Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жілікті қақ бөлген жігіт?

Қажекеңнің үрім-бұтағын айтпастан бұрын, жұбайлары жөнінде аздап әңгімелесек. 1909 жылы Қажекең Надежда Чепковскаяға үйленеді, 1925 жылы Тыныбайдың қызы Ырыстыға, 1938 жылы Мүнәйімға, 1946 жылы Айшагүлге... Менің жақсы білетінім — «Сибкрай» өңіріндегі жұбайлары, жұрағаттары. Бірінші некелесі Н.Чепковская — 16 жасында аттың құлағында ойнаған цирк әртісі.

— Омбыға келгеннен соң ұзамай мені мешітке апарып, Хасен деген молдаға некемізді қидырды. Сол күннен бастап мен Қажымұқанның зайыбы Бәтима атандым. Осының өзін әлі күнге менің басыма Қажымұқаннан қонған зор қасиет деп санаймын, — дейді Надежда.

Осы Бәтима апайдан 1910 жылы Халиолла туады. Әке-шешесі Халиолланы 16 жасқа толар-толмаста Шәпен есімді қызбен отауластырып, бөлек шаңырақ қылады. Біз сол елде тұрған жылдары Халиолла іргелі отбасы-тын, «Жаңа жол» колхозының төрағасы еді. Халиолланың жеті баласы болды. Ең үлкені — Шабдан 1927 жылы туған. Менімен құрдас, Екіағаш орта мектебінде бірге оқыдық. Ұзын бойлы, палуан атасына тартқан. Халиолладан тарағандар — Фарида, Рәзия, Жанайдар, Елтай, Құлымбет, біреуінің атын ұмыттым.

Ел айтып жүргендей, екі немересінің атын Қажекеңнің өзі азан шақыртып қойған. Сол уақыттарда Қазақстанды Елтай Ерназаров, Ұзақбай Құлымбетов деген кісілер басқарыпты. Ырымдап, бірінің есімін — Елтай, екіншісін Құлымбет қояды. Құдайға шүкір, Қажекең Бәтимадан туған жалғыз Халиолладан жеті немере сүйді. Олардан тараған шөберелерін санамай-ақ қояйық.

Омбы өңірінде «жілік сындыру» деген дәстүр бар. Жылқының тоқпан жілігін қақ бөлу қажет. Елге бір барғанда жііттер тамақтан кейін қолдарына орамал орап, сол дәстүрге кірісті. Көбісінің шамасы келер емес. Бір кезде шымыр денелі жігіт сарт еткізіп, қақ бөлді. Отырғандар:

— Әй, бұ қайсысы? — десіп жатыр.

— Халиолланың баласы, пәленше (атын ұмытыппын), — дегенде, ақсақалдар:

— Халиолласы не, марқұм Мұқаңның әруағы ғой оған күш беріп тұрған. Айналайын, өркенің өссін! — деп баталарын берді.

Бәтима апай ақ жарқын, байсалды жан еді. Кездескен кісімен шүйіркелесе кететін. Ислам дініне кіріп, Бәтима аталуының өзі жай адам еместігін аңғартады. Әрине, бұған себепкер Қажекең екені белгілі. Бәтима апай қазақша жақсы сөйлейтін. Қажымұқан 1925 жылы Ырыстыға үйленді, үлкен шешей өкпеледі, бірақ алысқа кетпеді. Өздері балалар үйінен асырап алған баласы Ғабдолланың қолына барып, Халиолланың қызы, өзінің немересі Рәзияны бауырына басып алды. Оқытып, тәрбиелеп, Хамза Сәрсенов деген қазақ жігітіне қо- сып, солардың қолында 1966 жылы дүние салды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама