Photo: Ayazhan (https://www.pexels.com/@ayazhan-3173683) / Pexels
- 18 сәу. 2026 16:00
- 33
"Жұлдыз ханым, ойланыңыз!" – белсенді педагогтің білім министріне үндеуі
Білім министрі Жұлдыз Сүлейменованың мұғалімдер аттестациясына қатысты енгізбекші болған жаңа ережелері қоғамда қызу талқыланып жатыр. Осыған орай, белсенді педагог Айман Сағидулла министрге ашық хат жолдап, жаңа жүйенің кемшін тұстарын сынға алды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Педагогтің ашулы үндеуі
Айман Сағидулла әлеуметтік желідегі парақшасында министрдің әрекетіне наразылық білдірді. Оның айтуынша, министрлік педагогтермен бірге жұмыс істегендей болып, негізгі шешімдерді өздері қабылдап, мұғалімдерді елемеген.
«Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова ханым! Егер бәрін өздеріңіз шешіп тастайтын болсаңыздар, бізді неге тегіннен тегін жұмыс тобында 4 ай ұстадыңыздар? Тесті де алып тастадыңыз. Белсенді мұғалімдермен ойын ойнадыңыздар ғой кәдімгідей. Неге біз мына өзгерістерді білмейміз, жұмыс тобында отырып?» – деп жазды педагог.
«Шоу сабақ» пен балалардың уақыты
Сағидулланың сөзінше, мұғалімдер аттестаттаудан өту үшін 14-15 ашық сабақ көрсетуге мәжбүр. Бұл жағдай балалардың оқуына кедергі келтіреді.
«Біз ашық сабақтың көкесін өтіп бере аламыз. Бірақ 14-15 ашық сабақ өтіп, ляляля деп жүргенімізде балаларымыз не оқиды? Шоу сабақты көрсетіп, өзімізге абырой жинап, аттестациядан өтіп жүргенімізде балалардың бар уақыты біз үшін жұмсалатынын білесіздер ме?» – деп ағынан жарылды ол.
«Шындықтың қанын жалаған дұрыс еді»
Педагог министрліктің әрекетін «өтірік» деп атап, шындықты айтуға шақырды. Ол жұмыс тобынан шығып кеткеніне қуанышты екенін, әйтпесе оқушылардың көз жасына қалар едім деп ойлайтынын жеткізді.
«Бір өтіріктен құтыла алмай жүргенде екінші өтірік. Жұмыс тобынан шығып кеткенім жақсы болды. Әйтпесе оқушылардың көз жасына қалар едім. Аятжан Ахметжанұлының бір әңгімесі бар еді: "Ашық сабақ – театрланған қойылым", – деген. БЖБ мен ТЖБ да өтірік. Білім сапасы да өтірік. Ашық сабақ та өтірік», – деді Сағидулла.
Тестке оралу ұсынысы
Айман Сағидулла портфолио мен шоу сабақтарды алып тастап, орнына тест жүйесін қалдыруды ұсынды. Оның пікірінше, мектеп бағдарламасынан келетін тестті білімі бар мұғалімнің бәрі тапсыра алады.
«Портфолионы алып тастап, тесті қалдыру керек еді. Мектеп бағдарламасынан келетін тесті білімі бар мұғалімнің бәрі тапсыра алады. 50 сұрақтан қашатын мұғалімге 140 сұрақты табатын оқушы дайындауды тапсыру ұяттау енді. Жұлдыз ханым! Әлі де ойланыңыз. Аттестацияда тесті қалдырып, басқа бүкіл құжаттарды алып тастаңыз. Портфолио да шоу сабақ та керек емес. Тест арқылы ЖОО-ға арналған бүкіл грант таратылады. Ал, біз сол тестке оқушы дайындайтын мұғалімбіз», – деп жазды ол.