Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Мәнді сөздер (Шәкәрімнің нақыл сөздері)

      Өтіріктен тілін тия алмаған адам арамдықтан ындынын тия алмас.
     
      Мен зияны тиер деп күдіктенген кісіме — жылы жүзбен күле қараймын. Ақыл сынауында мұным — пішініммен айтқан өтірік. Адам баласы зиянкес болғандықтан, амалсыз талай осындай іс істеледі.
     
      Адам топ әскерді алдап, өлімге апара алса да, өзіне зұлымдықты қойғыза алмайды.
     
      Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай зұлымдығымды жасырғалы қылам. Сөйтіп жүріп, адам атануға ұялмаймын.
     
      Адамдар мал-мақтан үшін соғысып, өзі жек көретін өлімге жанын тапсырады.
     
      Сақ адам сандығын бекіте алады. Есті адам тілін тия алады. Бірақ ешкім ойын тия алмай¬ды.
     
      Бас көзі жұмылады, көңіл көзі жұмылмайды.
     
      Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл.
     
      Ешкімге ерік қақпасы ашылған жоқ.
     
      Қызыл гүлге қызығып сайраған бұлбұл гүл соларын білгенде зарламай қайтсін.
     
      Өлгенде жаным ақылыммен бір шығатын болса, талай тамаша көрсем керек. Егер ақылым да, жаным да біржола жоғалатын болса, мен — жанып өшкен отпын. Дүниені өртесем де, ешкім мені жазалай алмайды.
     
      Дүниеде сыры өзімен бірге көмілетін адам бар ма екен?
     
      Терең ой, түзу тәжірибесі бар адам ғайыптан хабар береді. Әулие дегені сол болса керек.
     
      Дүниеге қызығатын көзімді топырақ баспай тұрып бейнеттен құтыла алмайым, осынша тәтті көретін өмірден татпай тұрып «ащы» деген өлім жақсы болса керек.
     
      Сырымның орны болған денем де сырымды анық білмейді, достарым сырымды қайдан білсін.
     
      Адамнан жаман жанды жоқ, мені жамандаған кісі өзінен жаман қыла ала ма? Тәтті сөз тауып айта алмайтын ақын, мені неге күндейсің? Мені сен, сені мен жаратқам жоқ қой!
     
      Біздің лапкеге кірген кісі кішіпейілдікті алады, өзін сатам деген кісі мақтан алушы алыпсатарға барсын.
     
      Шынның дуанасы өнерсіз мақтаншақтың басын он тиынға алмайды.
     
      Менің пірім мұңғыл болса, не зиян?
     
      «Мені кім жаратты?» деп ойламайтын бас бола ма?
     
      Жоқтық егіндігіне бір бидай еге алмасаң, барлық қырманынан жалғыз арпа да ала алмассың!
     
      Молдалар: «Жан денеден шыққанда қатты қайғырады», — дейді. Өтірік айтады – неге десеңіз, жан ақылмен бірге шығатын болса, дене тұтқынынан құтылғанына қуанса керек. Егер ақылы жоғалатын болса, қайғыруды білмесе керек.
     
      Дүниенің қайғысы ақ жауындай үзілмей жауса да, қуаныш анда-санда найзағайдай жарқ етеді де өшеді, бұл неліктен? Бұл – адам баласының қиянатының көптігі, мейірімінің аздығынан.
     
      Зор дұспаннан қандай сақтансаң, ұсақ жаудан сондай сақтан.
     
      Арыстан көрнеу келеді. Қарақұрт пен шаян жасырынып шақса да, уыты аса зиянды.
     
      Осы өмірден басқа өмір жоқ болатын болса, жаралыспен жағаласып, адамдармен арпалысып өмір сүргенше, жасамаған артық емес пе?


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама