Сүйіндік Олжабай батыр ертегісі
(І нұсқа)
Әз Тәукенің тұсында үш жүздің баласы оңтүстіктен шөлейтке қарай жайлайды екен. Сырдың бойын жағалап, Жетісу, Алматы, Қапал тауларын өрлей отырады екен. Орта жүздің қыс қыстауы шүйгіген Сыр бойы да, жаз жайлауы Арқаның жоны екен. Сол кезде орта жүз қазағы Есіл мен Ертіс арасын қуалай шөлейтке келіп, мал семіртіп отырғанда, Қайдауыл дейтін өзеннің бойында дүниеге ер Олжабай келеді.
Әкесі Толы би — Айдаболдың немересі. Үргеніш, Қоңырат еліндегі нағашысына кеткенде, бәйбішесі Айбике босанып, күйеуі жоқта туған соң: «Бұл олжа бала», — деп, атын Олжабай қойған. Қап түбінде болат қылыш жата ма, олжа бала, жас күнінің өзінен-ақ талпынып, алмастың асылындай болып өскен екен. Олжа албырт, қатты, хан-сұлтанның балалары кездескенде, біріне-бірін түйеді екен. Бір кезде аста-тойда алдын бермей, жолды алып жүрген Құлынкөк атты қалмақтың жауы ел шапқанда, бірге алып кетеді. Толы би он төрт жасар баласын нағашысы Қаракерей Қабанбайға жіберіп, Нарқызыл аттың енесінен туған Тайбурылды қалауға сұратады. Олжа қасына ешкімді алмай, үйінде сүт еміп тұрған Тайкөкке отырып, қолына сарқамысты садақ алып «Қаракерей Қабанбайдың елі қайсы» деп тартып кетеді.
Олжа бала талай күн жүріп, нағашысының елін сұраумен іздеп келеді. «Қалмақтың жаулары бар ма?» деп аңдиды. Бір күні елсіз қалың орманға кіріп, күні бойы ел таба алмайды. Күн қара, жаңбыр жауып, кеш түсіп, түн болады. Бала күн бойы жүріп шаршаған соң, бір ағаштың түбіне келіп түседі де, Тайкөктің аяғын тұсап, шалқасынан түсіп жатады. Әлден уақытта байқаса, аты осқырады. «Неге осқырады?» деп, басын көтеріп қараса, анадайдан бір-екі от көз жалтырап жақындаған болады. Олжекеңнің қолында садақ пен сары ала қамшыдан басқа дәнеңе жоқ. Малдасын құрып, қамшысын бүктеп, бір қолына сары ала қамшы, садақ алып отыра береді. Әлгі от көз таянып қасына келсе, орманның ішінде жүретін бір қабылан екен. Олжекеңнің қарсы алдына келеді де, бүгесінен түсіп, көзін Олжекеңнен айырмай жата береді, тап бермейді. Олжекең де одан көзін аудармай қамшысын бүктеп, садағын қасына алып отыра береді. Түн қап-қараңғы: екеуі сол қарасқаннан күн шығып, сәске болғанша қарасады. Күндіз әлден уақытта қабылан тұрады да, артына бір қарап жүре береді. Қабылан кеткен соң Олжекең Тайкөктің тілін қатырады да, біраз шалдырып, ел іздеп жортып кетеді. Келе жатса, бір су бойында бір қараша үй көрінеді. Үйге келіп, атын белдеуге байлап, кіріп келсе, үйде бір кемпір отыр екен. Олжекең екі күндей нәр татып, ел жүзін көрмеген. Кемпір:
— Е, балам, түсің қашып, түн қатып жүрген қай баласың? Еліңді жау шауып, жалғыз қалған бала емессің бе? — дейді.
Олжекең:
— Е, шеше, елімді шапқанмен қоймай, әкем телі қылған тоғыз жесірлік Құлынкөк атты да бірге әкетті. Жапанның түзінде жалғыз қараша үйде отырған өзіңіз кімсіз? — дейді.
Кемпір:
— Е, шырағым, ел, руым Найман еді. Елімізді құба қалмақ шауып, солардың жосығынан қалып отырған жанмын, — дейді. Кемпір сәуегей балгер екен. Олжаға бал ашып:
— Шырағым, «ер қанаты — ат» деген, тұлпарыңды әкеткен — құба қалмақтың жауы. Сен бұрын тойға шықпаған албырт бала екенсің, бірақ аруағың күшті, жұлдызың жанып тұр. Бір кезде қайтсең де құба қалмақтан кек аларсың! — депті.
Он төрт жасар Олжа нағашысы Қабанбайға барып, тартуға Тайбурыл мен ақ сауытты киіп қайтты. Қаракерей Қабанбайдың қартайған шағы екен. Олжаны үш рет иіскеп, бейіл салған екен. Олжекең ақ сауытты киіп, Тайбурыл мен нағашы қосқан бір жігітпен келе жатқанда, бір тайпа қырғыз еліне жолығады. Қырғыздың бір жақсы адамы Олжекеңнің түріне қарайды да, біраз әңгімелескен соң:
— Шырағым, «аталы жұрт — ару ел» деген, «елге ел қосылмаса да, адамға адам қосылады» деген.
Оқуға кеңес береміз: