Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Менің мамандығым — менің саналы таңдауым

Әрбір жасөспірім ертеңі үшін таңдау жасайтын шақта өз болашағын белгілі бір мамандықпен байланыстырады. Жарқын келешегін сол таңдауына сеніп тапсырады, зор үміт күтеді. Бірақ мұндағы басты шарт — таңдауды дұрыс жасай білу. Себебі жасалған әрбір дұрыс таңдау сенің өмірден өз орныңды табуыңа тікелей септігін тигізеді. 

Менің дұрыс деп тапқан, шын жүрегім қалаған мамандығым ол — журналистика. Журналистика — қызығы мен қиындығы қатар жүретін, халық пен билік арасын теңестіруші жан-жақты қамтылған ауқымды сала, әлем атаулысының төртінші билігі. Яғни халық пен публика арасын біріктіруші алтын көпір. Дәл осы ақпарат айдынының кәсіби журналисі болу мендегі ең биік арман. Жалпы менің түсінігімдегі журналист қандай? 

Журналист — бұқаралық ақпарат құралдарының басы-қасында жүретін тікелей өкілі. Жұрт санасына жаңа леп беріп, пәрменді ой түйгізіп, түйткілді мәселенің түйінін шешу олардың бірден-бір міндеті. Өзекті мәселенің шешімін тауып, ұтымды ұсыныстар ұсыну тек журналиске тән қырағылық. Менде осындай керемет саланың кәсіпқойы, өткір қырағысы болғым келеді. 

Негізіне үңілер болсақ, журналист болу менің бала күнімнен бастау алған, бірегейлігімен баураған асқақ арманым. Сол асқақ арманым бүгінде өзіме қанат бітіруде. 

Мамандық таңдаудан дұрыс шешім қабылдағанымды іштей сеземін. Ал толыққанды түрде сенімді болу үшін, алдыға қойған мақсаттарыма жетуім қажет. Мендегі өмірлік мақсат - нағыз шындықтың жаршысы болу, халыққа қажетті әрі ресми хабар тарату. Журналистика саласының ерекшелігі де осы - шынайылықта. Шындық жолы қашан да оңайға соқпаған. Тіпті ақпарат майданында шындықпен қорғанудың өзі қырағы журналиске тән көзсіз ерлік.

Журналистика — бүкпесіз шындық пен боямасыз болмыстың бейнесі. Демек шынайы ақпарат тарату біздегі ең бастапқы міндет. Ресми ақпарат пен ұдайы дамудың ортасында жүретін бұл мамандықты тек өзіне сенімді, әділдікті ту еткен мен сияқты бірегей мықтылар ғана таңдайды.

Қорытындылай келе, менің мамандығым — менің саналы таңдауым. Ең бастысы таңдаудан қателеспесең болғаны. Себебі жасалған дұрыс таңдау сенің жарқын болашағыңның сенімді кепілі!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама