Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
«Нағыз қазақ – домбыра» Дәстүрлі ән, күй әдеби сазды кешінің сценарийі
«Нағыз қазақ – домбыра»
Дәстүрлі ән, күй әдеби сазды кешінің сценарийі

Тақырыбы: «Нағыз қазақ – домбыра»
Мақсаты: Оқушыларға қазақ халқының күйшілерін таныстыру, олардың күйлерін тыңдап, шығу тарихымен зерттеп, рухани азық беру.
Көрнекілігі: Интерактивті тақта, қазақы киіз үй жабдықтары, шарлар.

(Сахна ашылады)
Пролог: «Шерлі домбыра»
(Фанфар, жүргізуші шығады)
Жүргізуші:
Екі ішектің бірін қатты,
Бірін сәл - пәл кем бұра.
Нағыз қазақ, қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра.
Армысыздар құрметті қонақтар, аяулы ұстаздар, жәнеде жас достар! Бүгінгі мектебімізде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткізілгелі отырған «НАҒЫЗ ҚАЗАҚ – ДОМБЫРА» атты дәстүрлі ән, күй әдеби сазды кешімізге қош келдіңіздер! Елбасымыз «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласында; «Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым. Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.

Енді, ауқымды және іргелі жұмыстарды бастағалы отырмыз. Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша Қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді.» деп жазды.

Ендеше, біздің де бүгінгі кешіміз Елбасымыздың «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласының аясында болмақ.
Сахнада Сейтектің күйі «Тойбастар»
Орындайтын: Әбдіғаппарова Нұрайна

Жүргізуші:
Бабамыздың мұңысың сен домбыра,
Анамыздың сырысың сен домбыра.
Қазағымның жүрегінен жаралған,
Даламыздың үнісің сен домбыра.
Сахнада Секен Тұрысбековтың күйі «Көңіл толқыны»
Орындайтын: Мұңайтпас Ерқанат
(Экранда Дина Нүрпейісованың видеоролигі қосылады)
Жүргізуші:
Дина Нұрпейісова қазақтың әйгілі күйші композиторы, Қазақстанның халық әртісі. Ол 1861 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Бекетай құмы деген елді мекенде дүниеге келді. Дина ата - ана шаңырағында бұлаңдап өскен жас кезінің өзінде - ақ Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің күйін нақышына келтіре тартып, төңірегі «домбырашы қыз» деп атаған. Қаршадай қыздың даңқын естіп, әйгілі Құрманғазы арнайы іздеп келген. Ол Динаның домбыра тартысына сүйсініп, болашағынан үлкен үміт күтіп, батасын берген.
(Сахнаға Жетпіс Әдемі «Құттықтаймын мама» әнімен шығады)
Жүргізуші:
Домбыра мұнша шешен болдың неге?
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесін,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе, - деп Қасым Аманжолов жырлағандай қазақ халқының басқа халықтардан ерекшеліктерінің бірі ол өзінің ұлттық музыкасының болуы. Атадан балаға жеткен, қадірлеп көзінің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналды. Қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің бір шыңы домбыра күйлері. Ортада Жас Ұландықтардың әдеби монтажы.
Жүргізуші:
Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам сен болмасаң,
Өнердің не екенін білмес едім.
Бәкір Тәжібаевтың әні «Ақбұлақ»
Орындайтындар: Мансұр мен Кәусар
(Сахна сыртында «Адай» күйі қосылады)
Жүргізуші:
Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы Атырау облысы, Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жерде дүниеге келді. Жастайынан алғыр, домбыраның құлағында ойнап өскен. Сондықтан да, ол сахараның даңғыл көкірек дәулескер күйшісі Соқыр Есжанды алғаш көpiп тыңдасымен - ақ домбырасының тілін мен дінін түсініп, ұйып тыңдайды. Құрманғазының көптеген шығармалары бар. Соның бірі Адай күйі.
Сахнаға Ауылдық мәдениет Үйінің домбыра үйірмесінің жетекшісі Аяпова Бақыт апайды шақырамыз.
Орындалатын күй «Адай»
Жүргізуші:
Халық күйі «Келіншек»
Сахнада Аяпова Бахыт апай шәкірттерімен.
Жүргізуші:
Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл - пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – Домбыра!
Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.
Ақиқатты айтқандардың бәрі осылай сорласын
Деп бір ханда шанағына құйған оның қорғасын.
Жалған сөйлеп көрген емес дәл сол кездің өзінде:
Аппақ жалын күйдің жанын жалап жатқан кезінде. - деп Қадыр Мырза Әлі жырлағандай қазақ халқының әрбір шығармаларында өзіндік тарихы бар. Байырғы кезде қазақ үйінің төрінде әрдайым домбыра ілулі тұрған немесе үй - ішінің біреуі домбырада күй шертпейтін отбасы қазақ арасында кемде - кем болған.
Сахнада Дәулеткерейдің күйі «Қос алқа»
Орындайтын: Айтбай Ұлпан
(«Туған жер» әні қосылады. Ұлпан мен Аяулым)
Жүргізуші:
Әдемі сенде әуен бар сезінгенге,
Менің де оны ұқпаған кезім кем бе?
Үніңе құлақ тосам құлап түсіп,
Тірліктің у – шуынан безінгенде.
Біздің заманымызға қазақ халқының ән - күйлері, жыр дастандары осы киелі домбыра арқылы жеткен. Домбыраны әрбір қазақ қастерлеп үйінің төріне іліп қояды. Бүгінгі «Нағыз қазақ – Домбыра» атты әдеби сазды кешімізді қорытындылау үшін бүгінгі кешіміздің қадірлі қонақтары ардақты анамыз Шектібаева Света апайымызды жәнеде Аудандық оқушылар Үйінің үйірме жетекшісі Бекмолдаев Жасұланды ортаға шақырамыз.

Жүргізуші:
Құрметті көрермендер! Елбасымыздың «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткен «Нағыз қазақ – Домбыра» атты дәстүрлі ән, күй әдеби сазды кешімізге келіп көріп тамашалағандарыңызға көп - көп рахмет! Келесі кездескенше қош сау болыңыздар!

Мардан Байділдаев атындағы
№232 орта мектептің тәрбие ісінің орынбасары
Гүлсім Нүрпейісова Берікболқызы

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама