Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Кеміргіштер

Кеміргіштер, кемірушілер — сүтқоректілер класының ең көп тараған отряды. Қазір олардың дүние жүзінде 32 тұқымдасқа жататын 2500-дей, ал Қазақстанда 15 тұқымдастың (ұшарлар, тиінтәрізділер, құндыздар, жайралар, саз құндыздары, қарақастар, жалмандар, тышқандар, жалғанқосаяқтар, қосаяқтар, алып көртышқандар, атжалмантәрізділер, бұзаубастар, құмтышқандар, қаптесерлер) 82 түрі кездеседі.

Кеміргіштер республиканың барлық аймақтарында кең тараған, тек таудағы мәңгі мұз басқан жерлерде ғана кездеспейді. Осыған орай кеміргіштерде маусымдық түлеу қабілеті жақсы жетілген. Дене пішіні, тіршілігі алуан түрлі — 5 см-ден (кішкене қаптесер) 130 см-ге (теңіз доңызы) дейін, ал салмағы 6 г-нан (ергежейлі тышқан) 80 кг-ға (су шошқасы) жетеді. Тері жамылғысы жақсы жетілген, көпшілігінде үлпілдек, кейбіреулерінде тікен тәрізді инелерге (жайра) айналған. Алдыңғы аяқтары 4 башпайлы, артқысы 3-5 башпайлы.

Басқа сүтқоректілерден ерекшелігі — екі жұп күрек тістері өте үлкен, қашау тәрізді, ұдайы өсіп, бір-бірімен (асты мен үсті) қайралып, өткірленіп отырады. Күрек тістерінің беткі қабаты қатты эмаль, ал қалған бөлімдері жұмсақтау дентин қабатымен қапталған. Көпшілігі жер үстінде, кейбіреулері жартылай суда (құндыз, ондатр, саз құндызы, су тышқаны), жер астында (алып көртышқан, соқыртышқан, т.б.) және ағаш діңінде (ұшар, тиін) тіршілік етеді. Өздері ін қазады, не басқа жануарлардың індерін пайдаланады, ұя да жасайды, кейде ағаш қуыстарын да баспана ретінде пайдалана береді. Көпшілігі жыл бойы белсенді, кейбір түрлері (сарышұнақтар) құрғақшылық жылдары жаз айларында да қысқа мерзімді ұйқыға, енді біреулері (суыр, сарышұнақ, қосаяқ, қарақас) қысқы ұйқыға кетеді. Өсімдіктектес азықпен қоректенеді, араларында жәндіктер және майда жануарларды қорек ететіндері де бар. Кейбір кеміргіштер қысқы азық қорын жинайды (борша тышқан, аламан, атжалман, қаракас, тиін, т.б.).

Кеміргіштердің биологиялық бір ерекшелігі — жыныстық жағынан тез жетілетіндігі (майдалары 2-3 айда, ірілері 1-2 жылда), яғни жылына 3-4 рет көбейіп, бір өсімде 3-15 жас кеміргіштер туады. Қолайлы жылдары кеміргіштер саны өте жылдам өссе (10-100 есе), кей жылдары әр түрлі індеттерден жаппай қырылатын кездері де байқалады. Майда кеміргіштер 1,5-2 жыл, ірілері (суырлар, құндыз) 4-7 жыл тіршілік етеді. Кеміргіштердің табиғатта және адам өмірінде алатын орны өте үлкен. Көптеген түрлері ін қазып топырақ құнарлылығын арттыруға және өсімдік жамылғысын өзгертуге қатысады; шаруашылық мәні зор: тиін, ондатр, суыр, құндыз, т.б. жұмсақ терісі үшін көп ауланады; егістікке, жеміс ағаштарына, жайылымға, орман  өсімдіктеріне, азық-түлік корына көп зиян келтіреді; құмтышқан, суыр, сарышұнақ, егеуқұйрықтар оба, туляремия, лейшманиоз, лептоспироз сияқты табиғи ошақты ауруларды айналаға таратады.

Қазақстаңда кеміргіштердің 10 түрі (көк суыр, үнді жайрасы, жалман, бесбармақты ергежейлі қосаяқ, Гептнер ергежейлі қосаяғы, үшбармақты ергежейлі қосаяқ, бозтүсті ергежейлі қосаяқ, алып көртышқан, Роборовский атжалманы, сары алақоржын) Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген.

Оқуға кеңес береміз:

Жалман

Сарышұнақтар

Егеуқұйрықпен қоректенетін өсімдік

Қызыл кітапқа енген жануарлар (омыртқалылар)


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама