Мектептегі оқу мен тәрбие ісін басқаруға қажетті негізгі жеке тұлғалық сипаттамалар
Жаңашылдықты мектеп өміріне енгізу және әдістемесін таратуда орынбасарлардың қызметі ерекше. Мұғалім мен оқушының арасындағы байланысты нығайтатын, ата-аналармен қарым-қатынасты реттеуге қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келе жатқан орынбасардың тәжірибесі өте қажетті. Балаларды оқыту мен тәрбиелеу тәжірибесі педагогикалық үрдістің сапасын үнемі арттырып отыруды талап етеді. Педагогикалық тәжірибеде жаңа заманауи технология мен инновацияларды меңгеру мәселесі маңызды болып саналады. Сондықтан басқару жүйесіндегі әдіснамалық жұмыс білім қызметкерлерінің кәсіптік деңгейін көтерудің және оқу-тәрбие жұмысын басқарудың негізгі құралы болып табылады. Бүгінгі таңдағы елімізде өтіп жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жағдайында Қазақстан Республикасының әлемдік білім беру кеңістігіне енуі кезінде мұғалімнің жеке тұлға ретіндегі, оның кәсіби біліктілігі айрықша мәнге ие болуда, өйткені ол мектептегі дәстүрдің жалғастырушысы мен жаңаруының кепілі болып табылады.
Мектеп басшыларының менеджементтік қабілеті дамыған болуы қажет. Мысалы, АҚШ пен Жапония, Европа елдерінде барлық салада менеджерлер жоғары деңгейде қызмет атқарады. Олардың менеджерлерінен алынған сауалнамалар негізінде басқару саласында біршама жеке тұлғалық сипаттамаларды атап көрсеткен. Олар: менеджерлікке деген адамның ынтасы мен қызығушылығы, адамдармен тіл табысуы, икемділік, өзгешелік, ойлау ерекшелігі, тәуекелділік пен жауапкершілік, болжаушылық, сезімталдық қасиеттері, кәсіби құзыреттілік пен басқару дайындығы. Бұл адамның психологиялық қасиеттерімен байланысты. Қазіргі таңда өзгермелі қоғамда басшының ашуға тез берілу, эмоцияға салыну, қобалжу сияқты қасиеттері кедергі келтіреді. Менеджер басшы өз қарамағындағы ұжымды тең деңгейде, үлкен жауапкершілікті сезіне отыра басқарса, көптеген мәселелердің түйіні шешіледі деп ойлаймын. Мұғалімдердің сабақ барысында өздерін кәсіби білікті маман ретінде көрсете алуы-тікелей басшылыққа да байланысты деп есептеймін. Дұрыс бағыт-бағдар берілген ұжымда жақсы психологиялық ахуал орнайды деген сөз. Мысалы, мұғалімдерді үнемі қыспаққа алып, психологиялық қысым көрсету, оқушы мен ата-ана алдында беделін түсіріп отырса, ондай мұғалімнің кәсіби деңгейі мен эмоциясы реттелдмейді, керісінше, төмендей беруі мүмкін. Сондықтан да басшының кәсіби құзыреттілігі мен басқару дайындығы болуы қажет деп есептеймін.
Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарының негізгі жеке тұлғалық сипаттамаларының маңыздысы – өзгеріске бейім, жаңалыққа құштар болу. Мен осы тұста В.Франклдың «Адамның өмірдің мәнін өздеуі» деген кітабында құндылықтардың 3 тобын көрсеткен. Біріншісі, шығармашылық құндылықтары. Бұл директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарының шығармашылық жағынан үнемі жетіліп, дамытып отыруы тиіс қасиеттері. Өзінің жеке рухани қажеттілігін қанағаттандырмаған басшы басқаларға да үлгі бола алмайды. Бұл бір жағынан жиындар мен отырыстарда орынбасарлардың түрлі тәжірибелерден сілтеме жасау арқылы ұжымдағы мұғалімдерге бағыт-бағдар беру. Мұғалімнің ғылыми-әдістемелік деңгейінің өсуіне көбінесе шығармашыл менеджерлердің әсері көп. Мысалы, мектептегі шығармашылық үйірмелер, топтар, ғылыми жобалар, түрлі шығармашылық конкурстар, әдеби-музыкалық кештер, қойылымдар осылардың барлығы шығармашыл орынбасардың нұсқауы мен қолдауымен өткізілетінін нақтылағым келеді.
Сондай-ақ менеджер басшы өзі ұйымдастырып отырған шараларға нақты баға беріп, мұғалімдердің ары қарай өзінің кәсіби шеберлігін дамытуға түрткі болуы қажет. Сабақтарға түрлі әдіс-тәсілдерді енгізу арқылы мүмкіндіктерін арттыруға себепші болады. Мысалы, біздің мектепте Lesson Study «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу» жұмысы қарқынды жүріп келеді. Әдетте жаңа технологиялық әдістемені енгізуде мұғалімдерде қорқыныш пен қобалжу болатын анық. Алайда біз директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары ойласа келіп, сабақты зерттеу тобының жұмысын: сабақты жоспарлаудың алдыңғы кезеңін көпшілік назарына ұсындық. Қиын жолмен емес, яғни теорияға ғана ұстанып қалмай, тәжірибеде пайдаланып көру-мұғалімнің шеберлігін арттыратынын түсіндірдік. Осылай мектептегі 10-ға жуық Лессон стади топтары оқытуда қиындық тудыратын және инклюзивті оқушылардың қабілетіне қарай сабақ жоспарлау үрдісін барлық бірлестік пен ондағы мұғалімдерге тараттық деп есептейміз. Нәтижесінде әр тоқсан сайын үлгерімі төмен сыныптар мен инклюзивті оқушылардың деңгейі біршама көтерілетінін жоспарлап отырмыз. Яғни әдістемелік жұмыстардың мазмұнын, жоспарын, іс-шараларды жүргізу әдістерінің тиімділігін үнемі талдап отыру әдістемелік көмек көрсету жұмысын ары қарай жақсартуға және оны дамытуға мүмкіндік береді. Бұл инновацияға негізделген әдістемелік жұмыстарды шығармашылықпен жүйелей білу керек деген сөз.
Жоғарыда аталған жұмыстар В.Франклдың екінші құндылығы қобалжу құндылығының мәселесін анықтап тұрғандай. Бір-біріне ашылып, тәжірибесін бөліскісі келмейтін мұғалімдерді ортақ шаралар арқылы басқаға жан ашу қабілетін, яғни, эмоционалды үн қату, басқа адамдардың қиындықтары мен қуаныштарына мән беру, сезімін бөлісу арқылы жеке тұлғалық ізгі құндылықтарын дамытуға себепші болады. Өзінің идеологиялық серігін табу, бір-біріне көмектесу, жанашырлық таныту сияқты қасиеттері артады деген ойдамын. Қобалжу құндылығы болмаған жерде шығармашылық идеялар, инновациялық әдіс-тәсілдер, жобалар мен жоспарланған іс-шаралар өз деңгейінде өтпейтіні анық.
Келесі құндылық- қарым-қатынас құндылығы. Менедежер басшы өзінің бүкіл ұжыммен қарым-қатынаста болатынын, күнделікті көмек сұрап келетін ұстаздардың психологиялық, эмоционалдық, кәсіптік қиындықтарын тыңдауға дайын болуы қажет. Яғни, кейбір тұлғалардың эмоциясын басқаруға, өзіне көп жүк артпауға, кәсіби шеберлігін таныта отырып, барлық әріптестерімен тең дәрежеде қарым-қатынас орнатуы тиіс. Әрбір адам қателесуге құқылы деген қағиданы ескере отырып, көп сенім артқан тұлғалардың сенімнен шықпауына да дайын болғаны дұрыс. Шамадан тыс сыни көзқарас шығармашылыққа, өзіндік ой айтуға кедергі болатынын да ұмытпағаны жөн.
Басшының тиімді психологиялық критерийлері мыналар:
· Ұжымдағы психологиялық ахуал: ұжымның жоғарыда атап өтілген көңіл-ахуалын бір деңгейде ұстап отыру маңызды.
· Ұжым мүшелерінің қанағаттануы: қарамағындағы қызметкерлердің қанағаттанбау деңгейін уәждемелік реттеу арқылы төмендету, ынталарын көтеру арқылы қанағаттану деңгейін арттыру.
· Ұжым мүшелерінің уәждемесі: жұмыста бірінші орында мұғалім екені, олардың өнімді жұмыстың қайнар көзі екенін уәждемелеу және реттеу.
· Ұжымның өзін-өзі бағалауы: бұл ретте адамдар өз жұмысын бағалау арқылы кәсіби шебершілігін арттырып, дарынды оқушылармен жұмысын көрсете алады.
· Басшының беделі: әрине басшының беделі маңызды, бірақ «бірсарынды», көп шектеу қоятын басшының емес, өзіне сенімді, қиындыққа төзімді, креативті, тәуекелшіл, табанды, жауапкершілігі мол, мақсат қоюшы және мақсатқа жетуші, қарамағындағылармен сенімді қарым-қатынас орнатушы, қоғамшыл, адамдармен жұмыс істей алатын, қызметкерлердің жұмысын дұрыс үйлесітіріп, ынталандыратын, олардың бар мүмкіндіктерін пайдалана алатын болуы қажет.
Менеджер басшы жүргізілген іс-шараларға нақтылы баға беру, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыруға мүмкіндік туғызу; сабақтарға енгізу мүмкіндііктерін қарастыру; қабылданған шешім дәлелді болу, жұмысты дұрыс жоспарлау; әдістемелік жұмыстың кезеңдерінің тығыз байланыста болуы; ұжымдық және жекеше жұмыс түрлерінің өзара байланыстадамуы; мұғалімдерді мазмұны мен түрі жағынан бір-біріне жақын іс-шараларға белсенді қатыстыруға бағытталған интербелсенді әдістерді ықпалдастыру.
Ұжым басшысының жеке тұлғалық сипаттасына түрлі ғалымдар пікір білдірген. Мысалы, Фин авторлары Т.Санталайненом, Э.Воутилайненом, П.Поренне көбінесе басты назарды жеке тұлғаның жеке қасиеттеріне ғана емес, қосалқы білім алуы мен практикалық тәжірибесінен туындайтын қабілеттеріне аударады.
· Нәтижеге және мақсатқа жету үшін басшының ынтасы мықты болуы тиіс.
· Тәуекелшіл, шешім қабылдауда жауапкершілікті сезінуі.
· Өзгерістердің бастамашысы, бастаманы ұйым мүддесіне пайдалануы.
· Әріптестерімен тең дәрежеде ақыладасатын, көпшіліктің үнін тыңдайтын басшы.
· Тез шешім қабылауы.
· Бүгінгі және келешекке мән бере отырып шешім қабылдауы.
· Ұйымның сыртқы, ішкі проблемаларын көре білу қабелеті.
· Жақын әлеуметтік қарым-қатынастарға дайын болуы.
· Басшылыққа дайын болуы.
· Өз жұмысына шығармашылықпен қарауы,
· Үнемі өзін-өзі жетілдіру, психологиялық және физиологиялық дайындығы.
· Уақытты дұрыс тиімді пайдалануы
· Өзін де, қызметкерді де ынталандыруға дайын болуы.
· Кәсіби қызметкерлерді дайындау және басқаруға дайын болуы.
Мектеп директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары зерттеуші де болу керек. Мектепте мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне диагностика жасау, мониторингісін шығару жолдарын іздестіру жаңа нәтижелер беруде. Педагогикалық ұжымды басқаруда инновациялық үрдістерді жүйелендіру әрекетінде мектептің өзекті тақырыпқа орай мақсат пен міндеттерді жүзеге асыруда басқару үрдісіне сүйену керек.Бүгінгі таңда мұғалімдердің жұмысына рейтинг қою арқылы олардың шеберліктері мен болашақтағы жоспарларын құруға дайындағын анықтап жатырмыз. Өйткені өзін-өзі бағалап, сыни көзқарас танытпаған мұғалімдердің кәсіби деңгейі өспейді деп есептеймін. Мектебімізде рейтинг арқылы бірлестік, мұғалімдер, тәрбие жұмыстарының өсуі нәтиже беріп келеді. Бәсекелестікке дайын болған оқытушылардан өмірде өз орнын табатын оқушылар тәрбиеленіп шығатыны сөзсіз. Барлығы менеджер басшының жұмысына тікелей байланысты деп айтар едім. Өйткені ұжымдағы ахуалды ретке келтіріп, өзінің басқарудағы қабілетін танытқан басшының жұмыстары да өнімді болмақ. Бұл болашағымыз бен еліміздің өсіп-өркендеуі, адам капиталдың сапасын арттыруға септігін тигізеді.