа
6. – Әмірқанды үйден ұстай алмайсыңдар. Ол – бір ….
А) көлеңке В) сағым С) елес Д) тұман
7. Әмірқанды: “Ербең құлақ, едірек, талтиған тәпек асық” деп кім суреттер еді?
А) Жүсіпбек В) Бек С) Нармамбет Д) Дәулетжан
8. Наурыз сауығын “басқарушы” кім?
А) Әбіжан В) Жәлел С) Рахымбек Д) Жүсіпбек
9. Сахнада ән салғанда “әсем - әсем нақысы” қандай болды?
А) сыбызғының үніндей В) айдынның сұлу қуындай
С) тас бұлақтың суындай Д) Арқаның қоңыр желіндей
10. Әнші құжырасындағы ең асыл бұйымы не?
А) қызыл қоңыр домбыра В) үлкен ақ сырнай
С) саз сыбызғы Д) үкілі сары домбыра
11. Әйелін қалай таныстырады?
А) жампоз В) тұлпар С) сұлу Д) бастық
12. “Қорлан” әнін шығарушы кім?
А) Жаяу Мұса В) Балуан Шолақ С) Естай Д) Мәди
13. Үшеуі қай жерге құс атуға барады?
А) Кенжекөл В) Керуенкөл С) Құркөл Д) Алакөл
14. Ұрылар үшін ән салғанда арасында кімнің әні болған жоқ?
А) Иманжүсіп В) Балуан Шолақ С) Исақ - Ермек Д) Жаяу Мұса
15. Ақтамақпен жақындасуына қандай ойын себеп болды?
А) орамал тастау В) ақсүйек С) алтыбақан Д) сақина салу
Жауаптары:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15
В С А А Д В С А В Д А С В Д А

1. Әңгімеден қандай әсер алдыңдар?
2. Тәрбиелік мәні қандай?
Жүсіпбек Аймауытов – қазақтың ән өнерін жоғары бағалай білетін талғампаз жан. Әмірқан образы арқылы әйгілі әнші Әміренің жеке дара биік әншілік өнерін, азаматтық тұлғасын тамаша бейнелеген, шынайы өнерге табындырған. Ұлы әншіге бір тамаша ескерткіш орнатып кеткендей.

ҮІІ Үйге тапсырма:
1. Ән туралы айтылған ақын - жазушылардың даналық ойларын жазу.
2. Түсініктеме күнделігін толтыру ( Мәтіннен қатты әсер еткен тұстарды, үзінділерді жазып, оған пікір жазу)
ҮІІІ Оқушылар білімін бағалау

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама