Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 18 сағат бұрын)
Міржақып Дулатовтың «Біздің мақсатымыз» мақаласын талдау

Міржақып Дулатов - патша өкіметінің қуғын сүргіні мен Сталиндік репрессияның зардабын шегіп, тар жол тайғақ кешуді басынан өткізіп, әділет пен шындық жолында халқының мұң-мұқтажын жақтаған ұлтжанды ерлеріміздің бірі болған.  ХХ ғасырдың бас кезінде қанат жайған демократиялық қозғалыстың , ел ішіндегі еркіндіктің мәдени өркендеуі үшін күрескен өкілдеріміздің бірі.

Осылайша билік төріндегілердің бастапқыда-ақ назарын өзіне аударған  Міржақып Дулатовтың «Серке» газетінде жарияланған «Біздің мақсатымыз» атты мақаласы кешірім жасауға болмайтын саяси үгіт деп саналып, сынға алынуымен қатар, бұл газет конфискеленсін деген шешім қабылдап,  патша үкіметі әрі қарай шығуына тыйым салады. Бұл мақаланың басты мақсаты қой бастаған серкедей болып надандықта, түнекте жатқан қазақ халқын жарыққа алып шығуға шақыру болды. Мақалада Міржақып Дулатов патша үкіметінің ұлт аймақтарындағы отаршылдық саясатын сынап, бұратана халықтарға көрсетіп отырған қиянатын, зорлық-зомбылығын әшкереледі. Билік төрінде отырған бастық сымақтардың біздің еліміздің дініне, атадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрпымызға, тіпті неке мәселесіне де араласа бастап, діни кітаптарды тұтқынға ала бастағандығын да Міржақып Дулатов мақаласында тілге тиек етіп, атап көрсетеді.

 Осы мақалада оның қандай батыл, елі мен жері үшін шындық жолында күресуге барынша тырысқан шыншыл адам болғандығын көре аламыз. Екінің бірі ол заманда шындық үшін шырылдап, көптің ортасынан топ бастап шыға алмасы анық еді. Себебі, бұл кезеңде шындықты айтпақ түгіл, өз жеке басына жауап бере алмағандар қаншама... Иә, шынында да осындай ел басына қара бұлт төнген сәтте өз қара басын емес халқым, елім деп шыққан ұлтжанды азаматтарымыз қандай кез болмасын ел есінде мәңгіге қалмақ! «Ерлері ел де ұмытпас, жер де ұмытпас», деп әйгілі Мағжан ақын жырлағандай, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Болашақтың баяны үшін басын бәйгеге тіккен батырлардың есімі елге елеулі болып қашанда қала бермек! Әрине өткенімізде шындықтың туын көкке ұстауға тырысқан азаматтарымыз жетерлік. Дегенмен қазіргі қоғамымызда ерлігі өшпес ер қорғаны бола алатын ерлеріміз барма екен!? ХХI ғасыр болғалы да еліміздің басынан түрлі оқиғалар мен езгілер өтіп жатты, тіпті әлі де бар десек қателескенім емес. Биліктің кейбір іс-әрекеттері халықтың ойымен санаспай қалып жатқан сәттеріміз қаншама.  Сол сәттерде қарапайым халықтың атынан сөз бастап шығып жатқан ерлеріміз жоқ емес бар! Бірақ, басын бастауымен соңын аяқтамай, жарты жолдан тастап кетіп жатады. Ал мұның себебі баршамызға аян. Сондай сәттерде төртінші билік өкілдері яғни, қазіргі журналисттеріміз бұрынғылар секілді ақиқатты дөп басып айтпаса да, астарлап болсын жеткізіп жатады. Бұл дегеніміз қазіргі журналистикаға еркіндік пен батылдық қасиетінің жетіспеушілігі деп білемін. Егер бұрынғы Міржақып Дулатов секілді ағаларымыздың жолымен жүріп қашанда ел қамы үшін әрекет жасар болсақ қазақты танымас ұлт болмас еді. Ол үшін әрбіріміз жеке басымыздағы қорқынышты жеңіп, жаңа саясатты дүниеге әкелер болсақ қана  «қой үстіне бозтарғай жұмыртқалаған заман» туып, жарқын болашаққа бірге қадам басарымыз анық.

Қорыта айтқанда, заман орнында, тек адамдар өзгерді. Бұл әр заманда біз бен сіз секілді адамдар өткен. Яғни, ақ пен қараның, шындық үшін шырылдағандар мен шындықты тұншықтырған соқырлар. Қай заманда да, қара нанға тойғандар мен өзгенің ащы терінің арқасында тойғандар болған да, болады да!  Қай кез болмасын адалдықтың ақ туын өзімізге серік етер болсақ, абыройымыз асқақ, жүрегіміз ояу, санамыз таза, сезіміміз шынайы болмақ. Ендеше осы үшін әрекет жасар сәт қашанда кеш емес екендігін естен шығармағанымыз жөн!

Тоқтархан Елдана Ерболқызы. Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті,

Журналистика факультетінің 1-курс студенті


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама