Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жоғары білім саласындағы қызметтер көлемі бір жылда 10 пайызға артты

2019-2020 оқу жылының басында Қазақстанда 125 жоғары оқу орны жұмыс істеді. Бір жыл ішінде жоғары білім саласында көрсетілген қызметтердің көлемі 10 пайызға өсті.

Аталған білім ордаларының 84-і немесе 67,2 пайызы - жеке меншік жоғары оқу орындары (ЖОО). ЖОО-лардың басым бөлігі еліміздің басты үш ірі қаласы - Алматы (41 ЖОО), Нұр-Сұлтан (15) және Шымкентте (10) шоғырланған.

Ал студенттердің жалпы саны - 604,3 мың. Бұл бұған дейінгі оқу жылындағы студенттер санынан (542,5 мың) 11,4 пайызға көп.

Жалпы, студенттер санының 79,6 пайызы - күндізгі бөлімде, 14,9 пайызы - сырттай және 5,5 пайызы - кешкі бөлімде білім алады. Бұл ретте барлық студенттердің 39,9 пайызы мемлекеттік жоғары оқу орындарында оқиды.

Мемлекеттік білім гранты есебінен оқитын студенттердің саны - 180,1 мың (29,8 пайыз), ақылы негізде оқитындар - 424,3 мың (70,2).

Осы оқу жылының басында республика ЖОО-ларында студенттерге білім беретін оқытушылардың саны 38,5 мың адамға жетті. Оның ішінде 3,3 мың (8,5 пайыз) адам - ғылым докторы, 12,7 мың (33,1) - ғылым кандидаты, 2,5 мың (6,4) - профессор, 5,9 (15,3) мың оқытушының - доцент дәрежесі бар. Философия докторы ғылыми дәрежесі бар оқытушылар - 2,6 мың (6,8 пайыз), бейін бойынша докторлар - 235 (0,6), магистр академиялық дәрежесі бар оқытушылар - 13 мың (33,9).

2019 жылдың қаңтар-қыркүйегінде жоғары білім саласындағы қызметтердің көлемі 229,5 млрд теңгені құрап, бір жыл ішінде 10,8 пайызға өсті. 2018 жылдың дәл осындай кезеңіндегі сома 207,1 млрд теңге болған еді.

Өңірлік шекте жоғары оқу орындары көрсеткен қызметтердің ең көлемі Алматы қаласында тіркеліп, 84,8 млрд теңгені құрады. Бұл ел бойынша жалпы соманың 37 пайызына тең. Үздік үштік қатарында Нұр-Сұлтан қаласы (57 млрд теңге) мен Қарағанды облысы (14,7 млрд теңге) бар. Сонымен қатар ТОП-5 өңірге Шымкент қаласы (12,8 млрд теңге) мен Ақтөбе облысы (9,6 млрд теңге) кіреді. Аталған бес өңірдің жоғары білім саласында көрсеткен қызметтерінің жалпы көлемі 178,9 млрд теңгені құрайды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама