Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Кешірімділік - көңіл кеңдігі
Сабақтың мақсаты: Балалармен еркін қарым - қатынас жасай отырып, өкпе - реніштің зиянын ұғындыру; «кешірім», «кешірімділік», «кешірім сұрау» ұғымдарының мәні мен маңызының тікелей адамға немесе айнала қоршаған ортаға тигізетін әсерін ұғындыру.
Міндеті:
- «кешірім», «кешірімділік» ұғымдарына қатысты белгілі тұлғалардың ой - пікірлерімен танысып, ой түюге, қорытынды шығаруға үйрету.
- кешірімді болуға, басқа адамдармен түсінісуге дағдыландыру.
- кеңпейілділікке, адамгершілікке, өзара түсіністікке, біреуді тыңдай білуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Сабақтың әдіс - тәсілдері: сұрақ - жауап, мәтінмен жұмыс, дәптермен жұмыс, топпен жұмыс
Көрнекті құрал - жабдықтар: оқулық, дәптер, интерактивті тақта, түрлі - түсті қағаз.

Сабақ барысы:
Ұйымдастыру кезеңі: (1 мин)
1. Оқушылармен сәлемдесу
2. Оқушыларды түгендеу
3. Оқушылардың назарын сабаққа аудару
Үй тапсырмасын сұрау (мақал - мәтелдер) (3 мин)
Сабақтың мақсатын хабарлау: (1 мин)
«Бала әдетті жасынан тамызықтап жинайды» деп Ж. Аймауытов атамыз айтқандай, бүгінгі сабағымыздың негізгі мақсаты – «кешірім», «кешірім сұрау», «кешірімділік» сөздерінің мәні мен маңызын түсініп, кешіре білуге үйрену.

Шаттық шеңбері (5 мин)
Ал қане, балалар, шаттық шеңберін құрайық. Үстел үстіндегі қағаздарды ала қойыңыздар. Енді екі - екіден бір - бірімізге қараймыз. Егер қағазда күлімдеу (смайлик) белгісі тұрса, бір - біріне күлімдеп ишаратпен амандасып жылы сөздерді айтамыз, егер екі смайликтің суреті тұрса, қолдасып амандасып жылы сөздерді айтамыз, жүрек белгісінде құшақтасып амандасып, жылы сөздерді айтамыз, күн белгісінде күндей бір - бірімізге жылы қарап амандасып, тілек айту керек.

Әңгімелесу (5 мин)
1. «Кешірім», «кешірімділік», «кешірімді болу» дегенді қалай түсінесіздер?
2. Өкпелеп, ренжігенде өздеріңді қалай сезінесіңдер?
3. Кешірім сұраған сәтің болды ма?
4. Кешіре білу қиын ба, кешірім сұрау қиын ба?
5. Сені көбіне қандай жағдайлар өкпелетіп, ренжітеді?

Мәтінмен жұмыс. (5 мин)
Оқушыларға кешірімділіктің пайдасы мен қажеттілігін ұғындыру мақсатында «Оқып үйренейік» айдарынан А. Бейсебайдың «Кешірімнің күші» мәтінімен таныстыру.
Күнделікті өмірде көп нәрсені байқамайсың, қадірін біліп, бағаламай жатасың. Өмірде өз ойлағанымыздай болмай, қателесіп жатсақ, көбінесе кінәліні іздейміз. Өзгелерге кінә қойып, өкпе - реніш танытамыз. Қателеспейтін адам болмайды, сондықтан кешіре де білу керек. Ал кек сақтау адамдарға деген жек көрушілік, сенімсіздік туғызып, жағдайды ушықтырып жібереді. Өзгелерге деген өкпе, реніш, ашу адам өмірін қызықсыз етіп, өзін бақытсыз сезінтіп, денсаулығын нашарлатады. Кешірімді болмай, өз жан дүниемізді қинап, өзімізге зиян келтіреміз. Жүрегімізге салмақ саламыз. Ал өзгелерді кешірген кезде, бойымыз жеңілдеп, ол адамға жақсылық жасағандай боламыз. Алайда біреуді кешіру – ең алдыменен, өзімізге жасаған жақсылық екенін түсінгеніміз абзал. Өзгелерді ылғи ренжітетін адамдар неліктен осындай қадамға, әрекетке баратыны жайлы ойланып көрейік.
Кешіру деген ол адамды түсіну шығар. Егер адамға түсінушілікпен қарасаң, сол сәтте - ақ ол адамға ешқандай да өкпелемейсің. Өйткені осындай жағдайда өзім не істер едім деп өзіңе сұрақ қоясың. Өзіңді олардың орнына қойып, мүмкін, ертең мен оның орнында болармын деп ойлайсың. Сол кезде кешіру оңайырақ болады. Ең бастысы айналаңа жақсы ниетпен қарап, жақсы көрсең, олардың қателігін кешіре де аласың. Басқаларды жақсы көру үшін өзіңді өзің сыйлап, жақсы көруің керек. Ал өзін жақсы көретін, сыйлайтын адам, өз жан дүниесін жаман сезімдермен ластап, ауырлатпайды.
Біз барлығына кешіріммен, сыйластықпен, түсіністікпен, сергектікпен қарауға тиіспіз. Өйткені өмір сондай тамаша, біз алға қарай тек қана адал ниет, ізгі істермен жүрсек, игілікке жетеміз.

Сұрақтар:
1. Өсиет әңгіменің басты мағынасы неде?
2.«Кешіру - өзгені түсінуге тырысу» дегенді қалай түсінесіңдер?

Тыныштық сәті (8 мин)
Ал енді өкпе - реніштің зиянынан бойды аулақ ұстау, іштегі өкпе - реніштен құтылу мақсатында тыныштық сәтін өткізейік.
Классикалық музыка жіберіледі.
- Көздеріңізді жұмып, денелеріңізді еркін ұстаңыздар.
- Демдеріңізді ішке алып, сыртқа шығарыңдар және содан соң аз ғана үзіліс жасаңдар
- Енді соңғы кездердегі өкпе - реніштеріңді еске түсіріңдер.(Кімге, не себепті ренжідің?)
- Осы өкпе - реніштер бұлт болып сенің ішіңде орналасып алған екен. Ол мына кіндіктеріңнің тұсында тұр. Енді сол жерге саусақтарыңды апарып, өкпе - реніш бұлтын көтеріп алғандай сезініңдер. Бірте - бірте бұлтты жоғары көтеріп ауыздарыңыздан шығарып жіберіңіздер.
Енді оның орнын жақсы қасиеттермен толықтырайық.
Күннің шуағындай осы жақсы қасиеттердің ішінен бүгінгі сабағымызға қатысты қасиетті алып, ішімізге орналастырайық.
Осының ішіндегі ең маңызды қасиет деп нені көрсетер едіңіздер.
- Адамгершілік.
Олай болса, оны жүрегімізге орналастырып алайық. Қане адамгершілігі мол кең пейілді жүрегімізге қол соғып қояйық.

Дәптермен жұмыс. (5 мин)
Дәптеріміздегі осы тақырыпқа байланысты 1 тапсырманы орындайық.

Сергіту сәті. (1 мин)
- Қалай жағдайың?
- Жақсы! (саусағымен көрсетеді)
- Қалай жүресің?
- Былай! (екі саусақпен жүріп көрсету)
- Қалай жүгіресің?
- Былай! (екі қолын жинап, жүгірген кездегі қимылды көрсету)
- Түнде қалай ұйықтайсың?
- Былай! (екі алақанын бетіне қояды)
- Қалай аласың?
- Былай!
- Қалай бересің?
- Былай!
- Қалай бұзық боласың?
- Былай! (екі ұртын томпитып, жұдырықпен соғу)
- Қорқытасың ба?
- Былай! (саусақ көрсету)
- Көңіл - күйің қалай?
- Өте жақсы!

Дәйексөз. (3 мин)
Кешіре білген адам – күшті адам. (А. Йүгінеки)

Жамандық кешіре білмеуден туады. Егерде біз кешірімшіл болсақ, ызаланбас едік. Сонда бізге бәрі де жақсы көрінер еді. Егерде бір нәрсе көңілдегідей болмаса, ашуланасың. Қазақ ертегісі
Кешірім сұрай білу – кісілік.
Ш. Айтматов
Кешірім сұрау – бақыттың баспалдағы.
М. Шаханов

Ойын. (5 мин)
Екі топқа бөлініңіздер. Енді бұлттардың суреті жапсырылған ватманның бетін түрлі түсті гүлдермен толтырыңдар. Гүлдерге жақсы сөздер жазу керек. Екі топ сөздерді дауыстап оқып береді.
Қорытынды: (1 мин)
Бүгінгі сабақтан не алдыңдар? Не үйрендіңдер?
Жүректен - жүрекке: (2 мин)
Енді сіздерді «жүректен жүрекке» айдарына шақырамын. Шеңбер болып тұрып, тақтадағы мына сөздерді хормен айтамыз.
- Мен жайдарлы, ақкөңіл, белсендімін.
- Менің қолымнан барлығы келеді.
- Мен айналама тек жақсылық тілеймін.
- Мен бақыттымын.

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама