Photo: Ayazhan (https://www.pexels.com/@ayazhan-3173683) / Pexels
- 28 мам. 2026 21:00
- 27
"Көңілдес болып жүре бермедіңіз бе?" – Тұңғышбай Жаманқұлов жұбайымен қарым-қатынасы жайлы сыр шертіпті
Белгілі театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов өзінен екі мүшел кіші жұбайы Дәрия Әбдімәлікқызымен қарым-қатынасы жайлы тың деректерді жариялады. Актердің айтуынша, ол шәкіртіне ғашық болып, кейін отбасын құрған.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Актердің сөзінше, сол кезде қоғамның пікірі мен сөздерін ойлайтын жағдай болмаған. Тұңғышбай Жаманқұлов болашақ жарының еңбекқорлығына, ақыл-парасатына және адамгершілігіне баурап алғанын айтты.
Жұбайына деген сезім мен қоғамның сөзі
«Оқушым, ол кезде сөзді ойлайтын жағдай болмады. Мен оның еңбекқорлығына, ой-пайымына тәнті болдым. Қазіргі тілмен айтсақ, көзсіз ғашық болдым. Белді будым да, осы шешімге бардым», – дейді актер.
Ол бұрынғы өмірінің бәрі жақсы болды деп айтпайтынын, бірақ жұбайының өзіне деген сыйластығының сезімге айналғанын жеткізді. «Біз жасырын жүруге қорқып, ашық кеттік. Маған біреу: «Атағыңыз бар, қызықсыз. Сізден екі мүшел кіші, оны жақсы көрсеңіз, көңілдес болып жүре бермедіңіз бе?» деді. Мен «Көңілдес бола алмаймын. Мен тек күйеу бола аламын» деп жауабын бердім», – деп бөлісті Тұңғышбай Жаманқұлов.
Актердің қазіргі отбасында екі ұл, бір қызы бар. Үлкен ұлы Мәскеуде университет бітіріп келсе, екінші ұлы тіс дәрігері мамандығын оқып жатыр. Қызы 10-сыныпта білім алады.
Тұңғышбай Жаманқұлов кім?
Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов – қазақ театры мен киносында өшпес із қалдырған танымал актер, режиссер, ұстаз. 1948 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген ол сахнаны өмірлік мақсаты етіп, актерлік жолды таңдады. 1970 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына қабылданды.
Актер Әуезов театры сахнасында Бақтығұл, Сырым, Абылай хан, Әбутәліп сияқты күрделі кейіпкерлерді сомдап, көрермен ықыласына бөленді. Кинода да Чекист, Тәңірберген, Әбілқайыр, Қайырхан, Құнанбай рөлдерін нанымды ойнап шықты. «Отырардың күйреуі» фильміндегі Қайырхан рөлі үшін 1992 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алды.
Тұңғышбай Жаманқұлов 1993-2001 жылдары Әуезов театрының бас директоры әрі көркемдік жетекшісі қызметін атқарды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның халық әртісі атақтарына ие болып, Парасат және Достық ордендерімен марапатталған.