Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жергілікті жердегі жәндіктер мен жануарларды емдік мақсатта қолдану

Жергілікті жердегі жәндіктер мен жануарларды емдік мақсатта қолдану
Абзал Дильназ, Бауыржанұлы Нұралі, 2- сынп оқушылары
Жетекшісі: Тунгатова Райкүл Биебаевна
№264 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі. Қызылорда қаласы.

Кіріспе

Ғалымдар көне замандағы ескі әдістерді жаңғыртуды қолға алған. Оның ішінде, ұмыт болған жануарлармен емдеу әдісін қолданысқа енгізіп отыр.


Латын тілінен аударғанда animal – жануар, яғни, хайуанаттар, ал «анимал терапиясы» – хайуанаттардың және олардың бейнелерін пайдалану арқылы психофизиологиялық, психотерапевтік және бейімделу көмегін көрсететін терапия түрі.


Бұл терапияда хайуанаттардың суреттері, бейнелері ертегі кейіпкері ретінде, ойыншық түрінде, әрине, араласқанда қауіпсіздігі қамтамасыз етілген табиғи кейпінде де қолданылады. Жүргізілген түрлі тәжірибелер хайуанаттардың науқас адамдарға жағымды әсер еткенін дәлелдеп отыр. Үй хайуанаттарын асырайтын адамдардың да аз ауырып, ұзақ өмір сүретіні ғылыми тұрғыда анықталған. Сондай-ақ, ондай адамдардың жүйке жүйесі де үй жануары жоқ адамнан гөрі күштірек болады.


Мақсаты: Жергілікті жердегі жәндіктер мен жануарлардың емдік мақсаттағы тұтыну жолдарын зерттеу.
Негізгі идеясы:
- Жергілікті жер жәндіктері мен жануарларының маңызын зерттеу
- Оларды емдік мақсатта қолданудың тиімділігін зерттеу
- Тірі табиғат байлығын ысырапсыз қолдануға шақыру
- Зоотерапияның маңыздылығын насихаттау
Құндылығы - Көпшілікке мүмкін болатын,нәтижесі зерттелген
ем түрлерін ұсыну
Нәтижесі - Тірі табиғатты аялай отырып, мүмкіншілігін қолдану

Негізгі бөлім


2. 1 Анималды терапия немесе зоотерапия – дәстүрлі емес әдіс

Қазіргі таңда анималды терапия дамыған елдерде дәлелденген. Сондай-ақ, хайуанаттардың адамға әсерін бақылап, зерттейтін арнайы ғылыми-зерттеу институттары құрылған. Осыған сай халықаралық конференциялар мен семинарлар өткізіліп отырады. АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Франция елдерінде физикалық немесе психикалық проблемалары бар адамдарға көмек беру үшін анималды терапиямен айналысатын ұйымдар жұмыс істейді.
Хайуанаттармен емдеудің тарихы тым тереңде, адамзат дәуірі пайда болғаннан бері белгілі болған. Бұған әр құрлықтан табылған тасқа басылған суреттер дәлел бола алады. Ал суреттер «мәтіні» ХІХ ғасырдың соңында оқылды.
Ежелгі египеттіктердің папирусында емдеу мақсатында мысықтарды пайдалану әдістемесі жазылған.
Шамамен 3000 жыл бұрын ежелгі гректер жаралы жауынгерлердің әдеттегіден гөрі тезірек жазылуына көмектескен иттің емдік қасиетін анықтаған.


Ежелгі Үндіде дәрінің орнына құс әуенін тыңдауды «ұсынған».
Ғалымдар ұмыт қалған ежелгі рецепттерді жаңғыртты. Б.э.д. V ғасырда Гиппократ қоршаған ортаның адамға әсерін байқап: «Ат үстінде жүру – тек қана жаралы адамды ғана жазып қоймай, меланхоликтерге жаман ойлардан арылып, керісінше, көңілін сергітіп, жақсы ойлар ойлауға жәрдемдеседі», – депті.
Анималды терапияны 1792 жылы Ұлыбританияның Йорк қаласында жаны ауыратындарға арналған ауруханада ресми түрде қолданған. Мұнда жануарлар -емдеу процесінің бір бөлігі деп саналады.
Негізі жануарлармен емдеу терапиясы ХХ ғасырдың екінші жартысында кеңінен етек ала бастады. Бұл әдістің «пионері», америкалық балалар психиатры Борис Левинсон, ол 1962 жылы өз итін терапевтік сеанста пайдалана бастаған.
Қазіргі уақытта африкалық тайпалар пілдер және қолтырауындармен емдеуді қолданады екен. Ал Австралияның жергілікті халқы кенгуруды пайдалананып сеанс жүргізеді.

2. 2 Жергілікті жердегі жәндіктер мен жануарлардың емдік қасиеттері

Мәселен, ертеден қазіргі кезге дейін кейбір адамдар үйлерінде мысық немесе ит асырайды. Мұнда адамдар үй хайуанаттарының адамға әсері барын білсе де, оны арнайы үйретіп, белгілі бір мақсатқа пайдаланбайды.
Ал мақсатты түрде арнайы үйретілген, сондай-ақ, белгілі тренинг жаттығулар жасауға қабілетті хайуанат «емдеуші терапевтке» айналады.
Енді зоотерапия мен олардың арасындағы «емдеуші терапевтерге» жекелей тоқталайық…
Дельфин ойыны
Суда әдемі қылықтар көрсетіп, әлсін-әлсін су бетіне секіріп шығатын бұл хайуанаттың ойынын қызықтағанды кім ұнатпайды?
Оның түрлі ойынын қызықтаған адам психологиялық күйзелістен арылып, көтеріңкі көңіл күйге қол жеткізеді. Дельфинмен «тіл табысқан» адам шаршағанын ұмытып, ойлау қабілеті жақсарады, дағдарыс жағдайында тез әрі дұрыс шешім қабылдайтын болады.
Дельфинмен емдеу, әсіресе, апатты жағдайларды, мәселен, дауыл, жер сілкінісі, жол-көлік апатын бастан кешірген адамдарды психологиялық оңалту кезінде таптырмас терапия. Олардың пациенттері – кәсіпкерлер, шығармашылық кәсіп иелері, жүйке жүйесі ауыратын балалар.

Сүлікпен емдеу
Тері бетіне жабысып алып, қан соратын бұл жәндікті көргенде денең түршігеді.
Алайда, пайдасы зор сүлік салу ғылымда «гирудотерапия» деп аталады.
Латын тілінен аударғанда «gerudis» сөзі сүлік дегенді білдіреді. Гирудотерапия кардиологияда, офтальмологияда, дерматологияда, хирургияда, гинекологияда, урологияда, неврологияда тамаша нәтижелер береді екен. Сүлікті қажет деген жерге арнайы маман ғана салады. Сүлік салу күретамыр және қан тамыр ауруларына, тері ауруларына, өкпе, бас сақинасына, басқа да ауруларға тиімді ем болып жүр. Соңғы кезде адамдар сүліктің көмегімен целлюлитті емдеп, арықтап, тіпті жасарады.
Бұл жәндіктің емдік қасиетінің сыры оның биологиялық белсенді заттарға бай, түрлі ферменттерден тұратын сілекейінде екен.

Араның уы
Жазда жәндік шаққаннан бәріміздің де мазамыз кетеді. Алайда, араның шаққандағы уы – ем.
Мұны ғылым тілінде «апитерапия» деп атайды. Латын тілінен аударғанда «apis» – «ара» деген екен. Ара – емдік фаунада көшбасшылардың бірі. Ол – уымен емдейтін жәндік. Ара уының таңғажайыбы – физиологиялық процестердің мықты катализатор болуы. Бір тамшы уының құрамында ақуыз, тиісті 20 амин қышқылының 18-і, бейорганикалық қышқылдар, Менделев кестесінің түгелге жуығы және көптеген дәрумендер бар. Ал оның қаншама шақырым жерді жүріп өтіп, сан алуан гүлдерден теретін балы көп ауруға шипа екені белгілі.

Мысық-емші
Мысықпен емдеу тәсілі «фелинотерапия» деп аталады.
Мысық жалғыздығыңды білдірмейді, шаршағаныңды басады, қан қысымын қалыпқа түсіреді. Оның биоөрісі жүрек жұмысын қалыпқа келтіреді, тамыр және бас ауруларын жазады, жараның жазылуын тездетеді.
Мысық – қожайынының ауырып тұрған жерін дөп басып білетін тамаша энергиялық-ақпараттық құрал. Адам ағзасындағы ауыратын дене бөлігінде энергиялық әлеует өзгереді, ал бұл өзгерісті мысық қатты сезеді.
Ұзақ уақыт бойы мысық жанында болып, мамық майда жүнінен сипап қойып, оның мияулағанын есту – иммундық жүйеңізді күшейтеді. Сондай-ақ, денсаулығыңыз жақсарып, ұзақ өмір сүруге де ықпал етеді.
Мысықтың мияулаған даусы – 20-дан 50 герцке дейінгі белгілі дыбыс толқындары. Оның осы мияуы организмнің қорғаныш күшін арттырады, жараның жазылуын тездетеді. Мұндай жиіліктегі дыбыс толқындарының әсері нәтижесінде сүйек тығыздығы артып, қол-аяқтың морт сынуы азаятын көрінеді.

Ит-дос
Латын тіліндегі «kanister» сөзі – ит дегенді білдіреді.
«Канистерапия» – итті пайдалану арқылы емдейтін терапия түрі. Итпен серуендеу – күнделікті өмірде қозғалысы аз адамдарға және гиподинамияға қарсы тамаша ем. Сондай-ақ, жүрек-қан тамыр ауруларының мүмкіндігін азайтады. Ит адамның жалғыздығын ұмытуға көмектеседі, қожайынының өзін өзі бағалауын жоғарылатады, мінез ашықтығын күшейтеді.
Ал оның тілімен жалағанының өзі ем. Өйткені, сілекейінде (мысықтағы секілді) ауру тудыратын микроорганизмдерді жоятын лизоцим ферменті бар.

Иппотерапия

Салт атпен жүру (иппотерапия) – ең керемет тиімді емдік дене шынықтыру.
Иппотерапия тірек-қимыл аппаратының бұзуылында, атеросклероз, бас сүйек жарақатында, полимиелитте, асқазан-ішек ауруларында, простатитте, ақыл-ой жетіспеушілігінде ұсынылады.
Ат үстінде жүру эмоциялық жағынан да жағымды әсер етеді, көңіл-күйді көтереді.

Иппотерапияның дамуына ат спортшысы дат қызы Лиз Хартелдің мына оқиғасы серпін берді. Полимиелитпен ауырған ол біртіндеп сал ауруына ұшырай бастады. Л.Хартел спорттағы мансапты енді мүлдем ұмытатын шығармын деп ойлады. Бірақ, бірде мүгедек арбасында отырған Лизді ипподромға әкелген кезде, ол қайтадан аттың үстіне отырып, аздап онымен серуендеуге талпыныс жасады. Мұнысы сәтті шықты. Бір аптадан соң ол атқорадан қайта көрінді, содан соң қайта, қайта… осы жерден табылды. Осылайша 9 жыл өтті. Нәтижесі болды. Дәрігерлердің оптимистік болжамдары былай болды: жүре алады, бірақ, екі таяқтың күшімен. Ат спортшысы Лиз Хартел 1952 жылы Хельсинкидегі Олимпиялық ойындарда салт жүруден күміс медальға ие болды.


Жігері мықты дат қызы журналистер мен дәрігерлердің көзіне түсті. Ол көптеген арбаға таңылған жандарға үлгі болды. Осыдан соң Еуропада, АҚШ-та иппотерапия орталықтары құрыла бастады.


1950 жылдардың соңында мұны психикалық және неврологиялық ауруларға қолдана бастады. Қазір 52 елде иппотерапия орталықтары бар.


Ал біздің елімізде салт атқа мінгізіп, ем жүргізу 90-жылдардың басында пайда болды. Бұл Қазақстандағы адамдарды емдеу мен оңалту үшін көмекші құрал – зоотерапияны дамытуға үлес қосады.

2. 3 Құранда кездесетін емші жануарлар мен жәндіктер

Киелі жануарлар
Қазақта киелі жануарлар ұғымы көбіне діни ұғымдармен байланысты қалыптасқан.
Қасиетті Құран кітабында да жануарлардың киелілігі мен емдік қасиеті жөнінде көп айтылған. Оның ішінде, жануарларды мініп, олардың сүтін, жүнін, терісін пайдалансын деп бергендігі жазылады. Одан басқа ара балының емге дәру екені айтылады.
Ал құмырсқа, өрмекші, дәуіт, тасбақа, қарлығаш, үкі, бүркіт, ұлар, киік (ақбөкен), аққу, дегелек, тырна, арқар, құндыз, төрт түлік мал – киелі жануарлар деп саналған. Өрмекші үңгір аузына демде тор құрып тастап, Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбарды жаудан құтқарса, дәуіт құс ұясындағы балапанды жыланнан құтқарды. Ал қарлығаш – адамның досы, аққу – пәктіктің нышаны. «Иттің иесі болса, қасқырдың тәңірі бар» деген мақал да тегін айтылмаған. Киесі ұрады, кесірге жолығасың деп, киелі жануарларды атуға, аулауға рұқсат етілмеген. Мәселен, аққуды атпа, құндызды аулама, құмырсқаның илеуін бұзба, т.б. Төрт түлік малды теппейді, ұрмайды, киесі тиеді деп санайды. Тіпті, малды сатқанда, не тарту еткенде, жылқының ноқтасын, жүгенін, сиырдың бас жібін, түйенің бұйдасын, бүркіттің томағасын, иттің қарғыбауын бермейді, яғни, кие басқа адамға ауып кетеді деп қорқады. Бұл үйде кие қалсын дегенді білдірсе керек.

Қорытынды
Зерттеу ойымды зерделей отырып, мына кең байтақ жерімізде басқа елдердей Чехия, Словакия, АҚШ сияқты қырғауыл, кекілік, құр, үйрек-қаз, дала дуадағын қолдан өсірмеске. Қарап тұрсаң табиғат қойнауындағы тіршілік атаулының бәрі де адам игілігі үшін қызмет атқарады екен. Сондықтан да біз бойында тіршілік қуаты бар жан-жануар, өсімдік, жәндік атаулыға қырағы көзбен қарайық.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Балалар энциклопедиясы. Ол кім, бұл не? І том.-Алматы, 1995 ж.
2. Бал және оның пайдасы. Пайдалы кеңестер журналы. 2007 ж. №11. 5-бет.
3. Қазақ совет энциклопедиясы. І том. –Алматы. 2008 ж. 115 бет
4. Замана журналы. 2001 жыл. №3. 4-бет.
5. Шаңырақ. Қысқаша энциклопедия. -Алматы. 1989 жыл. 215-бет.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама