- 02 мам. 2022 00:00
- 288
Журналистиканың қоғамдағы рөлі
Белгілі қаламгер, жазушы Шерхан Мұртаза: “арқалағаны-алтын, жегені-жантақ” – деп, халықтың тіршілігінен, әлеуметтік әл-ауқатынан, руханияты мен қоғам тынысынан хабар тарататын қалам иелері яки журналистер жайлы дөп басып айтқан. Иә, қызығы мен шыжығы мол бұл саланың өкілдері – бүгінде халық пен билік арасындағы алтын көпір. Сондай-ақ, төртінші билік иелері – қарымды қалам тербеп, қоғамдық пікір тудыратын, жаңалықтың жаршысы болатын ақиқат шырақшылары.
Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамыған заманында өкінішке қарай, журналистика саласына нұқсан тигізіп отырған жайттар аз емес. Ең әуелісі, екінің бірі блогер атанып, ғаламтор желісінде анық-қанығына көз жеткізбей, ақпаратты таратуға әуес. Нәтижесінде, журналистер қауымы қоғам арасында өз беделінен айырылып отырғандай іспетті. Сондықтан, әр нәрсенің өз орны бар емес пе?! Әр саланың да өз маманы болуы шарт.
Қазіргі қоғам әмбебап журналистерді қалайды. Яғни, журналист кез келген сәтте дәрігер, заңгер, саясаткер, мұғалім бола алады. Алайда, бұл мамандық иелері журналист бола алмас.
Жалпы, “әмбебап журналист” ұғымын британ журналисті Дэвид Рэндалл “The Universal Journalist” атты еңбегінде қалыптастырды. Британдық журналист бұл ұғымға былайша анықтама береді: “Әмбебап журналист - бір саланың ғана маманы емес. Олар кез келген жағдайда репортаж жасауға даяр болуы керек, кез келген материалдың қалай жасалатынын білулері керек, ақпарат таратуды, бұқараның көңілін көтере білулері тиіс. Олар редакция жасай алады, макет жасайды, безендірудің түрлі қырларынан хабардар келеді, редакцияны басқара алады, жаңа технологияларды қабылдай алады, сонымен бірге жаңа газет ашып, оны сата біледі”. Яғни, ол журналистің әмбебаптығы деп кәсібилігі мен қабілетін айтып отыр. Алайда, елімізде әмбебаптыққа өту сәл қиындық туғызады. Себебі көпшілік әр түрлі тақырыпты қозғап, сапаға емес, санға мән беріп отырады. Осы тұрғыдан салалық журналистиканың дамуын да айналып өту қиын.
Журналистиканың қоғамдағы орны мен негізгі міндеттерін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев XI Еуразиялық медиа-форумда атап өтті. “Медиа-саланың рөлін арттыру тек экономикада ғана емес, сонымен бірге саясатта, әлеуметтік өмірде, қоғамның рухани-адамгершілік жағдайының дамуының жоғары стандарттарын қалыптастырушы, мен «бұқаралық инновация құралдары» деп атап отырған жаңа БИҚ-тың пайда болуына алып келеді. Мен бұдан ұлтты және жаһандық масс-медианың XXI ғасырдағы басты миссиясын көремін”, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
“Егер ісім өнсін десең – ретін тап” – деп хакім Абай айтпақшы, нағыз журналист дейтін маман өз саласының қыры мен сырына қанығып, халқына қызмет жасай отыра, өз саласының шебері болары сөзсіз.
Индира Бержанова
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті