- 17 қаң. 2020 00:00
- 210
Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ерекше мәртебе берілді
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне ерекше мәртебе берілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше мәртебеге ие болды.
«Университет 1992 жылы Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанның ежелгі қаласы Түркістанда құрылды және бүгінде Қазақстандағы жалғыз халықаралық университет. Оқу ордасы халықаралық корпоративтік басқарудың бірегей жүйесіне - Үкіметаралық өкілетті кеңеске, Сенатқа және Басқарушы кеңеске ие.
Білім беру қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі» делінген хабарламада.
Бүгінгі күні әлемнің бір де бір мегаполисі бірегей мазмұнмен толтырылған және сұранысқа сай кәсіби мамандар даярлауды дамытудың бағыттарын анықтайтын ғылыми және білім беру мекемесі болмаса, экономикалық орталық бола алмайды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге, яғни, білім сапасын арттыруға, оның халықаралық стандарттарға сай болуына, ғылым мен білімнің интеграциясына баса назар аударып отыр. Бұл, әсіресе, түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы болу және Түркістан облысының білім-ғылым хабы ретінде даму міндеттері тұрған Түркістан қаласы үшін өте маңызды.
«Университеттің ерекше мәртебесі оған үлкен академиялық және басқарушылық дербестік бере отырып, Ph.D. философия докторы мен сала бойынша доктор дәрежесін тағайындауға, білім бағдарламаларының мазмұнын анықтауға және жеке үлгідегі дипломдарды беруге мүмкіндік жасайды. Білім грантының құны да артады. Бұл профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысын арттыруға және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жаңартуға мүмкіндік береді» деп мәлім етті министрліктен.
Бұл шаралардың барлығы университетке ғылыми және педагогикалық кадрларды тартуға, осы аймақтың дамуына серпін беріп, оның алдына қойылған мақсаттарға жетуге ықпал ететін болады.