Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Найзағай бұлтты күндері ғана жарқылдайды

Екі дүние есігі — киелі Түркістанда 60 жыл бұрын дүниеге жұлдызды нәресте келді. Ол дүниеге келерде Алла тағала оның жүрегіне жан берді, бір түйір шындық шоғын салып жіберді.

Өсе келе сол шындық отқа айналды. Егер ол әлдеқалай театр қайраткері болмай, мемлекет кайраткері болса да, сол шындық жолында ақ семсерін алып жүрер еді. Тағдыр оны театрға алып келді. Театрда бағы жанды; бәлкім, ол театрдың бағын жандырды. Екеуара сондай бірлестік болмаса, өнердің өрге басуы қиындау болуы мүмкін. Менің. айтарым сол — отты жүрек әсіресе суықта, сызды жерде, киын сәттерде жанады; найзағай бұлтты күндері ғана жарқылдайды. Қазақстан аспанын бұлт торлаған күндер де болды. Сол кезде Колбин деген патша келді. Міне, сол тұста Сейтметовтің жарқылдап жүрген кездері аз болмады; тап сол тұста Рекең Ғ.Мүсірепов театрында найзағай жарқылдатты. «Сталинге хатты» қойды. Ойлап қалмаңыздар, авторы болғандықтан өзін-өзі уағыздап тұр деп, құдай бар ғой, шындық бар той.

Ал енді сол спектакльге Колбиннің өзі келді. Міне, қаһарлы шақ. Қорқынышты ма, жоқ па? Колбиннің өзі келді, оның нөкерлері келді, көрді. Халық деген көп. Колбиннің қабағы салбырап түсті, тістенді білем, кім біледі, тісін шықырлатқан да шығар, бірақ ләм демеді, не болса да ішінде кетті.

Міне, мүмкін сол сәтте ойға қалған шығар, мына халықпен ойнауға болмайтынын ойлаған шығар. Кім біледі, тағдыр ма, жазу ма, елде халықтың қарғысы ма, Қазақстаннан кетті, көп ұзамай дүниеден қайтты. Әйтпесе соншалықты басы жерге тиіп тұрған мін емес еді.

Мінеки сол шақтарда театрдың жұлдызы жанғандай болды. Аншлагтан аншлаг.

Ал енді періште жүрген жерді әзәзіл де жағалайды; табыс бар жерде қызғаныш та болады. Соның әсері ме екен, біздің Райымбек Алматыдан кетуге мәжбүр болды.

Баяғы Махамбеттің айтқаны бар еді:

Мені елден айырған — хан Жәңгірдің екпіні;

Сені көлден айырған — лашын кұстың тепкіні.

Кімнің екпіні екенін мен білмеймін. Бірақ сол қызғаныштың болғаны рас. Ақиқат.

Бақа теректің басына таяқ лақтырмайды, таяқты тек жемісті алу үшін, жету үшін мәуелі ағашқа лақтырады. Сондай сәттер болды.

Ол Түркістанға барды. Біздің хандарымыздың, ордасы болған, киелі, құтты Түркістан, қасиетті Түркістан! Ол қарап қалған жоқ, Алматыдан кеттім деп салбыраған жоқ, өнер жасап жатыр.

Өнердің ордасын, жаңа ордасын жасап жатыр. Қанша жердей оны аяғынан шалғанмен, қанша жерден жағасынан алғанмен. Құдайдың өзі үйген шоқыны кетпенмен тауыса алмайсың; Сейтметов таусылмайды. Бәлкім ол бір күндері Алматыға қайтып оралатын шығар.

Помпейдің тепкінін көрген Цезарь айтты дейді, Римнен кетіп бара жатып: «Цезарь покидает Рим, чтобы завоевать Рим»,—деп. Ақыр соңын күтейік, алда жақсылық болсын. Ал Рекең—өнердің туын ұстаған, шамын жағып жүрген азамат! Өнер деген қазір бізде өгей баладай екені рас. Құдайдың алдында да, Үкіметтің алдында да, халықтың алдында да көрініп тұрған шындық.

Ал енді Ататүрік айтты деді: «Өнерсіз ел, өнерсіз мемлекет — бір аяғы жоқ ақсақ, бір қолы жоқ шолақ, бір көзі жоқ соқыр сияқты мемлекет болады», — деп. Сондай мемлекет керек пе бізге?

Бізге дені түзу, шын мәніндегі өркениетті мемлекет керек шығар. Ендеше, Сейтметовтер көп керек; Сейтметовтер жасай берсін. Құрметті бауырым Райымбек, мен қарапайым ғана прозашы едім, менен сен драматург жасадың, бұл — сенің арқан.

Алпысқа келіпсің, алпыс дегенің — тал түс. Алдында әлі өмірдің жартысы жатыр. Сол қалған өмірінде мынау отырған халқыңа, бүкіл Республикаға, тәуелсіздіктің тағынан түсіп қалмайтын Республикаңа сен інжу-маржаныңды шаша бер. Көкірегінде әлі қазына бар, соны аяма халқыңнан! Аман бол, жарын, бауырындағы балаң, алдындағы немерең аман болсын. Мына халқың аман болсын!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама