Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Көбелектің қанаты

Бүгін Ерке қыз бен мысық Ғажайып орманға серуендеуге барды. Бұл ормандағы аң да, құс та, тіпті өсімдіктер де сөйлей алады. Жайқалған аққайыңдары, самырсын, шыршалары бар, көк майсаның үстінде қызылды жасыл гүлдер жайқалған Ғажайып орман бұл.
Ерке қыз мысығы екеуі бүлдірген теріп, соның қызығымен орманға тереңдей еніп кетті. Кенет алдарынан бұрын-соңды көрмеген әдемі көкорай шалғынды жер шыға келді. Мұнда гүлдердің түр-түрі бар екен. Бәрі шетінен әдемі. Самал желмен тербеліп, жұпарларын шашып тұр. Ерке қыз қуанып кетті. Әр гүлді иіскеп, шыр айналып биледі. Гүлдер де Ерке қызды ұнатып қалған сияқты, бәрі ән шырқай жөнелді:
Аппақ, сары, қызыл гүл
Жайқаламыз тербеліп.
Аялайды табиғат,
Еркелетер жел келіп.

Гүлді жақсы көретін,
Келді бізге ерке қыз
Гүл сияқты Ерке қыз,
Ерке қыздай еркеміз.

Керемет! Қазақ жерінің тау-тасы да, тіпті нәзік гүлдері де ақын екен ғой!
Ерке қыз бен Мысық гүлдердің өздерін осылай жылы қабылдағандарына дән риза болды. Кенет қайдан шыға келгені белгісіз гүлді алқап әдемі ала қанат көбелектерге толып кетті. Әрқайсы бір-бір гүлге қонып еді гүлді алқап тіпті құлпырып кетті.  
-    Айтпақшы, бүгін Көбелектердің мерекесі ғой, - деді Мысық.
-    Рас па? Қандай тамаша! Дәл мереке күні келгеніміз қандай жақсы болды! – деп қуанып кетті Ерке қыз.
-    Иә. Қазір олар би билеп, араларындағы ең әдемі қанаты бар көбелекті таңдайды. Ол көбелектердің Патшайымы болып сайланады. Нағыз қызық қазір басталады, - деп маңғаздана мияулап қойды Мысық.
Ерке қыз бен мысық көбелектердің биін тамашалау үшін көк шалғынның үстіне жайланып отырғаны сол еді, біреудің жылаған даусы естілді. Екеуі аңтарылып, бір-біріне қарады. Жылап отырған кім болды екен? Біздің мысық қағілез ғой, өткір көздерімен шетте өсіп тұрған гүл жапырағының астындағы жылап отырған көбелекті бірден тауып алды.
-    Неге жылап отырсың, сүйкімді көбелек? – деп сұрады бәйек болып Ерке қыз.
-    Менің де би жарысына қатысып, патшайым болғым келеді,  - деп одан әрі өкси жөнелді көбелек. Қатты жылағаны сонша, қанаттары дір-дір етеді.
-    Онда неге мұнда жылап отырсың? Жарыс қазір басталады. Тездетіп бара ғой, - деп Ерке қыз оны қолына алып, ұшырып жібермек болды. Бірақ қолына қонған көбелектің қанаттарының жыртылып қалғанын байқады.
-    Менің қанаттарым жыртылып қалды, ұша алмаймын, - деп жылауын үдете түсті көбелек. Қап! Енді не істеуге болады? Ерке қыздың да,
-     мысықтың да көбелекке жандары ашып кетті. Оған қалай да көмектесу керек! Біздің мысық ақылды ғой. Бұл жолы да қарап қалмады.
-    Ерке қыз, көбелекке гүлердің күлтелерінен қанат тігіп берейік! – деп қуана мияулап жіберді.
-    Алақай! Табылған ақыл! Қандай ақылды едің, Аппағым! – деп Ерке қыз мысығын еркелетіп қойды. Екеуі бірден іске кірісіп кетті. Шалғындағы ең әдемі гүлдердің күлтелерін жинап әкелді. Гүлдер де күлтелерін Ерке қызға қуана-қуана сыйлады. Жиналған күлтелерді бір-бірімен жалғап, Ерке қыз көбелекке әдемі, үлкен қанат тігіп берді.
-    Ал, дайын болды! Қане, қанатыңды жайшы.
Көбелек жаңа қанатын жайып жіберіп еді, мысық талып қалды. Қорқыныштан емес әрине, таңқалғаннан. Бір гүл жұпарын шашып жіберіп еді, қайтадан есін жиып алды. Мұндай әдемі қанатты бұрын-соңды еш көбелек көрмеген шығар. Бәрі жаңа қанат көбелектің жанына жиналып, оның қанатын тамашалап кетті. Көбелек те қатты қуанып, Ерке қыз бен мысыққа алғысын айтты. Сонымен, би сайысы да басталды. Әрине, гүлді шалғында қоңыраугүлдің сыңғырымен би билеген көбелектердің арасында күлтелі қанаты бар көбелек ерекше көрініп, көбелектер Патшайымы атанды.

Осылайша біздің кейіпкерлеріміз бүгінгі күндерін өте көңілді өткізді. Балақай, сен де қолыңнан келгенше қиналып жүрген достарыңа көмектес. Сонда сен де, досың да қатты қуанасыңдар.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама