Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Кітапты сүйіп оқы, көңілге түйіп оқы

Ол бізді рухани кемелдендіріп қана қоймай, әлемді танып білуімізге, өткен тарихымызды қайта жаңғыртуға, ең бастысы саналы ұрпақ тәрбиелеуде  алар орны ерекше. Бұл сөздерімізге халқымыздың біртуар жазушысы Ғабит Мүсіреповтің мына салиқалы сөздері дәлел: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік». Күнделікті уақытын кітап оқуға арнаған бала ешқашан ұтылмақ емес, керісінше ойлау көкжиегі кешегіден гөрі кеңейіп, сөз байлығы күн санап арта берері рас. Мектеп қабырғасында білім алатын оқушылардың күн сайын кітапханаға барып, кезекке тұруы, кітаптарды бірінен соң бірі қызығып оқуы  көз қуантатын көрініс. Алайда, кейбір балалардың кітапқа ынтасы болмай, бос уақытының көп бөлігін  әлеуметтік желіге арнайтыны айтпаса да түсінікті.

Ал біз кітаптардың қай дәуірден бастап қолданысқа еніп, тарих бетінде бастау алғанын  білеміз бе?  Ендеше, іші мол қазынаға толған ғажайып кітаптардың шығу тарихына тоқталайық.

Арабтың «кітап» деген сөзі қазақша «жазу», «жазба» деген мағынаны береді екен. Байқағанымыздай кітаптың алғаш пайда болуы жазба өнерінің дамуымен қатар келеді. Ал Шығыс елдерінде, Греция мен Римде кітаптар алғаш рет қыш тақталарға жазылды. Балшықтан тақтайшалар құрылып, оның жұмсақ бетіне үшкір қаламшалармен жазу жазылды. Олар арнайы кептірілген соң пеште күйдірді. Әрі қарай белгілі бір ретпен текшеленіп жиналды. Осылайша алғашқы қыш кітаптар қолданысқа ене бастады. Дәл сол ежелгі Мысырда жазу үшін папирус қолданылғанын білесіңдер ме? Кітаптар «папирус» деп аталатын су өсімдігінен дайындалған материалдарға жазылып, одан соң жұмыр таяқшаларға орайтын болған. Бұл орама кітаптардың дүниеге келуіне негізгі себеп болды.

Ал б.з ІІ ғасырында Қытайдан шыққан қарапайым шебер Цой Лунь қағазды ойлап тауып, әлемдік өркениетке тағы бір жаңа өзгеріс алып келді. Қағаз жасау өнері ХІІІ ғасырда Шығыстан Батысқа қарай тартады.

Достар, кітаптардың өз елімізде басылып шығу тарихы жөнінде білесіңдер ме? Ғылыми деректерге сүйенсек, қазақ жерінде кітаптардың шығуы сонау ғасырда  еліміздің Ресейге қосылуымен тікелей байланысты болды. Сол уақытқа дейін тек араб әріптерімен жазылып, қолжазба түрінде тарала бастаған екен. Уақыт өте келе технологияның ілгерілеуімен кітап басып шығарудың жаңа әдістері ойлап табылды. Осы әдістерді ХІ ғасырда қытайлық өнерпаз Би Шэн ойлап тапса, ХV ғасырда неміс шебері Иоганн Гутенберг қолданысқа енгізді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама