- 05 нау. 2021 00:00
- 216
Желтоқсан
Желтоқсан! Үскірік жел жұлқына, үдей соғады. Аспанның жүзі қабартып, зілмауыр қара бұлттар түнере төнеді. Сол қара бұлттардың көбесін сөгіп, Күн нұрына жол ашқысы келгендей жарқ-жұрқ еткен нажағай оттары тұтаса астасқан дүниені бейне тілгілеп бара жатқандай. Жарқылдаған жасын ештеңеден сескенер де, селт етер де емес. Бейне қаралық әлеміне қарсы бағытталған, атылған оқ тәрізді...
...Әттең, Ол көз алдымыздан ғайып болып та үлгерді. Ыбылжи жауған жаңбыр толастар емес. Жақсының көзі тірісінде қадір-қасиетін лайығынша бағалай алмайтын, ненің не екендігін әлі күнге жете бағамдай алмайтын халықпыз-ау. Енді түнерген табиғат кейпіне еніп, бәріміз де оның отты жүрегі мен қажымас қуат-күшіне мойынсұнып тұрмыз.
Қырандар ұзақ жасамайды екен. Әлде, көз тиеді ме оларға? Әлде, мерзімінен бұрын күншілдердің тұзағына іліне ме екен? Япырай, мына желтоқсан айында түйсіктінің көңіліне нешебір өкініш-мұң ұялайды екен. Қарасуық жел ақыра, һәм, «аһ» ұра азынап, тұлабойыңды түршіктіріп бара жатқандай. Бір түрлі толқымай тұра алмайсың. Рухың көтеріліп, өз-өзіңнен қанаттана түсесің. Өйткені, оның көзі жоқ болса да, мәңгілік жаныңнан табылып, қолтығыңнан демеп жүргендей. Оны көрмей-ақ еске алудың өзі жетіп жатыр. Асылы, өлмейтін, рухы жасай беретін де жаңдар бар-ау. Қалың бұқараны соңына ертіп, тура жолға бастаған оның құдірет тылсымына қалай бас имеске?!
Желтоқсан келсе жүрегім қарс айрылатыны, бас шайқап қатты қайғыратыным бар. Өткен жылғы табыт көтеріп келе жатқан сәтіміз еске түседі. Оның қап-қара, қайсар шаштары алақаныма қарай желмен сусып барады. Біз табыт емес, бүкіл жұрт болып хан көтеріп бара жатқандаймыз. Ал Ол болса, бір сәтке ғана мызғып кеткенге ұқсайды...
Желді күнді әуелден-ақ ұнатушы едім. Желігіп, айдарымнан жел есіп жүруші еді. Оның әруақты тұлғасынан өн бойыма нәр жиятынмын.
Енді Ол жоқ! Тек қана елес беріп қалады. Бірақ, көзге көрінбей, әулие-пірімдей алыста жүріп-ақ қорып, қорғап жүр.
Әруаққа сенбесең, күндердің күнінде опат боларың хақ. Ол халқына, халқы оған сеніп еді. Ер сенімді ақтады, елі де құрметін жасап жатыр.
Сонда да болса, желтоқсан айында аза бойым қаза болады да тұрады. «Болмасақ та ұқсап бағып», Тәуелсіздік туын тік ұстау жолында жалынды күреске бел буғым келеді де тұрады. Есіл ерлердің рухы өлмейді деген осы екен!
2.12.1992 жыл.