- 27 нау. 2020 00:00
- 204
Көп сақау
Дүниеде неше түрлі адамдар болады ғой. Бір атадан туған он шақты үй бір ауыл адамдары р-ға тілдері келмейді, сақау және керемет күлкіші болған екен. 10-15 шақырым тұратын ауыл азаматтары жеті адам болып аң аулауға көп сақау қыстауының үстіне келсе, қоралары, шөптері, жері — бәрі өртеніп кеткен. Күздің күні, «бұл ауылдың адамдары қайда» деп іздеп жүрсе, ауылдың шетінде бір жаман үй өрттен аман қалған екен. Соған жиналып алып күлкіден ішектері қатып, серейіп жатыр. Аңшы жігіттер жанына келіп отырып амандасса, амандасуға шамалары келмей, күліп өліп жатыр.
— Оу, не болды? — деп сұраса, «өйт» дейді де, одан әрі сөйлеуге шамасы келмейді. Күлкілері басылатын шығар деп, біраз тосып отырып, басылатын болмаған соң, кетіп қалыпты. Артынан сұрастырса, көп сақаудың ауылы күзекте отырғанда өрт қаптап, қыстауға қарай бара жатқанын көріп, ауыл еркектері қолдарына сыпыртқы, құрым кигіз алып, өртке шауып, өртті өшіріп жүргенде өрт ішінен құйын шығып, біреуі
құйыннан қорқып қаша жөнелсе керек. Соған күлеміз деп, сілесі қатып күліп жатқанда ауылы, қоралары түгел күйіп кетіп, оған қапаланған олар жоқ, күлкіден сілесі қатып, күліп жатыр екен.
Тағы бір ісі: көшеміз деп арбаға, түйеге жүгін артып қойып, «енді бір насыбай атып алайық» деп отырғанда бір нәрсеге күліп, күлкі басталса, ол күні олар көше алмай, қонып қалады екен.
Екінші: жайлауға барып қонып, бір әйел жер ошаққа от жағып, тамақ істеп жүргенде күн желтең екен. Етегіне от тиіп, әйел секіріп жүрсе, күйеуі есіктен көріп:
— Шошуын құйғидың, — деп сілесілері қатып жатқанда, әйел күйіп өліпті. Өшіріп алуға күлкіден шамасы келмей, күйеуі көрінер көзге әйелінен айрылып қалған екен.