Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 10 сағат бұрын)
Кескіндеме жанрлары. Анималистік жанр
Бейнелеу
Сабақтың тақырыбы: Кескіндеме жанрлары. Анималистік жанр
Сабақтың білімділігі: 1. Қазақ күйлерінің шығу тарихымен оқушыларды таныстыру.
2. Күйден алған әсерін қағазға түсіру.
Дамытушылық: Оқушылардың сезіну және шығармашылық қабілетін дамыту
Тәрбиелілігі: Өз елінің тарихын және өнерін қастерлеуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Аралас сабақ.

Керекті музыка: Қазақ күйлері «Боз інгеннің бүлкілі», Н. Тілендиев «Аққу» күйлері.
Көрнекілік: Түйенің, аққудың бейнелену кезеңдері.
Керекті құралдар: гуашь, қылқалам, палитра, альбом.
Сабақтың барысы: 1. Ұйымдастыру кезеңі.
2. Үй тапсырмасын тексеру.
3. Жаңа сабақ
4. Бейнелеу жұмысы
5. Сабақты қорытындылау

1. Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру, зейінін аудару.
2. Үй тапсырмасын тексеру.
3. Жаңа сабаққа кіріспе сұрақ: Кескіндеме жанрларын ата.
Жанр өнер туындыларын бір - бірінен ажырататын ерекше белгілер.
Кескіндеме өнерінде бірнеше жанр түрлері бар. Олар: тарихи, тұрмыстық, соғыс тақырыбы, жануарларды бейнелеу (анималистік), адам келбетін бейнелеу (портрет), натюрморт, теңіз пейзажы (марина), табиғатты бейнелеу (пейзаж ).
«Боз інгеннің бүлкілі» күйі тыңдалады.
Сұрақ: Қандай дыбысты естідіңдер? Күйдің шығу тарихымен таныстыру.
«…алыстан еміс - еміс талмаусыраған інгеннің дауысы жеткен сияқты болды. Апыр-ай, құлағыма жаңылыс естілді ме, әйтпесе, сол боз інгеннің өзі ме? Інгеннің оралуынан үміт үзген ол, көзін уқалап - уқалап жіберіп, алысқа көз жүгірткен. Дауыс шыққан жақтан боз інгеннің бейнесі көлбеңдеген тәрізденді. Елес емес, тура соның өзі. Ботасын іздеп ыңыранған жануардың ащы дауысы екен құлағына естілген. Екі көзден жас парлап, сағынып келіп қосылды - ау, әйтеуір, ботасына.

Ел жайлауға көшерде Сүгірде жүк артар малдан боз інген ғана болған. Ел болып «көшейік» дегенде, «Әй менің көшпей жүрген жерім емес қой, көше беріңдер» деген соң, бір - біріне қарамай, олар көшіп кетеді. Ал, көшер кезде «кедей болсаң көшіп бақ» демекші, жалғыз боз інгенге жүктері сыймайтын болады. Жарты жүгін інгенге артып, әйелі мен қыздарын жіберіп, өзі ботасын алып қалады. Содан бес күн өтті ме, он күн өтті ме, әйтеуір, тамағы таусылып, талмаусырап жатқанда, алыстан боз інгеннің ботасын іздеп келе жатқан дауысы естілген. Сонда Сүгір: «Апырай - ә, адам баласына қалай еміренсе, мына жануар да төліне сондай екен», — деп іштей толғанысқа түсіп, осы сәт есінен кетпей, бір отырғанда, «Боз інгеннің бүлкілі» деген күйін дүниеге әкеледі.
Н. Тілендиевтің «Аққу күйі»тыңдалады. Сұрақ: Қандай дыбыстарды естідіңдер? Аққу туралы қандай аңызды немесе өлеңді білесіңдер.

Мұғалім: Нұрғиса шығармашылығының негізгі бір қыры күйші композитор. «Аққу» күйі орындалғанда, бірде Нұрғисаның әкесі Тілендінікі де, енді бірде Нұрғисаның өзінікі деп екі есім аталады. Осылай жазылып та жүр. Енді ойланып көрейікші Нұрғисаның 5 - 6 жасында әкесі Тіленді дүние салады. Әкесінің орындаған «Аққу», «Терісқақпай», «Арман» күйлері Нұрғисаның құлағында қалады. Бүгінгі орындалып жүрген «Аққу» күйі сол әке сарынының жылдар өте жетілдірілген нұсқасы. «Аққу» күйінің жетілдіріле түскенінен Нұрғиса қолының табы білінеді. Олай болса «Аққу» күйінің авторларының атын жеке - жеке атамай Нұрғиса Тілендінің күйі «Аққу» деп екеуін де бірдей атаған дұрыс па дейміз «Аққу» күйі Қыз Жібек фильмінде орындалады. Түсіру кезінде аққулар қамыс арасынан шықпай қойған. Күй тартылғанда аққулар домбыраның дыбысын аққудың сұңқылы деп қабылдап, қамыс арасынан шыққан дейді.
Осы «Аққу» күйінен үзінді тыңдап көрелік.

4. Оқушыларды екі топқа бөлу.
І топ. Түйені қалай бейнелейміз?
1 слайд. « Түйені бейнелеу тәсілі» Композиция құрастыру.
ІІ топ. Аққуды қалай бейнелейміз?
2 слайд «Аққуды бейнелеу тәсілі»
Аққулы композиция құрастыру
Түйе мен аққуды бейнелеу жолдары көрсетіледі. Композицияны құрастыру әр оқушының өз қиялынан шығуы тиіс.
Мысалы: түйенің тек басы, мойынын белгілеп, айналасын дала пейзажымен толықтыруға болады.
Ұшып бара жатқан немесе ұшқалы жатырған аққуды бейнелеу. Композицияда қозғалыс болуы керек. Фон ретінде су бетін, қамыстарды алуға болады. Далалық пейзажда жылы түс, ал аққулы композицияда суық түс басым болуы керек
5. Бұл жұмысқа екі баға қойылады:
1. Композициялық шешім
2. Түстер үйлесімділігі
Оқушылардың ұтымды шыққан композициясын бағалау және кемшіліктерге тоқталу.

Үйге тапсырма бастапқы бояулармен жазып келу.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама