Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 5 күн бұрын)
Жыныстық сауаттандыру

Жыныстық сауаттандыру – адамның жыныс мүшелері, жыныстық көбею (ұрықтандыру, бала біту, ұрықтың дамуы, босану), жыныстық қатынас, репродуктивті (ұрпақ жаңғырту) денсаулық, эмоционалдық қарым-қатынас, репродуктивті құқықтар мен жауапкершіліктер, жүктілікке қарсы құралдар және адамның жыныстық әрекетінің басқа да жақтарын қамтитын білім беру жүйесі.

Сонымен қатар, жыныстық сауаттандыруға отбасы құруды жоспарлау, құндылықтар, шешім қабылдау, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар және оларды алдын алу шаралары туралы ақпарат та жатқызылуы мүмкін. Жыныстық тәрбие алу жолдарының екі бағыты бар:

Формалды емес ақпаратты ата-анадан, достардан, әр түрлі діни ұйымдардан, бұқаралық ақпарат құралдарынан, журналдардан, мотивациялық жарияланымдардан алуға болады.

Формалды ақпаратты мектептер және денсаулық сақтау ұйымдары ұсынады. Кейбір мектептерде жыныстық сауаттандыру кішігірім курс немесе кеңейтілген биология курсы ретінде өткізіледі.

Жалпы, жыныстық сауаттандырудың қоғам үшін қандай пайдасы бар? Бұл методика жоспарланбаған жүктіліктің, жасанды түсік жасатудың, келісімсіз немесе күштеумен жыныстық қатынасқа түсудің, әртүрлі инфекциялардың таралуының алдын алуға бағытталған. Көптеген алдыңғы қатарлы дамыған елдерде жыныстық сауаттандыру мектеп бағдарламасына енгізілген, бірақ бұл жерде методиканың екі түрі қарастырылады: тек тартынумен шектелген және толық сауаттандыру. Тек тартынумен шектелген сауаттандыру некеге дейін жыныстық қатынастан бас тарту принципіне негізделген және ұрықтандыру, жүктілік санын бақылау, контрацепция тәрізді мәселелер талқыланбайтын метиодика болып табылады. Толық сауаттандыру бағдарламасы аталған мәселелерді түгел қамтиды. Ғалым ДиСензо осы екі бағдарламаны салыстыратын метаанализ жасаған болатын. Тартынумен шектелген сауаттандыру бағдарламаға қатысқан әйелдерде жүктілік пайда болу көрсеткішін төмендетпеген, керісінше, көтерген. Осындай 4 бағдарлама және бір мектеп бағдарламасы ер адамдарда жыныстық серіктестер санын 54%-ға, әйелдерде 46%-ға дейін көбейткен.

Әлем елдеріндегі жыныстық сауаттандыруға келетін болсақ, Еуропада Швеция елінде міндетті сауаттандыру 1955 жылы енгізілген болатын. 1970-80 жылдары Батыс Еуропаның көптеген елдері Швецияның үлгісіне ере бастады. Еуропадағы жыныстық сауаттандыруды бастаудың жас мөлшері Потугалияда 5 жастан бастап Испания, Италия, Кипрде 14 жасқа дейін өзгеріп отырады.

Азияның көптеген елдерінде және біздің елімізде жыныстық сауаттылық қолайсыз, жабық тақырыптардың бірі болып табылады. Бұл сұрақты ашық талқылауға деген құлшыныстың болмауы өте келеңсіз фактілерге әкеліп соғады. Соңғы он жылда жыл сайын орташа есеппен 15-19 жас аралығындағы әрбір отызыншы қыздың біреуінде жүктілік тіркелген, ал 1000 қыздың 5-іншісі 15-18 жасында жасанды түсік жасатқан. Жыныстық жолмен инфекциялардың таралуы және уақытында медициналық көмекке жүгінбеудің салдарынан ерлі-зайыптылардың 18%-ына балалы болу шешімін қабылдаған уақытқа дейін бедеулік диагнозы қойылады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын жаңа туған нәрестелерді қоқысқа тастау немесе басқа жерде қалдыру мәселесі өршіп тұрған болатын. Сол кезеңде халықтың көзқарасы қыз балалар мен ата-аналарды кінәлаудан аса алмады. Бұл жерде контрацептивтерді қолдану, ашық талқылау, жыныстық серіктесті таңдау, жоспарланбаған жүктіліктің алдын алу тәрізді маңызды мәселелердің беті жабулы қалды. Қазақстандық жасөспірімдердің 65%-ы жыныстық өмірін мектеп кезінен бастайды. Бірақ олар жеткілікті ақпарат ала аламаған соң, қарапайым тақырыптардан да хабары жоқ болып өседі. Бұл өз кезегінде «жыныстық надандыққа» әкеліп соғады, өкінішті нәтижелердің орын алуы да осыдан.

Қоғамды құрушы ең басты институттардың бірі отбасы болғандықтан, осы мәселеге барынша жауапкершілікпен қарау керек. Келеңсіз оқиғалардың және өскелең ұрпақтың қиындыққа душар болуын алдын алу үшін тек ғылыми сауаттандыру емес, басқа аспектілер бойынша сауаттандыру да жеткілікті дәрежеде орындалғаны жөн. Ұлтты тәрбиелеуді үйдің ішінен бастаған дұрыс болады-ау, шамасы.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама