- 28 қар. 2019 00:00
- 264
Колледж мұғалімдерінің категорияларына үстемақы төленеді — Аймағамбетов
«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін де оған өзгертулер енгізетін кез келеді. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
«Тағы бір маңызды бастама, көптен бері көтеріліп жүрген проблема — колледж мұғалімдерінің категорияларына үстемақы төлеу. Он жыл бойы колледжде істейтін мұғалімдер осы проблеманы көтеріп жүр. Шын мәнінде бұл өте өзекті және директорлары мен олардың орынбасарларының, әскерлердің де жалақысы төмен. Олар өздерінің біліктілігіне сәйкес бүгінгі таңда үстемақы алып отырған жоқ. Сондықтан, осы заң жобасы аясында осы мәселені шешуді де қарастырып отырмыз. Біріншіден, осы әріптестеріміз еңбекақысы екі есе көтерілетін басқа да ұстаздар ішіне кіріп отыр. Екіншіден, өздерінің категориясына сәйкес, 30-дан 50-пайызға дейін тиісті үстемақысын алады», — деді ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын таныстырған министр.
Оның атап өтуінше, педагогтерді материалдық ынталандырулар қаржымен толық қамтамасыз етілген. Жалпы бес жылға осы нормаларды жүзеге асыру үшін 5,3 трлн теңге беріледі.
«Депутаттар бұл мәселені өздері көтеріп, қолдап, «Бюджет туралы« заңда қарастырған болатын. Жалпы, заң жобасы аясында мұғалім мәртебесін арттыру мәселесі ғана емес, білім саласының сапасын көтеру мәселесі де шешіледі. Бүгінгі отырысты пайдалана отырып, еліміздің барлық мұғалімдерінің атынан және жеке өз атымнан Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелеріне, жұмыс тобының мүшелеріне біздің заң жобаларымыз бойынша ауқымды жұмыстарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Біз қарастырмаған нормалар бойынша ұсыныстар түсіп жатыр және жұмыс істеп жатырмыз. Ең бастысы бұл — құқықтық негіз болатын заң. Әлі де заңды жетілдіруге болады. Мемлекеттің дамуына байланысты мұғалімдердің жағдайын жақсарту үшін болашақта тиісті өзгерістер енгізетін кез келетін шығар деп ойлаймын», — деді Асхат Аймағамбетов.