Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 51 минут бұрын)
Көрісу

Қазақстанның батыс облыстарында кең үрдіс алған — көрісу. Жыл сайын наурыздың 14-інен бастап жазылмаған заң бойынша жасы кішілер үлкендерге көрісе барып, батасын алады.

Бұл әркімнің өз үйінен басталады. Таңертең тұра салып, әке-шешеңе, үйдегі өзіңнен үлкен адамдарға қол беріп амандасасың. Олар: «Жас қайырлы болсын, өмірің ұзақ болсып, әлі талай көрісуге жазсын!» — деп бата береді. Бұл дәстүрлі көрісу, яғни жыл жаңарғандағы бірінші кездесу, адамдардың былтырдан бергі бірінші көріскен күні. Осы күннен бастап былтырдан бері көріспеген адамдар бір-бірімен қол беріп, үлкен адамдар құшақтасып, төс түйістіріп, амандасып, көрісу ырымын жасайды. Үлкені кішісіне міндетті түрде «Жас қайырлы болсын!» айтады. Яғни «жалпы қауымға жаңа жыл келді, адамдарға бір жас қосылды, осы жас қайырлы болып келсін, келер жылға аман-есен жетейік» деген тілеу. Ал, өткен жылдан бері кездеспеген адамдар қашан кездессе де (наурыз басталғаннан кейін апта, ай өтуі мүмкін)  бір рет көрісуі шарт. Бір жылға жетерлік бір көрісу. Бұл алыста тұратындар немесе жолаушылап жүрген хақында.

Ал, ауыл адамдары наурыздың бірінен (қазіргіше 14-інен) жас балаларды «ауылдағы қария адамға, өз әулетінің үлкеніне барып көрісіп кел» деп бағыттап отырады. Соған орай ол үлкен кісінің үйі де: «Жыл келді ғой, ертең көрісуге балалар келіп қалар», — деп дастарқанын қамдап, үй ішін қонақ күткендей жинап отырады. Бұның наурыз көжеге, айтқа ешқандай қатысы жоқ. Таза жыл басындағы тұңғыш кездесу күні. Ақсақал адамдарға балалар ғана емес, жас жігіттер, ересек адамдар да барады. Балалар батасын алып, кәмпит, бауырсақ, құртын қолына ұстап, келесі үлкен үйге шығып кетсе, жігіттер немесе үлкендер жағы тізе бүгіп, үй иесіне өткен жылдан бергі бітірген ісін, немесе қолға алғалы жүрген шаруасын айтып, әңгіме-дүкен құрып қалуы мүмкін. Ал бойжеткен қыздар ауылдағы ісмер, көпті көрген аналарға, жеңгелерге көрісе барады. Сол үйде тоқу, тігу, аспаздық өнер жайлы, таяуда уақыты белгіленіп қойылған қыз ұзату тойы болса, оның жасау-жабдығы жайлы сөз қозғалады. Мұндай белгілі шеберлер де көрісушілерді арнай күтіп отырады.

Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен,
Жаңа ағытқан қозыдай жамырасып келіскен.
Шалдар бата беріскен, сақтай гөр деп терістен!
Жас қайырлы болсын ағайын!

Оқуға кеңес береміз:

Көрісу


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама