Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 сағат бұрын)
Менің әйбат есімім
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: «Менің әйбат есімім»
Сабақтың мақсаты:
– адам есімдері жайлы, оны толық және еркелетіп айтуға болатыны жайлы түсінік беру; балалардың өз есіміне деген жағымды сенімін дамыту; өзге адамдарды есімімен атау әдетіне тәрбиелеу.
Әдістер: сұхбат, түсіндіру, әңгіме, ойын.
Құрал - жабдықтар: хрестоматия, айна, күннің және көбелектің макет - суреті, альбом.

Сабақтың барысы
Шаттық шеңбері
– Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгін саяхатымызда «Өзін - Өзі тану» әлемінде Махаббат періштесі бізге есімдер туралы әңгімелейді.
Сендердің барлығыңның есімдерің өте әдемі. Қандай есімдер екенін көрейік. Ортаға шығып, шаттық шеңберін құрайық, есімдерімізді дауыстап айтайық.
Тез тұра ғой, өтінем,
Кім болады есімің?
(Балалар есімдерін айтады да, тәрбиеші барлық балалардың есімдерін қайталайды.)
– Балалар, бүгін шынымен де сендердің есімдеріңнен көңілді шеңбер құрдық.

Тыныштық сәті:
«Табиғатқа саяхат» релаксациялы босаңсу деп аталады. Барлығымыз ыңғайланып отырып, көзімізді жұмамыз. Мына керемет шипалы ауамен терең тыныс алып, өз тыныс алуыңызды бақылаңыз. Демді ішке тартқанда бойыңызға енген шипалы ауаның денеңіздің әр қуысынан ауыртпалықты, ашу - ызаңызды жинап теріп жүргенін елестетіңіз. Деміңізді шығарғанда манағы шипалы ауаның жиған терген жағымсыз эмоцияларын сыртқа қарай бағыттап шығарып жіберіңіз. Көз алдыңызда өзіңіздің таңғажайып табиғат аясында жүргеніңізді елестетіңіз. Жапырақ иісін иіскеп, құстар әнін тыңдап, орманда қыдырыңдар. Қыдырып жүріп, үңгірге жақындадыңыз. Үңгірдің қасында сарқырап су ағып жатыр. Судың аққанын және орман тыныштығын құстардың әнін естуге тырысыңыз. Осының барлығына ішкі жан дүниеңді ашып, өзіңізге ыңғайлы орынға отырып, тыныштықпен үйлесімге келіңіз. Көгілдір көк аспан, сіздің бойыңызға тыныштықты ұялатады, ал жарқыраған күн сәулесі сізге жылулығын береді. Сылдырлаған өзен мен құстардың әсем дауысы сіздің жүрегіңізді баурап керемет сезімге бөлендіңіз. Ешқандай кедергілер, қиындықтар сіздің көңіл - күйіңізді бұза алмайды. Сізде бәрі де жақсы болады. Терең тыныс алып ішіңізден «Менің қандай әйбат, мен бақыттымын» деген сөздерді қайталаңыз. Көзімізді жаймен ашып, бір - бірімізге қарап күлімдейік.
- Қандай күйде болдыңыздар, барлық жағдайды сезіне алдыңыздар ма?
Әңгімелесейік
– Балалар, кірпі, керік және қонжық орманнан қандай зат тауып алғаны естеріңде ме?
(Балалардың жауаптары)
– Дұрыс, олар айна тауып алған болатын. Айнаға қараңдаршы. Кімді көріп тұрсыңдар? Сендердің есімдерің айнадан көрінеді ме?
(Балалардың жауаптары).
– Сендер айнадан өздеріңді және беттеріңді ғана көресіңдер. Бірақ, есімдеріңді көре алмайсыңдар. Біз өз есімімізді тек ести аламыз. Әрбір адамның есімі болады. Адам туған кезде оның жақындары мен туыстары: ата - анасы, атасы мен әжесі оған есім береді.
Педагог сонымен бірге адамның тегі және әкесінің аты болатыны жөнінде тоқталып өтеді.
Есімдерді таңдаған кезде айналадағы қадірлі, сыйлы батырлардың есімдерін және табиғаттың жаратылысындағы сұлулық пен әсемдікке теңеп қойған.
– Үлкен адамдар бір - бірімен сөйлескенде өз есімімен қатар әкесінің атын да атайды. Мысалы, менің есімім Айнұр болса, әкемнің аты бойынша Серікхан қызымын. Араларыңда кім өз есімімен қатар әкесінің атын айтып біледі? (Балалардың жауаптары)
– Егер адам мейірімді болып, игі істер жасаса, оны елдің бәрі құрметтейді, сыйлайды. Ал егер жаман іс жасаса, онда «Әкесінің атына кір келтірді» деп айтады. Сондықтан, балалар, әрқашан да өз есімдеріңді бағалай біліңдер, таза ұстап, кір келтірмей ұзақ өмір сүріңдер!
– Ал сендердің еркелетіп айтатын есімдерің бар ма? Мұны біз қазір білеміз. Ойынға шақырамын.
Ойын «Ерке есім».
(Тәрбиеші күннің, көбелектің макеті немесе суретін пайдаланады).
– Балалар, барлығың күннің айналасына жинала қойыңдар. Бізге мына көбелек көмектеседі. Ол қай сәулеге келіп қонса, біз сол бағыттағы балаға еркелетіп ат қоямыз. Мысалы, Сәулені – Сәулетай, Сәулежан, Дәуренді – Дәуренжан деп, болмаса, сендердің әке - аналарың, ата - әжелерің, аға - апаларың атайтын есіммен де атауға болады.
(Барлық балалар бір - бірлеп көбелек көрсеткен баланың есімін еркелетіп атап шығады).
Сабаққа қатысып отырған барлық балалардың есімдері аталады.

Тыңдайық – ойланайық
Тәрбиеші хрестоматиядан Т. Жарқынбаевтың «Мақұлжан» әңгімесін оқып береді, талқылау жасайды.
– Төлеуді қандай бала деп ойлайсыңдар?
– Төлеуді Мақұлжан деп неліктен атады?
– Сендердің жасаған жақсы істеріңе қуанып, үлкендер басқа есімдермен атады ма?(ақылшы, көмекші т. с. с.)

Қорытындылайық
– Балалар, әркімнің өз есімі бар. Бүгінгі сабақта біз есімді құрметтей, бағалай білу керектігі туралы білдік. Әрбір еркелетіп айтатын есім гүлге ұқсайды. Гүлдердің бәрі әдемі: раушан да, қызғалдақ та, бәйшешек те – бәрі де өзінше керемет, бәрі де адамға қуаныш сыйлайды. Біздің есіміміз де осындай керемет! Мен сендерге гүл таратып беремін сендер түрлі түсті бояумен бояйсыңдар.
(Балалар гүлдерді бояйды)

Жүректен жүрекке шеңбері
– Бәріміз қол ұстасып, жүректен жүрекке шеңберіне тұрамыз.
Есімімді сүйемін!
Оны аялай білемін!
(Балалар тәрбиешімен бірге қайталайды.)

Үйге тапсырма
– Сендердің есімдерің кімнің құрметіне берілгенін үлкендерден сұраңдар.
– Үйде өздеріңді үлкендер еркелетіп қалай атайтынын естеріңе түсіріңдер.
– Балалар, рақмет! Сау болыңыздар!

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама