Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Комплекс тақырыбы қандай болу

КОМПЛЕКС ТАҚЫРЫБЫ ҚАНДАЙ БОЛУ

1.Тақырып кездейсоқ болмасын, оның мәнісі: не болса соңы тақырын қып ала салма деген сөз. Комплекстің тақырыбын тоғыздың басына: атқа, жамбыға, құндызға салыстырып едік қой, тоғыз жасағанда. Кез келген бұйыммен бастата салмайды. Таңдайды, талғайды, іріктейді, сұрыптайды, «бас» болуға осынау олқы болмас деген нәрсені алады.

Бұл сияқты тақырып програмның бас пікіріне – еңбекке сол бөлімдегі балалардың мүддесіне, жасына, мағлұматына қарай таңдату керек.

2. Тақырыптың бөлімдері (тараулары) біріне-бірі жалғасып, тіркесіп, тетелес кеп отырсын, шатасып, араласып, былығып кетпесін, құндызға тіркеу шапан, оған тіркеу комзол, оған тіркеу көйлектік шыт, оған тіркеу ыштандық 4 кез кіртон, оған тіркеу орамал... деген сияқты, бөлімдерінің арасында жақыннан алысқа қарай, аздан көпке қарай, бүтіннен қиқымға қарай, сырттан ішке қарай, үлкеннен кішіге қарай жағалайтын бір тәртіп болу керек.

3. Тақырып пұшықтың танауындай, тыныстар болмай, білімнің әр тарауынан мағлұмат бергендей, жан-жағы кең суат көлдей болу керек.

Партаны», «шәкіртті» тақырып қып алсақ, оның суаты тар болады, одан білім таратуға келмей қалады, «лампы», «шылым», «от» , «самаурын», «күкірт», «жіп» сияқты уақ нәрсені тақырып қылсақ одан да сорақы боп шығады. Пұшықтың танауы нағыз солар болады.

Тақырып қолма-қол мағлұмат беріп, баланың білімін іске оранын арттырғандай болу керек. «Комплекс», «пәнге» қарсы қойылған сөз болғандықтан, нәрсенің соқа басын ғана емес, өмірдегі нәрселердің түйдегін толық зерттеу керек. Бір, екінші кішкене тақырыптарға қайраңдап, оқудың көлемін тарылту баланын табиғатына да қиын соғады. Тұсаулы малдай, баланың қол-аяғы бір уыс боп, тыпырлап, тырбаңдап қалады. Мұғалімнің тынысы тарылатыны өз алдына.

4. Тақырып барлық баланы жұмысқа етпеттеп жұмылдырғандай, бәріне де қызық, бәріне де қызмет табылғандай болсын.

Дайын мағлұматты мұғалім айтып беріп, балалар жадағай отырып, таңдағандай болмасын, мұғалімнің жәрдемімен өмір мәселесін бала өздігінен ойлап, ізденін шешкендей болсын.

5. Әрбір тақырып өзге тақырыптар қатарынан оғаш, шешек шыққан үйдей оңаша тұрмасын. Барлық тақырып көгеннің бұршағындай тізіліп, ол тізілісте белгілі тетелестік болсын.

6. Бір тақырыпқа керекті, керексіз көп деректерді шоқпыттап тығып, тақырыптың басынан асырып тұншықтырмасын. Басы тақырыптан, кіндік пікірден алыстап, қияға шығып кетпесін, артығының бәрі қырналып, алып тасталсын.

7. Тақырып таңдап алып, оны жұмыстағанда жаттығу есеп, тіл ұстарту, жазу, оқу, еңбек қылу, өнер жасауы деректері жеткендей толық болсын (барлық сабақ уақытының 40 проценті немесе тең жарымы жаттығу жұмыстарына арналғаны жөн).

ТАҚЫРЫП НЕШЕ КҮНДІК БОЛУ ЖӨН

«Пәлен күнге бір тақырып алынсын, одан артық та, кем де болмасын» деп кесіп-пішіп айту ағат. Үйткені барлық тақырыптарды бір қалыпқа соққандай қып жасау мүмкін де, дұрыс та емес. Кейбір кеңірек, көлемдірек, комплексті жұмыстарға уақытты молырақ салу керек. Кішірек тақырыпқа уақытты да шағындап алу керек болады. Әйтсе де осы кездегі тәжірибелерге қарағанда, комплекстің ең үлкені екі айлық, ең азы апталық болып басылып жүр.

Кейбір орыс мектептері 3 айға (80 оқу күніне) лайықтап, 1-нші жылы мынадай тақырыптарды алады екен:

1. Баланың мектептен бұрынғы өмірі

2. Мектеп пен танысу

3. Балалардың саулығын сақтау

4. Октябрь төңкерісі

5. Қысқа дайындау

6. Баланын қысты күнгі төңірегі

7. Тоқсан (семестр) тиянағы – көрме.

Есептесек, екі аптаға бір тақырыптан келеді.

Кейбір мектептер оқу жылына барлығы 14 тақырып алып жүр. Оқу күндерін дәл жеті ай деп есептегенде, мұнда да екі жұмаға бір тақырып орнаған боп табылады.

Кейбір мектептер 2 жылға 21 тақырып арнаған. Қандай-қандай десеңіз мынадай: 1) Күз, 2) Күзгі қала, 3) Қысқа дайындалу, 4) Мескөм, 5) Совет, 6) Адамның қысқы өмірі мен еңбегі, 7) Көктем, 8) Үй, қыр хайуандары, 9) Астық, 10) Ат (?), 11) Сиыр (?), 12) Жолбарыс, 13) Құстардың өмірі, 14) Орман, 15) Бау, 16) Қайың (?), 17) Қала (?), 18) Кішкене қала (?), 19) Қала – мәдениет ошағы, 20) Шойын жол – қала мен даланың еңбек қатынасы (?), 21) Төңкеріс мейрамдары.

Бұл тақырыптардың ішінде тым уақтап кеткен, қолайсыздары бар, мәселен, сұрау белгілері қойылған: «ат», «сиыр», «жолбарыс», «қайың», «қала», «кішкентай қала», «шойын жол қала мен даланың еңбек қатынасы» деген тақырыптар әрі уақ, әрі тақырып шартына келмейді, әрі қайталама боп кеткен.

Біздің «жаңа мектепте» бұзылған қазақ програмында бірінші жылға 8 комплекс (тақырып), екінші жылға 7 тақырып алынған.

I жылдық тақырыптар:

1. Мектеп, бала, үй іші (3 жұма).

2. Күзгі жаратылыс (3-4 жұма)

3. Мектеп және үй ішінің күзгі жұмысы (3-4 жұма).

4. Қыс түсуі (3-4 жұма).

5. Қысқы тұрмыс (4 жұма).

6.Қыс малдың тіршілігі (2-3 жұма)

8. Жазғытұрғы тұрмыс (?)

II жылдық. тақырыптар:

1. Жазғы тұрмыс (2 жұма)

2. Ауылдың күзгі жұмыстары (4 жұма)

3. Қыс түсу (4-5 жұма)

4. Үй хайуандары (3 жұма)

5. Ауылдағы қысқы тұрмыс пен еңбек (4-5 жұма)

6. Жазғы тұрғы бет алу (3-4 жұма)

7. Ауылдың жазғытұрғы жұмыстары (4 жұма)

Бұл тақырыптардың қолайлы, қолайсыздығын сөз қылмағанда, әуелгі төменгі сұрауларды шешуіміз керек.

1.Елде оқу қай айда тоқталып жүр? Көпшіліктің жауабы: Апрельдің 15-20-ында, азының қала маңындағылардың жауабы: майдың бірінде тоқталады.

2.Елде оқу қай айда басталып жүр? Көпшіліктің жауабы: Октябрьдің бірінен басталады.

3.Қыс ортасындағы – жаңа жылды, жазғытұрғы – марттағы мейрамдарды мейрам қыласыңдар ма? Оқытасыздар ма? Көпшілік: оқытамыз.

4.Октябрь мейрамын, Қазақстан Республикасы құрылған күнді, Ленин өлген күнді, Париж коммунасын, Наурызды, Айтты, жұмаларды есептемегенде барлығы неше күн оқу болады? – Есептесек, дәл алты ай оқу болады екен.

5.Комплексті қолданғандардың неше күнге бір тақырып алдыңдар? – Бір аптаға, екі аптаға бір тақырыптан.

6.Комплекс тақырыптары аз күнге арналғаны ма? Көп күнге арналғаны ма қолайлы? – Озса екі апталық, әйтпесе бір апталық болғаны қолайлы.

ТҮРКІСТАН ЖАҒЫНДАҒЫ МЕКТЕПТЕРГЕ

ЛАЙЫҚТАЛҒАН ТАҚЫРЫПТАР

Түркістан жағындағы елдердің тұрмыс, кәсіп жағдайын еске алып, кеңесіп отырып жасаған тақырыптарымыз соңғы болды (бұл тақырыпшалардың жалғыз-жарымы болмаса, көбі білім ордасының програмындағы тақырыптардың тарауы есепті).

I жылға

1. Баланың мектептен бұрынғы өмірі (1 жұма). Октябрьдің 1-7 дейін.

2. Мектеппен таныстыру (1 жұма). Октябрьдің 7-15-не дейін.

3. Баланың саулығын сақтау (1 жұма). Октябрьдің 15-21-не дейін.

II. 4. Күзгі тұрмыс (2 жұма). Октябрьдің 21-нен 13 ноябрьге дейін. Октябрьдің мейрамы (3 күндік) тақырыпша осыған кіреді.

5. Қысқы там (1 жұма). Ноябрьдің 13-20.

III. 6. Қыс басы (2 жұма). Ноябрьдің 20-5 декабрь.

7. Соғым сою (1 жұма). Декабрьдің 5-12.

8. Қысқы жаратылыс (?) (1 жұма). Декабрьдің 12-18.

9. Суықтан сақтану (1 жұма). Декабрьдің 18-24.

10. Малдың күтімі (2 жұма). Декабрьдің 24-6 январь.

11. Қысқы үй тіршілігі (1 жұма). 6-13 январь.

12. Балалардың қысқы еңбегі, ермегі (1 жұма). 13-20 январь. Ленин азасы (3 күндік). 20-23 январь.

13. Қысқы аң, балық аулау (1 жұма). 23-30 январь.

14. Арық-тұрақ малды күту (2 жұма). 1-14 февраль.

15. Қыс аяғы (2 жұма). 14-20 февраль.

16. Егінге дайындалу (2 жұма). Марттың 1-14.

17. Жазғытұрғы тұрмыс (2 жұма). 14-28 март.

18. Мал балалау (1 жұма). 26 март - 5 апрель.

19. Көші-қон қамы (1 жұма). 5 -12 апрель.

20. Жазғы жаратылыс (2 жұма). 12 -26 апрель. Май мейрамы (4 күн). 26-30 апрель.

Бұл тақырыпшалардың ішінде 3 апталық боп жасалған жалғыз-ақ «Күзгі тұрмыс». Оның ішінде де октябрь мейрамы кіргендіктен 2 жұмалық боп шығады. Өзгесі бір жұмалық, 2 жұмалық, қолайсызырақ боп алынған тақырып «Қыс басы» мен «Қысқы жаратылыс», екеуінде де қысқы жаратылыс жөнінен сөйленіп қайталама болуға, материал табылмауға мүмкін. Үйткені еңбек туралы өзге тақырыпшада көп сөйленеді. Іс жүзінде байқап, қолайсыз келсе, өзгертуге байластық. Бұлардың ішінде қайталама боп келген бір-екі тақырыпша бар. Оның бірі «Баланың саулығын сақтау» мен «Суықтан сақтану», енді бірі «Малдың күтімі» мен «Арық-тұрақ малды күту». Бастапқы туралы ескертетініміз, білім ордасының програмында «Денсаулық» туралы бөлек тақырып болмайтын, денсаулық жайын әр тақырып тұсында ескертіп, іс жүзінде істетіп отыру керек делінген. Сол қайталай берудің өмір жүзінде баланы мезі қылатын тәрізді бір, екінші, денсаулық жайын бөлек тақырып қып қаза бермеген соң, елеулі болмайтын, баланың есінде қалмайтын тәрізді. Балаларды күнде бақылап, құнттап отыру өзі басқа, оның үстіне саулық сақтауды айрықша тақырыпша қылсақ та, көп болмайды дестік. Сондықтан алғашқы кезде саулық сақтаудың жалпы шарттарын білдіруге, «Балалардың саулығын сақтау» деген тақырыпшаны алдық, қыс түскен соң, суықтан сақтанудың жан-жануарға, бала түгілі үлкендерге де керектігін, зиянын, сақтану жолын білдіруге «Суықтан сақтану» деген тақырыпшаны алдық. Малдың күтімін екі рет алған мәніміз: алғашқы тақырыпшада жалпы мағлұмат берігі, екінші тақырыпша кезінде жануардың қысаңдайтын жағында балаларды қолма-қол араластыру керек. Ол кезде одан үлкен науқан жоқ дегендіктен еді. Іс жүзінде қолайсыз табылса, оны да өзгерту керек.

Мұнда кейбір ұсақ мейрамдар көрсетілмейді. Оны мұғалімдердің өз қарауына, тұрмыс жағдайына қалдырдық.

Енді II жылға арналған тақырыпшаларға келейік.

II ж ы л ғ а

I. 1. Жиын-терін (2 жұма). Октябрьдің 1-15.

2. Күзгі жаратылыс (1 жұма). Октябрьдің 15-21.

3. Қала мен ауылдың айырбасы (1 жұма). Октябрьдің 21-28.

4. Қора-қопсыны өңдеу (1 жұма). Октябрьдің 23-3 ноябрь. Күйек байлау (3 күндік). 5-7 ноябрь.

II. 5. Мәдени өсімдік (қоза, салы, кендір, майкене, дермене), жиын-теріні (2 жұма). Ноябрьдің 7-21.

6. Ауыл (2 жұма). Ноябрьдің 21-6 декабрь.

III. 7. Ауылдағы әлеумет ұйымдары (3 жұма). 6-26 декабрь.

8. Ауылдағы қол өнері мен кәсіп (2 жұма). Декабрьдің 26-10 январь.

9. Үй хайуандары (2 жұма). 10-24 январь.

IV. 10. Малды жұттан сақтау (2 жұма). 24 январь -7 февраль.

11. Егін жабдығын қамдау (2 жұма). 7-21 февраль.

V. 12. Егінге үкімет жәрдемі (1 жұма). 21-28 февраль.

13. Күннің жаратылысқа әсері (1 жұма). 1-7 март. Марттың 8, 12, 18, 22, 23 — мейрамдар. Бұл мейрамдар арасында егіске «көн», «топырақ төгу», (9-12), «көшет егу» (13-18) – тақырыпшалар.

14. Бау-бақша жұмысы (1 жұма). Марттың 23-31.

VI. 15. Малдың түрлі аурулары (1 жұма). Апрельдің 1-7.

16. Арық шабу (1 жұма). Апрельдің 7-15.

17. Жылдық жұмыстың жиынтығы. Жаңа жазғы дайындық (2 жұма). Апрельдің 15-30.

Күйек байлау», «Егіске көн-топырақ төгу», «Көшет (ағаш) егу сияқты 2-3 күндік тақырыпшаларды санамадық.

Бұл тақырыпшаларды еңбек түрлерін: жиын-терін, егін салу, арық қазу, салық жинау, бау-бақша жұмысы сияқтыларды жергілікті мұғалімдердің көрсетуі, айтуы, ұйғаруы бойынша әрбір науқанның кезіне келтіріп алдық. Лайық келмегендер болса, мұғалімдер өздері ауыстырмақшы. Білім ордасының тақырыптары орны ауысып келгені оқа емес деп ойладық. 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама