- 04 қаң. 2020 00:00
- 240
Кіші Қаратөс
Ел арасында Қаратөс атанған Аймағамбет деген атақты домбырашы болыпты. Қаратөстің жасы Қазанғаптан үлкен екен. Қазанғап Қаратөспен кездесіп, күй тартысады. Бірақ бірін-бірі жеңе алмайды. Қазанғаптың домбырашылық өнерін көрген Қаратөс оған:
— Мен ауылда домбырашы Қаратөс атанған едім, енді сені көріп, ізімді басар іні барына қуанып отырмын. Сен әлі жассың, талабың алда. Менен кейін сені көрген адамдар «мынау екінші Қаратөс» екен дейтіні анық. Мен саған шын ниеттен батамды бердім, өнерің өрлеп, өсе берсін, — деп риза болыпты.
Қаратөстің өнерін бағалағанына, ағалық тілегіне разы болған Қазанғап сол жерде бір күй тартып, «атын өзіңіз қойыңыз» деп Қаратөске қолқа салыпты. Сонда ол аз ойланып:
— «Ізіңді басар іні болса, еңбегіңнің жанғаны» деген екен бұрынғылар. Бұл күйдің аты «Кіші Қаратөс» болсын, — дейді.
— Ал, жарайды, бұл тартқаным «Кіші Қаратөс» болса, мына күйдің аты «үлкен Қаратөс» болсын, — деп Қазанғап Қаратөске арнап күй тартады. Інісінің мұндай құрметіне аса разы болған Қаратөс домбырасын жас күйшіге сыйлапты.