Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Кемелдің кекіліктері

Үйелмелі-сүйелмелі Қуаныш пен Кемел іңір түсе мал қораның есігін жауып жатқан. Кенет көрші үйдегі Жәмила апайдың:

— Тамара, менің ботақандарым көзіңе түспеді ме? — деген даусы естілді.

— Байқаған жоқпын. Ал менің бақаларым мал қоралап жүр, — деді мамалары.

— Мамам бізді бақа деді, — Кемел бұртия қалып, күңк ете түсті.

— Мейлі, оған неміз кетеді. Бақа дегенге бақа болып кетпейміз ғой, — Қуаныш ересектік танытып, інісіне басу айтты. — Көп әзілінің бірі шығар, жүр одан да кекілікті торды лапастың астына апарып қояйық.

Кезекті жұмыстарын атқарып болған соң олар есік алдындағы ұзын тақтайдан жасалған орындыққа келіп жайғасты.

— Мама, — деді Қуаныш батып бара жатқан күнге сығырая көз жіберіп, — кешікті ғой, жолда әкемнің мәшинесі бұзылып калмады ма екен?

— Кім біліпті, ондай жағдай болуы да мүмкін — деп жіпке жайылған кірлерін жинап жүрген Тамара. — Бірақ он бес жылдан бері мәшине мінген әкелеріңнің жолда қалғанын көрген де, естіген де емеспін. Келеді, алаңдамаңдар, — деді ол жұмысын ары қарай жалғастырып жатып.

Бұлардың мазасыздануының да өзіндік себебі бар болатын. Таяуда әкелері Сағатбек Шонжыдағы ескі танысынан Қуаныш пен Кемелге темір торға қамалған кекілік әкеп берген. Соны көрген аталары Мәкен:

— Бағар көбейсін, мырзалар, — деген күлімсіреп қойып. — Бұл қайсыңның жеке меншіктерің?

— Менікі, — деді Кемел мақтанышын жасыра алмай. Кенет Қуаныштың жүзіне жалт қарап, — екеуміздікі, — деген сөзді қосып қойды. Бірақ айтарын айтқанымен, біртүрлі ыңғайсызданып қалғаны сезіліп тұрды.

— Жарайды, қалай болғанда да сендердікі ғой әйтеуір. Түу, мыналарың қанаты қатаймаған балапандар ғой. Ым... — деп сәл ойланыңқырап, — бұларға кішкентай тор тарлық етеді. Аунап-қунауына жарайтын, ішінде құм, тастары бар үлкенірек жәшік жасаған жөн. Айтпақшы, Сағатбек ертең аудан орталығына баруы тиіс. Метірлеп сатылатын торды ала келуді соған тапсырайын. Кекіліктерің жетілгенше мекендейтін орнын өзім-ақ жасап берейін, бұған қалай қарайсыңдар?

Алақайлап орнынан атып тұрған Кемел Қуаныштың байсалды түрін байқап, лепіргенін қоя қойды. Дегенмен ішкі алабұртқан сезімін баса алмай күлімсіреген күйі;

— Онда қатып кетер еді, — деді алақанын ысқылап.

— Қашан айтасыз? — атасының жүзіне Қуаныш та көңілдене қарап қойды.

— Бүгін-ақ, — деді кәрия балалардың қас-қабағындағы өзгерістерді бірден-ақ байқап, — бұған шек келтіруге болмайды.

Мекен ақсақал осы төңіректегілерге танымал, әмбебап атанған ұста. Қолынан келмейтіні жоқ, жасы алпыстан асып кетсе де балғасы мен көрігін әлі тастамаған әрі ағаштан түйін түйетін айтулы шебер. Мінезі қарайым, әзілқой кісі. Аталарының жаңағы айтылған сөзіне балалар қалтқысыз сенді.

Шынында да, ертеңінде әкелері аудан орталығына жұмыспен барып қайтатынын айтты. Қуаныш пен Кемел бір-біріне үнсіз қарасып қойды. Дегенмен бұрынғыдай әр түрлі өтініштер жасаған жоқ. Күндегі әдеттері бойынша лапас астындағы кекілікті торды шуақ мол түсетіндей жерге апарып қойып, жем-суын жаңалады. Сонан соң бірі айыр, бірі қысқа сапты шағын күректі көтеріп, қора жаққа беттеді. Шамасы, еденді мал қиынан, шөп-шаламнан тазартқысы келген сияқты. Мұны байқаған Сағатбек балалардың ниетін үнсіз құптағандай күлімсіреген күйі аттанып кеткен.

Әкелері аудан орталығынан кештеу оралды. Бұлар соншама асыға күткен темір торды ала келіпті. Балалар армандары орындалғандай мәз болысып қалды. 

* * *

Кемел — жеңіл мінезделілеу көрінгенімен қайсарлығы басымдау, көзі жетпейінше айтқанға көне қоймайтын бала. Өткен жылғы Қуаныш пайдаланған әліппені жаз бойы қолынан тастамай, әріптердің қалай аталатынын сұрастырып жүріп, сауатын ашып алды.

Тіпті бірінші сыныптың босағасынан аттамай жатып-ақ алдымен ежіктеп, бірер айдан кейін газет-журналдарда басылған өлеңдер, әңгімелерді құрастырып оқи алатын деңгейге жетті. Әрине, оған ата-аналарынан гөрі ағасы Қуаныш көбірек көмектесті. Дегенмен ұғымталдығын, бір айтылғанды зердесіне тоқи білетін қабілеттілігін бөле қарауға болмас. Оның үстіне табандылығы, шамасына қарай ізденгіштігі ықпал еткені сөзсіз.

Ал Қуаныш көпсөзділікті ұнатпайтын. Қажетті болмаса, ауыз аша қоймайтын салмақты, сабырлы бала. Әр сөзін ойланып барып айтады, дау-дамайдан қашық жүреді. Бұл мінезіне қарап, оны жасық, қорқақ деп топшылауға болмайды. Оқта-текте басынғысы, мазақтағысы келетіндердің апшысын қуырып алатыны бар.

Үнемі дене шынықтырумен айналысып жүргендіктен болар — қолдары қуаттанып, бұлшық еттері қатая түскен. Кемел де ағасына ілесіп, турникке өрмелеп шығып, тартылуды, ептеп айналуды үйреніп алды. Таңертең ұйқыдан тұрған соң Қуаныш екеуі қосылып жаттығулар жасауды ұмытқан емес.

Бүгін де сол әдеттерінен жаңылған жоқ, жуынып-шайынып, тамақтарын ішкен соң, есік алдында ерсілі-қарсылы жүрді де қойды. Көздері атасының үйі жағында. Мәкен ақсақалдың төбесі көзге шалынса, тұра жүгіретін сыңайлары бар.

— Мүмкін атам ұстаханасында жүрген шығар, — деді Кемел дегбірсізденіп.

— Әлі ертерек, сәл сабыр ет, — Қуаныш әкесі мен шешесі жұмыстарына кетерінде қабырғаға сүйей салған темір торға бір қарап қойды. — Құлқын сәріде қылқылдамай, сағат тоғыздарда барғанымыз жөн, одан да уақыт қанша болғанын біліп келсеңші.

Ашық есіктен үй ішіне қарай зып берген Кемел лезде қайта шықты:

— Әлі бақандай он бес минут бар екен, жүре берсек қайтеді?

— Жоқ, шыда.

Олар мөлшерлі уақыт өтті-ау дегенде атасының үйіне қарай аяңдады.

Есік алдында атасы Мәкен мен әжесі Ханшайым күншуақтап отыр екен.

— Ассалаумағаләйкум! — десті балалар жамырай амандасып.

— Уағалайкумассалам, келіңдер, мырзалар, келіңдер! — деп қойды атасы мұртын ширата түсіп.

— Айналайындар, келіңдер, отырыңдар. — Әжесі балалардың бастарынан сипап, маңдайларынан сүйді. — Неғып ертелетіп жүрсіңдер?

— Бұларға уәде бергенмін. Содан шығар. «Ұрыста тұрыс жоқ», кетейік, — деді аталары үлкен ұлы Сағатбектің үйі жағына қарай бұрыла беріп.

Мәкен атай ұзындығы екі, ені бір метрдей етіп үлкен қораптың сұлбасын жасағаннан кейін биіктігін жерден сынық сүйем етіп, еденіне тақтай төседі. Оның бетін мұқияттап фанермен қаптады.

— Көлкіген көлшікті құс тұрмақ, мал да ұнатпайды. Мәселен, жаңбыр суы қораптың еденін шаймай, астынан ағып өткені дұрыс — деді ол өлшеніп-пішіліп жасалған қораптың айналасына тор тартып жатып, — зер салыңдар, мән беріп, үйренуге тырысыңдар. Мүмкін күндердің күнінде мұндай нәрсені өздеріңнің құрастыруларыңа тура келетін шығар.

Қораптың торы тартылып, есігі орнатылғанан кейін Қуаныш пен Кемелдің қолдаса тасып, үйіп қойған құмын белкүрекпен қосып алып, ішіне жайып тастады. Сонан соң жалпақ-жалпақ қайрақ тастарды қиюластыра қалап, астында шағын үңгірі бар кішкентай ғана төбешік жасады. Қалың төселген құмның әр жеріне балалар жинап әкелген бұтақты шыбықтарды шаншып қойды. Бұл көрініс екі балаға алып таудың титтей көшірмесі сияқты болып көрінді.

— Кекілік — тау-тасты мекендейтін құс. Қораптың іші де соған ұқсастау болғаны жөн, — деді аталары Кемел тауып әкелген жем салынып, су құйылатын шағын ыдыстарды еденге таяу қабырғаға бекітіп жатып.

— Тас қойғанымыз дұрыс шығар. Бірақ құмның не қажеті бар? — деп сұрады Қуаныш.

— Мезгілінде жуынып-шайынып тұрмаса, құс тұрмақ адамның да ауруға шалдығуы мүмкін. Жұмсақ топыраққа аунап, суға қанаттарын сабалап шомылған торғайларды көрген боларсыңдар, ал тауықтар ше? Бұлардың да тұқымы құс қой. — Атасы иегімен кекіліктер жақты меңзеп қойды. — Олай етпесе, бит қаптап кетеді де өліп қалады. Түсіндіңдер ме?

— Иә, ата! — Балалар жарыса тіл қатты.

Мәкен ақсақал бәрін реттеп болған соң жасалып, жерде дайын күйінде жатқан шағын шатырды көтеріп алды да, қораптың үстіне қондырды, төрт бұрыштан шеге қағып, қабырғаға бекітті.

Екі немересі қарап тұрмай шамалары жеткенше көмектескен болып жүрді.

— Міне, сөйтіп бұл шаруаны да аяқтадық. Бірақ сендерге мынадай талап қоямын, — деді Кемел мен Қуаныштың жүзіне тіктей қарап. — Айтқанымды орындамасаңдар, кекіліктеріңді қолдарыңа ұстатып, қорабымды үйіме алып кетемін.

— Ата, айтқаныңызды сөзсіз орындаймыз, — деді екеуі қабаттаса сөйлеп, шамасы әдемі қораптан айырылғылары келмейтін сыңайлы.

— Жарайды, онда алмай-ақ қояйын. Бірақ мынаны ұмытпаңдар, апта сайын қарақат, жиденің, жабайы сұлының, долананың жемісі бар дәнді бұтақтарын, жас жоңышқа сабақтарын, шалғын шөп әкеліп, басын жоғары қаратып, құстардың тұмсығы жететіндей ішкі жағынан байлап қойыңдар. Бұл олардың аштыққа ұрынбай өмір сүруіне, қажетті кезінде өз күндерін өздері көруіне жағдай жасайды. Жаңағы менің айтқанымды істегеннен кейін үнемі дайын дәнді бере бермей, күн аралатып жемдесеңдер де жетеді. Бірақ бақылауды ұмытпай, суын жиі-жиі ауыстырып тұруды естен шығармаңдар, — деді.

Аталары кішкентай тордағы қос кекілікті еппен шығарып алып, қораптың ішіне енгізіп, әкелген жеміс бұтақтарын қалай орналастыруды, шағын есігін қалай бекітуді, көрсетті, содан соң:

— Қорап ыңғайлы жерге қойылды, орнынан қозғамаңдар. Тек есігін мұқият жауып тұрыңдар. Байқаңдар, мен үнемі тексеріп тұратын боламын, — деді аталары, алақанымен үсті-басын қағып жатып.

— Рахмет, ата! — деді балалар бірінен соң бірі алғыстарын жаудырып.

Кешке жақын жұмыстарынан оралған әкесі мен шешесі қорапты көріп, таңданыстарын жасыра алмады.

— Аталары бар өнерін салған екен, — деді Сағатбек ысқырып жіберіп.

— Жақсы екенінде дау жоқ, бірақ көкем осыны жасаймын деп алтын уақытын босқа қор қылды-ау, — Тамара басын шайқап қойып үйге қарай аяңдады.

Дала төсі сарғайып, ағаш жапырақтары түсіп, күзгі ауаның салқындығы сезіле бастаған. Бір күні Сағатбек пен Мәкен қария Қуаныш пен Кемелге естірте өзара әңгімелесіп отырды.

— Қора жылы, жем-шөп жеткілікті. Малдың биыл күйлі шығары сөзсіз, — деп қойды Мәкен атай сәл ойланғандай сыңай танытып. — Мына Қуаныш пен Кемелдің кекіліктеріне қиын болатын түрі бар, — деді әкесі қабағын шытып қойып, — осыдан бір аптадай бұрын қораның есігі ашылып қалыпты, қос кекілік сыртта жүр екен. Қайырып әкеліп қамай салатын мал емес, құстың аты құс қой, мейлі жүре берсін, үркітпейін, шошытпайын деп өз жұмысыммен айналысып кеткем. Бірер сағаттан кейін оралсам, кекіліктер қораптың ішіне кіріп алыпты. Қолға әбден үйреніп кеткен, енді бұларды сыртқа жіберсек, ит-құстың жемтігіне айналуы мүмкін.

— Неге олай дейсің? Бұлар менің немерелерімнің арқасында тауда өсетін әр түрлі ағаштардың жемістеріне дәнігіп алды, тіпті тауық сияқты құм арасындағы дәндерді табандармен ашып жеу қажеттігін біледі. Қанаттары бабына келіп қатайды. Енді еркіндікке жіберген дұрыс, кекілігі көп жаққа апарсаң, тобына қосылып күн көріп кетеді.

— Жоқ, жібере алмаймыз! — деді үлкендер сөзін мұқият тыңдап отырған Кемел осы жолы шыдай алмай атасының шешіміне қарсылық білдіріп.

— Ата, әкем дұрыс айтады, босқа өліп қалса, әрине, жақсы емес. Одан да қолымызда қала бергені жөн шығар, — Қуаныш әкесінің пікірін қоштаған сыңай танытып күрсініп қойды, алайда дауыс ырғағынан мұның да кекіліктерден айырылғысы келмейтіні анық аңғарылып тұрды.

— Адам сияқты бұлар да жаратылыстың жанды мақұлықтары, өседі, өнеді, бостандықты қалайды. Қаншама қолға үйреніп кеткенімен, бойларында өздеріне тән түйсік барын ұмытпаған жөн, — деді Мәкен ақсақал қабағын сәл шытыңқырап қойып. — Бізде құс дәрігері жоқ. Адам да, мал да, үй құстары да ауырмай тұрмайды, кекіліктер тауда, ауасы таза өңірлерде өмір сүруге бейімделген. Аяқ астынан күндердің күнінде ауырып, өліп қалса, қайтесіңдер?! Обалдың обалы сонда болады. Құстардың амандығын тілесеңдер, обалын арқалағыларың келмесе, қар жаумай тұрып еркіндікке жібергендерің абзал. Олар сол өңірдің табиғатына бейімделіп, күн көру қабілетіне ие болып үлгеруі керек қой.

— Көке, осы пікіріңіз дұрыс қой деймін, қыс ұзақ қой, өлтіріп алсақ өкінеріміз рас. Қуаныш, Кемел, екеуің де жақсылап ойланыңдар, ақылдасыңдар, шешімдеріңді ертең айтарсыңдар, — деді әкесі орнынан тұрып жатып.

— Солай еткендерің жөн шығар, қабырғаларыңмен кеңесіңдер, — деді атасы да қозғала беріп.

Ауыр салмақ мойындарыңа түскенін іштей сезінген балалар үнсіз отырып қалысты.

Ертеңінде Қуаныш пен Кемелдің келісіміне орай әкелері кекіліктерді шағын торға ауыстырып салып ап, тұқымдастары көп жүретін Ақтас биігіне қарай аттанып кетті.

Балалардың мұндай шешімге келгеніне атасы, әжесі, тіпті анау-мынауға елең ете бермейтін анасы Тамара да риза болып қалысты.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама