Бүгінгі «Жұлдыз» журналының мазмұндық, тақырыптық ерекшелігі
Бүгінгі қазақ баспасөзінің сапасы мен оқырманға берер тағылымы күн санап өркендеп келеді. Бұл сөзімізге айқын дәлел болары-қазақ жазушыларының «Жұлдыз» әдеби-әлеуметтік журналы. Проза, поэзия, жас толқын, түрік дүниесі, сырсандық, сөз сәулесі сынды ерекше айдарларымен толықтырылған «Жұлдыз» журналы өткен мен бүгінгінің өзекті мәселесін тақырыпқа арқау етіп, оқырман қауымға тұрақты түрде өнегелік мазмұны басым материалдар ұсынуда.
«Жұлдыз» журналының тақырыптары мен мазмұндық ерекшеліктерінің өзге басылымдармен салыстыра қарағанда қандай айырмашылықтары бар? Ол үшін журналда жарияланған бірқатар мақалалар мен жауқазын жырларды парақтап, мақаланың негізгі идеясына үңіліп көрдік.
Біршама мақалаларды ақтарып отырып көзіме оттай басылғаны Әлібек Байболдың «Құпия оқулықта» не айтылған екен?» атты мақаласы болды. Иә, атауының өзі көпшілікке менмұндалап тұрғандай. Қазақ әдебиетіндегі ең мөлдір, жан тазалығын ерекше қажет ететін ғажайып жанрлардың бірі- балалар әдебиеті. Бар саналы ғұмырын балалар әдебиетіне арнаған Өтепберген Ақыпбектің әдебиеттегі қалдырған қолтаңбасы жөнінде баяндалған мақаланың бүгінгі жас оқырманға берер пайдасы мол. Көтерген жүгі ауыр, айтары арыда жатқан жинақтың мазмұны өсіп келе жатқан саналы ұрпақты ойға қажетсіз дүниелерден арылтып, аты айтып тұрғандай құпиясы мол білім нәрімен сусындатып, қазақ әдебиетімен қанып өсуі үшін құнды еңбек болары анық. Сондай-ақ жинақтың бұлай аталуының өзінде үлкен мән бар. «Құпия оқулық»-өмірге деген көзқарасы енді ғана қалыптасып келе жатқан балауса-балдырғанның көмекші құралы, өмірдің ақ пен қарасын айыруға қол ұшын созар нағыз дидактика. Автордың тәрбиелік мазмұнда жазылған мақалалары, өлеңдері, жұмбақ пен сан түрлі жаңылтпаштары
көп-ақ. Соның бірін Ө.Ақыпбектің «Сенім» деп аталатын мына өлең жолдарынан аңғарарымыз хаһ:
Мұсылманмын мен де енді, Кем-кетігім жөнделді: Азаматқа айналдым, Тәрбиелі, Көргенді...
Тағы бір ескеретін жайт бүгінгі заманның балалар әдебиеті . Балаларға арналған «Ұлан», «Ақжелкен», «Балдырған» секілді баспа өнімдерін жиі естіп те, әр нөміріне мақала жазып та жүрміз. Оқырманның қызығушылығын газетті парақтағаннан-ақ көзге түсетін қызылды-жасылды бояуымен елітіп әкететін газет журналдар көп болғанын қалаймыз.
Екінші мақаланың тақырыбы уытты, һәм ұшқыр десек еш қателеспеспіз. Мір Шайырдың «Адамзаттың жебеушісі Ман ата. Сөз басы» атты мақаласы. Мақаланың алғашқы ойлары: «Адамзат тарихында белгілі бір ұлыстың, ұлттың немесе белгілі бір нәсілдің ғана қамын күйттеген елеулі тұлғалар аз болмаған. Демек, олардың өздері аса қастерлі деп білген істері адам баласының бір жағына шапағатын тигізіп, басқа жағына көлеңкесін түсірген, қиянат қылған. Сөйтіп, соның өзі көбіне жалпыға ортақ емес мүдделер қақтығысына ұшырата берген. Сондай-ақ, мұндай алалық бірқатар жағдайда кінәратсыз пейілді ғұламалардың әлеуметшіл ілімдерін әлгі жекелеген ұлыстар мен ұлттардың немесе нәсілдердің мүддесіне бұрмалау салдарынан орын алғанын да байқаймыз», -деп басталады. Мұндай екпінді сөздерінен-ақ тарихы әріде жатқан рухани мұрамыздың өз лебін сезінгендей күй кешеміз. Мұндағы әңгіме Ман хақында болмақ. Ман қандай тұлға деген сұрақ ойға келері рас. Үлкендердің айтқан сөзіне қарағанда ол кісі бүкіл адамзат баласына қамқорлық жасаған ірі тұлға ретінде еске алады. Өткен жолаушы қона жатып, зиярат етіп кететін жұмбақ адам болған. Осы мақала арқасында «ман» сөзі жан-жақты тұрғыда зерттеліп, тілдік қолданыстағы орны айқын байқалды. Автор бұл жұмбақ сөздің негізгі мән мағынасын тарқата келе: «Біз адам немесе жеке тұлға мағынасындағы «ман» сөзін «адам» сөзіне дейін қолданып келіппіз. Мәселен, лексиконымызда бағзыдан бар «қаһарман», «шабарман», «атаман», «ақылман», «бағман» (бағбан) және басқа. Бұл қай заман? Қазірге дейінгі нешінші мыңжылдық? Осылайша Ман есімдігінің сырына, Ман Ата әулиенің құпиясын ашуға мысықтабандап жақындай түстім. «Коммунистік жол» газетінде «Мекенім менің Ман+қыстау» көлемді зерттеу мақаламды жарияладым»,- деп пікірін қорытындылайды. Иә, расында біз назарға іле бермейтін Ман сөзінің қазақ тіліндегі мағынасын айшықтап, сонау дәуірден құпия келгенін тағы бір аңғара түстік.
Алтынай Бауыржанқызы