- 09 сәу. 2020 00:00
- 362
Қалтадан түскен ауыр жүк
Қаржыны қасықтап жинап жүріп, шөміштеп төгетін кейбір қандастарымыздың бүгінгі күйі адам алаңдатарлық болып отыр. Ежелгі қарызды қойып, ендігіде біреуден сұрап алған ақшасын «кредит» дейтінді шығарыпты. «Пайызы аз, берілетін мерзімі ұзақ» деген сылтаулар айтқанда, сол кредитті тегін алғандай болады. Дегенмен, кредиттің өзін де ақшаға сатып алатынымыз айдан анық.
«Ақша өмірдің маңызы емес, бірақ барлық маңыздылар соған тәуелді» деген нақыл сөз қалай дөп тауып айтылған. Бүгінде қаржының күшімен шешілмейтін мәселе кемде-кем. Жоқ, ақшасы бардың бәрі бақытты деп, ақшасы аздың алқымынан алайын деген ой емес. Керісінше, той-томалаққа талай сомманы құйғанша, ысыраптан аулақ болып, тиімді жолдармен неге өзімізді байытпасқа?
1991 жылы Алматыда «Аль-Барака Қазақстан» коммерциялық банкі ашылып, кейіннен «Банк Каспийский» оның мұрагері болды. Аталмыш банк 2017 жылы қазіргі уақытта таптырмас тенденцияға айналған «Kaspi Gold» дебеттік картасын барлық жеке тұлғаларға ұсынған болатын. Осы жылдан бастап адамдардың арқасынан да, әмиян-қалтасынан да ауыр жүк түсті. Бар қаражатын қалақтай қатты картаға салу Қазақстан азаматтары үшін ыңғайлы болды.
Шынымен де, бұл картаның кемшілігінен гөрі артықшылығы басымдау екеніне бүгінгі күні көзіміз анық жетті. Біріншіден, картадан ақшаны кез-келген банкоматтан кез-келген уақытта 0%-дық комиссиямен шешіп ала аласыз. Тиынын санап, түйе сойып, ешкі сойғаннан дәмететін адамдар үшін бұл таптырмас мүмкіндік! Бос болған бес тиынын санап әбігерге түсетіндерге Kaspi Gold Құдайдан келген кәдімгі сый дерсің.
Картаның сізден ештеңе дәметпейтіні былай тұрсын, аядай алақаныңызға ақыңызды да санап, салып береді. «Дауыл – құйыннан, ақша – тиыннан» дейді дана қазақ бұл жайлы. Жасаған төлеміңіз бен салған қаражатыңыз 1% кэшбэкпен өзіңізге сый болып қайта оралады. Қайтып келген қыз жаман, бірақ қайтып келген ақша кім-кімді болсын қуантатыны рас.
Сонымен қатар, қолма-қол төлем жасағаннан қарағанда, картамен жасалған төлемдер сізге белгілі бір сомманы үнемдеуге көмектеседі. Студенттер ақшасын қажетсіз жұмсап қоймауы үшін де пластик картаны қолданатын көрінеді. Коко Шанель: «Мен адамдарды ақшаны ұстауларына қарап бағалаймын» деген болатын. Егер сіз ақшаны оңды-солды жаратудың шебері болсаңыз, Kaspi Gold арнайы сіз үшін жасалған деуге де болады.
Әйгілі чех педагогы Ян Амос Коменский: «Қызметтің пайдалы болуы уақытты ұтымды қолданудан»,-деп уақыттың маңыздылығына аса назар аудартқан болатын. Уақыт – емші, уақыт – алтын, уақыт – сарапшы. Әсіресе, адамдардың қолы босамайтын 21 ғасырда уақыттың құны алтыннан да қымбат болып тұр. Міне, Kaspi Gold бұл талапқа да әбден сай келеді. Карта алу үшін сағаттап сарыла күтудің қажеті жоқ: келдіңіз, құжатыңызды көрсеттіңіз, камераға күліп қарадыңыз – картаңыз дайын. Қаражаттың құлыпын қолыңызға қысып, қалтаңыздағы қаржыны картаға аударып кете барасыз. Ғажап емес пе?
Жаңа ғасырда жаңа технологияларды қолданып, өз өмірімізді барынша жеңілдету – өте дұрыс әрекет. Дегенмен, ақшаның соңына түсіп, үнемдеудің шегінен асып кетпеген жөн. «Телміріп алған теңгеден тер төгіп тапқан теңге жұғымды»,-деп бекер айтпаса керек.