Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Митио Каку 20 жылдан кейін бізді қандай болашақ күтетінін айтты

Дубайда өткен Әлем Мемлекеттері Саммитінде сөз сөйлеген теориялық физика саласының маманы, ғылымды дәріптеуші, көптеген ғылыми-көпшілік кітаптардың авторы Митио Каку алдағы 20 жылдағы бәрімізге (бәріміз дегені барлық адамзат) қатысты тақырыптарды талқылады. Әңгіме өміріміздің әр саласына еніп, оны өзгертетін заттар мен технологиялар жайлы болды.

Бұл өзгерістер басталып та кетті. Біз күн сайын ғалымдар мен инженерлердің өміріміздің әмбебап негізі – ДНҚ-ға неғұрлым жақындап, жасанды интеллектте, ғарышқа ұшуда, медицинада және биологияда кезекті революцияларын жасап жатқандарын көріп жүрміз. Ғылым мен технологияның дамуы адамды шабыттандырады. Алайда, оның қарқыны белгілі бір деңгейде үрей туғызады. Какудың айтуынша, алдағы жиырма жылда бәрі бұдан да күрделі болып кетеді екен.

Каку бір жағы керемет, бір жағы адамды үрейлендіретін, әрі қызықты көрінетін ертеңгі күннің бейнесін: «Нәжістерімізді бірден химиялық сараптаудан өткізіп, ағзамыздағы кейбір заттарды азайту туралы нұсқаулық беретін дәретханалардан бастап, үйіміздің керегесіне дейін бәрі бізбен сөйлесетін болады» деп сипаттайды. 

Өмір 2.0

Каку уақыттың бәрін өзгертетіні туралы мәселеден бастады. Біздің тіліміз де технологиямен қатар дами береді. Бұл нені білдіреді? Мысалы, уақыт өте келе «компьютер» сөзі қолданыстан шығады. Жоқ, ол сөз жоғалып кетпейді, қалады. Тек біз ол терминнің маңыздылығын жоғалтып аламыз. Кейбір елдерде «компьютер» сөзі мүлдем қолданылмайтын болады. Өйткені бұл құрылғы барлық жерде кездесетін болады дейді Каку. Әлемде компьютер болмайтын зат қалмайды. Бәрі компьютерленеді.

Ғалым сөзін 3D-басып шығару технологиясы өміріміздің сапасын қалай өзгертетіні туралы тақырыппен жалғастырды.

«Біз жаңа әлем туралы айтып жатырмыз. Бұл әлемде адам өзі елестеткен нәрсені өзі жасай алатын болады», - дейді Каку.

Ол өзімізге жаңа аяқ киімді, әшекейді немесе гардеробтағы кез-келген затты басып шығара алатын әлемді сипаттады. Егер баламыз жаңа ойыншық қаласа, ол үшін дүкенге барып жатпаймыз. Бар болғаны Ғаламторға кіріп, ұнатқан дизайнды жүктеп алып, оны компьютерімізге жүктейміз де, үйіміздің бір бөлмесінде тұрған 3D принтерде басып шығарамыз. Тіпті, ол бөлме де өлшемі үлкендеу 3D принтермен жасалған болуы мүмкін.

Үй демекші, біздің үйлеріміз жай ғана баспана болмайды. Олар нағыз құралдарға айналады. Компьютерленген, «тірі» құралдар болады. Біз тіпті, түсқағаздармен де сөйлесе аламыз. Иә, иә, түсқағаздармен. Сіз оған сенбейсіз бе? 

«Болашақта «ақылды қағаз» пайда болады. Бұл қағаздар дәл қазіргі компьютер экранындағы сияқты қалаған сұрағымыз жайлы кез-келген ақпараттарды бере алады. Біз керегелермен сөйлесеміз. Тек біз ғана емес, олар да бізбен сөйлеседі. Баспанамыздың сәулетінің өзгеріп кеткені сонша, кәдімгі керегелеріміз смартфондарға, лэптоптарға және үлкен теледидар экрандарына айналады».

Бөлмеңізде отырып, айналаңыздағы заттармен ғана емес, сандық әлемнің сонау түкпіріндегі дүниелермен сөйлесіп отырғаныңызды елестетіңізші. Бұл кейбір адамдарды көңілсіз күйге түсіріп, жалғыздық сезімін тудыруы мүмкін. Бірақ бізді осындай болашақ күтіп тұр.

Бізге әлемнің басқа түкпірінде тұратын адамдармен байланыс жасауға көмектесетін технологиялар қол жетімді болады. Каку мұндай құралдардың өзге тілде сөйлейтін адамдармен де сөйлесіп, пікір алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Сіз кез келген тілде сөйлей алатын боласыз. Ол үшін сізге дәл көзіңіздің тор қабатына жазылған мәтінді аударып, көрсете алатын байланыс линзалары көмектеседі», - деп түсіндірді мұны ғылымды дәріптеуші ғалым.

Бір жаққа барып, сергіп келгіңіз келе ме? Алысқа барғыңыз келе ме, әлде жақын жерді қалайсыз ба – енді сізге жеке автокөліктің керегі болмайды. Көлік жүргізуді үйренудің қажеттілігі жоқ. Сізді автокөліктің өзі тасымалдайды. Өздігінен басқарылатын, өзі жүретін автокөлік. Оның үстіне, саяхатқа шыққан кезде жүк алып жүрудің де қажеті болмайды. Өзіңізге керек затты дәл жол үстінде тұрған 3D принтерлерден басып шығарып аласыз.

Какудың айтуынша, біз әлеуметтік-экономикалық өзара қарым-қатынас мүлдем басқаша болатын болашаққа жақындап келеміз.

«Біз әдеттегі капитализмдегі делдал ұғымы мен барлық жағымсыз жақтардан ада «мінсіз капитализмді» құрамыз. Мұндағы жеңімпаз – қоғам болады, ал делдалдар мен үшінші тұлғалар, биржашылар жеңіліс табады», - деп мәлімдеді Каку.

Талқылаудың соңғы мәселесі өзімізге қатысты болды.

«Жасанды интеллект  - өткен ғасырдың бір де бір патшасы, бір де бір патшайымы жеңе алмаған қартаю үрдісін жеңуге көмектеседі. Уақыт өте келе бәріміз қартайып, өмірден өтеміз. Қартаю -  жұмыс барысында қателіктердің туындауына себеп.Біз жасанды интеллекті кәрі адамдардың миллиондаған генін жас адамдардың миллиондаған генімен салыстыру үшін пайдалана алған кезде, қартаю үрдісінің қай жерде және қалай пайда болатынын анықтай аламыз. Содан кейін оның түп-тамырын жоямыз».

Болашақтың бейнесі бізді еліктіретіні рас. Бірақ, шын мәнінде солай ма? Бұл сұраққа жауап беру қиын. Бәрі керемет сияқты көрінеді. Біз бұл сұраққа 20 жылдан кейін жауап беріп көрейік.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама