Күйеулер
Үш актілі, күлкілі поэма
Бірінші акт
Жазғытұрым: Жылы шуақ, жер көгере бастаған. Тау стегінен алыс төменгі колхоз малшыларының көктемгі жайылымындағы ауыл. Түс мезгілі, малды аман төлдетуге арналған той. Ел жиналып жатыр, жайылған кілем, киіздер. Орындықтар. Ортада келгендерді қарсы алушы домбыралы, орта жастағы ақын жүр.
Ей, ағайын, тыңдаңдар!
Айтар сөзім той бастар.
Тойға келді толықсып
Кәрі достар, сырластар.
Тойға келді жасанған
Жас құрбылар, құрдастар.
Осы бір қызық думанды
Meн бастамай кім бастар.
Мұның аты төлге той,
Төл өсірген елге той.
Уызға той, майға той,
Жұт көрмеген малға той.
Айранға той күбілі,
Қымызға той сабалы;
Ініге той сабырлы,
Ағаға той жағалы.
Хор (ақынның ырғағымен.).
Төгілді ақын, төгілді
Таудан нөсер аққандай,
Жыр басталды дауылды
Борандатқан ақпандай,
Айтып жібер ағыла
Тағы да, ақын, тағы да!
Қарт қойшы Досай бәйбішесі Жанбикемен екеуі кіреді.
Ақын
Ел ағасы Досай қарт
Шопан ата атанған.
Қой өсірген қоралап,
Алғыс алған отаннан.
Жанбикесі жанында
Жас келіндей жасарған.
Ұсынамыз сыйлы орын
Игі жақсы қатардан.
Жастар бұларды отырғызды. Маңғаз басқан, орта жастағы, сақалды, мұртты, зор денелі Жұрқа көрінеді. Ақын оны да құрметпен қарсы алады.
Келіп қалды Жұрқамыз
Тау шыңындай тұлғасы.
Ері атанған жұртымның,
Мыңға татыр бір басы.
Жолында бар береке,
Қолында бар береке,
Колхозымның мырзасы.
Мырзалығын мақтасам,
Жарып қалар олжаға
Мен секілді құрдасы.
Жол беріңдер, жақсылар,
Жұрқам үшін тер басы.
Жұрқа (Ақынға мәз бола қарай),
Білесің - ау кімді мақтар жеріңді,
Тежемейсің айла менен ебіңді,
Мә, алып қал саған деген сыйлығым,
Сен де аямай өлеңіңді құй бүгін.
Қалтасынан орамалға ораған ақшаны лақтырып жібереді. Ақын қағып алады.
Хор (ақынның ырғағымен).
Төгілді, ақын, төгілді
Таудан нөсер аққандай.
Жыр басталды дауылды
Борандатқан ақпандай.
Айтып жібер ағыла,
Тағы да, ақын, тағы да!
Бір шеттен шляпалы, галстукты, стильмен киінген, қолында жуан кітабы бар, самай шашын ерекше ұзын түсірген жас жігіт тым сыпайы дауыстай сәлемдесе кіреді. Бұл Баяш еді.
Баяш
Ассалаумағалайкүм, көп жамағат,
Кешіріңдер кешіксем бірер сағат.
Досай
Жоғары шық, жас мейман (Жұрқаға).
Бұл кім, Жұрқа, танымадық, кәрілер?
Жұрқа (көпке таныстырып).
Баяш жолдас - жазушы,
Тұрар жері - астанамыз Алматы.
Баяш (көпшілікке бас ие).
Келдім іздеп кең даламның аспанын,
Келдім іздеп жалын атқан жастарын,
Келдім іздеп ақындықтың музасын,
Арналады махаббатқа дастаным.
Осы мезетте әсем жабулы, үкіленген торыға мінген Гүлбәйра кіреді. Атқа шабуға ыңғайлы киінген сұлу қыз. Қыз да, бозбала да көңілді.
Ақын (Құлпыра шырқайды).
Үкілі жүйрік мінгені,
Оқалы қамзол кигені,
Өңшең тұлпар баққаны,
Қарына құрық ілгелі.
Келіп қалды Гүлбәйра
Думанды тойға кіргелі.
Толған айдай ақ беті.
Күндей нұрлы күлгені,
Қара шашы құндыздай,
Қара көзі сүрмелі.
Жарысар жігіт бар болса,
Алуға бәйге жүлделі.
Тәуекелге бел байлап,
Шығындар кәне, ілгері.
Жарқ еткен қызға жұрт түгел сүйсіне қарайды. Әсіресе естері кеткен Жұрқа мен Баяш, Бұл екеуі жарыса тұрады.
Баяш
Өңім бе, әлде түсім бе,
Сене алмай тұрмын көзіме.
Ұсатып тұрмын суретін
Аңсатқан арман өзіне.
(жүгіріп аттылы қызға жетеді).
Жүзіне тоймай қарайын,
Көтеріп аттан алайын.
Шляпасын алып бас иеді.
Жастар күліседі.
Ілесе жеткен Жұрқа
Баяшты келекелей кейін қағады.
Жұрқа
О, жігітім, әуреленбе бекерге.
Тұр жайыңа шляпаңды көтер де.
Жақсы досы, Жұрқа ағасы тұрғанда
Түспес көзі Гүлбәйраның бөтенге.
Баяш таңданған пішінде
Жұрқа Гүлбәйраға бұрылады.
Болсын деп саған қызық той жасаттым,
Гүлбәйра
Тойдың асын таусылмас мол жасаттым,
Гүлбәйра.
Қалағанын мінсін деп, ат байлаттым,
Гүлбәйра.
Қалағанда кірсін деп ақ үй жаптым,
Гүлбәйра.
Ақ аруым, Гүлбәйра,
Сенсіз қызық күн қайда,
Сенсіз қызық түн қайда!
Жұрқа аттан көтеріп алмақ боп қолын созғанда. Гүлбәйра тepіc жағынан секіріп түсіп кетеді. Тұрғандар күліседі, атты бір жігіт байлауға әкетеді.
Гүлбәйра (әзілдей).
Таңдап міндім жүйрікті көп саңдақтан достарым,
Қорықпаушы едім түндерде борандатқан, достарым.
Күндіз тойда тап болды қос бөрі кеп, достарым.
Гүлбәйраға ортаңда ат ойнатқан, достарым.
Қорға мені, қорғаңдар, құрбыларым, достарым.
Қорлаушыдан кінәсіз қыздың арын, достарым.
Келер ме едім, асығып ат арытып, достарым,
Білсем маған арналған той боларын, достарым.
Гүлбәйра осы сөздерін жас құрбылар тобын аралай жүріп айтады да, Досай мен Жанбикенің жанына барады. Әке мен шеше таласа сүйеді қызын.
Досай (Жұрқа жаққа түйіле қарап).
Ойнаңдар, ағайын, ойнамаңдар
Ойнасаңдар айтылар ойда барлар.
Кешірмейтін кегімнен тартар жаза
Мені ойыншық көруін қоймағандар.
Баласы жас, әкесі қойшы екен деп
Арзан қылжақ етем деп ойламаңдар.
Жанбике (ара түсіп, жайып-шуып).
Шалым-ау, саған не болған,
Ұқпадың ба жас құрбылар ойынын?
Әзіл айту, қағысу
Салты емес пе біздің қазақ тойының.
(Жұрқаға күліп)
Абыржыма, жақсы Жұрқа, қайыным,
Мен өтермін тентек аға айыбын.
Жұрқа (қуанып).
Жанбике, жан жеңешем,
Сен сүйесең, демесең
Керегі не маған одан басқанын,?
Осындайда қысылсам,
Достық қолын ұсынсаң
О да маған үлкен олжа қосқаның.
Жанбикенің қолына алады,
Одан топқа әмір ете бұрылады.
− Бастаңдар күрес, алысты,
Бастаңдар бәйге, шабысты!
Жақындаған машина гүрілі. Жұрт солай бұрылады. Сәлден кейін тақау тоқтаған машинадан түсіп, жайраңдай шыққан көк комбинезонды. көрікті, сүйкімді жігіт Аңғарбайды көреміз. '
Аңғарбай
Тойларыңыз, тойға ұлассын,
Төлдеріңіз төлге ұлассын, ағайын.
Жұрқа
Танымадық, жол болсын?
Аңғарбай (ойнақы).
Таныңыздар таңданбай,
Атым менің Аңғарбай.
Сорлы да емес, зор емес,
Асыл да емес, қор емес,
Бір қызға жар болғандай.
Айтыс көрсем ақынмын
Сайыс көрсем батырмын.
Жолға шықсам шопырмын,
Жортып келе жатырмын.
Жұрт қоршай түседі.
Жақсы ағалар тобының
Жайдары бір жасымын.
Малшыларға шай тасу –
Ең сүйікті кәсібім.
Дүкеншімін көшпелі,
Тойға да бар шашуым.
Әлеуләйләй, әлеуләй,
Әкелгенім қант пен шай!
Арзан да бар, қымбат бар,
Асыл да бар, жасық бар.
Айна да бар, тарақ бар,
Қазан да бар, қасық бар.
Алатының алып қал,
Алмайтының қарап қал!
Ашты дүкен Аңғарбай,
Қалмаңыздар қамданбай!
Аңғарбай сырттағы дүкеніне беттейді, ересек, ер-әйелдердің көбі солай беттейді, қыздар шоқтанып өзара күбірлесіп қалады.
Гүлбәйра (күліп).
Жігіт кәне Аңғарбай,
Қыздар
Жүректегі армандай.
Гүлбәйра
Көзі қандай тамаша.
Қыздар
Екі жұлдыз жанғандай.
Гүлбәйра
Сөзі қандай тамаша.
Қыздар
Ернінен бал тамғандай.
Гүлбәйра
Қасы қандай тамаша,
Қыздар
Түннен сызып алғандай.
Гүлбәйра
Басы қандай тамаша!
Қыздар
Парасатқа толғандай.
Ха-ха-ха!
Ха-ха-ха!
Бұл өзгелер кеткен жаққа құшақтаса шыға береді. Сахнада Жұрқа мен Баяш қана қалады.
Жұрқа
Кетті қоршап мына жұрт Аңғарбайды,
Жұрқа елеусіз қалғанын аңғармайды.
Гүлбәйра да күлімдеп көз алмайды,
Я шешеден, я менен қорғанбайды.
Құйын ба өзі, жын ба өзі, сиқыр ма өзі
Қызықтырар қыздарды бар мінезі.
Сақ бол, Жұрқа, берік бол Гүлбәйраға,
Тәуекел деп беліңді бір байла да.
Баяш
Ләйлім менің Гүлбәйра, ынтызарым,
Көрдім де, күйдім - жандым, жұттым жалын.
Қасірет тартар, қайғырар болдым Мәжнүн,
Өзімде енді қалған жоқ ықтыярым.
Айлы түнде дариға бір кездесіп,
Жүрегімнің жұмбағын айтсам шешіп.
Махаббаттың арманын баяндасам,
Сол түннен соң ырзамын оянбасам.
Жұрқа (Баяшты көріп).
Саған не жоқ тайталасып, шырағым.
Кешіріңіз, мен де сіздей ғашықпын.
Жұрқа (жеңін сыбанып).
Айтшы қайта, естімеді құлағым?
Баяш (өзіне үрке).
Қандай үрей түрі мына пасықтың!
Қаша жөнеледі. Аңғарбай өзгелердің жәрдемімен машина тіркеуінен бөлінген дөңгелек үстіндегі көшпелі магазинді сахна төріне итеріп кіргізеді. Жастар да қосыла кірген. Бәрінің көзі дүкенін ашып, жоғары көтерілген Аңғарбайда.
Аңғарбай
Miнe газет, міне журнал,
Романдар бар, өлеңдер бар.
Қалаушылар қол созыңдар
Әсіресе, жастар жағы жапырлай қол созады.
Дауыстар
Маған, маған! Маған, маған!
Газет, кітаптар тасталады.
Жұрқа
Доғарыңдар, доғарыңдар,
Бұл қай тәртіп шуылдаған?!
Аңғарбай (бөгелмей).
Кәрілерге әсем шекпен,
Етек-жеңін әдіптеткен.
Қымбат та емес қынжыларлық,
Бұл, ақсақал, сізге лайық.
Секіріп түскен жігіт шекпенді
Досай қартқа жабады.
Дауыстар
Құтты болсын, Досеке!
Құтты болсын, құтты болсын!
Аңғарбай (тағы да жоғарыдан).
Жеңгелерге ақ көйлек пен ақ жаулық,
Қыздар үшін қызыл жібек орамал.
Қалаушың ал қарызға да қараймын.
Ден сау болса ақшасы да оралар.
Дауыстар
Маған, маған! Маған, маған!
Аңғарбай орамал, жаулықтарын созылған қолдарға дестелеп шашады. Өзгелермен бірге Гүлбәйра да бір орамалды басына салады.
Жұрқа (Аңғарбайға ашумен).
Тоқтат енді.
Жап дүкенді.
Аңғарбай!
Тарт жөніңе
Тұрғанда мен шамданбай!
Анғарбай
Қыздарға лайықты құндыз бөрікті шыркөбелек айналдырады.
Құндыз бөрік - қыздың бөркі,
Кисе кірер қыздың көркі.
(Секіріп түсіп Жұрқаға барады )
Қымбат мүлік, алыңыз.
Жұрқа
Оны қайтем?
Аңғарбай
Жоқ па еді бір жақсы көрер жаныңыз?
(Құлағына) Сыйлығына тартыңыз.
Жұрқа
Алдым, алдым, бердім міні ақшасын.
(Ақшасын береді)
Тапсыр өзің жақсы көрген жаныма.
Таба алмасаң Аңғарбай қу сағансын,
Жуытпаймын біздің колхоз маңына!
(Келекелей күледі).
Пысық шіркін, білгір шіркін,
Тап та апарып ұсына ғой сыйымды.
Бере алмасаң қалаулымды дәл тауып,
Тарт жөніңе тастап біздің жиынды!
Барлық жұрт қызықсына қарасады.
Аңғарбай (қыздарды нұсқап).
Қараңызшы, қараңызшы, Жұрқа аға
Біреуі артық, біреуі кем дерсіз бе?
Бәрінен де бір-бір сыйлық садаға
Дегім кеп тұр, ұрыспасаңыз мен сізге.
Дауыстар (күлісе).
Рас, рас!
Әділ айтты Аңғарбай!
Аңғарбай (қыздар қатарын айнала жүріп).
Таңдау қиын мың жұлдыздан біреуін,
Таңдау қиын мыңнан бірін достардың.
«Мен» деп бірің айтыңдаршы телейін,
Жұрқа ағаға жас жүрегін қосқан кім?
Гүлбәйраға жетіп тоқтаған; екеуі де ерекше қарасып қалған.
Кешір, кешір, асыл құрбы, жаңылсам.
Алдыңа кеп аялдадым амалсыз.
Ал сыйлықты арналған жан табылсаң,
Аттанайын мен де артыма алаңсыз..
Ұсынады.
Гүлбәйра күлімдей ойнақы қарайды.
Гүлбәйра
Жар сүюге жетті жасым.
Жасырмаймын оны мен.
Табады әркім өз жолдасын,
Жан ұғысар теңінен.
Дәнекерлік сіз жасаған
Дәрмен болмас бөгдеге.
Әр жүректің өзі аңсаған
Арманы бар кеудеде.
Құрбыларына жайраңдай қарап:
Атым, қайда, жігіттер?
Екі жігіт Гүлбәйраның атын тарта береді, шапшаң қыз өрге қонады. Ол енді ерекше екпінмен сөйлейді.
Тілсімі бар жүрегінде жастықтың,
Дейтін кім бар қыз мінезін жақсы ұқтым.
(Басындағы орамалын жұлып алып).
Ұққан жанның орайына оралар
Қырмызыдай қолымдағы орамал.
Аттаныңдар, аттаныңдар, достарым,
Желпіндірер шапқан жүйрік жас жанын,
Жеткен алар, жете алмаған нені алар?
Тіккен бәйгем қолымдағы орамал.
Жалт бұрылған, орамалды биік көтере шаба жөнеледі.
Хор (қуанышты рухпен).
Жалт етті де жөнелді
Қызыл канат орамал.
Қыз қиялға теңелді,
Кімге орамал оралар?
Желмен ойнап жалындай
Жөнелді ұшқыр орамал.
Жеткен алар жалынбай,
Жете алмаған нені алар?
Аттан, аттан, жас достар,
Жерің осы сыналар,
Аты озғанға бәйге бар –
Қызыл қанат орамал!
Шымылдық.
Екінші акт
Ел жаңа ғана жетіп қонған таудағы жайлау. Жаңа қоныстың бip жағы көк шүйгінді жазық алап айнала мұнартқан карлы таулардың арасынан дөңгелей көрінеді. Ал екінші жағы қарағайлы қалың өскен жартастар, соларды кесіп өтетін өзен арнасы. Шоқ-шоқ қоңырқай бұлттар жартастар арасында адасып жүргендей. Перде ашылған, аван - сценаның бір шетінде көшпелі дүкенін жаңа ғана ашқалы жүрген Аңғарбай, одан тереңдегі екінші перденің сыртынан мықты бір жиынның дүбірі еркін естіледі. Аңғарбай соларға құлақ тіге, сырттай үндесе жүргендей.
Әйелдер хоры (сырттан)
Көк аспанның астында, ақ шатырдан
Бой жеткен қыз жарына ұзатылар.
Күмбір-күмбір, күмбірлеп күй тартылар,
Сыңси - сыңси «жар - жарлай» ән айтылар.
Көтеріңдер шатырды, көтеріңдер,
Қалсын керіп күмбезін өтер күндер.
Әдемі қыз жарына ұзатылсын,
Ән де айтылсын, күмбірлеп күй тартылсын.
Аңғарбай дүкеніндегі нәрселерін көңілді жөндеп қойып жүр.
Аңғарбай
Асудан астым бөгеліп қалмай,
Жайлауға төктім асылдың бәрін.
Тыңдаймын сүйіп, құмарым қанбай,
Тыңдаймын салған қыздардың әнін.
Келемін қалмай, келемін қалмай,
Қуса да Жұрқа кетпеймін қашық.
Жігіт бол, болсаң дәл Аңғарбайдай
Үлгірген тағы дүкенін ашып.
Келемін қалмай, келемін қалмай,
Бастаушым менің аңсағыш арман.
Бар ма екен бір қыз Гүлбәйра жандай
Ашылып гүлдей, жұлдыздай жанған.
Осы кезде сахнаға жаңа шыққан қамшылы Гүлбәйра Аңғарбайды көреді де, биік шыршаны тасаланып көрінбей қалады.
Гүлбәйра
Кукук, кукук!
Аңғарбай (селт етіп).
Қандай жақын көкек үні таудағы
Сәл шыдасам қолыма кеп қонардай.
Кукук, кукук!
Гүлбәйра (сығалай қарап).
Сезіп тұрмын оның да ұшқыр арманын
Көрмесем мен құшағына алардай.
Кукук, кукук!
Аңғарбай (Жан-жағына қуана қаранып).
Жаздың құсы, таудың құсы, тілегім,
Қоншы келіп қолыма емес, басыма.
Кукук, кукук!
Гүлбәйрa
Қорқамын ба, қалтырайды жүрегім,
Еркін неге бара алмаймын қасыңа?
Кукук, кукук!
Аңғарбай, Гүлбәйрa (бір мезгілде)
Өтпесе екен - жазғы күнім, жас шағым,
Кетпесе екен сүйген құсым ұзаққа.
Кукук, кукук!
Түспесе екен арбауына басқаның,
Түспесе екен тосыннан бір тұзаққа.
Кукук, кукук!
Ат дүбірі. Аңғарбай да, Гүлбәйра да солай қарай алаңдап қалған. Қыз көрінбеген қалпы артқы пердеге өтіп кетеді де, Аңғарбай тұрып қалады. Сахнаға аттан түскен Жұрқа кеп кіреді.
Аңғарбай
Сәлем бердік, Жұрқа аға.
Жұрқа (тіктене).
Сен қу мұнда қалай жеттің?
Аңғарбай
Өзен кештім, таудан өттім...
Жұрқа
Айтпап па едім жуыма деп мен саған?!
Аңғарбай
Шыдатпады жүрегім тау қызығын аңсаған.
(Жайдары жақындай),
Жасым кіші інімін,
Досыңыздың бірімін.
Ғашықсыз ғой аңғардым.
Қыз да сізге шет емес...
Айтпақшы едім бір кеңес .
Сенбей ме деп қорғандым.
Жұрқа (сенер - сенбесін білмей)
Айта бер, әлі де кеш емес.
Аңғарбай (ойнақы)
Дәулетіңіз, сәулетіңіз жетерлік,
Атағыңыз мақтаныш та етерлік.
Қыз сүйместей қылығыңыз көп емес,
Тұлғаңыз да жас жігіттен кем емес.
Міндеріңіз: тым қазақша бөркіңіз,
Ұзын мұрттан көнеріп тұр көркіңіз.
Көзіңіздің асты қалталаныпты,
Сақалға да селдір - сирек ақ жармасып қалыпты.
Осыларды жөндеп алсақ аз ғана,
Боласыз да қаласыз бір бозбала.
Жұрқа
Табамысың амалын?
Аңғарбай (еркін)
Әрине
Бөрік орнына сұлу қалпақ
Мұртты қағар қайшым асыл.
Көзілдірік көзді жаппақ
Алтындалған оправасы.
Іскегім бар сақал жұлғыш
Түссін сәті, жөнделсін іс,
Ал жүріңіз, тез күріңіз,
Тез жасарып үлгіріңіз.
Аңғарбай Жұрқаны ертіп көшпелі магазинге кіреді де, шапшаң есігін жауып алады. Музыкада әйелдер хорының мотиві. Ашулы Досай, қолында таяқ, артқы пердеден шыққан. Оны тоқтатпақ болған Жанбике асыға басып ере келеді.
Жанбике
Тоқта шалым, тоқташы.
Досай
О, не дейсің, тағы не сұмдығың бар?
Жанбике
Бір күн тыныш отырып от басында
Қайтер еді жұрт қатарлы тынықсаң?
Досай
Кәрі қойшы тынықса,
Жас бөріге олжа оңай.
Тыншысын десең шалыңды,
Доғар мыналарыңды.
Жанбике
Шатырды ма?
Досай
Иә, шатырды!
Ескерткенім акырғы:
Гүлбәйрадан жұлдыз жуық Жұрқаға.
(Кетпек болады)
Жанбике
О, жасаған! (Шалын ұстaп).
Ұл ержетсе ер, - дейді.
Қыз бойжетсе кім, - дейді?
Қыз өсірген бейбақ шал
Есің неге кірмейді?
Қыздың аты - қуыршақ,
Кім қызықпас қызылға.
Жүрер жолы тым тайғақ
Жәрдемдес көп бұзуға.
Шыға келсе бір күнде
Жаман атпен татар сын.
Ағайынға, көршіге
Қай бетіңмен қарарсың?..
Досай
Менің де бар өз кеудем өз ойларым.
Қойдан басқа жоқ деп пе ең ойда арманым.
Еркексінген кісінің талайларын
Басқан ізіне алмаймын Гүлбәйрамның.
Жалғызымның байлама болашағын,
Әлі алдында өмірден алашағы.
Қақпа бетін, қажытпа қайсарлығын,
Жалындылық жастыққа жарасады.
Өзі білсін, өз жолын өзі тапсын,
Сен оған деме «қызсың, қуыршақсың»
Өз еркімен жасасын, өнер ашсын,
Кең дүниеде қысылмай қанат қақсын.
Досай жүріп кетеді. Жанбике ақырып тұр.
Сәлден кейін шаршаған, шалдыққан, шляпасы қисайған, папкасын қиюын қашыра, жеңіл пальтосын жерге сүйрете ұстаған Баяш кіреді. Ол жетеді де қолындағыларын дөңбек тасқа тастай береді, сүртінеді. Өзі шамалы жұтқан да сияқты.
Баяш
Ғазиз ана, амансыз ба?
Жанбике
Саған, шырақ, не болған
Осыншама сабылып?
Баяш
Қиын екен атпен асу тау жолын,
Шыдамадым қатерге бас байлауға.
Жолшыбай бір өгіз мінгенге ілесіп
Әрең жеттім алыстағы жайлауға.
Жанбике (күліп).
Қиналыпсың, көріп тұрмын түріңнен.
Баяш
Гүлбәйра қайда, шеше жан?
Жанбике (өзіне).
Тәуба, тәуба, о, тәуба
Аттан қорыққан сорлының да іздегені Гүлбәйра, (Баяшқа)
− Дем, ал, шырақ, ес жинап ал әуелі.
Баяш
Жалынамын айтыңыз.
Қайда, қайда Гүлбәйра?
Жылқышы бір - жел де бір,
Жел қайда деп кім сұрар?
Жүйрік таңдап мінгеннің
Өзінде ғой ықтияр.
Я бір жартас басында
Ортекедей тұр шығар.
Я бір шалқар жазықта
Желдей есіп жүр шығар.
(Келген ізімен қайта кетеді.)
Баяш (Ленинский әнімен)
«Барасың қайда, қайда болмай маған?
Жас өмір алтын-күміс жарқылдаған.
Келер күп келеді екен ме дайындап,
Қараңғы, қарағанмен болмай алман?!»
Тағы да ойланып айтқысы бар. Енді аузына Онегиннің хатынан сөздер түседі.
Он сегіз мың бұл ғаламның
Бар тынысы күнде тұр.
Мен сықылды сорлы адамның
Ықтияры сенде тұр.
Сен бетіңді әрі бұрсаң,
Шықты көзім, болды көр.
Жанды аларсың разы болсаң,
Біздің орын қара жер.
Тасқа жантая кеткен, шаршаған, аздап араққа шалдыққан жігіт сәлден кейін ұйықтап кетеді. Осы кезде дүкен қақпағы қайта ашылған. Біз Аңғарбаймен бірге мұрты қысқарған, сақалы қырқылған, көзілдірікті, шляпалы, киімдері де әбден кісі танымастай өзгерген Жұрқаны көреміз. Аңғарбай үлкен іскекпен әлі де Жұрқа самайындағы ақтарды жұлып жүр.
Аңғарбай
Мінеки, ақ!
Тұр жылтырап
(Іскекпен жұлып алады).
Жұрқа (ауырсынып),
Ой!
Аңғарбай
Тағы бірақ!
Жұрқа
Байқа, шырақ.
(Аңғарбай жұлады).
Ой!
Жетер енді тимей-ақ қой қалғанын,
Батып барад іскегіңмен жұлғаның
Аңғарбай
Бір тал ақ шаш қала қойса самайда
Тентек сұлу жуытар ма маңайға.
(Тағы жұлып, жұлып қалады).
Жұрқа
Ой, ой!
(Баяшты керіп).
Мынау кім?
Аңғарбай
Сорлы ғашық Баяш қой.
Іздегені мұның - дағы Гүлбәйра.
Жұрқа
Бұл не қылған көп ғашық Гүлбәйраға,
Көшкенде де қалмаған ел жайлауға?
Тағы бірі тап болып шыға келді
Қалыңдықты өзіне ыңғайлауға.
Өншең бойдақ, сірескен сергелдеңдер,
Гүлбәйрашыл болады келген жерден.
Бірі кеше, біреуі шығып бүгін
Таппай қойдым тәңірдің тыныштығын.
Келе берсін бойдақтар, келсін, келсін.
Кереметін Жұрқаның көрсін, көрсін.
Тамашамды бұған да танытайын,
Есіткендер күлкіге бір кенелсін.
Жұрқа Аңғарбайды ертіп төмен түседі. Қатты ұйықтап жатқан Баяшқа үңіледі.
Аңғарбай
Махаббаттан мұқалып
Жақсы ұйқыға батыпты
(Дүкенді нұсқап).'
Жайлы орынға апарып
Жатқызайық ғашықты.
Екеуі жеңіл көтеріп дүкенге кіргізеді. Жұрқа есік жабады.Аңғарбай құлпысын салады.
Ұйқысы қансын, демалсын.
Жұрқа (Мәз).
Ойнаған соң әшекейлеп, әсемдеп
Күйеуі жоқ бір сылқымға сатарсың.
Аңғарбай
Дүкеніме кірген заттың
Өтпегені болмас менде.
«Арзан алдық, арзан саттық»,
Деп жүрерміз кездескенде.
(Екеуі де күледі).
Жұрқа
Ал енді Гүлбәйраның шатырын көр,
Барымды сұлуға арнап төктім түгел.
Үйренсін қыз құлағы, жұрт құлағы
Ағаңа «құтты болсын» айтып жібер.
Екеуі сахна түкпіріне беттейді. Түкпірдегі перде көтеріледі. Сахнаны түгел алған әсем шатырдың тігіліп болуға айналғанын көреміз. Қыз, бозбала жық - жық, жібек бау, желбір шашақ қадағандар соңғы жұмыстарын бітіру үстінде.
Хор мен би
Көк аспанның астына ақ шатырдан
Бой жеткен қыз жарына ұзатылар,
Күмбір-күмбір күмбірлеп күй тартылар,
Сыңси - сыңси «жар - жарлай» ән айтылар.
Көтеріңдер шатырды, көтеріңдер,
Қалсын көріп күмбезін өтер күндер.
Әдемі қыз жарына ұзатылсын,
Ән де айтылсын, күмбірлеп күй тартылсын.
Топқа араласқан екеуге ылтипат жасай бастаған жұрт, сырт бейнесі осынша өзгерген Жұрқаны танымай қалады.
Аңғарбай
Құтты болсын ақ шатыр!
Шашуым бар шашатын.
Иесі кім айтыңдар.
Қалың топтан бір жан үн қатпайды.
Жұрқа (тұрғандарға ызалана).
Heгe үндемей қалдыңдар білмегенсіп,
Гүлбәйрамен күнде ойнап жүрмегенсіп.
(Аңғарбайға)
Шашуыңа жол ашық, жас дүкеншім,
Көрсін көзің иесін, көңілің сенсін.
Аңғарбайды қолтықтап Гүлбәйраның алдына барады.
Дауыстар
Бұл кім өзі?
Дауысы таныс сияқты.
Гүлбәйра
(Жұрқаны әдейі танымаған боп).
Танымадық, танысайық деймін мен.
Қайдан келген, қайда барар адамсыз?
Шатыр жайын, шашу жайын кейіннен.
Кең отырып кеңесерміз алаңсыз. (қолын созады).
Жұрқа
Не болған саған, Гүлбәйра
Шын танымай қалдың ба? (Шегінеді),
Гүлбәйра (төне түсіп).
Танымадық танысайық, жолаушы.
Қайдан келген, қайда барар адамсыз?
Емессіз бе түнде жылқы ұрлаушы,
Күндіз жүрсе көз бояған бір арсыз.
Жұрқа
Мен Жұрқамын!
Хор
Жұрқа! Қандай Жұрқа!
Түрі қалай өзгерген?
Мұртын қалай тез берген (ойнақы)
Қимайды екен көз көрген.
Оңбайды екен сөзге ерген.
Жұрқа (бәріне зіркілдей)
Мен Жұрқамын (көзілдірігін жұлып алады).
Гүлбәйра
(Алған бетінен таймай),
Танымадық, танысайық, жолаушы
Алдамаңыз Жұрқамын деп бекерге.
Өз мұрты мен өз сақалын тонаушы
Жарамас - ты жақсы міндет өтеуге.
(Тұрғандар күліседі).
Атым қайда, қайда, жігіттер,
Әкеліңдер, жылқышының жүйрігін.
Күн кешейді, орным енді күзетте,
Әсем шатыр құрбыларға сыйлығым.
Бұрыла жөнелмек болғанда,
Жұрқа қызды бөгейді.
Жұрқа (ашулы)
Жоқ, көнбеймін кемдікке, көнбеймін мен
Арбағанға алданып, сенбеймін мен,
Жұлып түсер жұлқынса жүр екенмін,
Тізгінімді тежеуге бермеймін мен.
Қауым жұрттың Жұрқасы атанған мен,
Қаласам тон, қаласам ат алған мен,
Басым сыйсыз болғандай, көңілім күйсіз,
Қағу шегіп көргем жоқ қатардан мен,
Туғаным жоқ тоқырап, жасуға мен,
Ерегессем басармын ашуға мен.
Есіңді жи, Гүлбәйра, еркелеме,
Менен асып кетпейсің басынғанмен.
Бір жігіт Гүлбәйраның атын тартады, Қыз ат үстінде, Екінші жігіт құрығын ұстата береді.
Гүлбәйра (ит үстінен)
Тілсімі бар жүрегінде жастықтың
Дейтін кім бар қыз мінезін жақсы ұқтым!
(Басындағы орамалын жұлып алып).
Ұққан жанның орайына оралар
Қырмызыдай қолымдағы орамал.
Аттаныңдар, аттаныңдар, достарым!
Желпіндірер шапқан жүйрік жас жанын.
Жеткен алар, жете алмаған нені алар?
Тіккен бәйгем қолымдағы орамал!
Ұшқан құстай жалт бұрылып жоғалады.
Хор
Шыжыған ыстық айларда
Не жетсін тауда жайлауға.
Жайылған малмен қосылып
Жатады бұлттар сайларда.
Теңіздей майса толқиды
Желпіп жел, жауын шайғанда.
Жазығы жайған кілемдей
Жарысып құлын ойнауға.
Қатарлап ақ үй қондырдық;
Қар көмген басын құздарға.
Жартасқа біткен қарағай
Ұсайды біздің қыздарға.
Қиядан қойшы қарайды
Көз тастап алыс шыңдарға.
Жылқышы даусы жаңғырар
Әндетіп біраз тынғанда.
Шырқай түс түнде, Гүлбәйра,
Әзірміз талмай тыңдауға.
Шымылдық.
Үшінші акт
Таудағы жайылым. Айсыз түн. Оқыранған бие, кісінеген құлын. Оқшау біткен жартас қиясы, етегінде қойтастар. Сол жартастың бір шоқысында құрығына сүйеніп күзетші Гүлбәйра әлдеқандай әдемі қиялда тұр.
Гүлбәйра
Қарсымда жылқы, карымда құрық,
Жалтақтай берем жартаста тұрып.
Таппайды тыным сабырсыз жаным
Келерін біреу тұрғандай біліп.
Күтемін кімді, аңсаймын кімді,
Көңілге неге қобалжу кірді?
Көргендей болдым... жоғалттым тағы...
Еліктім бе екен елеске түнгі.
Сырласпай көңіл тоя алар ма екен,
Аңсауын жүрек қоя алар ма екен?
Берейін хабар күйімен құстың
Ұйқыдан көкек оянар ма екен.
Кукук, кукук,
Кукук, кукук,
Әріректен дәл өзінше қайтарған төрт рет «кукук», - деген жауап келеді. Қыз өз құлағына сенбегендей лоблығады.
Рас па, жоқ па, ұқпадым анық,
Қалғандай болдым құс үнін танып.
Жоқ әлде түнгі жаңғырық па екен
Қыз сырын құзға жөнелген алып?
Кукук, кукук.
Бұл жолғы Көкек жауабы енді жақыннан естіледі. О да төрт рет «кукук», - дейді. Әрі қуанған, әрі сасқан қыз үнсіз қатып тұр, Сол екі арада алаңдай іздеген Аңғарбай да шығады.
Аңғарбай (кідіріп).
Қараңғы бүркесе де айналамды,
Жасырмас жас жанында жанған шамды.
Жарқырап жарық жұлдыз шығар кәзір,
Көруге арманымды аз-ақ қалды.
Қайдасың, шық жұлдызым, шық жұлдызым,
Жалт етсін жоғарыдан жарқын жүзің.
Көзіңмен отқа толы бір қара да,
Жандырып жүрегіме қалдыр ізін.
Гүлбәйраның жоғарыдан тастаған қырмызы орамалы жас жігіттің мойнына оралады. Қуанышты Аңғарбай оны кеудесіне басады.
Түсті ұшып қиял құсы қызыл қанат.
Аяулым белгіге арнап берді аманат.
Жарыл сен, қуаныштан, жарыл, жүрек
Сарғайтқан, сағындырған соқты сағат.
Жоғары қарайды.
Таптым іздеп үмітімді
Тар кезеңім ұмытылды.
Көріп тұрмын қымбатымды,
Түн жасырмас сымбатымды.
Гүлбәйрашым, «жаным» дейін рұқсат ет!
Гүлбәйpa
Қамауынан босанған құс
Қалағанда ұшпай ма?
Жүрек жарып айтылар сөз
Рұқсатсыз - ақ шықпай ма?
Аңғарбай
Ендеше мен «жаным», - дедім,
Гүлбәйра, Гүлбәйра
Естімедім тағы да айтшы,
Аңғарбай, Аңғарбай
Жаным, жаным, Гүлбәйрашым!
Гүлбәйра
Енді есіттім.
Естен кетпес сөз екен.
Аңғарбай
Аңғарсам да жақсы жауап сөзіңнен.
Тұрғандаймын тіпті жырақ өзіңнен.
Қатарыңа жетуіме жәрдем ет
Гүлбәйра
Қармағым жоқ ілдіретін,
Қайығым жоқ жүздіретін,
Қолымды ғана созамын.
Аңғарбай қанат біткендей жоғары көтерілген. Ынтыққан жастар жалын ата табысқан, құмарта сүйіседі. Дуэт «айтылады,
Гүлбәйра
Жар сүйдім, жалын сүйдім, жанып сүйдім,
Жан қияр жалғызым деп танып сүйдім.
Жалтақсыз жүрегімді бердім, бердім:
Ырзамын тағдырыма көндім, көндім.
Әлде мен алдандым ба түнгі елеске,
Қызумен қыз сақтығы түспей еске.
Алдансам кешір, әке, кешір, aпa,
Жаңылған жазықтымын өзім ғана.
Жоқ, сендім жүрегіме, сендім берік,
Бермеймін күйзелтетін күдікке ерік.
Жар сүйдім, жалын сүйдім, жанып сүйдім,
Жан қияр жалғызым деп танып сүйдім.
Аңғарбай
Іздедім, ізгі жанның ізін бақтым
Адасып алдамшыға ұрынбаппын.
Көк күмбез, жасыл шалқар, кең жалғанда
Көңілімнің бұлт бүркемес күнін таптым.
Дүние неткен биік, не деген кең.
Шыңына көтерілдім ой жетпеген.
Әлемнің ортағы жоқ иесіндей
Дәл кәзір кім бар екен тұрған мендей.
Өңім бе, түсім бе бұл не ғажайып,
Аспанда келем ұшып қанат жайып.
Секілді құшағымда түн жұлдызы
Жаныма жанын қосқан колхоз қызы.
Бұлардың алаңсыз араласқан жандарын кенеттен тілген Жұрқаның дауысы бөледі:
Жұрқа (сырттан).
Құр жануар, құр жануар,
Үрікпей тыныш жайылыңдар.
Гүлбәйра (түйсініп).
Жұрқа келді.
Аңғарбай
Танып тұрмын.
Жұрқа (сырттан.)
Құр жануар, құр жануар.
Гүлбәйра
Атын ұстап жіберді,
Өзі осылай беттеді.
(Тынышсызданады)
Аңғарбай
Саспа, жаным, Гүлбәйра,
Таптым, таптым.
(Ойланып.)
Гүлбәйpа
Не таптың?
Аңғарбай
Көрсетейік кәріге
Жастың алыс екенін.
Дәлелдейік кәріге
Түнде жүру бекерін.
Жұрқа (сырттан, тіпті жақын).
Жылқысы жатыр жайылып,
Жылқышысы қайда екен?
Гүлбәйра (сасыңқырап).
Келіп қалды, не дейін?
Аңғарбай
Кідіре тұр үндемей.
Құлағына сыбырлайды.
Қараңғыда түртінектеген
Жұрқа аяғын андай басып кіреді.
Жұрқа
Гүлбәйрашым, қайдасың?
(Қыз жауап қатпайды)
(Өзіне өзі)
Мына түннің қарашы тамашасын, пай-пай
Жаңа тапты Жүрекең оңашасын, пай-пай,
Оңашада Гүлбәйра кездескенде, пай-пай.
Сипаймын - ау сүмбілдей қара шашын, пай-пай.
Пай-пай, сәулем - ай
Қыз таңдаған дәурен-ай.
«Әу!» - десейші, қалқашым,
Сала бермей әуреге - ай.
Мына түннің қарашы тамашасы», пай-пай
Қызыл бетке қара мұрт жарасасың, пай-пай.
Оңашада Гулбәйра кездескенде, пай-пай,
Сүйемін - ау көзі мен қара шашын, пай-пай,
Пай-пай, сәулем - ай
Ғашық болған дәурен-ай.
«Әу!» - десейші, Гүлбәйраш.
Сала бермей әуреге - ай.
(Дауыстайды )
− О, Гүлбәйра, қайдасың?
Гүлбәйра
(Теріс қарай дауысын алыстатып).
Мұндамын.
Жұрқа
Айналайын үніңнен.
Гүлбәйра
Кімсіз түнде мені іздеген?
Жұрқа
Мен ғой, жаным, Жұрқамын.
Гүлбәйра
Жылқы аман, түн тыныштық,
Ит пен құстан қауіпсізбін.
Ауылға қайтып қамсыз жата беріңіз.
Жұрқа (Ілгерілеп)
Пай-пай! Жылқысы не құдай-ай,
Іздегенім өзің ғана емес пе!
Кәне, кәне қолыңды соз,
Гүлбәйра! Гүлбәйра
Еңкеюге қорқамын.
Жұрқа
Ендеше өзім шығайын.
Ол күшене - тышана жоғары шыққан.
Бірақ шапшаң, жігіт, шапшаң қыз құшақтасқан
Бойлары қатардағы екінші тастың жарына өтіп кетеді,
Жұрқа (қызды таппай)
Қайда кеттің ғайып болып, Гүлбәйра?
Гүлбәйра (күліп).
Алыста емес, бармын осы маңайда.
Жұрқа
Мына түннің қараңғысы - ай,
Қателесіп басқа тасқа шығыппын.
Гүлбәйра
Бері өтіңіз.
Жұрқа
Қазір, қазір.
Арбаңдап, енбектен жүріп екінші тасқа әрең өтеді. Екі жас лып етіп одан да биік, тік тасқа шығып құшақтасып тұр,
Гүлбәйра
Тағы теріс кеттіңіз - ау, Жұреке.
Жұрқа (жоғары үрке қарайды.)
Жақындайын десем саған
Сыйқым жаман алыстаған,
Төмендеп пе, қырындап па
Қайда тартып барамын?
Тура басып, дәл өзіңе жеткенше
Әндете тұршы, сәулешім.
Гүлбәйра
Жарайды, аға, ән айтайын.
Жұрқа мына биікке көтерілудің неше түрлі амалын істейді. Бірақ жалаңаш тасқа аяқ тірері болмай, Жұрқа қорқа соғады да, қайта түсе береді.
Келші, жаным, бір болайық,
Егіз гүлдей ырғалайық.
Қос жұлдыздай бір жанайық (тыңдайды).
Бірге ұшайық қанат жайып.
(Аңғарбай екеуі құшақтасады)
Жұрқа (өзіне арналғандай қуана қайталайды).
Егіз гүлдей ырғалайық
Қос жұлдыздай бір жанайық.
Гүлбәйра
Өтсін жылдар, өтсін, өтсін
Бір қартаяр мезгіл жетсін.
Тек жүректен от кетпесін,
Махаббатты кемітпесін.
Екі жас ұзақ сүйіседі.
Жұрқа
Айта түс, сәулем, айта түс,
Кемітпейміз махаббатты ешқашан!
Бұл жолы барын сала ұмтылады.
Шықпай қоймайтындай,
Қызға жетпей тынбайтындай.
Бірақ шамадан тыс ауыр дене тағы да шыдатпай, сыпырылып төмен түседі. Жастар айрыла беріп, қайта сүйісе береді.
(Жұрқа жалбарынғандай дауыспен)
Биік жартас еткендей қас.
Жаудай тосып тұр көлденең.
Айла, қуат кетті менен,
Түсші, сәулем, өзің төмен.
Жоғарыдағы екеуі күлісіп тыңдайды.
Гүлбәйра
Енді қашан шығасыз?
Жұрқа (қысыла түсіп).
Биік жартас тұр көлденең
Бастырмайды ілгеріге.
Сүйген сәулем, түсші төмен,
Ынтызармын бір керуге.
Түнде көзім көре алмайды
Басар едім ілгеріге.
Тартып өзің неге алмайсың,
Өліп барам бір көруге.
Тағы да тасқа өрмелейді.
Бұл жолы шаршаған қолы шыдамай құлап түседі. Осы кезде Баяш кіреді.
Баяш (өзіне).
Осы арадан есіттім білем дауысын,
Жаңғырығы қоңыраулатқан тау ішін.
Кідіріп дауыстайды. Гүлбәйра...
Гүлбәйраш жан.
Жұрқа үнсіз қатып қалады.
Гүлбәйра
Баяшпысың түнделеткен?
Баяш
Мен мәжнүнмін жапа шеккен,
Түн ұйқысын төрт бөлген.
Жұрқа (өзіне)
Құм құйылсын аузыңа.
Гүлбәйра
Бұл қай жүріс беймезгіл?
Баяш (зарлы)
Ашығыңмын, ділгеріңмін,
Мен бір пақыр байғұсың.
Қасірет тартқан түндерімнің
Айта келдім қайғысын.
(Жоғары көтеріле береді)
Сен аспанда жарығымсың,
Meн ғашығың жердегі.
Әлде жаттың жарымысың
Келдім сопы білгелі.
Жұрқаның қасына жеткен.
Бірақ тасаға тығылған кәрі ғашықты ол көрмейді.
Жарың болса, айт, жасырма,
Айттың неге демейін.
Батайын да қайғы - мұңға
Түн жамылып өлейін.
Жұрқа
(Ызалы желкесінен ала түседі).
Менмін жары Гүлбәйраштың.
Өлер болсаң былшылдамай өле қал!
Сөнер болсаң былжырамай сөне қал!
Жас ғашықтың зәресі ұшқан, біразға дейін үн шықпайды.
Баяш (өлімші дауыспен)
Құтқарыңдар... Құтқарыңдар...
Аңғарбай оларға көрінбей жалт етіп төмен түсіп кеткен, сәлден кейін ғана жаңа келген кісідей төменнен көрінеді,
Жұрқа
Құтылмассың, қарғашым, құтылмассың,
Бұдан былай қыз іздеп құтырмассың!
Нұқи түседі.
Аңғарбай
Тоқтатыңдар, бұл не жанжал?!
Кенет дауыстан Жұрқаның өзі селк ете қалған. Баяшты сүйрей өзі шегіне бастайды, үндемейді..
Баяш
Құтқарыңдар, ағайын, қанішерден.
Гүлбәйра
Қинамаңыз. Жұреке, бишараны.
Аңғарбай
Жұрқа аға ұры ұстапты-ау!
Жібермеңіз, сұмның көзін жояйық.
Баяш
Ұры емеспін, Баяшпын.
Жұрқа
Өзің кімсің?
Аңғарбай
Мен Аңғарбай, Жұрқа аға.
Жұрқа
Қайдан келген қырсықсыңдар жұрттағы,
Қайдан түскен күйесіңдер жұқпалы?!
О, құрыңдар, құрғырлар!
(Аңғарбайға ұмтылады).
Сен қудың да аңдығаның мен шығар!
(Аңғарбай тысқа шығып кетеді).
Баяш (жағасын жөндеп).
О, Гүлбәйра, Гүлбәйра...
Жұрқа
Садаға кет Гүлбәйраның атынан!
Қайтадан Баяшқа ұмтылады. Ол да басқа тасқа шығып кетеді.
Аңғарбай
О, Гүлбәйра, Гүлбәйра
Заманында күл де ойна.
Жұрқа (Аңғарбайға ұмтылады).
Саған не жоқ, саудагер,
Дүкеніңмен қоса өртермін егессем!
Баяш (жоғары тырмысып).
Айналайын, толғанайын, Гүлбәйра,
Саған жетер, түн күзетер күн қайда?
Жұрқа (Баяштың алдын кесе).
Тоқта, тоқта, жаның барда!
Аңғарбай (қуланып)
Демалыңыз, Жұрқа аға.
Баяш тоқтап қалады.
Шаршаған Жұрқа тасқа сүйене тұрып қалады,
Жұрқа (ентігіп),
Асықпаңдар, асықпаңдар, мұндарлар!
Таң атқан соң келістіріп шабармын,
Тулақтап сілкіп қағармын.
Қолдарыңды байлармын,
Тау асыра айдармын.
Гүлбәйра жоғарыдан ойнақы әндетеді. Оның отты сөздерін әркім өзіне арналғандай сүйсіне тыңдайды.
Гүлбәйра
Биік жартас басында,
Қалаулыңның қасында
Тұрған қандай тамаша.
Келші, сәулем, кел бері,
Сүйші, сәулем, сүй мені.
Түн қараңғы оңаша.
Лә – лә – лә - лә, тамаша
Түн қараңғы, оңаша!
Биік жартас басында
Сүйіктіңнің қасында
Тұрған қандай тамаша
Келші, сәулем, тағы да,
Сүйші сәулем, тағы да,
Ай қараңғы, оңаша.
Лә - лә, лә - лә, тамаша.
Ай қараңғы, оңаша.
Квартет.
Жұрқа
Маған арнап айтып тұр бұл өлеңін.
Ұғыпты еркем Жұрқаға не керегін.
Қайтқан болып қазір мен жөнелемін.
Қайта оралып қызыққа кенелемін.
Ертең тойды бастаймын думандатқан,
Күшті түсіп күреске, жүйрік шапқан.
Күндіз қызық өткізіп, күн батқанда
Ақ шатырға кіреміз шашақтатқан.
Тұрар сұлу ерке наз жасап маған.
Бермеймін күйзелтетін күдікке ерік.
Жан сүйдім, жалын сүйдім, жанып сүйдім,
Жан қияр жалғызым деп танып сүйдім.
Аңғарбай
Іздедім, ізгі жанның ізін бақтым,
Адасып алдамшыға ұрынбаппын.
Көк күмбез, жасыл шалқар, кеп жалғанда
Көңілімнің бұлт бүркемес күпін таптым.
Дүние неткен биік не деген кең!
Шыңына көтерілдім ой жетпеген
Әлемнің ортағы жоқ иесіндей
Дәл кәзір кім бар екен тұрған мендей.
Өңім бе, түсім бе бұл не ғажайып?
Аспанда келем ұшып қанат жайып.
Секілді құшағымда түн жұлдызы
Жаныма жанын қосқан колхоз қызы.
Шымылдық.
Төртінші акт
II актыдағы сахна. Қыз, бозбала. Іштерінде Гүлбәйра мен Баяш та бар. Бәрі жабылып шатырда қызыл бұрыш жасауын орналастырып жүр: портрет ілгендер, газет, кітап жайғандар. Әсіресе жанын салып қимылдаушылардың бірі көңілді Баяш. Қарт ақын шетіректе ілінген суреттерге қарап жүр.
Баяш
Тютчев қайда, Блок қайда?
Жаю керек осындайда.
Гүлбәйра (екі кітапты қосып ұстатады).
Абай міні, Пушкин мынау,
Екеуіне көп қой сұрау.
Баяш
Гүлбәйра жан, ұмытпа:
Сұлу әйел идеал
Сұлу әйел бір қиял,
Тұрғандар «ха - ха» - лап күліседі.
Гүлбәйра
Мінеки сіздің тұңғыш жинақ.
Тағы бір кітапшаны ұсынады.
Дауыстар
Қашан шыққан?
Не туралы?
Аты не?
(Жапырлап кітапшаға үңіледі.)
Баяш
Аты «Қыздар», лирика!
Кітабын жоғары көтереді.
Дауыстар
«Қыздар», «Қыздар»
Баяш
Оқыңыздар.
Гүлбәйра
Тыңдайық.
Баяш
(Барлық нәшімен бір өлеңін оқиды).
«Келемін тынбай ізденіп
Бетіне қарап әр қыздың.
Өтеді жазым, күз келіп,
Қыста қызсыз жалғызбын.
Қаңғырмай жалғыз күңіреніп,
Қалдырмай жалқы ізімді,
Қауышсам екен тез көріп
Қиялдай көркем қызымды.
Гүлбәйра (Ойнақы).
Жар іздемей, қиял іздеп тарыққан,
Барды көрмей, жоқты таңдап қамыққан –
Жастың жыры - жастық жыры болар ма?
Ондай жырдан көңілге күй қонар ма?
Дауыстар
Дұрыс! Дұрыс!
Баяш (ренжіп)
Бұл лирика, бұл махаббат,
Бұл жүректен айтылған дақ.
Түсінсең еді, Гүлбәйра.
Гүлбәйра
Келші бері, жүрегіңді тыңдайын.
Жатыр ма екен жарқ етуге жыр дайын.
Кеудесіне құлағын басады.
Ақын (бұрыла қарап)
Бар ма, шырақ, ештеңе,
Естіле ме екпіні?
Гүлбәйра (күліп)
Беріде жоқ, әрісінде жатпаса
Шығар емес арқан салып тартпаса.
Жақыннан таянған машина гүрілі,
Тұрғандар солай қарасады.
Дауыстар
Дүкен келді! Жетті Аңғарбай.
Халық солай лап береді.
Босанған сахнаға екінші тараптан
Жұрқа мен Жанбике кіреді.
Жанбике (пысықтай)
Өз аузынан көнді ме,
«Сүйдім сізді», - деді ме?
Жұрқа (Гүлбәйра әнін қайталамақ боп).
Биік жартас басында
Сүйіктіңнің қасында
Тұрған қамдай тамаша» деп әндетті.
Жанбике
Ұсамайды Гүлбәйраға,
Жаңсақ естіп жүрмеңіз.
Жұрқа (егіле)
«Келші, сәулем, кел бері,
Сүйші, сәулем, сүй мені
Түн қараңғы, оңаша», - деп өзі айтты.
Жанбике
Сізге айтты ма, кімге айтты?
Жұрқа
Маған айтты, естіген мына құлағым
Көзім жетті. Гүлбәйраға ұнадым.
Той жасайық, тез жасайық, жеңеше.
Жанбике
Өзі берсе Гүлбәйрам ырзалығын,
Той жасауға әзірмін, мырзам, бүгін.
Тек айтарым - шалдың да алдынан өт,
Әңгімеден әкесі қалмасын шет.
Жұрқа
Түсті сәті, жеңеше,
Қарияның езі осылай келеді. Әнеки!
Жанбике (лоблығып)
Тентек байғұс туламас не қылсын,
Бүгін айтпай тұра тұрсақ қайтеді?
Жұрқа
Жоқ, айтамыз, естіртеміз.
Тулап қайда кетер дейсің, асау қарт:
Жанбике (шапшаң)
Жылы сөз тап, шыраймен айт,
Артық аспай тілі тисе шамданба.
Осы кезде ақ таяқты Досай қарт кіреді.
Жұрқа
Сәлем бердік, Досеке!
Досай
Әлик алдық, Жұрқасы.
Күйің қалай, шаруаң қалай, шырағым.
Жұрқа
Төл марқайды, план толды,
Мал қоңданды, жұмыс оңды.
Озығымыз ауданның.
Досай (көңілді)
Бәрекелде, бәрекелде.
Жұрқа
Жақсы колхоз, күшті бастық
Деген атақ сіз бен бізде, Досеке,
Үлес те мол еңбеккүнге тиеді,
Биыл жұртым кимегенін киеді.
Қуаныңыз, Досеке
Досай
Бәрекелде, бәрекелде.
Жұрқа екінші тақырыпқа ауысады.
Жұрқа
Досеке, көңілімнің де күйі жақсы,
Ертең ел қызық тойға жиылмақшы.
Жар таптым жанын қосар, басыма тең,
Құтылар болдым аттан «бойдақ» деген.
Досай (өзіне)
Мына шіркін не дегелі келеді.
Жұрқа
Алтынның сынығындай асыл таптым,
Елімнің еркелеткен жасын таптым.
Боламын енді өзіңнің қолқанатың,
Қиыннан, қысылшаңнан қорғанатын.
Досай (әйеліне ашулы).
Бұл не күйсеу, қай ишарат?
Қайдан шыққан, қай қолқанат?
Айт жаныңның барында!
Жанбике
Гүлбәйра өзі ырзалығын беріпті,
Жан болуға Жұрқажанға көніпті.
Досай
Жаның шықсын! Жалған, жалған!
Таяғын сілтемек болады. Жұрқа ара түседі.
Жұрқа
Айрылмастай түн ұзақ айқасар қол
Бірін бірі құшақтап босатпаған.
Баяш
Жетті көзім сынбайды енді сағым,
Бұлыңғырдан ашылды болашағым.
Айтты маған ақырғы өз жауабын
Тос деп түнгі бір кезін оңашаның.
Жасқа жаспын, жанассам, жарасамын,
Келер күнге киелі жол ашамын.
Ақын жаным сезеді бар ләззатын
Күткен мені алдымда оңашаның.
Ақ тілегім айтылар бүгін түнде
Ойыспаған ой қалмас жар көңілінде.
Егіз қаздай екеуміз жөнелерміз
Махаббаттың қанатын қағып бірге.
Гүлбәйра
Жар сүйдім, жалын сүйдім, жанып сүйдім,
Жак қияр жалғызым деп танып сүйдім.
Жалтақсыз жүрегімді бердім, бердім,
Ырзамын тағдырыма көндім, көндім.
Әлде мен алдандым түнгі елеске
Қызу мен қыз сақтығы түспей еске
Алдансам кешір, әке, кешір ана,
Жаңылған жазықтымын өзім ғана.
Жоқ, сендім, жүрегіме сендім берік,
Мен ғой, қария, сөзін алған.
Жанбикеде жазық не?
Досай (екілене).
Жалған, жалған, сенбеймін!
Жанбике (егесе).
Мен де сенің зорлығыңа көнбеймін. (Жұрқаға)
Ырза болса Гүлбәйрам мен де ырзамын,
Тез кірісіп бастаймын тойдың қамын!
Досай
Қара пышақ өткірлеп қайратармын,
Біреуіңді той күні жайратармын!
Жұрқа
Өзі қалап Гүлбәйра
Сүйген кісім Жұрқа десе қайтесіз?
Досай (өршіге).
Ағаш сүйер, тас сүйер,
Сені сүймес өлсе де!
Жанбике
Ендеше қыздың өз аузынан естелік!
Жұрқа (шапшаң басып шатырға таянады).
О, Гүлбәйра, Гүлбәйра!
О, халайық, түгел жинал!
Бәріңе айтар жаңалық бар.
Екінші беттен дүкеннен нәрсе алғандар қайта кіреді. Гүлбәйра әке-шешесі мен Жұрқаға жалтақтай береді.
Гүлбәйра
Ал, тыңдадық, айтыңыз.
Жұрқа
Айтам енді ағайын құлақтансын,
Достарымның көңіліне ұнап қалсын.
Ақшатырда әндетіп той бастаймыз,
Түндегі серт шындығын растаймыз.
Досай (қызына жекіп).
«Рас» десең қызым емес,
Шіріген бір жұмыртқасын!
Жанбике (О да қызына).
Сөз байласаң, бұзба, жаным,
Мен де сенің жағыңдамын!
Гүлбәйра
Бұл не тартыс, бұл қай сұрақ?
Ұғынуға жетпейді ойым.
Айтыңдаршы анығырақ
Серттескен кім, кімнің тойы?
Жұрқа
Гүлбәйражан, ұялма, ұялма сен.
Қашанғы ұшпай қаласың ұяңда сен.
Айт қайталап пейіліңмең мені сүйсең,
Естісін жұрт, естісін әке-шешең.
Гүлбәйра
Сақта құдай, сізге қашан беріп едім уәде?!
Жұрт аң-таң.
Жұрқа (Сасыңқырап).
Гүлбәйражан, ұялма, ұялма сен...
Қашанғы ұшпай қаласың ұяңда сен...
Гүлбәйра (қатал)
Қашан, қашан сізге уәде беріп ем
Қашан сізді оңашада көріп ем?!
Жұрқа (сасып).
Өткен түнгі, күзеттегі сөзін, ше,
Сүйемін деп айтпап па едің көзімше.
Гүлбәйра
Сіз емессіз менің сүйем дегенім
Баяш ортаға маң-маң басып шығады.
Баяш.
О, кәрі Жұрқа көрсетпесін сұмдығын
Мен ашайын түнгі күзет шындығын.
Ақын
Иә, сен айт, әділін айт!
Хор
Әділін айт, анық айт!
Баяш.
Қалары кім Гүлбәйраның десеңіз,
Таласпай-ақ, тартыспай-ақ шешеміз.
Тапқан теңін сұлу еркем ғашығын
Арнап соған айтқан әннің асылын.
Бұл да Гүлбәйраның жартастағы әнін өзінше қайталайды.
«Биік жартас басында,
Сүйіктіңнің қасында
Тұрған қандай тамаша.
Келші, сәулем, тағы да,
Сүйші, сәулем, тағы да
Ай қараңғы, оңаша.
Лә - лә, лә - лә, тамаша,
Ай қараңғы, оңаша!» -
Деп әндетіп Гүлбәйрашым түнде өткен
Сүйемін деп маған ғана серт еткен.
Жұрқа
Жоқ маған айтқан.
Баяш.
Маған айтқан!
Жұрқа,
Жұлайын ба мойныңды, қу сирақ!
Тап береді. Бірақ карт ақын ту сыртынан құшақтай алады. Өзгелер де жабыла ұстайды. Қайратты Жұрқа әрең тоқтайды.
Баяш (үрке жүріп)
Маған айтқан, маған айтқан.
Ақын
Біреу еді, екеу болды талапкер
Қайсысы рас, Гүлбәйрашжан, жауап бер.
Досай
Жүзі қара, жауап бер!
Жұрқа, Баяш (жарыса),
Жауап бер,
Гүлбәйра
Тауда бұлбұл сайраса,
Сүйген гүлін ойласа
Кінәлі ма, ағайын?
Күзетте қыз жасырын
Сыр қып айтса ашығын
Кінәлі ма, ағайын?
Түнде, жартас басында,
Қалаулымның қасында
Жалған емес тұрғаным.
Сүйіп қызық өмірді,
Айттым бір ән көңілді,
Арнай жарға шырқадым.
Жаңа кеп топқа қосылған.
Аңғарбай Гүлбәйра сөзін іле жөнеледі.
Аңғарбай
Сол ән маған арналған,
Менмін тыңдап арбалған.
Дауласпасын басқалар
Таптым сүйер жарымды,
Жасырмаймын жайымды
Өтті мезгіл жасқанар.
(Басын иеді. Жұрт аң-таң)
Ақын
Екеу еді, үшеу болды талапкер,
Қайсысы рас, Гүлбәйрашжан, жауап бер.
Орында да осынша елдің тілеуін,
Үшеуінен ұста таңдап біреуін.
(Қайта шырқап термелеп кетеді.)
Той басталсын тамаша
Ел есінен қалмайтын,
Ән айтылсын тамаша
Қанаты бір талмайтын,
Ақын түссін айтысқа
Жауар бұлтша торлайтын,
Балуан түссін күреске
Жықпай жүлде алмайтын,
Жүйрік түссін бәйгеге
Түгін тозаң шалмайтын
Ақтарылсын ақ пейіл
Қарындасқа арнайтын.
Қала бірін, Гүлбәйра,
Сүйгеніңмен күл де ойна.
Xор
Екеуі де, үшеу болды талапкер.
Қайсысы рас, Гүлбәйрашжан, жауап бер.
Орында да осынша елдің тілеуін
Үшеуінен ұста таңдап біреуін,
Қала бірін, Гүлбәйра,
Сүйгеніңмен күл де ойна.
Гүлбәйра
Қалайтыным - Аңғарбай.
Аңғарбай
Қалағаным - Гүлбәйра.
Екеуі қол ұстасқан, төмен қарасады.
Жұрқа мен Баяш иықтарына су кеткендей шығады,
Досай (қуанып).
Мен де ырзамын, ырзамын балаларым,
Берік болсын темірден араларың!
Жанбике
Көгеріңдер, көктеңдер.
Хор
Көгеріңдер, көктеңдер.
Осы кезде сумкалы, көңілді әндеткен почтальон шығады.
Почтальон
Әдетім бар әндетіп аяңдайтын,
Қапшығымды қолтықтап жаяулайтын.
Менен озар бар да екен бір елгезек
Етігінің тақасын аямайтын,
Кім күтеді қуаныш?
Қапшығымда қалауың.
Сүйген жаның жүрсе алыс
Менен сұра хабарын.
(Қыдыра жүріп хаттар береді).
Мені көрсе қуанар кәрілер де,
Жақындығым жастарға мәлім елге.
Ұсатамын өзімді жұрт қадірлер
Көңіл күйін емдеуші дәрігерге.
(Хат таратады)
Кім күтеді қуаныш?
Қапшығымда қалауың.
Сүйген жаның жүрсе алыс
Менен сұра хабарын.
Ағайынға махаббат тасығаным
Күткендер көп жолымда, асығамын.
Жеткізейін хаттарын ғашықтардың
Жаратпаймын жас көңіл жасығанын.
Кім күтеді қуаныш?
Қапшығымда қалауың.
Сүйген жаның жүрсе алыс
Өзімнен ал хабарын.
Тағы да пакеттер таратады. Гүлбәйраға телеграмма ұсынады.
Гүлбәйра
Телеграмма! Алматыдан!
Досай
Кімнен, қызым? Не депті?
Гүлбәйра (оқиды).
«Москваға выставкаға жүресіз.
Тез жетіңіз кешікпей.
Құрметпенен министр».
Аңғарбай (қуанышты).
Машина әзір,
Оң сапарға мен де әзір!
Гүлбәйра
Аттанамын оң сапарға,
Бердім тізгін сүйген жарға.
Аңғарбай
Досым да сен, бауырым да сен
Ант етемін жолдастарға!
Гүлбәйра
Аттанамын оң сапарға,
Шақырып тұр үміт алға!
Аңғарбай
Қасыңдамын тірлікте мен,
Ант етемін жолдастарға.
Гүлбәйра
Аттанамын оң сапарға
Шақырып тұр бақыт алға!
Аңғарбай
Бақытым менің бір сен үшін,
Ант етемін жолдастарға!
Гүлбәйра
Аттанамын оң сапарға,
Астанамыз Москваға!
Аңғарбaй,
Жәрдемшіңмін ұзақ жолда,
Еркім енді өз қолыңда.
Екеуі қосылып
Қош ағайын, қош, жолдастар,
Қош, болыңдар, құрбы, достар.
Қош болыңдар, ата-аналар,
Тоссын күндер қайта оралар!
Ақын
Оң сапар болсын - он сапар!
Хор
Оң сапар болсын - он сапар!
Досай
Таулардан төгілгендей тасқын аға,
Жолдаймыз тасқын сәлем, Москваға.
Хор
Көгерген көктен сәлем, жерден сәлем,
Туысқан қазақ, атты елден сәлем!
Сәлем, сәлем - саған астана,
Бақыт жолын түзу нұсқаған.
Сәлем, сәлем - Қазақстаннан
Ленин туын биік ұстаған!
Ақын
Тыңдардың астығындай тасқындаған
Жолдаймыз тасқын сәлем Москваға.
Хор
Жанындай, жүрегіңдей сүйген әлем
Мейірімді Москваға бізден сәлем!
Сәлем - сәлем - саған астана,
Достық жолын түзу нұсқаған.
Сәлем, сәлем - Қазақстаннан
Ленин туын берік ұстаған!
Жанбике
Жалындай жанымыздан тасқын аға,
Жолдаймыз отты сәлем Москваға.
Хор
Досыңдай, панасындай сүйген әлем
Айбынды астанаға бізден сәлем!
Сәлем, сәлем - саған астана
Жеңіс жолын түзу нұсқаған.
Сәлем, сәлем - Қазақстаннан
Ленин туын берік ұстаған!
Шымылдық