- 12 қар. 2019 00:00
- 291
Мұрын саудасы
Әлібай деген кісі Қоянды жәрмеңкесіне келе жатады. Мінгені күзеулі байтал екен. Оның артынан екі жігіт қуып жетіп, кекетіңкіреп сәлем береді. Әлібай сәлемін алып:
— Жігіттер, жолдарың болсын! — дейді. Мінгендері семіз ат, кербез киінген есер жігіттер әзілдеп:
— Ақсақал, жол болмақ сізден болсын. Бәріміздің барар бетіміз бір екен. Біз мына базарға бара жатырмыз. Әркім барын базарға салады ғой, алғашқы сауда рақым деген, байталыңыздың құйрығының қадағына не сұрайсыз? — дейді.
Әлібай екі жігіттің өңіне көз қиығын тастап таниды, біреуі Жабылбайдың баласы Ақан, екіншісі белгілі ойыншы Зәрубай екен. Бұл екеуінің де мұрындары қоңқайған, иілген доғадай жоталы екен.
— Жігіттер, базарлас болайық дегендерің дұрыс-ақ. Әркім өз дүниесін базарлайды ғой. Менің байталымның құйрығына ұстап уыс толмайды, өлшеп таразы қуанбайды. Сауда болған соң өнімді дүниеге болсын. Екеуіңнің мұрындарыңның қадағына не сұрайсыңдар? — дейді. Әлібай осыны айтқанда-ақ анау екеуі бір қырсыққа кездескенін сезіп, аттарын тебініп оза жөнеледі. Әлібай да олардың артынан қалмай жортып отырады. Ақан мен Зәрубай екеуі қой базарына келеді. Көп кешікпей Әлібай да жетеді.
— Кәні, жігіттер, алғашқы сауда рақым деп өздерің айтқандай, менің қолым жеңіл, мұрындарыңның құнын кемітпеймін, — дегенде, екі жігіт аттарын сабалап тұра қашады. Әлібай тағы арттарынан қалмайды. Олар жылқы базарына келеді, Әлібай тағы қуа келеді. Екі жігіт базарға сыймай, Мыңғыш баласы Сәдудің тіккен үйіне келіп тығылады. Бұлардың ізіне түскен Әлібай да іле қуып келеді.
Әлібай кіріп келгенде, Ақан мен Зәрубай қысылып қозғалақтай бастайды. Әлібай онан сайын түйіле:
— Кәні, жігіттер, мені зарықтырмаңдар, алғашқы сауда рақым деп өздерің айттыңдар. Мына Сәду мырзаның алдында келіселік, мұрындарыңның нақтылы сатылар бағасын айтыңдар. Әкеміз Қазанғаптың тоқал әйелінен туып, жоталы шоқысы бар адырлы қоныс тимей қырқа жотаның зәрі өтіп еді, тәңірі кездестірген шығар. Келісейік. Шіркін Ақанның мұрнын Қоянсоққанның жел жағынан орнатып, Зәружанның мұрнынық жағынан орнатып, анау мұрын жақтан тазыны ұстап, түлкі мына сеңгірден шыға келгенде айт деп қосып жіберсем, — деп таяу отырған Зәрубайдың қолағаштай мұрнынан шап беріп ұстай алыпты. Ел қыран күлкі, Ақан мен Зәрубай күлерін де, жыларын да білмей:
— Әлеке, айып бізде, аңдамай сөйлеген ауырмай өледі деген. Айыбымыз, — деп екеуі бес сомнан он сом беріп — енді осы сөз осы жерде қалсын, ешкімге айта көрмеңіз, — деп жалыныпты.
— Айтпаймын, айтып не қылайын. Бірақ екеуіңнің мына мұрның аман болса, менің сөзіме тоқтау болар ма екен, — деп Әлібай жүріп кетіпті. Сол күннің ертеңінде-ақ мұрын саудасы Қоянды жәрмеңкесіне тарап үлгеріпті.