sn.kz
- 23 ақп. 2026 13:30
- 23
Журналист Асхат Садырбайға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Белгілі журналист Асхат Садырбайдың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Politico.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс журналистің бұрынғы жұбайы Айғаным Болатқызының арызы негізінде тіркелген. Астана қалалық Полиция департаменті бұл деректі растап, тергеу жұмыстарын Есіл аудандық полиция басқармасының жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1992 жылы туған Айғаным Болатқызы 1986 жылы туған Асхат Мұратович Садырбаевқа қатысты шара қолдану туралы өтінішпен полицияға жүгінген.
Іс Қылмыстық кодекстің 110-бабы бойынша тергелуде
«Аталған дерек бойынша 2025 жылдың 9 қазанында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», – делінген полицияның ресми жауабында.
Айғаным Болатқызы бұған дейін бұрынғы күйеуінің өзіне зорлық-зомбылық көрсеткенін, азаптап, соққыға жыққанын айтып, құқық қорғау органдарынан және қоғамнан көмек сұраған болатын. Асхат Садырбай болса, бұл айыптауларды жоққа шығарып, жала екенін айтып келген. Бұған дейін журналист экс-жұбайын сотқа беріп, жеңіске жеткені де хабарланған еді. Алайда, Айғаным Болатқызы кейін алған жарақаттарын көрсетіп, қайта арыз түсірген.
Қазіргі таңда іс бойынша сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жалғасуда. ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді.