instagram.com/smychek_denis/
- 04 нау. 2026 12:01
- 23
«Мама, неге мен қазақ емеспін?» – Ресей азаматы қазақстандықтарды эвакуациялауға қызыға қарады
Ресей азаматы Денис Смычек Қатарда жүргенде, өз елінің азаматтарын шет елден эвакуациялау жұмыстарының салғырт жүргізіліп жатқанына қынжылыс білдірді. Ол өзінің Instagram парақшасында қазақстандықтарды эвакуациялаудың жолға қойылғанын көріп, қызығушылық танытты.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Денис Смычектің айтуынша, Қазақстанның шет елдегі елшілігі өз азаматтарына Сауд Арабиясына виза рәсімдеп, автобустармен тасымалдап, одан әрі Алматыға тегін ұшақпен жеткізуді ұйымдастырған. Тіпті, әр азаматқа 35 доллардан көмек берілгені туралы айтылады.
Ресейліктердің эвакуациясының жай-күйі
«Соңғы жаңалықтар: Қазақстан азаматтарына Сауд Арабиясынан виза жасап, ертең автобустармен алып кетеді (бұл шамамен 22 сағаттық жол). Одан әрі Алматыға тегін ұшақпен жібереді. Олардың картасына 35 доллардан да аударады. Ал бізде ештеңе жоқ. Бірақ біз мұңаймаймыз. Жақсы нәтижеге сенеміз», – деп жазды ол.
Видеода қазақстандықтарды эвакуациялауға дайындық жүріп жатқаны туралы хабарлама үнпарақтары естіліп тұрады. Диспетчер: «Қазақстан елшілігінің өкілінің ақпараты бойынша: барлық Қазақстан азаматтары Сауд Арабиясында визаға өтінішті шұғыл түрде ресімдеуі қажет, сіздерге жіберілген WhatsApp сілтемесі арқылы өтіңіздер. Себебі сіздердің автобустарыңыз Сауд Арабиясы аумағына кіреді. Джиддадан ҚР елшілігі ұйымдастырған тегін ұшақ сіздерді тікелей Алматыға алып кетеді», – деп хабарлайды.
«Мама, неге мен қазақ емеспін?»
Бұл жағдайды көрген Ресей азаматы бейнежазбада күлкілі түрде: «Мама, неге мен қазақ емеспін?» деп сұрайды.
Комментарийлерде қазақстандықтар өздерінің шет елден жедел шығарылғанын растады. Бір қолданушы: «Қазір түнде шөл далада келе жатырмыз, Эр-Риядқа жақындап қалдық, содан кейін Джиддаға автобуспен барамыз (10 сағаттай жол) – сол жерден Қазақстанға ұшамыз», – деп жазды.
Тағы бір азамат Германияда тұратынын айтып, елшіліктің консулдық есепке тұру қажеттілігі туралы айтқанын еске алды. «Егер елде төтенше жағдай орын алса, олар өз азаматтарының қайда екенін біліп, құтқаруға дайын болады екен. Бұл менің жаныма тыныштық пен жайлылық сыйлады», – дейді ол.
Басқа бір пікірде: «Өткен жылы жарылыстар мен зымырандар астында біздің ұшақ мүмкін еместі жасап, қазақстандықтарды ұрыс алаңынан алып шыққанын бәріңіз білесіздер», – деп жазылған.
2011 жылы Жапонияда болған жағдайды еске алған қолданушы: «Қазақстан елшілігі тез әрекет етіп, басқа елдердің азаматтарын да алып кеткен еді. Мен Қырғызстан паспортымен еш қиындықсыз ұшаққа міндім, жанымда бір жасар сәбиім болды. Олар паспорттың түсіне қарамай, балалы әйелдерді алды. Қазақстанға үлкен алғысымды білдіремін», – деп жазды.
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандықтарды Таяу Шығыс елдерінен әкету басталған болатын. FlyDubai әуе компаниясы Дубай – Астана және Дубай – Алматы бағыттары бойынша 2 рейс ұйымдастырып, 306 жолаушыны тасымалдады. Жақында Көлік комитеті жаңа рейстер мен кестелерді жариялады.