Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 43 минут бұрын)
Махамбет ауданында жылына 130 тонна балық өндіретін жаңа зауыт ашылады

Атырау облысында балық шаруашылығын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар қолға алынып, Махамбет ауданында заманауи балық өңдеу зауыты іске қосылады. Бұл жаңалық өңірдің экономикасына серпін беріп, экспорт әлеуетін арттырады деп күтілуде.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Махамбет ауданында «А-Дана» шаруа қожалығының зауыты құрылысы аяқталуда. Жобаның негізгі мақсаты – жылына 15 миллион дана бекіре тұқымдас балық шабағын өсіру және 130 тоннаға дейін товарлық балық өндіру.

Экспорттық әлеуетті арттыру

Атырау өңірінің балық өнімдері шетелде жоғары сұранысқа ие. Өткен жылы облыста 15,5 мың тоннадан астам балық ауланған. Оның 10 мың тоннасы жергілікті кәсіпорындарда өңделіп, 3,3 мың тоннадан астамы экспортқа жөнелтілген. Қазіргі таңда Атырау балықтары Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Украина және Германия сынды елдерге жеткізілуде.

Даму перспективалары

Бүгінгі таңда облыста 18 балық шаруашылығы субъектісі жұмыс істейді, оларға 31 учаске бекітілген. Алайда, өңірдің әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр. Қосымша 27 учаске инвесторларды күтуде.

Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Бекзат Сәрсенғалидің айтуынша, жаңа жобалар өндіріс көлемін ұлғайтып, экспорт географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Жаңа зауыттар тауарлық балық өсіруді дамыту арқылы табиғи су қоймаларына түсетін салмақты азайтуға ықпал етеді.

Жаңалықтар

Жарнама