Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жегіштікпен болыс болған байеке

Тарбағатай тауының бөктерінде Қаракерей елінде Қоңырбай деген байдың он бес мыңдай жылқысы бар екен. Ол:

— Малымның арқасында аға сұлтанмен құда болсам, маған ешкімнің тісі батпас, — деп ойлап, Өскемен уезіне қарасты Ұлан елінде аға сұлтан Әлхан төреге кісі жібереді: «Менің сізбен жақын болғым келеді. Не қыз беріңіз, не қыз алыңыз» деп, «малым жетеді қай жағына болса да» деп.

Әрине, төре халқы мал десе, қарсы болмайтыны белгілі. Қарсылық білдірмей, «Балаларымның басы босы жоқ, басы бос кіші қызым бар. Соған құда болам десе, туар айдың он бесінде келіп құда түссін» деп келісім беріп, келген кісіні қайтарады.

Айтқан уағында Қоңырбай бай қырық кісімен барады. Әлхан алты қанат ақ үй тіккізіп, құдаларды қысырдың тайын, семіз қойларды сойып, құдаларға төртеу ара бір табақтан ет тартады. Етті түгел жеп, сүйегін мүжіп, тұздығына дейін ішіп, құр табаққа сүйегін салып қана қайтарады. Ертеңіне ту бие сойып, үшеу ара үйеме табақ қып тартады. Оны да түк қалдырмай жейді. Екеуара тартады. Оны да тазалап жібереді. «Бұл қалай жігіттер» деп бақыласа, өзгелер жеп болып отырады екен. Орталанған табақтарды ішінде бір жігіт келіп, әр табақты босатып шығады екен. Құдалар киітін киіп, аман-есен аттанады. Қоңырбай бір айдан кейін кісі жіберіпті:

«Келер жылы осы уақытта келіп, құда түсіп, малын алсын. Қызықшылық үшін былай болсын: менде бір жегіш адамым бар. Ел ғой, сіз де еліңізден бір жегіш тауып әкеліңіз. Екеуін жарыстырайық, сынайық. Егер сіздің жегішіңіз жеңсе, малым жетеді, қалыңмалды қанша аламын десеңіз де, өзіңіз біліп айдап кетіңіз. Егер менің жегішім жеңсе, қалыңды өзім біліп беремін» деп сәлем айтқан. Әлхан өз елінен жегіш таба алмай, Сұлусары елінің болысы Жүніс төреге хат жазып, кісі жібереді: «Қол астыңдағы елден жегіш адам тауып бер» деп. Жүніс төре елінен сұрастырады. Бір жұмысшы кәрия:

— Сынтас заводында астаубай істеп жүрген кедей жігіт бар. Аты — Бәйеке, өмірі тамаққа тоймайды, — депті.

Болыс Бәйекені алдырып:

— Сен жегішпісің?

— Жегішпін.

— Қанша жейсің?

— Әй, бір құнан өгіздің етіне тойыңқырамай қаламын-ау, — депті.

Болыс дереу мал сойғызып сынайды. «Жарайды екенсің» деп, үстіне дұрыстап киім кигізіп, астына ат мінгізіп, жанына кісі қосып, Бәйекені Әлханға жібереді. Әлхан да сынап:

— Жарайсың, жегішім, осы үлкен бәсекеден жеңілмей өтсең, жақсы болар еді, — дейді.

Бұлар жүз адам болып, Бәйеке ішінде Әлхан Қоңырбайға құдалыққа барады. Құдасы қарсы алып, құда түсу салтын істеді. Енді жегіштерді салыстыру керек. Сере қазы түсетін бір ту бие сойылды. Екі ірі еркек атан қой сойылды. Тайқазанда асылып жатыр. Екі жегішті сынау үшін үш кісіні комиссия тағайындады. Алты адам етті турап, астаумен майлы сорпасымен араластырып бір стулдың екі жағында екі жегіштер,
бір-біріне қарсы қарап білектерін сыбанып отыр. Туралған ет астауға келіп құйылып жатыр. Бірінші жегіш бес саусақты салып көсіп алып бір тартса, екіншісі де солай тартады. Олар шайнамай жұтады екен. Ет бітті. Бір саба қымызды дайындап қойған. Оны екі тегенеге бөліп құйып екеуіне берді. Екеуі де ішіп салды. Әлі беріспей отыр. Бірі жеңілу керек. Ет те жоқ, қымыз да жоқ. Енді не істеу керек?

Сонда Байеке айтты:

— Ау, Қаракерей шикі іркіт ішеді деуші еді ғой. Ет пен қымыздарың жоқ болса, шикі іркіт әкеліңдер, — депті.

Екеуіне екі тегене іркіт әкепті. Баекең ішіп салған. Ана жегіш орталай бергенде, аузынан атқып кетіпті. Ел шулап «мынау жеңілді, Әлханның жегіші жеңді» депті. Қоңырбай бай:

— Ал, құда, айтқаным айтқан. Енді жылқыдан қанша аласыз, барып айдап ала бер, — деді.

Әлхан:

— Жоқ, құда, мен сізбен құда болып отырып, жылқыңызға тием бе? Жеңіс біздікі. Енді өзіңіз біліп беріңіз, — деді.

Байеке:

— Олай болса, жарайды, — деп таудың басына шығып тұрып, тау бөктерін жаппай жауып жатқан он бес мың жылқы. Бай:

— Уау, жігіттер, мына шет жақтан мына бір кетіктен былай бөліп айдаңдаршы, — деп, бір топ жылқыны Әлханның алдына салды. Былай ұзап шығып әлгі жылқыны санаса, бес жүз жетпіс жылқы болыпты. Байекеге екі құлынды бие, бір ат мінгізіп Жүніс төреге «Болыс төңірегінен Байекеге ірі қызмет бер» деп хат жазып береді. Оны бір болыс елдің указной молдасы етіп тағайындайды. Байеке бір жылдың ішінде пітір-ғұшырымен-ақ байиды. Келер жылы Жүністің болыстығын тартып алады. Өлгенінше болыс болып, өзінен кейін оның балалары болыс болып кете берген.

Бұл он тоғызыншы ғасырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың бас кезі еді. Өз әкем Дүйсектен естіп едім.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама