- 11 нау. 2020 00:00
- 199
Жыныстық сауат пәнін мектеп бағдарламасына енгізу қауіпті аурулардың алдын алады — волонтер
Жыныстық сауат тақырыбын неғұрлым ертерек қозғасақ - некесіз жүкті болып қалудың, жыныстық жолмен қауіпті ауру жұқтырудың алдын аламыз. Бұл туралы елордада өткен дөңгелек үстелде Y-PEER еріктілер желісінің жаттықтырушысы Кәмила Тұяқбаева айтты.
«Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 16 жастан бастап жұмыс істеуге және неке қидыруға болады. Ал неге осы жастан бастап ата-ананың рұқсатынсыз дәрігерге қаралу мүмкіндігі жоқ?», - дейді Y-PEER еріктілер желісінің жаттықтырушысы Кәмила Тұяқбаева.
Оның айтуынша, жыныстық сауатқа қатысты пәнді мектеп бағдарламасына енгізу адамның жауапкершілікті сезіне білуіне ықпал етеді.
«Бұл пәнде тек жыныстық қатынас туралы ғана айтылмайды. Оның не екені, сақтанбаған жағдайда жүктілік болатындығы, оған қыз бала да, ұл бала да жауапты екені, өз денеңді құрметтеу, кім көрінгенді жолатпау туралы айтылады. Неге қыз балаға «Сен бір адамға ғана тұрмысқа шығып, бір адаммен ғана жыныстық қатынаста болу керексің« деп үйретіп, ұл балаға не үшін үйретпейміз? Жасанды түсік жасатқан қыз баланың ұятсыз екенін айтамыз, ал осы жерде соған себеп болған ер бала неге жауапкершілікке тартылмайды?
15-16 жастан бастап қыз бала мен ұл бала бір-біріне өзгеше қарап, гормондар ойнай бастайды. Осындай табиғат заңдылығын тоқтату оңай емес. Бұл тақырыпта неғұрлым ертерек қозғасақ, некесіз жүкті болып қалудың, жыныстық жолмен қауіпті ауру жұқтырудың алдын аламыз», - дейді ол.
Айта кетерлігі, дөңгелек үстелді ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» және «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының» ұйымдастырды.