Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Магистратура емтиханына шпаргалка апарған 100-ге жуық талапкер оқуға түсу мүмкіндігінен айырылды

Тестілеу басталғалы 23 мыңға жуық адам магистратураға түсу үшін емтихан тапсырды. Олардың 43%-ы шекті балл жинады. Орташа көрсеткіш – 73 балл. Ең жоғары балл – 130.

Тестілеу басталғалы 149 қатысушының нәтижесі жойылды.

Оның ішінде 92 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды.

Кешенді тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан 57 адам шығарылып, олардың нәтижесі жойылды.

«Ұлттық бірыңғай тестілеудегі секілді кешенді тестілеуге кіргізу үш деңгейлі жүйе бойынша жүзеге асырылады: Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ отырғызу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі. Қабылданған шаралар арқасында тестілеуде бөгде тұлғалар анықталған жоқ», - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Естеріңізге сала кетсек, магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 43 мыңға жуық өтініш келіп түсті.

Магистратурада оқуға 13 мыңнан астам грант бөлінді. Биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу 22 шілдеде басталды және 10 тамызға дейін жалғасады.

Биыл магистратураға түсу ережесі өзгерген жоқ. Кешенді тестілеу үш блоктан тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест.

Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттардың бірі бар оқуға түсушілер шет тілі бойынша тесттен босатылады.

Тестілеу нәтижесімен келіспеген жағдайда онлайн апелляцияға беру мүмкіндігі қамтамасыз етілген.

Тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде оқуға түсуші бірден апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция бес күн ішінде қаралады.

Тестілеу сертификаты оқуға түсушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Шекті балл да өзгеріссіз қалды: ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін 75 балл, бейіндік бағыт бойынша 50 балл жинау қажет.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама