Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 апта бұрын)
"Шындық" - менің ұраным

"Мен тек шындықты айтатын журналист боламын" - журналистика факультетіне түсейін деп жүрген немесе түсуді армандап жүрген жандардың айтатыны. 

Бірінші күндері мұғалімдер "неге журналистиканы таңдадың? " дегенде, бәріміз бір ауыздан "халыққа шындықты жеткізу үшін" деп жауап беретінбіз. Қазір есіме түсірсем, жымиямын да қоямын. Шындығына келгенде, бәрі мүлде басқаша.

Барлық шындықты жариялау - мүмкін емес дүние. Бір материал мемлекеттік құпия болып шықса, екіншісі "цензура" деген нәрсеге келіп тіреледі. Тіпті ең тәуелсіз деген журналистер бәрін айтпайды, себебі шектен шығуға болмайды.

Журфакқа түсемін десеңіз , дайындалыңыз; бірінші күні ешкім қолыңызға камера мен микрофон ұстатып, репортаж түсіруге жібермейді , ешкім жаңалықтар жүргізуге шақырмайды. Теория, теория және тек қана теория. Теориясыз практика мүмкін емес. Жазу машығыңызды қалыптастыруға тырысыңыз. "Жаза алмайтын журналист ешкімге керек емес" , - дейді біздің куратор. Кітап оқыңыз, көп оқыңыз. Мағыналы, құлаққа жағымды фразеологизмдер естісеңіз, жазып алыңыз. Рас айтамын, жазып алыңыз, эссе мен шығарма жазғанда, таптырмас дүние.

Айналаңыздағы адамдардан "журналист - ол кім?" деп сұраңызшы, көбісі "жаңалық жүргізетін адам", "сұхбат алатын адам", "мәтінді камераға оқып беретін адам" және т.с.с. жауап береді. "Өй, камера алдында мәтінді оқып беруді де үйрете ме? " дегенді де естігенмін. Журналистердің мәртебесі қаншалықты төмен екенін көрдіңіз бе?

Өкінішке қарай, қазіргі кезде еш білімі жоқ, журналистік этика түгілі, БАҚ  туралы заңдағы журналистің құқықтары мен міндеттері жазылған 20-шы, 21-ші баптарды білмей, кеудесін қағып, өздерін "журналист" деп атап жүргендер аз емес. Өсек-аяңды теріп, содан "материал" жасап, "жаңалық" қылып шығарып жүргендер жеткілікті. Жалған ақпараттан ғана құралған жаңалық порталдары мен бағдарламалар да асып-тасып жатыр. Бір қызығы, осындай дүниелердің рейтингі бәрінен жоғары болады.

Осы қалыппен БАҚ-тың жағдайы не болмақ?

Біреу сапалы маман боламын деп 6 жыл аянбай тер төксе, біреу бір сәтте fake news-пен танымал болады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама