Мұхтар Омарханұлы Әуезов
Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897—1961) — қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының тұңғыш докторы, профессор, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері.
Туған жері — бұрынғы Семей уезінің Шыңғыс болысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы).
Әкесі Омархан мен атасы Әуез сауатты кісілер болған. Мұхтар атасының қолында өскен. Атасы Әуез бен әжесі Дінасылдың тәрбиесінде болған бала Мұхтардың алғаш сауатын ашушы да атасы. Соның арқасында ол алты жасынан Абайдың өлеңдерін ауылдастарына жатқа оқып беретіндей дәрежеге жетеді.
1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы бес кластық орыс училищесіне түседі. Осы жерде оқып жүріп «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады. 1915 жылы Семей қалалық мұғалімдер семинариясына қабылданады. Оқып жүргенде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастаны негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде тіркестіріп тіккен киіз үй сахнасына шығарады. 1918 жылы М.Әуезов Семей қаласының өкілі ретінде Омбы қаласында өткен жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Құрылтайда «Алашорда» үкіметі мен Алаш қозғалысының бағытын ұстанған «Жас азамат» атты Бүкілқазақстандық жастар ұйымы құрылады. Ұйымның белсенді мүшесі бола жүріп, «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға (Ж. Аймауытовпен бірге) атсалысады. 1919 жылы — Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің қызметкері, 1920 жылдың ақпанынан бөлім меңгерушісі. «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады. 1921 жылы Семей облревкомының төралқа мүшесі, атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1921 жылғы қараша айында Қазақ АКСР-і ОАК-нің төралқа мүшелігіне сайланып, онда саяси хатшы міндетін атқарып, кадр мәселесімен айналысады. Мұхаңның «Еңбекші қазақ» газетіне басшылық жасайтын тұсы да осы кезеңмен дәлме-дәл келеді. Бір қыс Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде, төрт жыл Ленинград университетінде оқып, филология факультетін бітіреді. Сол жылы Орта Азия университетінің Шығыс факультетінің жанындағы аспирантурада оқиды.
Ұлттық теңсіздік пен сауатсыздықты, аштықты жою жөніндегі ашық пікірі мен шығармалары үшін «ұлтшыл, алашордашыл» атанып, саяси сахнадан шеттету басталған тұста Мұхаң бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысуға көшеді. Ғылыми жұмыстарды да қолға алады. 1930 жылы идеялық көзқарасы үшін тұтқынға алынады. Тергеу ұзаққа созылып, 1932 жылғы сәуір айында үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылады. Осы жылғы 10 маусым күнгі «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде М. Әуезовтің «Ашық хаты» жарияланады. Онда Мұхаң өзінің қазақ әдебиетінің тарихы және Абай туралы зерттеулерінен, «Қарагөз», «Еңлік-Кебек», «Хан Кене», «Қилы заман» сияқты шығармаларынан бас тартатынын мәлімдеуге мәжбүр болды. Сонан кейін ғана ол түрмеден босатылып, оқытушылық жұмыспен айналысуға рұқсат алды. 1961 жылы қайтыс болғаннан кейін Республика Үкіметі қаулы қабылдап, ұлы жазушының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты мен Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Әуезовтың аты беріледі, әдеби мемориалдық мұражайы ашылып, бірқатар мектеп, көше және Алматының бір ауданы М.Әуезов атымен аталды.
Оқуға кеңес береміз:
Мұхтар Әуезовтың өлеңдері
Мұхтар Әуезовтың туындылары
Мұхтар Әуезовтың нақыл сөздері