Көлеңкелер қалай жоғалды?
Екі бөлімді драма
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Қаржау — жылқы совхозының директоры.
Дәмелі — оның әйелі.
Мәруар — олардың қызы, суретші.
Қанаш — оқудан жаңа келген жас инженер.
Зейнет — оның шешесі.
Глазнев — саяси бөлімнің бастығы.
Бименде — Зейнеттің ағасы.
Есет — жалған атпен жасырынып жүрген бай баласы.
Совхоздың бас агрономы.
Сауыс — ол да жалған атпен жасырынып жүрген бай баласы, зоотехник.
Оқиға отызыншы жылдардың бас кезінде Қазақстанның шекараға жақын аудандарының бірінде болады.
БІРІНШІ БӨЛІМ
Бірінші сурет
Тұншыға шыққан мұңлы музыканың арасынан тас қашаған қашаудың шақылдаған үні естіледі. Шымылдық ашылғанда жалғыз сәуле биік жартастың төскейіне шығып алып тас қашап тұрған Мәруардың бетіне түседі.
Мәруар. Уһ, шаршадым - ау. Бірақ мұндай шаршаудың шаттығы да мол екен. (Қашауды қатты ұрып жібереді. Жалғыз сәуле оның бетінен алынып төменде, сол тастың «Сайдалы, 1880-1916 жыл» деген жазуы бар жерін аймалап тұрған Қаржаудың бетіне түседі.)
Қаржау (зарлана). Ей, Әулиетас! Меңіреу жартас болсаң да «құдайдың үйі» аталып, ғасырлар бойы талайларды табындырып келген сені де табаныма салған едім. Енді өзімді-өзім табаныма сала алмай, ар азабын шегудемін, бұл қалай? «Сайдалының сарбазы» деген атағым талайлардың миын улап, талайлардың көзін байлады. Сол даңқтың дүмпуімен қанды ізім қалды көміліп, өзім кеттім ойдағы тасым өрге домалап. Сонда да жанымның шеккені - жапа, арымның кешкені - қапа. Жазылатын емі жоқ, құтылатын жолы жоқ, бұл қасіреттен қашан құтыламын?.. Қашан... Қашан? (Соны айтып кете береді, әлдекімнің даусын естіп тоқтай қалады.)
Дауыс. Ех, Қаржау... Қаржау... Бар тапқан демеуің өзіңді өзің осылай қарғау... Қарға... Қарға... Сен қарғалу үшін жаралған жансың. Қаржау тәлтіректеп құлап бара жатады. Жарық кенет сөніп, қараңғы түн басады. Аздан соң сахнаға жарық беріліп, күні көтерілген мезгілдің белгісін береді. Сырттан әлдекімдердің шаттық күлкісі естіледі. Әрқайсысының қолында бір-бір шоқ гүлі бар. Қаржау, Зейнет, Дәмелі, Мәруар, Қанаш келе жатыр).
Зейнет (көзін тастағы Байдалының суретінен алмастан бір қолымен Мәруарды құшақтап келеді). Жалғызым Қанашыма не тілесем, соның бәрін саған да тіледім, Мәруарым. (Бетінен сүйеді.) Рақмет.
Мәруар. Қалай, ұнай ма?
Зейнет. Айтуға тілім жетпейді.
Қанаш. Егер менің әкем дәл осындай болса, шынында, айбынды екен.
Дәмелі. Ол айбынды да ақылды еді-ау.
Қанаш. Ақылды бола тұра жауларына алданғаны өкінішті. (Қаржау сол сурет салынған жартастың алдындағы тас қабырғаға жақындайды.)
Қаржау. О, Сайдалы бауырым, сардар батырым! Бүгінгі күн - мұнан он сегіз жыл бұрын дәл осы жерде сен жау оғынан қаза тауып, қабырғамыз қайысқан күн. Арулар қара жамылып зарлаған, аналар ақ шашын жайын аңыраған күн. Сарбаздарыңның найзасы жерге шаншылып, қылышы тасқа шабылған күн. Сол қаралы күнді еске алатын жылдағы салтыммен қабырына бас иіп, топырағыңа тауап еткелі бүгін тағы келдім. Бұл сапар жалғыз емеспін, оны салған салтым ұрпақтарымызға мұра болып қалсын деген тілекпен көзімнің ағы мен қарасы Мәруарым мен Қанашымды ала келдім. Анттай берік сол тілектің куәсі деп сол екеуінің анасы Зейнет пен Дәмеліні ертіп келдім. (Гүлін қояды.) Міне, жастай жесір қалса да, әруағыңды күзетумен қара шашын ағартқан зайыбын Зейнетің тұр алдыңда.
Зейнет (қолындағысын тас қабырдың үстіне қояды). Сендейлердің өлігін талайлардың тірлігінен қымбат еткен заманға біздер айтқан алғысты сенің әруағың да айтар болсын.
Қаржау. Зейнептің күлсе бірге күліп, ол жыласа бірге жылаған бөбектерін бірге тербескен, бір кезде өзің ғашық болған Дәмелім келді алдыңа.
Дәмелі. Мен саған әлі де ғашықпын, Сайдалы, өмір бойы ғашық болып өтермін. (Гүлін Зейнеттің гүліне қатар қояды.)
Қаржау. Құдай өзіме ұл бермесе де, сенің ұлың Қанашты өз ұлымдай мәпелеп өсірген едім, ол үмітім ақталды. «Арманда кеткен әкем үшін де оқимын» деуші еді, сол тілегіне жетіп, кеше Москвадан диплом әкелді. Енді ол қойнын ақтармаған, ол алтынын алмаған бірде-бір аймақ қалмайды. Соның бірі - бір кезде өзіңнің қамалың болған мынау «Әулиетас».
Қанаш. Жан тапсырар алдында, Қаржау ағаның құшағында қансырап жатқан шағыңда, «алла» деп атағаның менің атым болыпты. Мүмкін, маған «жақсы әкеңнің ұлы бола біл, сонда ғана жақсылықтың құлы боласың» деп келген болар. Қандай бол деп тілесең -сондай болуға жетемін, әке. (Гүлін қояды.)
Мәруар (бір тізесін бүгіп тәжім етеді). Әкемнің сіздей досы болғанын өмір бойы мақтан етіп, өмір бойы сіздің атыңызды мынау таудың заңғар тастарына алтынменен жазармын.
Қаржау. Жаз, құлыным, жаз. Сайдалының аты жазылмаған бұл таудың бірде бір жақпары қалмасын.
Қанаш. Сіздің үніңізден бір зарлы сарын үзілмейді, бұл неліктен?
Қаржау. Неліктен екенін өзім де білмеймін. Сенін әкеңнен айрылған күні осы елсіз таудың ішінде жалғыз қалып, түңімен зарлаған едім. Сонан бері бір өзгерместен, тіпті шаттанып күлсем де сол бір зарлы сарын даусымнан қалмай келеді.
Зейнет. Сол кезде тірілерімізге - қамал, өлілерімізге - қабыр болған Әулиетастың үңгірлерін бүгін бір кезейік, жүріңдерші.
Қаржау. Иә. Нарком жолдас Қанаштардың жобасын қабылдай қалса Әулиетастың күлі көкке ұшқалы тұр, армансыз аралап, бәрін де көріп қалыңыздар.
Зейнет (Қанашқа). Күнім - ау, құдайдың үйіне соқтығып нең бар?
Қаржау. Осы таудай тастың астында әулиенің алтын сарайы бар көрінеді.
Қанаш. Шынында, бұл таудың алтыны бірнеше сарай салуға жетеді. Оның үстіне, «құдайдың бұл үйінде» әкемнің кегі бар. Әкемді өлтірген жаулар сол үңгірдің ар жақ бетінен бір тесік тауып келіп, сарбаздарды қапыда бас салыпты ғой.
Қаржау. Ол рас. Бізге ажал аузы болған сол тесікті көруге политотделіміздің жаңа бастығы да ынтық көрінеді. Мен оны осы арадан тосып алып ертіп барайын, Сіздер ерлей беріңіздер.
Дәмелі (алақанын Қаржаудың маңдайына қойып). Ыстығың жоқ па?
Қаржау. Әзір аманмын, Зекеңді бөгеме. (Дәмелі Зейнетпен бірге жүріп кетеді. Солардың ізін баса жөнелген Мәруарды Қанаш ұстап қалады. Мәруар жұлқынып кеткісі келеді, Қанаш жібермейді. Оны байқап қалған Қаржау екінші жаққа шыға жөнеледі.)
Қанаш (Мәруарды Сайдалының суреті алдына алып барып, сыбырлай сөйлейді). Әке! Менің жанымда, сіздің алдыңызда тұрған сүйкімді сұрша қыздың аты - Мәруар. Ол - бір кезде өзіңіздің қамалыңыз болған Әулиетастың бетіне сіздің суретіңізді салған суретші қыз. Не дейсіз? Сол үшін бетінен мың мәртебе сүй дейсіз бе? Мақұл. (Мәруарды сүймек болады.)
Мәруар (оны ауыздан қағып қалады). Сіз әкеңіздің алдында тұрсыз, әке алдында әдепсіз болмаңыз.
Қанаш. Сен қыз менен бес жас кіші болсаң да, он жас үлкен секілдісің, бұл қалай?
Мәруар. Оны да әкеңізден сұраңыз.
Қанаш. Әке, сіз қуанатын тағы бір жаңалық: бұл қыз - сіздің болашақ келініңіз. Егер сіз батаңызды берер болсаңыз, біз бүгін кешке барып бұл қызға құда түсіп қайтпақпыз.
Мәруар. Қолымызды жайып бата тілейік. (Қанаш қолын жаяды. Сол кезде қолы босаған Мәруар шешелері кеткен жаққа қарай жүгіре жөнеледі. Қанаш оны қуып кетеді. Құлағынан бір дауысты кетіре алмай Қаржау қайта келе жатады.)
Дауыс. Ей, Қаржау, жаның жылап тұрса да, көлгірленіп күлесің. Екі кісі бас қосса: «Мен Сайдалының досымын» деп күмпілдеуден бір ұялмайсың, бұл қалай? Мұндай сайқалдықтардың қанды ізіңді бүркеу емес, қара бетіңнің күйесін қалыңдату екенін қалай сезбейсің? Қалай?»
Қаржау. Осыны айтып тұрған Сайдалы емес, өзімнің арым екенін білемін, біле тұра неге тірі жүремін? Сонда қалай өлемін? Қалай, қалай? (Ту сыртынан салалы ақ сақалды, түгелдей ақтан киінген, қолында ұзын таяғы бар Бименде келе жатады.)
Бименде. Қаржау! Сардарым - ау, бала кездегі моллалығың есіңе түсіп кетті ме, намазға ұйығандай мөлиіп неғып тұрсың?
Қаржау. Осы сіз өз заманымыздың сөзімен қашан сөйлер екенсіз?
Бименде. Сен қашан жаңа заманның адамынша жадырайсың, сонда мен жаңа заманның бұлбұлынша сайраймын.
Қарау (бір қолымен Бимендені құшақтап.) Құдайдың бір алтынның асылынан жарата салған жанысыз - ау, Биаға. Қалай, қызымыздың мына салған суреті ұнай ма?
Бименде. Ұнағанда қандай, мен мұны көрген сайын Сайдалының өзін көргендей басымды иіп тұрып сәлем беремін. (Сыртқа қарап.) Жан-жағына ой тастап келе жатқан мынау кім?
Қаржау. Бұл біздің совхоздың қазақшалап айтқанда саяси бөлімінің жаңа бастығы Глазнев дейтін жолдас.
Бименде. Глазнев? Өз аты Геннадий ма?
Қаржау. Солай секілді.
Бименде. Мына құдайдың көктен тілегенімді жерден беруін қара. (Көзін аулаққа ойлана тастап Глазнев келе жатады.)
Қаржау. Геннадий Гаврилович, бұл жерлермен бұрыннан таныс секілдісіз - ау, көз тастасыңыз солай?
Глазнев (ескерткішке жақындап). Сәлем, Сандалы батыр. Міне, сенің оғыңнан жараланған Глазнев дейтін қара солдат алдыңда тұр. (Бас киімін алады.)
Бименде. Сол... соның өзі. (Қаржау қолымен белгі беріп тоқтатады. Үшеуі құрметті қарауылда тұрғандай аз уақыт үнсіз тұрады.)
Глазнев (бас киімін қайта киіп, Қаржауға бұрылады). Кешіріңіздер, тірілерден бұрын еліге сәлем беруімнің бір мәні бар. Жай таныс қана емес, мына бір жердің топырағында менің қаным жатыр. (Бимендемен қол алысып.) Глазнев.
Бименде. Қателеспесем, қаныңыздың бұл жерге тамғаны мұнан он сегіз жыл бұрын болар.
Глазнев. Қателескен жоқсыз.
Қаржау. Ғажап - ау, осы жерде бізбен соғысқан отрядтың ішінде сіз де бар ма едіңіз?
Глазнев. Иә. (Бимендеге.) Сіз кім боласыз?
Қаржау. Бұл кісі сол өзіңізбен соғысқан Сайдалы батырдың бір сардары еді, қазір менің сардарым. Бұрынғы аты Бименде, қазіргі аты Биаға. Біздегі ең жауапты ферманың бастығы.
Глазнев. О, онда қызыл армияның сайгүліктері сіздің қолыңызда екен ғой.
Бименде. Түгелдей емес, дегенмен, солай деуге де болады.
Глазнев. Онда сіз осы сәттен бастап менің кеңесшімсіз. Сол қызметіңізді маған жеріңізді шарлатып, жылқыларыңызды аралатудан қазір бастасаңыз қайтеді?
Қаржау. Сонша неге асықтыңыз?
Глазнев. Мына келе жатқандар кім?
Қаржау. Өзіміздің манағы бас зоотехник пен бас агроном ғой. (Есет пен Сауыс келеді, олардың да қолы гүлге толы.)
Глазнев. Мені асықтырған жағдай мынандай: жаңа біздің орталыққа Өлкелік Комитеттің бірінші секретары Мирзоян жолдас соғып кетті. Шекара жаққа бара жатыр екен. Ол осы тұрған екеуіңізге арнайы сәлем айтты.
Қаржау. Сәлемет болсын.
Бименде. Сондай жақсы адамдар һаманда cay - сәлемет болса екен.
Глазнев. Сәлем соңынан айтқаны: қаңтарда соғамын, сұрайтыным онша көп емес, бес жүз тұлпар ғана, соны өздерің ойласа беріңдер деді.
Бименде. Бес жүз болса аз екен.
Қаржау. Бес жүз?
Глазнев. Сонша неге шошыдыңыз?
Қаржау. Біздің жоспарымыз үш жүз ат болатын.
Глазнев. Отан қорғаудың жағдайы үш жүзді бес жүзге жеткізуді тілесе не дейсіздер?
Қаржау. Ал, батырлар, шамаларыңа қарап шарықтап көріңдерші, бұған күшіміз жете ме?
Есет. Шарықта, Сауысым, тек шалықтап қалмағайсың.
Сауыс. Мен шалықтайтын қояншық емеспін, сіздің бұл айтып тұрғаныңыз контрдың сөзі.
Есет. Жаңа тауып айттың.
Қаржау. Сенің тауып айтарың қайсы?
Есет. Менің айтарым: бір жылда бес жүз ат беру - келесі бесжылдықтың ғана жұмысы.
Сауыс. Оны сізден гөрі малға жауапты зоотехник болғандықтан, мына мен жақсы білетін шығармын.
Глазнев. Сіздің шамалауыңыз қанша?
Сауыс. Менің шамалауым, (ойланып) менің шамалауым: жоспардағы үш жүз де емес, Мирзоян жолдас айтқан бес жүз де емес, өзім күнде көріп, іштей іріктеп жүрген алты жүз.
Есет. Таңдағанын тай - тұлақтар болса, әрине.
Глазнев (Бимендеге). Сіз не дейсіз?
Бименде. Біздің сөзімізден гөрі өзіңіздің көзіңізге көбірек сенгеніңіз жөн болар.
Глазнев. Сондықтан ғой, сіз жетелесеңіз менің ере жөнелгім келіп тұрғаны.
Бименде. Мен үш күннен бері тау-тасты шарлап келген едім, оның үстіне, шау тартқан шалмын ғой. Егер сіз менің көкейімді көптен бері тесіп жүрген бір сұраудың жауабын жасырмай айтып берсеңіз менің шаршап-шалдыққанды да, тіпті шалдықты да ұмытып кетуім ғажап емес.
Глазнев. Ондай керемет менен табыла қояр ма екен?
Бименде. Мен жоқты сұрамайтын, табылмасты іздемейтін адаммын.
Глазнев. Барыма риза болсаңыз, тілегіңізді орындауға әзірмін.
Бименде. Сіздің атыңыз Геннадий ғой ә?
Глазнев. Өзімді білместен атымды қайдан білесіз?
Бименде. Геннадий деген ат - менің талай жылдан бері талмай жаттаған атым. Сізге бүкіл қазақ халқының атынан, халқының бостандығы үшін құрбан болған мынау Сайдалының атынан, соның сарбаздарының бірі өз атымнан айтар алғысымды қабыл алыңыз.
Глазнев. Не үшін?
Бименде. Он алтыншы жылы, тап осы жерде Сайдалының сарбаздарымен соғысқа патша әскерінің ішінде болдыңыз ғой?
Глазнев. Алғысты сол үшін айтып тұрсыз ба?
Бименде. Жоға.
Глазнев. Енді не үшін?
Бименде. Сайдалының әйелі мен баласын ажалдан алын қалғаныңыз үшін. Әсіресе, сол екеуін қабатынан жоймақ болған Тасыбай болыс секілді жауызды жайратқаныңыз үшін. (Есеттің қолындағы гүлі түсіп кетеді.)
Глазнев. Өзіңіз ол соғысқа қатысқан ба едіңіз?
Қаржау. Сіздермен қатты шайқасқан сардардың бірі осы батыр.
Глазнев. Онда мына бір тастың алдына таман барайықшы. (Шеткерірек барып айналасына ойлана көз тастайды.)
Сауыс (Есеттің гүлін алып өз гүлімен бірге қоя бере ақырын күңк етеді). Жан керек болса, есіңді тезірек жина. (Дауысын көтеріп.) Өліге құрмет көрсеттік, енді тіріге қызмет етейік, Есеке, қолыңыздағы жібіңізді әрі қарай тартыңыз, Есеке. (Екеуі жер өлшей бастайды.)
Есет. Қареке, мына зоотехнигіңіз жылқысына жамандата келмей қойған соң, елде жоқ бір жораны шығарыпты.
Қаржау. Жора деген немене?
Есет. Көзіңіз тірісінде сіздің жерленетін жеріңізді сайлап, ескерткішіңізді осы бастан жасатып қоймақшы.
Қаржау. Немене, сен мені өлмейтін сайтан ғой деймісің? Өлетініме жеткен көзім көмілетін жеріне неге жетпейді? (Бір жерді барып теуіп қалады.) Ол, міне, мына жер. Сайдалымен бірге өстім, қан майданды бірге кештім, енді онымен мәңгі бірге жатамын.
Сауыс. Көрдіңіз бе, біздің Қаракең Қара теңізден де терең. Тереңге көп бойлай берсеңіз тұншығарсыз, Есеке.
Есет. Сөзді қой да, жігіті тарт. (Глазневті иегімен нұсқап күбірлейді.) Иә, жолдас директор, сонымен, әлемге әйгілі сайгүліктеріңізді кімге сыйлайтын болдыңыз? Қызыл Армияға ма, жоқ әлде шет елдегі бауырларыңыз біздерге ме?
Қаржау (тістене күбірлеп). Жап аузыңды. Көр басында тұрғаныңды қалай сезбейсің?
Сауыс. Жағыңыз қарысқыр, ағатай-ау, қайдағы көр айтып тұрғаныңыз?
Қаржау. Глазневтің сендерге арнап қазғалы жүрген көрі. Оның сендерге қараған көзінен мен соны байқадым.
Есет. Ол көрдің бізден бұрын жалмайтыны сіз болмас па екенсіз?
Қаржау. Иә, менмін. Сондықтан да сақтаныңдар. Қашан оның сеніміне ие болғанша, ешқандай сыр сездірмеңдер. Ол үшін сезік шақыратын әрекеттің ешқандай түрін жасамаңдар. Ұқтыңдар ма?
Сауыс. Мұныңыз ұқтыру емес, бұқтыру секілді-ау.
Есет. Бізді бұқтырамын деп кеудеңізге қанжар сұқтырып жүрмеңіз.
Қаржау. Екеуің де оттапсыңдар, сендердің бұққандарың өзімнің бұққаным емес пе? (Үшеуі құпия әңгімеге көшеді.)
Бименде. Қалай, өткен күндер қайтып келетін емес пе?
Глазнев. Өзі келмесе де, елесі түгелінен көз алдымда дәл бүгінгідей сайрап тұр. Тек сол соңғы соғыстың немен, қалай аяқталғанын сізден білгім келеді.
Бименде. Мезгіл боқырау айынын орта шені екені есіңізде болар. Үш күн бойы беттей алмай діңкелеген жау әскері төртінші күні таң біліне күтпеген жағымыздан келіп кенет киіп кетті.
Глазнев. Жау әскерінің күтпеген жақтан киліккені анық қой?
Бименде. Ол айдан да анық.
Глазнев. Меніңше де солай. Сізден тілегім: сол күнді ұмытпаңыз.
Бименде. Сіз де ұмытпаңыз.
Глазнев. Ол - менің қанымның жерге тұңғыш тамған, оғымның жауға тұңғыш атылған күні. Сондықтан, ол күнді мен ешқашан да ұмыта алмаймын.
Бименде. Мен сізден сол күні Сайдалының зайыбы, менің қарындасым Зейнетке айтқан бір сөзіңіздің сырын сұрағалы тұрмын. Мүмкін болса, жауыңызға тұңғыш оқ атқан шағыңызды есіңізге түгел түсіріңізші.
Глазнев. Мен атыса шегінген сарбаздарды өкшелей қуып бара жатқан тобыма ілесе алмай, жаралы аяғымды сүйрете басып жалғыз келе жатыр едім, мына бір тастардың арасынан бір әйелдің шыңғырған даусы естілді. Сол дауыс шыққан жаққа ұмтылып келсем, Тасыбай болыс бір әйелді шашынан сүйреп, қамшының астына алып келеді екен. Әйел, мөлшері жеті-сегіз жастағы баласын бауырына басып алып шыр-шыр етеді. Мені көріп мүлдем шыңғырып жіберді. Тасыбай болыс мені көре сала: «Ей, орыс, мынау бандылардың бастығы Сайдалының қатыны мен баласы, екеуіне жалғыз оқ жалынсын, қабаттап қой да ат, жылдам», - деді маған тепсіне ақырып. Мен басымды шайқадым. Ол мені мықтап бір сыбады да, етігінің қонышынан наганын суырып ала сала әйелді көздей бастады. Сол сәтте нендей сезім билегенін өзім де білмеймін, сау аяғыммен бір-ақ ырғып келіп оның қолындағы наганды мылтығыммен қағып жібердім. Наганы ұшып жерге түссе де, беті қайтқан жоқ, басымнан орай қамшымен екі тартты да, жерде жатқан наганын ала сала атып жіберді. Бірақ оның бетімді тілген қамшысы кегімді қайрай түскен екен, дәл сол сәттегі қимылым оның оғынан да шапшаң болды-ау деймін.
Бименде. Сонда сіз біздің Зейнетке: «Байың оғын кімге жұмсарын білмей мені жаралады. Ең ауыр жазалайтын жауы - өзінін ішіндегі ақ киімді біреу, соны тауып алып жазаласын» депсіз ғой.
Глазнев. Иә, оған қандай жаза бердіңіздер?
Бименде. Ешқандай. Өйткені оның кім екені күні бүгінге дейін табылған жоқ. Өз басым сонан бері сұрау салып іздеудемін. Кеше Алматыдан келген бір жазушыға еріп сол соғыс болған таудың түпкір-түпкірін түгел шарлап едім, сіздің сол сөзіңіз есіме түсіп көз жасыма ие бола алмай: «Меңіреу таулар, жақпар тастар - ау, айтсаңдаршы! Сайдалыны сатқан, ақ киімді азғын кім?» деп әр тасты бір құшақтадым. Сізді маған сыртыңыздан таныстырған сол жазушы. Ол Сайдалы екеуіңіз жайында кітап жазбақшы.
Глазнев. Осы күнге дейін ізін білдірмей кетсе, ол ақ киімді азғын нағыз залым екен.
Бименде. Мына Қаржау екеуміз ол қанша залым болса да табылатындай - ақ сабылдық, бірақ күндіктенер бірде бір жан табылмады.
Қаржау. Совет өкіметі орнап, қолымызға теңдік тиісімен біріміз - тергеуші, енді біріміз -прокурор болып шетінен тексеріп шықтық, сарбаздардың ішінде ақ киімді адам болмай шықты.
Глазнев. Іштеріңізде ондай азғынның болғанына ешқандай күдіктеріңіз болмасын. Тасыбайдың ауылынан аттанарда командиріміздің ең қатты қадағалап құпиялап берген бұйрығы: «Сарбаздардың ішіндегі ақ киімдіні атушы болмаңдар» деген әмірін өз құлағыммен естісем, мына таудың арғы бетіндегі тесігінен шығып белгі берген ақ киімдіні мен өз көзіммен көргенмін де, нысанаға талай алғанмын. Біздің жазалаушы отряд сол тесіктен келіп сарбаздарды қапыда бас салған-ды. Бұл да менің өз көзіммен көрген зұлымдық.
Қаржау. Айтпақшы, сіз сол Тасыбай болыстың оғынан алып қалған балаңыздың қазір қайда екенін білесіз бе?
Глазнев. Ол түгіл өз баламның да қайда екенін білмеймін. Ескі жараны тырнамағаныңыз жөн болар.
Қаржау. Кешіріңіз. Ал сіздің сол ажалдан алып қалған балаңыз осында.
Глазнев (қуанышты үнмен). Солай ма? Ол қайда?
Қаржау. Сіз оны ажалдан алып қалсаңыз, мен білім жолына салған едім. Екеуміздің үмітіміз ақталды, ол ең жоғары білімді Москвадан алып, кеше ғана келді.
Бименде (шошынғандай). Не дейді? Оның келетін күні ертең емес пе еді?
Қаржау. Жылдағыдай поезбен жылжымай, самолетпен ұшқандықтан кеше келді.
Бименде. Ой, самолетің бар болсын. (Өз-өзіне күңкілдеп олай бір, булай бір кетеді.) Самолет... самолет.
Қаржау. Қапаланбаңыз. Сіз бармаған соң қарсы алуға мен де барғаным жоқ.
Бименде (жүріп кетіп, қайта оралады). Оның ақ маңдайынан менен бұрын сендер сүйдіңдер – ау.
Қаржау. Иә, ондай кінәдан сау емеспін!. (Ашумен жөнелген Бимендеге дауыстап.) Үйге барып әуре болмаңыз, ол мына жақта, Әулиетасты аралап жүр.
Бименде (қайта бұрылып). Қап, сап-сау белімнің шойырыла қалғаны - ай. (Тасқа отыра кетеді.)
Глазнев (күлімсіреп). Бұл хабар мені мейлінше шаттандырып тұр, соған қарағанда, сіздің беліңізді ауыртқан шаттығыңыз болар.
Бименде. Ылайым, сіздің бұл сөзіңіз сырқатымның емі болсын.
Сауыс. Қареке, ірге көтерудің ырымын жасамақ, мына құрғақ қазық жерге кірер емес.
Қаржау. Оны ертерек ойлауың керек еді.
Сауыс. Ойланылған, сіздің рұқсатыңызды күтіп ойдағы машинаның ішінде әзір тұр.
Қаржау. Ондай рұқсатты өзіңнен сұра да ала бер. (Сауыс сыртқа жөнелді. Есет Глазневтарға жақындайды.)
Есет. Біріңіз Қанашты ажалдан алып қалған, енді біріңіз білім жолына салған әке көрінесіздер. Сонда бұл тойдың шарабын біз бейбақтар қашан ішер екенбіз?
Қаржау. Ол той кеше басталған-ды, жалғасы ертең біздің үйде, сізге арналады, Геннадий Гаврилович.
Глазнев. Маған не үшін?
Қаржау. Е, Геннадий Гаврилович, сіздің кім екеніңізді әлі білмей жатыр ғой, білгеннен кейін көресіз, сізді төбесіне көтермеген бұл елдің бірде-бірі қалмайды.
Есет (Глазневқа). Қаракемнің осы сөзіне куә еткелі тұрсыз ба, маған мұнша неге қадалдыңыз?
Глазнев. Сізді бұрын бір көрген секілдімін, бірақ қайда көргенімді есіме түсіре алмай тұрмын.
Есет. Бұрын көрсеңіз, мүмкін, есіңізге түсермін. Ойлана қарап, қадала түсіңіз.
Глазнев. Сіз мені бұрын көрген бе едіңіз?
Есет (ұзақ қадалып). Жоқ.
Глазнев. Онда кешіріңіз. (Алыстан әлдекімді көргендей.) Мыналар кім?
Қаржау. Қанаш дейтін баламыз сол. Қасындағы - менің қызым Мәруар, арғы екеудің бірі - өзіңіз ажалдан алып қалған жеңгеңіз Зейнет, қасында келе жатқан - менің зайыбым Дәмелі.
Глазнев. Осы тұсқа келгенде мен ол батырға кенеттен бір сұрау берейін, сіздер менің кім екенімді айтпаңыздар. Бәріңіз де бері жүріңіздер. (Олар далаға кетеді. Қанаш пен Мәруар келе жатады.)
Қанаш. Мәруар, сен мені тастап, қиял дейтін жігіттің құшағында кеттің - ау, үндемей қалдың?
Мәруap. Тап осы жерде сізді ажалдан құтқарған солдаттың құшағында келе жатқаным рас.
Қанаш. Ау, ол солдат қазір қырықтан асқан қырқылжың ғой.
Мәруар. Алпыстан асқан шал болса да мейлі... Неткен ғажап хикая.
Қанаш. Сол ол хикаяны әлі түгел естіген жоқсың ғой.
Мәруар. Мен қазір мамаң екеуіне кезелген мылтықты табаныма салып, оны қағып түсірген солдатты құшақтап тұрмын, онан әрі не болғанын айта беріңізші.
Қанаш (сәл ойланып). Тасыбай болыстың сол сәттегі түрін көрсем қазірде де шошыр едім. Ол жындана айқайлап, солдатты бір сабады да, қонышынан наганын суырып ала сала мамам екеумізді көздей бастады. Сол кезде солдаттың мылтығы келіп оның наганына сарт етті. Тасыбай да өлермен екен, наганы ұшып кетіп қарусыз қалса да қаймықпай, солдатты қамшымен екі тартты да, жерде жатқан наганын ала сала атып жіберді. Бірақ оның оғы далаға кетті де, қарсы атылған солдаттың оғы оны шалқасынан түсірді. Қайтып қарай алмай бетімді мамама бастым. Денем дір-дір етеді, мамам да дірілдеп тұр. Бізбен бірге бүкіл тау-тас та дірілдеп тұрған секілді. Бір кезде жалындай ыстық мамықтай жұмсақ бір нәрсе маңдайыма тиіп еді, бойым балқып сала берді. Бауырына жабысқан басымды ақырын көтеріп мамама қарасам ол екі көзін тарс жұмып алып, бірдеңені күбірлеп тұр екен.
Зейнет. Менің күбірлегенім бірдеңе емес, өлерде айтар иманым болатын. Айтар болсаң солай жөндеп айт.
Қанаш. Маңдайыма жабысып, жүрегіме әлі жалындай, әрі мамықтай сезілген солдаттың қан-қан екен. Оны өзі сезер емес, бізге жымия қарап тұр. Жүзінде - күлкі, көзінде - жас. Тасыбайдың жанағы қамшысы бетін тіліп кетіпті, сол қамшы тілген жерден қан сорғалап тұр, оны да сезер емес. Мынау алақандағы қан - сол тілінген беттің қаны.
Зейнет. Сенің маңдайыңнан жуылып алынған сол қанның қайда екенін де ұмытпағайсың.
Қанаш. Өзімді ұмытсам да, сол солдаттың маңдайымнан жуып алынып, жартысы әкемнің қабырына құйылған, жартысымен аты жазылған қанын ұмытпаспын.
Зейнет. Ұмытпа, құлыным. Халқың үшін төгілген данный, бір тамшысын ұмытуға болмайды.
Мәруар. Бір кездескен әкеге қаншама борышты болып қалғансыз, ә?
Қанаш. Солай ма?
Мәруар. Өзіңізше қалай?
Қанаш. Менімше, әкелер алдындағы борышты өтеу үшін алдымен оларды жақсы келінді ету керек секілді.
Мәруар. Жаңа ғана еді ғой, сіздің данышпан болмағандықтан ертеңгіні болжаудан безгеніңіз.
Қанаш. Әкелерді келінді ету үшін данышпандықтың керегі жоқ. Иә, сонымен, жауабымның жалғасын тыңдай бер. Сонымен, жаңағы солдат алыста, тау ішінде жүріп жатқан атыстың сарынына құлақ тігіп аз тұрды да: «Маржа, маржа, көзіңізді ашыңыз... қорықпаңыз... Сіздерді өлтірмек болған болыстарыңыз келмеске кетті. Байыңыз кімді атарын білмей мені жаралады, ол үшін мен сіздерді жазаламаймын, қорықпаңыз. Менің атым - Геннадий. Фамилиям - Глазнев, тек соны еске сақтаңыздар. Іштеріңде ақ киімді бір азғын бар. Сіздердің қырғын табуларыңызға себеп болған сол. Соны тауып алып, аяусыз жазалаңыздар. Сіздерді мен көргенім жоқ, мені сіздер көрген жоқсыздар, қош сау болыңыздар», - деді де, маңдайынан аққан қанды сүртпестен тас - тастың арасымен ақсаңдай басып жөнелді. Екі көзімді онан ала алмай мамамды былай құшақтап дәл осы жерде тұрған едім. (Мәруардың белінен құшақтайды.)
Мәруар. Неткен ғажап адам!
Қанаш. Мен бе?
Мәруар. Жоға, анау жаралы солдатты айтамын. (Қанаштың құшағында тұрғанын енді сезе қалып ыршып түседі.) Ұят - ай!
Қанаш. Шынында, мен қайда кеткенмін - ей?
Мәруар. Жұртта қалған Тасыбайдың ауылына қалдыңыз.
Дәмелі. Ертеде сізден талай естісем де, көбісін ұмытыңқырап қалыппын, балаңыздың жаңсақ айтқан жері жоқ-ау деймін.
Зейнет. Айтылмай қалғаны болмаса, айтқандарының жаңсағы жоқ.
Глазнев (тас арасынан шыға келіп, анадайдан). Оған мен де куәмін. (Оған ілесе манағы кеткендер қайта келе жатады. Бименде Қанаштың көзіне түскісі келмей далдаланады.)
Қанаш (аңырып). Өзімді білместен сезімнің куәсі болған сіз кім едіңіз?
Глазнев. Жалған сөзді енді ғана айтып тұрсың. Мен мына Әулиетастың иесі әулиемін. Жаралы солдаттың қанды алақаны сенің маңдайыңнан қалай сипағанын да көргенмін. Сол жаралы солдат мынау арада жатқан Тасыбай болыстың өлігін құзға домалатып жіберген еді. Сен оны айтпай кеттің. Мен оған да куәмін.
Қанаш. О, ғажап. (Глазневқа қадала түсіп.) Ма - ма!
Зейнет (екі көзі манадан Глазневта). Жасаған - ау, менің көріп тұрғаным қай әулие?
Глазнев (күлімсіреп). Бетіне Тасыбайдың қамшысы, аяғына сарбаздардың оғы тиген әулие.
Зейнет. Сен сол жаралы солдат Геннадийсің ғой?
Глазнев. Қателескен жоқсыз.
Зейнет. Қасіреттен тілім байланып, қорқыныштан үнім шықпай, бір ауыз тіл қата алмай, алғысымды да айта алмай, арманда қалған едім. Сонда сүйілмей кеткен маңдайыңды енді әкелші. (Глазневтың маңдайынан сүйеді.)
Глазнев. Маған да руқсат етіңіз. (Ол Зейнеттің қолынан сүйеді. Өзіне жақындап келген Қанашты құшақтай алып құшырлана сүйеді де, басына қарай қалып.) Маңдайындағы менің қаным қайда?
Қанаш. Жартысы әкемнің қабырында, жартысы алтынмен жазылған атында.
Зейнет. Сонау «Сайдалы» деген сөз жазылған алтынның ішінде сіздің қаныңыз да бар.
Мәруар. Анықтап қарасаңыз, «Сайдалы» деген жазудың түрі басқа жазулардың түрінен сәл басқарақ екенін байқайсыз.
Глазнев. Онда менің қаным текке кеткен жоқ екен. (Өзінің қаны бар жазуды анықтап көргісі келгендей тасқа жақындап, жазуына үңіле қарайды. Басқалардың назары соған ауған кезде Бименде Мәруарды ыммен шақырып алып, екеуі ыммен келіседі де Қанаштың ту сыртынан келіп көзін басады.)
Қанаш (екі қолды бірден сипалап). О, тамаша! Оң қолы, сол қолы көктемнің гүліндей бұл кім болды екен?
Бименде. Түрпідей тиген жасымның кәрілігі, көктемнің гүліндей сезілген жанымның жастығы болар.
Қанаш. Би аға! (Жалт бұрылады. Мәруар оның көзіне түспей кетеді. Қанаш пен Бименде құшақтаса кетіп, екеуі кезек сүйіседі.) Өзіңіздің жазып алған заңыңызды өзіңіз бұзғаныңыз қалай?
Бименде. Кешір, балапаным. Жазушы деген халық сиқыршы екен. Соның сонау Алматыдан келген біреуі сиқырлап алып, елсіз тауды кездіріп әкеткені.
Қанаш. Оның елсізден іздегені не?
Бименде. «Әкелердің қаны сұраусыз кетпейді» деген бір роман жазып жүр екен. Сол романы үшін іздегені - Сайдалының тарихы, нысанаға алғаны - ақ киімді азғын.
Қанаш. Ол ақ киімді кім екен?
Бименде. Оны бір құдайдан басқа жан білер емес.
Қанаш. Мен білемін.
Бименде. Анық па?
Қанаш. Анық, бірақ кім екенін айтпаймын.
Бименде. Дәл осың өтірік.
Қанаш. Оныңыз рас. (Бименденің иығына қолын салып.) Е, Би аға, ол ақ киімді азғынның кім екенін мен білер болсам қара бетін қанжарменен тілгілер едім ғой.
Глазнев (аулақтан дауыстап). Би аға, мүмкін болса мұнда келіп, менің қиялымды да біраз кездіріңізші. (Қасына барған Бимендені бір қолымен құшақтай тұрып, айналаға көз тастайды, әлденендей сұраулар береді, екеуі өз ара сөйлескен күйде келе барады. Екінші жақтан қолында екі сумка толы заттары бар Сауыс келеді.)
Сауыс. Ал, қадірменді қауым, өліге құрмет көрсетіп болсаңыздар, енді тіріге қызмет етіңіздер. Ол үшін алдымен қазық майлар жасап алайық, бері жақындаңыздар. (Дастарқан жайып, оның үстіне әр түрлі тағам, ішімдіктер қоя бастайды.)
Қанаш. Бұл не?
Сауыс. Біздің Қаракең бұл жарық дүниеде көрмеген рахатын ол дүниеде көргісі келіп, көзі тірісінде өзіне бір ескерткіш орнатпақшы. Мына жатқандар - сол ескерткіштің ірге қазығы. Қазір мен қазықтардың басына арақ құямын да қағамын. Қане, келе қалыңыздар. Алдымен, Қаракем, өзіңіз бастап жіберіңіз. Сонан кейін жастардың атынан, Қанаш, саған. Мә, ұста. Осылай бірі - бас, бірі - жастап кезек беріп отырамын, алғашқы сөз бәріміздің қамқоршы әкеміз, әрі кемеңгер басшымыз қадірлі Қарекеме беріледі. Сөйле, данышпаным.
Қанаш (Қаржауға). Қамқоршы әкеміз - ау, мына малайыңыз не айтып отыр, біз не естіп тұрмыз?
Сауыс (атып тұрады). Малайың не - ей, шырағым.
Қаржау. Сабыр, сабыр. (Қанашқа көз тастап.) Әкең Сайдалы екеуміз бір ананың қыздарынан туған, бір дәнді бөліп жеген бөле едік. Екеуміздің дүниеге келген күніміз де бір, майданға кірген түніміз де бір еді. Ол қан майданда қаза тапты да, шала-жансар мен жалғыз қалдым. Он сегіз жылдан бері ол жапа-жалғыз жатыр. Мен тірі әруақ әлі жүрмін. Жалған дүниені қанша қимасам да, бір кезде мен де өлемін, сонда мені тап осы жерге жерлеу осы тұрған бәріңе де аманат. Сендерге сабағатымды өлген соң да салмай, басыма қойылатын ескерткішті өз қолыммен орнатып кетпекпін.
Қанаш. Өлместен бұрын сайлау маған бір жындану секілді көрініп тұр, бұл қалай?
Қаржау. Бұл жындану емес, балам. Сенің арғы атаң Атығай батыр да, мына Дәмелінің нағашысы Аумаған да, кешегі өзіміз көрген ақын Мәшһүр Жүсіп те өздері өлместен зиратын салдырған.
Дәмелі. Бірақ, олардың, ешқайсысы әруақтың басына әкеліп арақ ішпеген болар.
Қаржау. Әр заманның өз салты, өз заңы бар, бәйбіше.
Есет. Жеңеше - ау, мұның бәрі Қаракеңнің өзі үшін емес, артында қалатын сіздер үшін, ұрпақтар үшін ғой. Қаракемніц бұл қамқорлығы бүгінгі біздерге ерсілеу көрінгенімен, ертеңгілердің кемеңгерлік деулері мүмкін ғой.
Сауыс. Құдай оңғарып, біздің Қаракем сондай атаққа ие бола қалса, сіз мұнан да сұлуланып кетер едіңіз.
Дәмелі. Сол Атығай батырдың әруағын шақырғым келіп тұрғанын - ай, ә?
Сауыс. Сіз шақырғанмен, ол батыр бабамыз келмейді ғой, келе қалса, рақмет айтып арқамыздан қағар еді.
Дәмелі. Иә, келмейді, келе қалса жегендеріңді желкелеріңнен шығарып, ауыздарыңнан қара қан ақтыpap еді.
Қанаш. Мәруар сізге тартқан екен, сол үшін. (Дәмелінің бетінен бір сүйеді де, қолындағы арағын шашып тастап кете береді. Қалғандар бәрі қаңтарылып қалады, Бұны Мәруар бұзады.)
Мәруар (Зейнет пен Дәмеліге күле қарап). Шалдар арақ ішкенде, кемпірлер билеу керек емес пе, неге тұрсыздар?
Дәмелі. Біз үшін сен биле. Әкең бір шаттанып шапалағын шартылдатсын, мына дастарқанның үстіне, өздерінің төбелеріне биле.
Мәруар (Зейнетке). Сіз неге үндемейсіз?
Зейнет (бір нысанадан көз алмай). Баламның жаңағы бір мінезінен есеңгіреп қалдым:
Дәмелі. Ақылдылықтың да қаталданып кететін шағы болады, ол үшін қапаланбай, қайта қуаныңыз.
Мәруар. Осы менің шешем өзіме тартқан. (Зейнет пен Дәмеліні екі қолтығынан алып, екеуінің бетінен кезек сүйеді.) Біріңіз емес, екеулеріңіз де ақылдысыздар, жүріңіздер. (Екеуін әкете береді.)
Қаржау (дауыстаңқырап). Зеке, мына Сауысқа «мұндай құрметіңді құрт жесін, қызметің қызыл итке жем болсын, аллауакпар» деп бетіңізді бір сипай кетіңізші.
Сауыс. Құрбандыққа тағы да мен шалындым, сіздерді мен қашан шалар екенмін, ә?
Қаржау. Онда осыны сенін келесі жылы келесі осы уақытқа жеткізбей құрбандыққа мені шалуын үшін алып жіберейік.
Есет. Жаңағылар менің кеудеме у құйып кетті. (жерге қояды.)
Сауыс (ішіп салып). Екеулеріңіздің ауыздарыңыздан бүгін ажал иісі аңқиды, бұл қалай?
Есет (арағын ішіп салып). Онда сенің мұрның қоянның құйрығына ұқсайды екен.
Сауыс. Ол не сөз?
Есет. Қоян қорыққан шағында денесінен бұрын құйрығы дірілдейді. Қаракем екеуміз бүгін мына таудың қоянын қырып қайтамыз, сенің мұрнына келген сол қояндарға келетін ажалдың иісі болар.
Қаржау. Әзіл-қалжың бәрі өз алдына, шынында, біз неге мылтық ала келмедік осы.
Есет. Ол үшін қайғырмаңыз, пулеметтен басқаның бәрі де табылады.
Қаржау. Онда тағы бірді құйып жібер, Сауысым.
Сауыс. Арақтың иісін қояндар мың қадам жерден сезеді. Оны да ескергейсіздер.
Қаржау (күле сөйлеп). Мынаның ит ішпейтін арақты да қимауын қара.
Есет. Шынында, арақтың буы айқайға айналып кетсе, қоянның құлағын да көре алмаспыз.
Қаржау (ішіп салып). Енді саған да рақмет.
Сауыс. Мылтықтарыңыз қанданып, ауыздарыңыз майлансын, аллауакпар. (Бегін бір сипайды да, кетеді.)
Есет. Өзі аңқылдаған жақсы адам.
Қаржау. Тек, қатыны қағынған.
Есет. Қағынған деген сөзіңізде сағынғандықтың оты тұр-ау.
Қаржау. Ол не сөз?
Есет. Жай, сіздің оның қатыны Әуеске әуес екеніңізді айтып тұрмын.
Қаржау. Е, сен менің ізімді аңдып жүр ме едің?
Есет. Алжи бастаған екенсіз. Маған сіздің ізіңіз түгілі өзіңіздің керегіңіз қанша?
Қаржау. Ей, шырақ, сөйлер болсаң сотқарланбай сөйле.
Есет. Мұнан да қаттырақ сотқарлансам қайтесіз? Менің кешегі Тасыбай болыстың баласы, жасырын атты жамылып жүрген жау екенімді айтып ұстап бересіз бе?
Қаржау. Бауырым - ау, өзің ішпестен мас болып қалғансың ба, не деп тұрсың?
Есет. Немене, менің Тасыбай болыстың баласы екенім бекер ме?
Қаржау. Бекер емес, бірақ өзімізге ажал болатын ондай сөзді неге айтасың?
Есет. Бізге келген ажал - жаңағы орыс. Сіз алдымен соны біліп алыңыз. Олар Сайдалыны сатқан ақ киімді азғын сіз екеніңізді неше жылдар бойы іздеп таба алмаса, мен әкемді өлтірген қас жауымды іздеместен таптым.
Қаржау. Ал таптың, сонда оған не істемексің?.
Есет. Менің не істейтінімде жұмысыңыз болмасын. Сіз бүгіннен бастап менің Глазневқа қарсы ататын оғым, шабатын қылышымсыз. Сіз соны ғана біліп алыңыз.
Қаржау. Егер бұл айтқандарыңның бірде-бірі менің қолымнан келмесе қайтесің?
Есет. Басыңызды әкемнің қанжығасына байлап берген он алтыншы жылғы бір хатыңыз менің қолымда тұрғанда сіздің қолыңыздан мен айтқанның бәрі де келеді.
Қаржау. Өлімнің біреу-ақ екенін де ескергейсің.
Есет. Қате айтасыз, өлімнің де ағы мен қарасы бар. Мысалы, сіз әшкерелене қалсаңыз сөз жоқ атыласыз. Өзі орнатысқан өкіметтің оғынан өлу өз ажалынан өлумен бірдей емес.
Қаржау (күрсіне сөйлеп). Иә, оның рас.
Есет. Әрқашанда осылай ақылды болыңыз. Мирзоянның шекараны шарлауы, мынаның келе сала көзімізден бастап жерімізге үңіле қалуы менің кең дүниемді тарылта бастады. Сондықтан, бүгіннен бастап Совет өкіметінен, атап айтқанда, сізден алар еншімді алып, тайып тұрудың әзірлігіне кірісемін. Сіз андамай аяқтан шалып жүрмеңіз.
Қаржау. Менен нендей енші қаламақсың?
Есет. Қалайтыным - армияға дайындалған аттардың үш жүзі ғана.
Қаржау. Үш жүз жылқымен қайда симақсың?
Есет. Көрші елге үш миллион жылқы да сияды.
Қаржау. Көрші елге? Сонда сендер үш жүз жылқыны айдап көрші жеріне етіп кетпексіңдер ме?
Есет. Сіз қалай деп едіңіз, бізді осы елде мәңгі қалады ғой деп пе едіңіз?
Қаржау. Сендерге сонша жылқыны беретін кім?
Есет. Оны сізден сұрайтын кім? Аналар осылай беттеп келеді, бері жүріңіз. Сірә, сол жолға өзіңіздің де әзірленгеніңіз жөн болар. (Олар кетеді. Аздан соң манағы кеткен жағынан Глазнев пен Бименде келе жатады.)
Глазнев. Сіз сол Тасыбай болысты көрген бе едіңіз?
Бименде. Бір рет көргенім бар.
Глазнев. Түрі қандай адам еді?
Бименде (сәл ойланып). Шот маңдайлылау, кейкі тұмсықтау, жақ жүніне жалғасқан дөңгелек қара сақалы, аузын көміп тұратын қою қара мұрты, иегі жалтыр таздай тақыр, қарыны тай қазандай жуан қара кісі болатын.
Глазнев. Оның жұрағатынан кім бар?
Бименде. Ешкім жоқ, бәрі де Совет өкіметі орнаған кезде шетелге қашып кетіпті. Оны не үшін сұрадыңыз?
Глазнев. Бұл маңайда қандай суретші барын білесіз бе?
Бименде. Білем. Біздің директордың Мәруар дейтін қызы адамның суретін құдайдың өзінен кем салмайды. Төрт жыл бойы дем алысқа келген сайын жартасты қашан Сайдалының мына суретін салған сол қыз.
Глазнев. Онда Сайдалының әруағы бәрімізден де сол қызға риза екен.
Бименде. Өлінің әруағы да, тірінің көңілі де риза. Сондықтан, ол қызды Сайдалының келіні еткіміз келеді.
Глазнев. Ол тілектеріңіз қабыл болсын. Тойларыңыздан мені де құр қалдырмаңыздар.
Бименде. Аман жетсек, сол тойды сізге басқартамыз.
Глазнев. Алдын ала рақмет. (Сайдалының суретіне жақындап.) Солай, Сайдалы бауырым, қанды ізін білдірмей кеткен кешегі сенің ақ киімді қара ниетті жауың - бүгінгі біздің де жауымыз. Ертеңгі ұрпақтардың жауы. Сондықтан біздер оның ізін де, өзін де табамыз, көрін де қазамыз. Саған берер антымыз сол.
Шымылдық.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Екінші сурет
Шымылдық көп жұрттың дуылдата қол соққан дүбірімен жарыса ашылады.
Сахна тас қараңғы. Жалғыз сәуле сахна төрінде тұрған Қаржаудың бетіне түседі. Жан-жағында отырған қошеметтеушілердің дыбысы, шыны ыдыстардың сылдыры естіледі.
Қаржау. Көзімнің ағы мен қарасы - Мәруарым, Қанашым! Мен саналы өмірімнің барлығын сендердің тілеулеріңді тілеумен өткізген әке едім, сол тілегіме бүгім жеттім. Келесі айдың келесі осы күнінде тойларын, сол күнді көріп өлсем арманым жоқ. Сондықтан ертең айтылар әкелік аманаттың бірін бүгін, осы қуаныштың үстінде айтуды мақұл көріп тағы да түрегелдім.
Дауыстар. Айтыңыз, айтыңыз.
─ Сауыс қарағым, құйып жібер.
Сауыстың дауысы. Қатыным қасымда отырғанда қолым қалтыраушы еді, сонда да тәуекел.
Қаржау. Менің бұл аманатыма мына отырған аналарың Зекең мен Дәмелі куә. Кеше әкелеріңнің жан қиысқан майдандас досы, бүгін өздеріңнің батагөй аталарың Биағамыз куә. Оған кешегі бір кезде әкелеріңе қарсы оқ атса да, бүгін тілеулеріңді туған әкедей тілейтін мынау Геннадий Гаврилович куә. Бұған өздеріңнің ең жақын ағаларың, ең адал достарың мынау Есет пен Сауыс куә.
Сауыс. Куәміз, куәміз.
Қаржау. Айтар аманатым: туған даламыз қандай кең болса, пейілдерің сондай кең болсын. Бірақ, жауларыңа мейірімді болмаңдар. Әсіресе, күле кіріп, күңірене шығатын, жымия қарап, жиырыла бұрылатын жалған достардың жәдігөйлігіне мейірімсіз болыңдар. Мысалға мына Геннадий Гаврилович ізіне түсіп жүрген ақ киімді азғынды алайық. Биағаң екеуміз бірдей соқыр болмасақ ондай адам біздің арамызда болған жоқ. Бола қалса, ол сөз жоқ, Сайдалының жалған досы. Егер ол бар болып табыла қалса, кім болса да оның кінәсін кешпеңдер. Осы ғана менің бүгінгі тілер тілегім де, ертеңгі айтар аманатым.
Қаржаудың бетіндегі сәуле сөніп, сахнаға жарық беріледі. Сахнада - Мәруар мен Есет. Мәруар Есеттің суретін салып отыр. Сахна сыртынан ауық-ауық тамылжыған ән келіп тұр. Мәруар сурет сала отырып сол әнге қосылып кетіп отыр.
Есет. Менің суретім қағаз бетіне түспесе түспесін, әнін үзілмесінші.
Мәруаp. Сіз бұл сөзіңізбен өзіңізді қорлап отырсыз.
Есет. Қалай?
Мәруар. Сөзді қойыңыз да көп қозғалмаңыз.
Есет. Ғұмырыңа құлдық. Бірақ сенің қасыңда тұрса аспанның күні де қозғалар еді.
Мәруар. Күн қозғалса да сіз қозғалмаңыз.
Есет. Балқып барамын, сәл жақындайыншы.
Мәруар. Жақындасаңыз жанып кетерсіз, әрірек, алысырақ отырыңыз.
Есет. Сені көріп отырып жансам жанайын.
Мәруар. Сіз мысық тілін білесіз бе?
Есет. Жоқ, оны не үшін сұрадың?
Мәруар. Менің мына бір мысығым өзім қайда барсам сонда барады, сіздің жаңағы сөзіңіздің шындығын сонан сұрайын деп едім.
Есет. Әттең, ол сорлының сөйлейтін тілі жоқ қой, егер тілі болса сенің атыңды атаудан бір талмай куш - туш мияулар еді.
Мәруар. Егер мысық болсаңыз өзіңіз қайтер едіңіз? Менің атымды атап күні-түні мияулар ма едіңіз?
Есет. Мен мысық болмай-ақ, мияулаудамын, әттең оны аңғарып жүрген сен жоқсың.
Мәруар. Солай ма? Онда кешіріңіз, мен мысық мінезді адамнан мысықтың өзін жақсы көремін.
Есет. Түңілдім. Түсіндім де түңілдім.
Мәруар. Неден түңілдіңіз?
Есет. Бірақ өмірде бардың бәрінен түңілсем де, сенен түңілмеспін.
Мәруар. Еркіңіз, тек өзгеден түңілуді қандай білсеңіз, өзіңізге үңілуді де сондай білгейсіз.
Есет. Өзіме - өзім үңілгенде көрерім немене? Сенен бір мүшел үлкендігім бе?
Мәруар. Егер өзіңізге өзіңіз жақсылап үңілсеңіз бір мүшел үлкендікті де, жарты ғасыр кішілікті де көрерсіз.
Есет. Сен мені қайда әкеттің?
Мәруар. Онша алыстаған жоқсыз, жарты ғасыр ғана. Құдай үшін, бір минут қозғалмаңызшы.
Есет. Көзімді сенен алмасам қайтеді?
Мәруар. Тілегенім сол.
Есет. А, құдай, Мәруардың осы сөзін періштенің құлағына шалындыра гөр!
Мәруар. Мәруарды жалындыра гөр деп те тілеңіз. (Салған суретін оған алыстан көрсетіп.) Қалай, ұнай ма?
Есет. Керемет - ау, керемет - ау... Нендей дұға оқырымды да білмей қалдым-ау. Көзің деп жүрсем арбаушы, қолың екен ғой нағыз сиқыршы. Сол сиқырлы қолыңнан бір сүюге рұқсат етші.
Мәруар. Жазықсыз қолға ондай қастық ойламаңыз.
Есет. Астағыпыралла. Саған қастық ойлағанша қара тасқа айналсам болмай ма?
Мәруар (дауыстаңқырап). Қанаш!
Қанаш (шыға келіп). Әміріңіздемін.
Мәруар. Әмірімде болсаң, алдыма кел де отыра қал. Есет аға, сіз боссыз.
Есет. Е, екеуің кеше ғана «сіз», «біз» деп сызылып жүр едіңдер, «сен» десетін семіз күнге де жеткен екенсіңдер ғой.
Мәруар. Тірі болсаңыз семіз күндердің талайын көресіз әлі. Қанаш, Есет ағаның суретіне қарашы, тамаша емес пе?
Қанаш. Сен бәрімізден де Есет ағаны жақсы көреді екенсің, мен бұл суреттен соны ғана көріп тұрмын.
Мәруар. Ала қолдық ала көңілден шығады, менің көңілім еш уақытта ала болған емес.
Қанаш. Ала қол болмасаң менің суретімді де дәл осындай етіп салшы.
Мәруар. Бетің қисық болса айнаға өкпелеме.
Қанаш. Ағасы, рұқсат етсеңіз.
Есет. Мен рұқсатымды беріп болдым - ау деймін. Аздап адаса жаздаппын, ол үшін кешірім сұраған түрім мынау болсын. (Мәруардың маңдайынан бір сүйеді де, үйге қарай жөнеледі, дауыстап барады.) Биаға, елі көшкен жайлаудай жаным құлазып барады. «Саржайлауды» бір сарнатыңызшы. (Кетеді.)
Мәруар. Терезеден қарағандарға бетің көрінбесін, тау жаққа қарап отыр.
Қанаш. Сол тауға қарасам әкемнің суреті елестейді.
Мәруар. Ол мен үшін мақтаныш. Есеттің суреті, шынында да, өзінен айныған жоқ, енді не бұйырасыңдар?
Қанаш. Енді сол суреттің - жақ жүніне жалғасқан дөңгелек қара сақалы, ауызын көміп тұратын қою қара мұрты, таздай тақыр иегі болсын.
Мәруар. Алдымен таздай тақыр иекті қоршаған қара сақалды салып алайын. (Бір қағазды жыртып алып соны сызғылай бастайды. Ойлана қалып.) Тоқта, тоқта... (Есеттің суретіне қарап.) Біздің Есет ағаның да иегі таз. Міне, қара. Ол қанша мұқият қырынса да, мен сақалдың орнын түгел қамтыдым. Сол тұқыл жердің бәріне сақалды қаулатсам сендер іздеп жүрген адамның суреті шыға келеді.
Қанаш. Сен қыз мұнан әрі оқушы болма.
Мәруар. Неге?
Қанаш. Әулие болып кететін түрің бар.
Мәруар. Әулие болсам да саған жетер емеспін. Соны мойында да, мынаны айтшы: Глазнев жолдастың іздегені Есет ағайға ұқсайтын біреу секілді. Ол табылған күнде біздің табарымыз не?
Қанаш. Ол табылса менің әкемді сатқан ақ киімді азғынның да табылуы мүмкін.
Мәруар. Онда мен Есет ағайды біраз көрейін, сен телміре бермей жайыңа отыр.
Қанаш. Бетіне қарауға да болмай ма?
Мәруар. Болмайды.
Қанаш. Неге?
Мәруар. Ойдан жаңылдырасың.
Қанаш. Менің телміре қарағаным сені ойдан жаңылдырса, сенің көзіңдегі бір ұшқын мені естен тандырып отыр.
Мәруар. Менің көзімнен көрінген өз көзіңнің ұшқыны болар.
Қанаш. Анық солай болса, өзіме қайтып берші.
Мәруар. Мен өз қолыммен алғаным жоқ, сен өз қолыңнан берген жоқсың, келген өзі, кетсе өзі кетсін.
Қанаш. Кеткенде қайда кетеді?
Мәруар. Қайда кетсем де өзіммен бірге кетеді.
Қанаш. Ау, екеуміздің үндеспеген түріміз осы ма?
Мәруар. Оған да кінәлі сенсің.
Қанаш (күрсіне сөйлеп). Ой, сорлы жігіттер - ай қалыңдығын қашан қармағыңды қапқанша бұйдалаған тайлақсыңдар - ау.
Мәруар. Мұндай заржақ тайлақты көрсемші.
Қанаш. Заржақ болмау үшін, аяғыңды жылытатын жарғақ болып жантайсам қайтеді?
Мәруар. Түздегі тайлақ та, үйдегі жарғақ та болдың, енді аспандағы тарғақ болуың ғана қалды.
Қанаш. Осы біздер әкемізді өлтірген ақ киімді азғынның ізіне түсіп отырмыз ба, жоқ әлде біріміздің ізімізге біріміз түсіп отырмыз ба?
Мәруар. Жөніңді жада таптың, онан да сенің манағы күдігіңнің ізіне түсейік. Ол не?
Қанаш. Әкеңнің біз құда түскелі келген күнгі айтқан аманаты есіңде ме?
Мәруар. Есімде.
Қанаш. Сондай қуанышты күні оның өлердегі аманатын айтқаны қалай?
Мәруар. Өзің қалай деп ойлайсың?
Қанаш. Ол не екеуміздің келешегімізге сенбейді, не өзінің жалған достықтан шеккен бір азабы бар.
Мәруар. Менімше, ол сенен сескенетін секілді.
Қанаш. Міне, қызық. Сенің әкең бе менен сескенетін?
Мәруар. Солай секілді.
Қанаш. Неге олай секілді?
Мәруар. Неге екенін білмеймін, әйтеуір, саған қараған сайын көзінен жалбарынып жалынуды көремін.
Қанаш. Сен не сұмдықты айтып отырсың?
Мәруар. Оның несі сұмдық?
Қанаш. Сеніңше, әкенің баласына жалынуы сұмдық емей немене, жақсылық па?
Мәруар. Сен мұнан былай маған бұлай қараушы болмашы.
Қанаш. Ол не сөз?
Мәруар. Ашуланған кезіңде түріңнің түр сияғы болмай кетеді екен. (Қанаш ойда отырып қалады, Мәруар оның суретін әлі де сызғылап отыр.) Ay, сен мені тастап қайда кеттің?
Қанаш. Мен әзір тірімін.
Мәруар. Тірі екеніңді білемін.
Қанаш. Тірі екенімді білсең, өлген соң айтар сөзіңді тірлігімде маған естіртпе.
Мәруар. Әкейлер келе жатыр .Мынаны оларға сен көрсететін бол. (Глазнев пен Қаржау келеді.)
Глазнев. Іске сәт.
Қанаш. Шын тілесе әкелер, ісіміздің бәрі сәт. Төрелігін айтыңыздаршы, мынау қандай керемет?
Қаржау (суретті қолына алып қарап). Күнім - ау, мынауың сурет емес тірі адам секілді ғой. Геннадий Гаврилович, қараңызшы, шынында, солай емес пе?
Глазнев (суретті қолынан алып ойлана қарайды да, әлдекімді есіне түсіргісі келіп тұрғаны сезіледі). Мұның таң қалдыратын тамашасы сол қайдағы бір жендетті менің көз алдыма алып келді.
Қанаш. Жөндетті дейсің бе?
Қаржау (суретті қолына алып ойлана қарайды). Тоқта, тоқта! Мына қанішерді мен шырамыта бастадым. Мынау баяғы Тасыбай болыстың суреті. Оллаһи, сол.
Глазнев. Адамға адам ұқсай береді. (Мәруардың бетінен сүйеді.) Рақмет, қызым.
Мәруар. Мен «Әкелердің арманы» атты бір сурет салуды қиялдап жүр едім, соны бүгін сіздерден бастайын екеулеріңіз қатар отыра қалып, армандарыңызды айтыңыздаршы.
Қаржау. Менің арманым аз, сондықтан айтарым да аз. Сөз кезегін сізге бердім, Геннадий Гаврилович.
Глазнев. Менің арманым аз, борышым көп. Сол көптің бірін айтсам айтайын.
Мәруар. Борышты айту арманды айтудан ауыр тимес пе екен?
Глазнев. Ауырды жеңілдеткен жақсы.
Мәруар. Кімде кім ауырдың жеңілденгенін тілесе тыңдайтын болсын.
Глазнев. Мен замандастарымның ей төмені өзіммен тең болуын тілеймін.
Мәруар. Социализмді аттап коммунизмге бірақ жеттіңіз. Мүмкін, тең болудың кілті не екенін де айтарсыз.
Глазнев. Оның кілті - адамшылық. Мен осында мынау Қанаш пен Зейнет жеңгейді көргеннен бері анық сезіндім. Адамшылық деген заманның тамұғын да таптап жүре беретін, тағдырдың тәлкегіне көнбейтін, тіпті ажалға да алғызбайтын ғаламат екен. Менің сол үшін өмір бойы мақтанатын түрім бар.
Мәруар. Ол үшін мақтануға ұрпақтарыңыздың да правосы бар. Бірақ, замандастарыңыздың бәрі бірдей өзіңіздей болу-болмауы табиғаттың ғана еркінде ғой.
Глазнев. Табиғат адамды жаратушы ғана, саналы етін өсіретін анасы - өзінің қоғамы. Мен өз семьямның, өз коллективімнің алдында сол қоғамның міндетін атқаруға борыштымын. Бұл сіздің де борышыңыз, Қаржау Найманбаевич.
Қаржау. Кешіріңіз, мен бір ойда отырып аңдамай қалдым, нені дедіңіз?
Глазнев. Қарауымыздағы адамдардың барлығы заманымызға сай болсын дедім.
Қаржау. Қолдан келмейді ғой, қолдап келсе кімнің құдай болғысы келмейді дейсіз.
Мәруар. Көзіңізді сәл алысқа жіберіңізші.
Глазнев. Борышымның бірі осы болса, енді бірі - Сайдалыны сатқан азғынды табу.
Қанаш. Сол екі сапарыңыздың екеуінде де мені серік етіп алғайсыз.
Мәруар. Сен - жол серігі, мен - ой серігі.
Қанаш. Бір ғажабы, мен соған да разы.
Мәруар. Папа, ендігі сөздің кезегі сізге.
Қаржау. Мен бар арманыма алдағы сәрсенбі күні жетемін. Сондықтан оны айтудың қажеті жоқ.
Мәруар (суретті сала отырып сөйлейді). Тілегіңіздің шегірткенің тілеуіндей қысқа болғаны қалай?
Қаржау. Шегірткенің тілеуі қысқа екенін сен қайдан білесің?
Мәруар. Өзім білетін жәндіктердің ішінде ертеңгісін ойламайтын сол ғана. Тым болмаса, өзіңізбен - өзіңіз іштей сырласыңызшы. Қазір бір жақсы ойға кеттіңіз, осы ойыңыздан айрылмаңыз.
Қаржау. Шынында, Геннадий Гавриловичтың жаңағы бір сөзі мені тым алысқа әкетіпті.
Мәруар. Ондай жақсы ойлар қанша алысқа кетсе де кете беріңіз, өкінбейсіз.
Қаржаудың дауысы. Сен қанша ақылды болсаң да, әкеңнің сырын білмейсің, балам. Менің айтып отырғаным - өз арымның алдындағы борышым.
Мәруар. Еңсеңізді сәл көтеріңіз.
Қаржаудың дауысы. Мына бір-екі улы жылан біресе мойныма оралады, біресе қойныма тығылады. Тығылып жатып та өзімді шаққысы келеді. Сондай күйде жүріп еңсені қалай көтерермін, қалай?
Мәрyap. Папа, сіз еңсенің не екенін білуші едіңіз ғой.
Қаржаудың дауысы. Бәрін де білемін, балам, тек еңсені езген мынау екі кеселден қалай құтылуды білмеймін... Таймастың бандысын сылтау етіп жылқышыларды мылтықпен қаруландырудың жолын жақсы тапқан секілдімін.
Мәруар. Міні, осылай жадырай түсіңізші.
Қаржаудың дауысы. Бірақ жаралы аңдай ашынып алған мына сұмырайлардың оны елейтін түрі жоқ-ау. Қапымызды бір тапса, қалың жылқыны алдына салып қашқалы жүр. Олардың бұл сұрқия сырын білетін мен ғана. Үндеуге дәрмен жоқ, үндей қалсам олардан бұрын өзім құримын. Өзімнің құрығаным түк емес, балаларымның бетіне таңба боламын. Сонда қалай, мен өз кінәмді бүркеу үшін оларды құтқарып жібермекпін бе? Жоқ, ол бола қоймас. Шет жерге елімнің жылқысы түгілі жібек қанат көбелегін де жібере қоймаспын. Қатерлі күн туа қалса, олардың екеуін де, өзімді де жоқ етермін.
Бименде (сөйлей келеді). Геннадий Гаврилович, мен әзірмін.
Мәруаp. Нағашы! Мен әкелердің біріне арманың енді біріне борышын айтқыздым. Екеуінің ортасына отыра қалып, аталық ақ тілегіңізді айтыңызшы.
Бименде. Балам - ау, менің тілегімнің бәрі ақ тілеу екенін сен жақсы білуші едің ғой.
Мәруар. Намаз оқыған сайын ақ киімді азғынды күнде бір қарғап күн сайын оған бір жаңа азап тілейсіз, оны да ақ тілеу дейсіз бе?
Глазнев. Жеңілдіңіз, отырыңыз да айтқанын орындаңыз. (Орталарынан орын ұсынады.)
Бименде. Қара ниеттіні қарғаудың өзі ақ тілеу екенін ойламадың - ау, балам. Жарайды, мен - ақ жеңілген болайын. (Ұсынылған орынға отыра бере сөз бастайды.)
Өмір - бейне қия жартас, сол қия жартас бетінде қилы-қилы жолдар жатыр. Мен ақ ниетті адамдардың бірде - бірінің сол қия жартастан мезгілсіз құламауын тілеймін.
Мәруар (суретті сала отырып сөйлейді). Тілегіңіз неткен асыл еді, айта түсіңізші.
Бименде. Адам өзі істеген жақсылығы мен жаманшылығына бір кездеспей кетпейді. Біреуге істеген бүгінгі жақсылығың - ертеңгі көрер рақатың. Біреуге істеген бүгінгі жаманшылығың - ертеңгі көрер азабың. Сол алуан түрлі азаптың бірі - ар азабы. Ар азабы - өшпейтін өрт, емделмейтін дерт. Ақ ниетті адамдардың бірде - бірінің сол дертке ұшырамай, сол өртке шарпылмауын тілеймін.
Мәруар. Ойламаған жердей енегелі сөз естідім. Рақмет, ататай. Енді алысқа қараңыз да өз ойыңызды кезе беріңіз. (Бәрі де үнсіз. Сырттан әрқайсысының даусы естіледі.)
Қаржаудың дауысы. Рас айтасың, Биаға, сол өмір бойы өшпейтін өртке шарпылған, сол өмір бойы емделмейтін дертке ұшыраған менмін. Сірә, мені бұл дерттен елім ғана құтқарар.
Глазневтың дауысы (көзі қолындағы суретте). Сен кімсің? Егер де сен Тасыбайдың баласы болып шықсаң, ақ киімді азғынды да табар едік - ау.
Қанаштын дауысы. Мына қызды осындағы барлық ата-ана өзінің туған баласындай көреді. Неткен бақытты. Бірақ қабағында бір кірбең бар, соны қалай білсем екен?
Бименденің дауысы. Саяси басшымыздың көзі әлдекімнің қанды ізіне түскен секілді, қайда апарып індетер екен?
Мәруар. Енді бәріңізге де рақмет.
Глазнев. Бәрімізден саған рақмет. (Бәрі де тұра бастайды. Сауыс келе жатыр.)
Сауыс. О, қазақтың қасқасы, орыстың жайсаңы, бәріңізге бір сәлем.
Глазнев. Қалай, олжалы қайттың ба?
Сауыс. Менің олжасыз кезім болған емес. Жетеуін бірден әкелдім. Оның төртеуі қос ауыз, екеуі жеке ауыз, біреуінің ауызы үшеу.
Глазнев. Ауызы үшеуін Би ағамызға, қалған алтауын жылқышыларға бүгіннен қалдырмай таратып бергейсің. (Дәптерін алып әлденені жаза бастайды.)
Сауыс. Жылқышылар мылтық ата білмейді ғой.
Глазнев. Білмесе мен үйретемін. (Жазған қағазын Қаржауға береді.) Мынау адамдарды қалай дейсіз?
Қаржау. (қағазға көзін жүгіртеді де, Сауысқа ұсынады). Мына адамдарды кеңсеге келтір, оларға мылтықты тапсыра тұрып, айтарым бар.
Бименде. Патрондары жеткілікті болсын.
Сауыс. Немене, жақындап қалған жау бар ма?
Глазнев. Шекарадан өтіп, жерімізге жасырын еніп кеткен жау бар. Олардың көздегені -біздің жылқылар.
Бименде. Тағы да Таймастың бандылары шығар.
Глазнев. Таймасты білуші ме едіңіз?
Бименде. Білгенде қандай. Ана жылдары ол қарақшы менің туған колхозымның жылқысын екі жыл қатарынан шауып әкеткен-ді. (Олар кетуге беттейді.)
Мәруар. Геннадий Гаврилович, менің сізде жұмысым бар еді, кабинетіңізде боласыз ба?
Глазнев. Жоқ, қазір Би ағаң екеуіміз фермаларды аралап, армияға жіберілетін сәйгүліктерді үкімет комиссиясынан бұрын өзіміз іріктеп шығамыз.
Сауыс. Фермаларды араласаңыз оған жауапты зоотехник Сауыстың керегі жоқ шығар.
Глазнев. Өзіңіз бар десеңіз бар, жоқ десеңіз жоқ. (Мәруарға.) Сен не айтпақшы едің, қызым? (Мәруар Бименде екеуіне әлденені айтып тұрады.)
Қанаш. Ойланып қалдыңыз, сірә, керегіңіз жоқ-ау.
Қаржау. Сауыс, сен мұнда керексің.
Сауыс (ашумен). Керегім неге жоқ, қане, жаның барыңда айтшы. Қураған жердің маманы сенің керегің болғанда, мыңғырған малдың маманы менің керегім неге жоқ? Қане, жаның барда жауап бер.
Қаржау. Жә, әзіл сөзге немене шамдана қалғаның.
Сауыс. Әзілдесетін бұл менің қашаннан бергі құрдасым еді. Байқа, балақай, мен азамат соғысы кезінде жаудың бомбасынан жындана жаздаған адаммын. Егер сол жыным ұстай қалса, қалта бомбасы болып жарылармын да, қарныңдағы жыныңды ауызыңнан ақтарармын.
Қанаш. Дәл осы сөзіңіз өтірік.
Сауыс (өршеленіп). Немене өтірік, немене, жаның барыңда ашық айт, немене өтірік?
Қанаш. Сіздің бомба болып жарылатыныңыз өтірік.
Сауыс. Егер жарылсам ше?
Қанаш. Онда ақтарылатын өзіңіздің жыныңыз.
Сауыс. Тап қазір, тап осы жерде бомба болып жарылып, күліңді көкке ұшырайын ба?
Қанаш (күле сөйлеп). Менің күлім болып көрінген өзіңіздің жаныңызға үймелеген қара шыбындар болар.
Сауыс. Жолдас директор, мен не естіп тұрмын?
Қаржау. Мен дәрігер шақыртайын, өзіңнің не айтып, не естігеніңді сонан сұрасаң қайтеді?
Сауыс. Дәрігер? Ол неге керек?
Қаржау. Сенің ескі сырқатың қоза бастаған секілді.
Сауыс. Маған ондай жала жаппаңыз, жолдас директор, мен ешқандай сырқат емеспін.
Қаржау. Сырқаттануға жақынсың. (Глазневқа.) Мұның осындай екі-үш минуттық ұстамалы сырқаты бар еді, сіздер оны елемеңіздер.
Қанаш. Онда бұл кісіге обал жасап жүр екенсіз.
Сауыс. Немене обал? Тіліңді желкеңнен шығарсын демесең айт жаның барында, немене обал?
Қаржау. Қарағым Қанаш, саған не болған, өзі нелеу адамды...
Сауыс. Нелеу? Нелеу деген немене? Мен бе нелеу? (Қанашқа.) Ал, Москвадан оқып келген, данышпаным, сен түсіндірші, «нелеу» деген не? Адам ба, сайтан ба?
Глазнев. Қанаш, сен маған керексің. (Олар кете береді. Сахнада Қаржау мен Сауыс.)
Қаржау. Сен немене, мүлдем нақұрыстанып кеткенің.
Сауыс. Шұрқ етпеңіз, сіздің есіңіздің дұрыстығынан менің нақұрыстығым әлдеқайда пайдалы. Тактика керек, тактика. (Кете береді.)
Қаржау. Қайда кеттің?
Сауыс. Ізіме түскендердің ізіне түсемін. Егер олар менің ізімді таба қалса, желкелерін кесемін. (Кетеді.)
Қаржау (жалғыз). Иә, кескілесер күн жақындады. Сендер басқаның емес менің желкемді кессеңдер екен. Сонда мен тап жауларының қолынан өлген болар ем. (Үй жаққа дауыстап.) Ау, Дәмежан, кең отырып бір кеңесейік, құдағи екеуің бері келіңдерші. (Зейнет пен Дәмелі келе жатады.)
Дәмелі (сөйлей кіреді). «Дәмежан» деген сөзін тым тәтті екен, айтар кеңесің ащы болмағай.
Қаржау. Мен кеудемді шаттық кернеген шақта еді-ау.
Дәмелі. Ащы сөзді өзіне айтар шағыңда мені осылай желпуші едің, осы сапар өзіңді желпісең қайтеді?
Қаржау. Мен кеудемді шаттық кернеген шақта ащы сөзді айта білмеймін.
Дәмелі. Ұзағынан дейінші.
Зейнет. Екеуіңнің әзілдерің әдемі саз секілді тыңдала береді, бұл неліктен?
Дәмелі. Тірі болсаңыз ондай әдемі саздың талайын естисіз әлі. Неліктен екенін сонда өзіңіз табасыз.
Қаржау. Зеке, мынау миуасы мәуелеген бақшаның, мынау жәннәттай жайнаған дүниенің ертеңгі иесі кім? Мен сіздерден соны сұрағалы шақырдым.
Дәмелі. Көмейіңе түсіндім, шалым, айта бер.
Қаржау. Саған айтарым: бір жұма дегенің бір сағаттай, зымырап өте шығады. Сондықтан, тойға осы бастан дайындала бер.
Дәмелі. Өзіміз де соны кеңесіп шықтық...
Қаржау. Сізге айтарым, Зеке, біздер екі жарты бір бүтін болғанымызға мәз болмай, ұрпақтарымыз жағатын оттың алғашқы алауын өз көзімізбен көріп кетейік. Ол үшін той өтісімен... (Сахнаның төріне таман барып жерді теуіп қалады.) Тап осы жерге балаларға арнап жаңадан бір үй салайық.
Зейнет. Мұндай ізгі тілекті қабылдамайтын кеселдігім жоқ. Бірақ жақын адамдардың алыстан сыйласқанын жақсы көруші едім.
Қаржау. Бір семьялы адамның алыстан сыйласқаны - араздықтың салқынындай сезілер, ойланыңыз.
Зейнет. Дәметай, сен не дейсің?
Дәмелі. Мен бар билікті енді сол екі баланың қолына берсек деймін.
Зейнет (Дәмеліні бір қолымен құшақтап кеудесіне қысады). Осындай ақылды сөздерді сен қайдан таба бересің осы.
Қаржау. Менен дарыған ғой.
Дәмелі. Онысы рас, өзінің жегені қаспақ, маған жегізетіні қаймақ.
Қаржау. Мен мұның осы сөзіне де қарсы емеспін.
Зейнет. Дәметай, фу, бұрынғы әдетіммен Дәметай дей беруімді қарашы. Екеуіміз базар жаққа барып қайтсақ қайтеді?
Дәмелі. Бұл да ақыл. (Екеуі кете береді.)
Қаржау. Қашан да тілейтінім сәт-сапар. (Жалғыз.) А, құдай, тым болмаса жалғызымның осы қызығын көргенше қырсығыңнан сақтай гөр.
Есет (ағаш арасынан шыға келіп). Құдайыңыз менен сәлем айтты, ол тілегі қабылданудан кеш қалды деді.
Қаржау. Астапыралла, сөзіңнің төркіні неткен жаман еді.
Есет. Сөзімнің төркіні де, өзі де жаман.
Қаржау. Тағы да өзімді - өзіме өшіктіргелі келген екенсің ғой, бұл сапар есебіңнен жаңылған боларсың.
Есет. Мен екі дүниені судай сапырсам да, есебімнен жанылмаймын. Ажалыңыз жақындады, сізге соны ғана сездіргелі келдім.
Қаржау. Өзімнің де тілегенім ажал. Сол ажалды өзгеден емес, сенен тілеймін, сенен.
Есет. Ау, сатылғыш ағамыз - ау, ақ киіміңіз тозса да, азғын атыңыз әлі қаз қалпында еді ғой. Тағы кімге сатылған едіңіз.
Қаржау. Әкеңнің алдауына түсіп адасқан басым Сайдалыны сатты да, өмір бойы азап тартты, тым болмаса сен аясаңшы.
Есет. Мен сол сізді аяғандықтан келіп тұрмын. Адалдығыма көзіңізді жеткізу үшін майдандас достарыңызға ажал болып тиген әйгілі хатыңыздың бір данасын ала келдім. Міне, өз жазуыңызды өзіңіз танырсыз да, мына бір сөздеріңізге түсінерсіз. Оқыңызшы. (Өзі оқиды.) «Әулиетастың шығыс жақ бетінде қалың қара бүрген бар. Сол қара бүргеннің арасында жан көзіне түспейтін бір бар. Мен кеудемді ақ шүберекпен орап алып таң біліне сол қуыстан шығамын да, белгі беремін. Шолғыншылар менен көз жазбай ізімнен жүріп отырсын». Мұнан арғысын оқымай-ақ қояйын. Есіңізге бәрі де енді түскен болар.
Қаржау. Өткендегінің бәрі де түсті есіме, ертеңгі көретінім де көз алдымда. Сондықтан күнде өлгенше бір-ақ өлейін, жүре қал.
Есет. Қайда?
Қаржay. Тура НКВД-нің өзіне барамыз да, мен Сайдалыны сатқан ақ киімді азғын екенімді айтамын. Сен мені аздырған, сарбаздарды қырғынға ұшыратқан Тасыбай болыстың баласы Сатан, жалған атты жамылып жүрген жау екеніңді айтасың. Мұнан басқа жол маған да, саған да қалған жоқ. Жүр.
Есет (қарқылдап күліп). Ой, ерім - ай, өзі қалтырап тұрса да, маған айбат шегуін қара. (Ойлана қалып.) Бір есептен, осыңыз табылған ақыл екен-ау, барсақ барайықшы. Қашанғы қоян бола береміз, қасқыр болмасақ та қарсақ болармыз, осылай бір өжеттеніп көрейікші. Жүріңізші. (Қаржаудың қолынан сүйрейді.)
Қаржау. Басым айналып кетті, кішкене тоқташы.
Есет. Басыңыз айналса да, жүрегіңіз айнымасын. Алдыңызда екі жол жатыр, не НКВД - ге барып берілесіз, не ертең кештен қалмай әскерге әзірленген алты жүз сайгүлікті алдыңызға саласыз да шетке қашасыз. Жолыңыз ашық, мен бастаған серіктеріңіз де, алты жүз жылқы да әзір.
Қаржау. Жоқ, бауырым, мен сенің әкеңнің тіліне азып, азғын жолға түскенде, осы туған жерді қимағандықтан, өлсем осы жерде елу үшін түскенмін. Енді қартайған шағымда құрт-құмырсқа жейтін елдің ішіне барып өлгенше, өз жерімнің құрт-құмырсқасына жем боламын, жолың болсын, тезірек кет. Глазнев сенің әкең Тасекеңнің суретін тауып алыпты. Енді оларға сенің кім екеніңді табу қиын емес. Қазірдің өзінде ізіңді аңдушылар болуы мүмкін, сақтан.
Есет. Менің кім екенім табылса, ақ киімді азғынның көрі қазылды дей беріңіз.
Қаржау. Оны өзім де білемін, сондықтан да мен сенің аман кеткеніңді тілеймін.
Есет. Кетпегенімді тілемейсіз бе?
Қаржау. Тілемеймін, ізіңе түсіп жүргендерді сезсең өзің де тілемейсің?
Есет. Сонда мен Совет өкіметінен кегімді алмастан, алдыма ең кемі екі жүз жылқысын салмастан кетпекпін бе?
Қаржау. Менің байқауымша, қазіргі шекарадан жылан жүрісті, жолбарыс жүректі жаяулар ғана өте алады.
Есет. Ым... солай деңіз... Сіз енді мені жаяу жібермексіз, а?
Қаржау. Тағы да айтамын, маған нанбасаң шығып кеткен саяқтарды іздеген болып шекара жақты шолып қайт.
Есет. Сіз бұрынғыдай емес, қартая бастаған секілдісіз, соның мәнін аулағырақ барып кеңесейікші. (Олар кетеді, екінші жақтан Қанаш пен Мәруар көрінеді. Қанаш екі көзін шарт жұмып алып әлденені күбірлеп келеді, күбірлейді де, екі саусағын түйістірмек болып, бірін-біріне қайта-қайта шүйілдіреді. Бір кезде саусақтары түйіседі.
Қанаш (түйіскен саусақтарына таңдана қарап). О, ғажап!
Мәруар. Ол не?
Қанаш. Біздің бұл қуанышымызға қатты қуанатын бір-ақ адам.
Мәруар. Ол кім, мен бе?
Қанаш. Жоқ.
Мәруар. Онда өзің болдың ғой.
Қанаш. Мен де емеспін, сен де емессің, шешелеріміз де емес, бәрімізден бетер қуанған сенің әкең.
Мәруар (қуанып). Анық па, сен анық солай деймісің?
Қанаш. Саусақтарым солай дейді.
Мәруар. Жүрегің не дейді?
Қанаш. Жүрегімнің де айтары сол. (Зейнет пен Дәмелі келе жатыр, Дәмелінің қолында ауырлау заты бар кейіндеп келеді.)
Зейнет (анадайдан). Ой, айналайын, ай - күнім менің. Осындай ай мен күн менен басқа кімде бар екен?
Дәмелі. Зеке - ай, екеуін әлден баурай бастадыңыз - ау.
Зейнет. Мұнан бұлай «менікі» дегенім - сенікі, «сенікі» дегенім - менікі. Сен соны осы бастан ұғып ал.
Дәмелі. Оны, әсіресе, сендер ұғып алыңдар.
Қанаш. Бәрін де ұғамыз затыңызды көтеруге рұқсат етіңіз.
Дәмелі. Зекеңнің сен екеуіне артқалы әкелген жүгі де жеңіл емес. Алдымен соны көтеріп алыңдар. (Бөгелместен үй жаққа өтіп кетеді.)
Мәруар. Мама, сіздің жүгіңіз көзге көрінбейтін сиқыры бар бірдеңе ме?
Зейнет. Байғазысын қазір бермесеңдер оны тоғыз ай, тоғыз күннен кейін көресіңдер.
Қанаш. Тоғыз ай, тоғыз күн? (Мәруар Зейнетке бетін төсейді, себебін білместен Қанаш та бетін төсейді. Зейнет екеуінің бетінен екі сүйеді де, жаулығының астыңғы тұсынан жас нәрестенің кестеленген әдемі көйлегі мен шалбарын суырып алады. Қанаш аңырып.) Мама, бұл не? (Зейнет жауап берместен нәрестенің киімін көз алдына көлбеңдетеді. Мәруар шалбарды алып Қанаштың басына кигізеді де, үйге қарай жүгіріп кетеді. Қанаш балағын сипай отырып.) Мама, мұныңыз сәл ұяттау болған жоқ па?
Зейнет. Жақсылықтың ұяттығы болмайды, балам.
(Сырттан машина дыбысы естіледі, Қанаш қарай салып ұшып түрегеледі.)
Қанат. Мама, балаңыздың да майданы басталды. Мына келгендер біздің экспедицияның адамдары. Мен оларды өзіміздің үйге орналастырайын, кілтіңіз қайда?
Зейнет. Оң жақ қалтамнан ала бер. (Өзі киімдерге шаттана қараған үміт құшағында. Қанаш оның қалтасынан кілт ала сала жүгіріп кетеді, Зейнет жалғыз.) Қызық, ә? Кеше ғана еді Қанашымның азамат болуын армандайтыным, ол тілегіме жетіп едім, енді немерені арман ете бастадым. (Көзін жерден алмастан сүлдерін сүйретіп Қаржау келе жатыр.) Ау, өзіңді-өзің сүйрегендей мұнша не болды? (Қаржау үн қатпастан, сол сүйретілген қалпын бұзбастан ақырын өте береді.) Қаржау, кішкене тоқташы.
Қаржау. Тоқтай алмаймын.
Зейнет. Неге?
Қаржау. Айта алмаймын.
Зейнет. Нені?
Қаржау. Білмеймін.
Зейнет. Мен сені қуантайын деп едім.
Қаржау. Айта беріңіз, бәрібір мен қуанбаймын.
Зейнет. Неге қуанбайсың?
Қаржау. Айта алмаймын.
Зейнет. Нені айта алмайсың?
Қаржау. Білмеймін.
Зейнет. Мен немереме арнап елде жоқ мынандай киім әкелдім. Байғазысына не берер екенсің?
Қаржау (тоқтай қалып). Немене? (Қуанып.) Немере дейсіз бе?! (Жалт қарап Зейнеттің қолындағы киімді көре сала ұшып барып Зейнетті құшақтай алады.) Немере?! Зеке, сіз неткен бақытты жан едіңіз.
Зейнет. Ay, жаңа, бәрібір, мен қуанбаймын дегенің қайда?
Қaржау (Зейнетті құшақтай алып, шыр көбелек айналдырады). Менде де жүрек бар, Зеке, менде де жүрек бар. (Сол сөзді қайталап, Зейнетті үйіре береді.) Немере, не-ме-ре... Басқа бақыт деген немене. Немере... Менде, менде де немере бар. Не-ме-ре! Не-ме-ре! (Шымылдық ақырын жабыла бастайды. Қаржау сол «немере» деген сөзді бар шаттық дауысымен айтып Зейнетті үйіре береді.
Шымылдық.
Үшінші сурет
Сахна сол қалпында.
Шалқыған музыка, алуан түрлі шадман дауыстар.
Дауыстар. О, ата менен аналар, той тойға ұлассын!
─ Тойларыңыздың құты дария болып тасысын!
─ Балалардың айы - күн болып жайнасын!
─ Шайы май болып қайнасын!
─ Өмірлері өмірдің өзіндей ұзақ болсын!
─ Достары көп, дұшпандары жоқ болсын!
─ Ағынан, ұзағынан. Ағынан, ұзағынан!
─ Ақ тілектер әрқашан да қабыл болсын, әмин.
─ Әмин... әмин..
─ Жастар келеді, жастар келеді.
─ Аналардың алтын күмісі, ақындардың асыл жыры шашу болып шашылсын, шашу - шашу!..
─ Шашу, шашу...
Беташар айтылады, оны қошаметтеген дауыстар ду көтеріліп барып басылады. Музыка. Жас жұбайлар түрінде киінген Мәруар мен Қанаш бастаған жас-кәрісінің бәрі сәнді киінген шұбар топ пар - парымен билеп сахнаны бір кешіп өтеді. Сахнада жан қалмайды, аздан соң Қаржау келеді.
Қаржау. Жалғаннан көрген жалғызым, жарық дүниемнің жалғыз күні, Мәруарым, сені құтты ұяда қондыратын күн жетті. Енді тек сенің бетіне шіркеу болмай жер бетінен тезірек жоғалсам екен, тезірек... тезірек... Ой, опасыз дүние-ай, маған ақ өлімді де қимадың - ау... қимадың - ау... қимадың - ау... (Сол бір сөзді қайталап, сахнаның ана шетіне бір, мына шетіне бір кетеді. Жан-жағына ұрлана қарап, кавказдықтарша киінген Сауыс жар астынан шыға келеді. Қаржауға алыстан арқан тастайды, тастай алмай, аяғын аңди басып Қаржауға жақындайды, омырауында жалғыз тал гүлі бар.)
Сауыс. О, менің асқар белім, шалқар көлім, самал желім, саумысыз?! Тойыңыз құтты болсын!
Қаржау. Айтқаның келсін. Өзің кавказдықтарға ұқсап кетіпсің ғой.
Сауыс. Мәруаржанның тойында Алатау мен Кавказды бірдей дірілдететін қанжар биін билегелі келдім. Алдымен ақ тілегіме орап әкелген мына гүлімді қабыл алыңыз.
Қаржау. Гүліңе орап әкелген уың да бар секілді ғой.
Сауыс. Оны қайдан білдіңіз?
Қаржау. Екі көзің қанталап, ерінің кезеріп кетіпті.
Сауыс. Ернімді кезерткен - өзімнің қасіретім, көзімді қан талатқан - Есетім.
Қаржау. Есеттің немене кегі?
Сауыс. Ол екеуіміз сіздің нұсқауыңыз бойынша шекара жақты барлап қайтқан едік, жолымызды тосқан белгісіз біреулер оны өлтіріп кетті.
Қаржау. Қайда, қашан?
Сауыс. Бүгін шаңқай түсте, Әулиетастың арғы жақ сыртындағы елсіз далада. Басшысы қаба сақалды қара шұбар біреу.
Қаржау. Қаба сақалды қара шұбар?
Сауыс. Қасында жалаңдаған екі жігіті бар. Үшеуі де қала адамдарынша киінген, үшеуінің де мінгені жылан бауырланған жүйріктер, үшеуінің де тақымдарына қыстырған шолақ мылтығы, сүйреткен мұз табан сойылдары бар. Қара шұбары Есетті танитын біреу.
Қаржау. Танитын? Оны қайдан білдің?
Сауыс. Біз жақындай бере түрлерінен сескеніп қашуға ыңғайланып едік, қаба сақал: «Ей, Сатан мырза, әкең Тасыбайдың көріне кірсең де менен енді құтылмайсың, оғымды шығындамай тоқта», - деді ақырып. Есеттің астындағы Оқ шабдар, менің астымда Жезкиік еді, екеуіміз де жұлдыздай ақтық. Олар да атына қамшы басып, мылтықтарын үсті-үстіне атып келеді. Бір кезде менен қиыс алда келе жатқан Есеттің арқасына ақ тырнақтың үлкендігіндей көк түтін үйіріле қалды, сол көк түтін үйірілген жерден қан бұрқ етті. Есеттің «ах» деуге ғана шамасы келді, шалқая бере қайта еңкейіп еді, арқасынан атқыған қаны басынан асып, атының жалын жауып кетті.
Қаржау. Өзің жайратқандай сөйлейді екенсің, өлігі қайда?
Сауыс. Құлаған кезде аяғын үзенгіден шығара алмай, денесі атының тепкіленген бауырында кетті, Сіз сол қаба сақалды қара шұбардың кім екенін ойлана беріңіз, мен Мәруаржанға гүлімді өз қолыммен тапсырып келейін. (Қаржаудың қолындағы гүлді ала сала жүгіріп кетеді.)
Қаржау. Бар қисыны шындыққа жақын. Қаба сақалды қара шұбары Таймасқа ұқсайды. Оның Есетте ескі кегі бары да рас, өйткені Есеттің былтырғы өлген әйелі соның тоқалы десетін. Бірақ бөрілердің бірін-бірі осылай жегені рас болса, мынау мұнда не үшін келді? Мұнда бір мақсат бар. Сірә, менің ең ақырғы зор майданым жақындаған болар. (Қалтасынан пистолетін алып, атылатын әзірге келтіреді.) Тіпті күткен сағатым соққан секілді. (Сауыс келе жатыр, Қаржау пистолетін ұстаған қолын беліне қояды.)
Сауыс (келген жағынан дауыстап). Мен қазір Қарекемнің бұйрығы бойынша асығыс ауданға барамын да келемін, оған дейін думанды менсіз дуылдата беріңдер. (Қаржаудың қасына жетіп келеді.) Қалай, қаба сақалды қара шұбардың кім екенін таптыңыз ба?
Қаржау. Таптым. (Сауыстың жағасынан ұстай алып.) Ол сенсің. Егер де сен болмасаң, ауданға хабарламастан мұнда неге келдің?
Сауыс. Буынып кеттім, жан керек болса босатыңыз.
Қаржау. Маған ендігі керегі жан емес, сенің қанжарың.
Сауыс. Солай болар, өйткені қара шұбар бандының аузынан «Сатан, Тасыбай» деген сөздерді естігенде, менің көзіме сіздің домаланып жатқан басыңыз елестеген еді.
Қаржау. Менің басым неге домалайды?
Сауыс. Есеттің кім екенін екеумізден басқа жан білмеуші еді ғой.
Қаржау (оны ерегістіруге бекінеді). Егер жалғыз басым Тасыбайдың баласы үшін домаласа, сен үшін нем домалар екен?
Сауыс. Мен үшін домалайтын асау аттың құйрығына байланған бүкіл денеңіз.
Қаржау. Апыр-ай, көсеуің тым қысқа екен, қолың күйіп қалмас па екен?
Сауыс. Менің көсеуім қысқа болса да, сіз өртелетін тамұқтың отын көсей алады. (Қанжарын суырып алады.) Алдымен бір сұрауға жауап беріңіз. Менің қатыным Әуес сізге әуес дейді, сол рас па?
Қаржay. Сенің Әуесің маған емес, мен оған әуеспін. Осы ма еді естімегің? Қане, өзің сол қатыныңның қатыны болмасаң сал қанжарыңды, сал, шартық неме.
Сауыс. Қалай салайын? Былай ма? (Өзі қылқынып тұрса да, қайыспай Қаржаудың ішіне қанжар салады.) Жоқ әлде былай ма? (Ішін баса құлап бара жатқан Қаржауға қанжарын тағы салады. Қаржау құлап түседі. Сауыс қанжарының қанын ағашқа жани сүртіп тұр.) Қош болыңыз, менің қамқоршым, бес жыл бойы панамыз болған еңбегіңіз амалсыздан осылай ақталды. (Алдына қарап.) Сен де қош бол, туған жер. Күніңнің көзіне көрінбей, түніңде ғана зымырайтын мен бір сенің жаралы жарқанатың. Бірақ жарқанат болсам да, бүгін үш адамның қанын төктім, әлі де талайдың қанын төгермін. (Атқи жөнеледі, жер басына жеткен кезде Қаржа оны атып жібереді. Сауыс шалқалап барып құлап түседі. Қаржау тәлтіректеп тұра бастайды, құлап түсіп қайта түрегеледі. Ішін басқан қолының саусақтарының арасынан қаны көрінеді.)
Қаржау (жерде жатқан арқанды алып, бір қолымен белін орай бастайды). О, адасқан басым, қайда кеттің домалап? Қаны доп боп атылып, мені осылай жайратқан сен неткен киелі жан едің Сайдалы?.. Ей, қайсың барсың?.. Жалғызымның бетіне шіркеу болмай, қызығының шырқын бұзбай тезірек су түбіне кетейін, мойныма тас байлап өлігімді өзеннің ең тұңғиығына тезірек тастаңдаршы... тезірек, тезірек... тезірек... Ей, қайдасыңдар, қабыршылар. (Тәлтіректеп кетіп бара жатады.) Қайдасың менің өзіме өзім шақырған, ажалым? Қайдасың менің өзіме өзім қазған, қабырым? (Ойланып тоқтай қалады, қайта бұрылады.) Мәруарым, жалғаннан көрген жалғыз бақытым, бар жеткен жалғыз арманым, қайдасың? Тым болмаса сені көріп жатып өлейін де, келсеңші, келші қасыма, көрінсеңші көзіме, Мәруарым... Мәруарым...
Сайдалының дауысы. Сен тағы да адастың, Қаржау, Мәруар менің балам. Мына тон соның айғағы.
Қаржау. Әмин.
Сайдалының дауысы. Бұл - сенің шын тілегің. Мен оққа ұшқан күннен бастап сен адамшылық жолына түстің, сол күннен бастап менің аруағымның алдында ақталып, ластанған арыңды тазарту үшін саналы өміріңді түгел сарп еттің. Мен көксеген бақытты заманға сен жеттің. Сен соның бәріне жау оғына кеудеңді төсеген ерліктеріңмен, елдің игілігіне еткен еңбектеріңмен жеттің. Бір кезде істеген жауыздығың жалған коммунистікпен бүркеп, бар жақсылыққа жауыздық жолдармен жетіп жүрген кейбір сұрқиялармен де күресіп өттің. Бірақ, соның бірде-бірі ақтай алды ма?
Қаржау. Жоқ, сондықтан да ар азабын шегудемін.
Сайдалының дауысы. Иә, опасыздық - ардың дауасыз дерті. Оның дауасы тек ажал ғана. (Қаржау теңселіп барып сахна шетіндегі аша бұтақты жуан ағашқа барып сүйенеді. Сахнаның екінші жағынан той-думаны жақындайды.)
Бименде (сахна шетіне шыға бере қолындағы домбырасын көкке сермеп). О, халайық, толқын мен толқын туласқандай тойымыз тойға ұлассын. Бастаңдар, жастарым; қостаңдар, қарттарым. (Жастар тобы билей шығады. Олардың ішінде қалпақтарын желпілдетіп кен зерттеушілер де жүр. Зейнет, Дәмелі, Глазнев, тағы басқалар Бименденің қасына келіп тоқтайды. Шаттық биі қызу жүріп жатыр. Жаны қанша қиналса да, бұларға алыстан қызыға қарап аулақта Қаржау тұр, жүзінде шаттық, көзінде жас. Басқалар оны байқамайды.)
Дәмелі. Жастар бастады ғой, қарттар неге қостамаймыз? Келіңіз, Би аға. (Бименде екеуі билеген болады.)
Зейнет (Глазневқа). Онда біз неге тұрмыз?
Глазнев. Бәсе (биді бастай бере тоқтап), сіз екеуіміз өзіміз үшін де, Сайдалы үшін де билейміз. (Екеуі билей жөнеледі.)
Қанаш (Мәруармен билеп жүріп бұларға жақындайды). Онда билеріңіз әкемнің қанындай қызулы болсын. Міне, былай... (Биді қыздыра түседі, Шымылдық ақырын жабыла бастайды.)
Шымылдық.